Шымкентте орталық стадионның тағдыры ойыншық болып тұр

Oinet.kz 17-01-2009 1059

Screenshot_1.jpg

Iргетасы осыдан қырық жыл бұрын қаланған Шымкенттегi Қажымұқан атындағы орталық стадион қазiр бұрын-соңды болмаған өзгерiстердi бастан кешiрiп жатыр. Бiрақ бұл өзгерiстердiң не жақсылыққа, не жамандыққа жори алмай далмыз. “Апам да аң-таң, мен де аң-таң”.      Тоқсаныншы жылдардың басындағы «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» заманда стадионның ешкiмге керегi болмай, тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кетудiң аз-ақ алдында тұрғанда, оны аман алып қалған марқұм Манап Өтебаев болатын. Манап аға стадионды өзi басшылық ететiн экономикалық колледждiң балансына алып, талан-таражға түсiп кетудiң сақтап қалды. Сондай-ақ колледждiң есебiнен “Жiгер” футбол командасын ұстады. “Жiгердiң” сол жылдары суперлигада үшiншi орын алғаны да жұрттың жадында. Сол үшiн Манап ағаға бәрiмiз де рахмет айтуға тиiстi едiк. Алайда алғыстың орнына облыс әкiмдiгi стадионды экономикалық колледжден тартып алғандай болды. Сол кездегi облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың “Стадион халыққа қызмет етсiн” деген сөзiне кәдiмгiдей иланып қалып едiк. Сөйтсек Бекеңдiкi бекер екен ғой. Алдымен стадионның жерiн пышақ үстiнен бөлiп алу басталды. Оның батыс жақ бөлiгiндегi жері жекешеленiп, жанар-жағармай бекетi салынды. Жергiлiктi әкiмдер оның баспасөзде әжептәуiр у-шу болғанына пысқырмастан, бөлiске салуды жалғастыра бердi. 

Қолынын келiп тұрғанда қонышын басқандардың бiрi  Шымкент қаласының сол кездегi әкiмi Өмiрзақ Әмет стадионның 2 гектар жерiн халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысына бердi. “Батсу” компаниясы заң-зәкөнға қараған жоқ, ешкiмнен рұқсат та сұраған жоқ, (артында облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Ислам Әбiшев тiреп тұрған  соң неден тайсалсын?) жердiң ойран-топанын шығарып, құрылысты бастады да кеттi. Бүгiнде жаңадан салынған ғимаратта халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс iстеп жатыр. Бiр қызығы, ғимарат орталықтың басы-бүтiн меншiгiнде емес, жалға алып отыр. Бұған күлесiз бе жылайсыз ба?!       

2006 жылы бар- жоғы 14 гектарды құрайтын жердiң тең жарымын сол кездегi облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкеев тағы да белден басып, “Бейбарыс” компаниясына алып бердi. Жоба бойынша ол жерден “Қуаныш нұры” деп аталатын әдемi мөлтекаудан салынуы тиiс едi. Бiрақ әдемi жоба әдемi ертегi екен ғой. Осылайша мықтылардың майшелпегiне айналған стадион халыққа емес, жекелеген азаматтардың бизнесiне қызмет етуге көштi. Әй деген әже, қой деген қожа жоқ. Артында үлкен кiсiлер тiреп тұрған соң бұған құқық қорғау органдары да көз жұмып қала бердi.          

Стадионның жоқ-жiтiгiн бекерден бекер түгендеп отырғанымыз жоқ.  Қазақстан футболының УЕФА-ға өткенi күнi кеше ғана. УЕФА-ның талабы қатты. Стадионның киiм iлгiшенен бастап, дәретханасына дейiн өздерi бекiткен талапқа сай болуын қалайды. Өйтпейiнше лицензия берiлмейдi, командалар жарысқа жiберiлмейдi. УЕФА бекiткен нормалардың бiрi—стадионның қосалқы ойын алаңы болуы тиiс. Бұл жер ендi “Бейбарыстың” меншiгiнде кеттi. Компанияның тындырған түгi болмағанынмен жердi бауырына басып, айналасын қоршап алды. Көлiк тұрағына, көгалдандыруға қарастырылған жер, “Батсуға» берiлдi...        

УЕФА-ның нормалары демекшi, 2003 жылдан берi қарай созылып келе жатқан стадионды күрделi жөндеуден өткiзудiң әу бастағы жобасында Еуропалықтардың талаптары ескерiлмеген болып шықты. Кейiнгi жоба әлi 5-6 жылдан берi сәулетшiлердiң суыртпағында жатыр. Бiрақ жоба дайындалып, сараптамадан өтпей жатып құрылысты бастап жiберу Шымкентте үйреншiктi әдет емес пе? Басталған тiрлiк соңына жетiп жатса мақұл дер едiк. Стадиондағы құрылыстың басталғанына жетiншi жылға аяқ басты. Ақыры көрiнер емес.  Себебі қаржы уақытылы бөлiнбейдi. Жайшылықта қаржыны игере алмай жататын құрылыс департаментi стадионға келгенде неге екенiн қайдам, шөмiштен қаға бередi. Осы уақытқа дейiн игерiлген қаржы 1 миллиард теңгеден ендi асты. УЕФА-ның талабы бойынша әлi стадионның үштен бiрi шатырмен жабылуы керек. Қысқы манеж, жарықтандыру керек, қонақ үй керек, ...анау керек, мынау керек... Бiрақ кеткен қаржының қайтарымы да жоқ емес сияқты. Айталық, бүгiнде “Ордабасы” футбол командасы “Биик” деп аталатын жекеменшiк қонақ үй кешенiнде жатып жаттығады. Оған ай сайын қыруар қаржы төлейдi. Егер стадиондағы құрылыс жұмыстары бiтсе, осы қаржының бәрi өзiмiзде қалмас па едi?!  

Стадиондағы сақалды құрылыстың қашанға дейiн жалғасатынын кiм бiлсiн, әйтеуiр о баста тiрлiгiн тәп-тәуiр бастаған “Юстальком” компаниясы ойда-жоқта жұмыстан шеттетiлiп, оның орнын “Next Technoloyi” компаниясы басты. Неге? Жоқ әлде тiрлiктiң осылайша созыла беруi әлдебiреулерге тиiмдi болды ма екен?!         

Жыртық жамау стадионның сиқы осы. Ал, қирап жатқан спорт сарайының жайын бiз айтпасақ та жұрт жақсы бiледi.          

Жуырда құрылысы бiтпей тұралап жатқан стадион “Ордабасы” футбол командасымен “Намыс” деген корпорцияға бiрiгедi деген әңгiменiң шетi шыға бастады. Жай әңгiме емес, қазiрдiң өзiнде облыс әкiмдiгi қажеттi құжаттарын туралап жатқан көрiнедi.  Не үшiн? Оңай сұрақтың жауабы да оңай. Футболды көтеру үшiн, жыл сайын көштiң соңында салпақтап жүретiн “Ордабасының” тiрлiгiн оңалту үшiн. Бiрақ онсыз да облыс әкiмдiгiнің «жаңалықтарынан» жүректерi шайлығып қалған спорттың басы-қасында жүрген азаматтар бұған да “әй қадам?” деп бас шайқап отыр.        

Облыс әкiмдiгiнiң бұл шешiмiн “ноу-хау” деуге келмейдi. Естерiңiзде болса, Ордабасы 2005 жылы да стадионмен бiрiгiп жұмыс iстеген. Сондағы жеткен жетiстiгi қайсы? Суперлигада сол жолы да 13 орын алмап па едi?! Осы «жетістікке» де бола ақшамыз тасығандай бюджеттің жарты миллиард теңгесін ысырап қылдық. Көршілес Қызылорда облысыгың намысын қорғап жүрген «Қайсар» бар-жоғы 300 миллион теңгемен-ақ ел біріншілігінде 4-орынға көтерілді. Қалай, айырмашылық бар ма?     

Нұрғали Сәдуақасұлының облыстық футбол федерациясының президентi екенiн ескерсек, мұнысы жеке қызметiнiң жайын күйттеу сияқты көрiнедi. Стадионда қазiр 60 спорттың түрi бар. Жалғыз футболдың жайы үшiн өзге 59 спортқа өгей баланың күйiн кешкiзу кiмге тиiмдi болды екен. Билiкке тиiмдi ме? 59 спорттың iшiнде ат спорты мен шаңғы спорты жоқ демесеңiз, халықаралық, олипиадалық жарыстарда жүлде алып берiп жүрген  бокс, күрес, садақ ату, жүгiру бар емес пе? Облыс әкiмiнiң Лондон олимпиадасына Оңтүстiктен 100 спортшы апару жөнiнде тапсырма бергенi кеше ғана сияқты едi. Бүгiн келiп...  

Жоқ, әлде келесi олипиадаға баратын көршілес мелкеттерден спортшыларды сатып әкелемiз бе? Кейiнгi кезде бұл онсыз да Оңтүстiкте мықтап үрдiске ендi емес пе?! Спортшының сатып алуға болатын шығар, бiрақ сатып алған намыс пен абыройдың қадiрi қандай боларын кiм бiлсiн?!  Тағдыры ойыншыққа айналып отырған орталық стадионның келешегі  елдің намысты, беделді азаматтарын бей-жай қалдырмайды деген сенімдеміз.

Ғалымжан Елшібай,

«Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі           

У.Қайназаров бастаған шенеуніктер қан тапсырып жатыр
Шымкентте дәрігерлерді кінәлап 260 арыз жазылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу