Абай Көмекбаев: «Уәдеңді іспен дәлелде»

Oinet.kz 23-01-2009

Screenshot_2.jpg

"Сіз сайлаған депутат" айдары. Бұл айдарда ОҚО-да түрлі округтардан сайланған депутаттар сөзі мен оны сайлаған тұрғындардың сөзі беріледі. Кімге сенесіз, оны өзіңіз саралай жатарсыз.

Абай Көмекбаев, №5 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттың депутаты:

 «Уәдеңді іспен дәлелде» 

 -Абай Әбдіманапұлы депутат ретінде берген уәделеріңіздің жүзеге асуы жайлы білсек деп едік.

- Маған сенім артқан сайлау округінде 19 мың халық тұрады. Биыл Шымкент  қаласы «Қайтпас-1» мөлтекауданындағы ішкі көше жолдарын жөндеуге үлес қоссам деймін. «Нұрсәт» мөлтекауданында  мектеп, аурухана жаңадан бой көтеруіне, бюджеттен қаржы қаралуына тікелей атсалыстым. Жалпы айтқанда жұмыс істеліп жатыр. Көп айтудың қажеті қанша, осының өзі қыруар шаруа. 

- Сайлаушыларыңыз жұмысыңызды білсін дегенім ғой. 

- Осы сайлау округінен бұған дейін де депутат болғандықтан, жұмысымды бәрі де біледі. Тіпті сайлау кезінде де «мені сайлаңдар» деп халықтың алдына көп шықпаймын. Сөзбен емес, тірлігімді  іспен дәлелдеймін. Қайтпасқа жеке  қаржыма үлкен мешіт салдырттым. Жетім-жесірлерге, мүгедектерге көмегімді аяған емеспін. Басқа округтің сайлаушылары да өтінішпен келсе, шама-шарқымша жәрдем жасаймын. Уәдеңді іспен дәлелдесең, күрделі мәселе туындамайды. Бір қарағанда, өтініш айтушылардың барлық шаруасын шешіп беру депутаттың міндетіне кірмейді. Дегенмен, халық үміт артқан соң көмектескің келеді. Ешкім міндеттемесе де сайлау округімдегі мектептерге екі-екіден компьютер алып бергенмін. 

- Өз округіңіздегі ең өзекті мәселе.

- Қайтпастың жоғарғы жағына мектеп түсіру мәселесін шешу қиындау болып тұр. Өйткені, онда бос жер қалмаған. Жалпы депутаттың құзырына кірмейтін, араласуға құқығы жүрмейтін нәрселер де аз емес.

Гүлзада Бөлекбаева, № 58 орта мектептің бұрынғы директоры, зейнеткер:

«Кабинетіміз -клуб, кітапханамыз-мешіт»

- Бұрынғы клубты- кабинет, мешітті- кітапхана етіп алғанымызбен балалар әлі де 3 ауысымда оқиды. Асхана, буфетіміз жоқ. Бастауыш сыныптың оқушылары бір мезгіл берілетін ыстық тамақты жалға алып істейтін дүңгіршекте тамақтанады. Спортзал да біреу-ақ, балалар симайды. Депутаттардың араласуымен болса керек, мешіт жақтан жаңа мектеп түскелі жатыр.

Ыдырыс Үмбетов, №57 орта мектептің директоры:

«Дәлізден- бөлме, акт залынан- спортзал жасадық»

- Мектебіміздің ғимараты 1964 жылы тұрғын үй ретінде салынған. Содан бері бір мәрте де күрделі жөндеуден өтпеген. 280 оқушыға арналған мектепте қазір 900-ге жуық бала 3 ауысымда оқиды. Таңғы сегіз жарымнан басталатын сабақ кешкі жетіге дейін созылады. 2004 жылы клубты пайдалануға алып, оның дәлізіне дейін  сынып бөлмесі етіп алдық. Ал акт залын спортзал ретінде пайдалануға тура келді. Оқушылар сыймағаннан кейін саяжайда қосымша ғимарат ретінде жеке үйді жалға пайдаланудамыз. Ондағы үш бөлмеде 9 сынып оқиды. Санитарлық талап бойынша бір оқушыға 2 шаршы метр есептелген болса, бізде 16 бала отыруы тиіс 32 шаршы метр жерде 28 балаға дейін отыруға мәжбүр. Саяжайда 31-ден келеді. Балалар саны әлі де қосылып жатыр. Былтырғы оқу жылында 64 бала жаңадан қосылыса, биыл олардың қатары 84-ке жетті. 

- Осының бәрінен депутаттарыңыз хабардар деп ойлайсыз ба?

- Білуі керек.

- Олар қандай көмек берді?

- Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ахметбаев қаржылай жәрдем берді. Облыстық мәслихаттың депутаты Абай Көмекбаев өткен оқу жылында он шақты жетім баланы киіммен қамтамасыз еткен 

Рыскүл Ералиева, «Қайтпас-1» мөлтекауданының тұрғыны:

 «Үш қызым да орталыққа қатынап оқиды»

Біздегі негізгі мәселе мектептің қашықтығы мен жолдың нашарлығы. Мектеп қашық болғандықтан, үш қызым да қаланың орталығына қатынап оқиды. Алғаш «Төржан» жеке меншік гимназиясында оқытып едік, оқу ақысы қымбат болғасын №9 мектепке ауыстырдық. Кішкентай ұлым балабақшаның жоқтығынан үйде жүр. Тағы бір мәселе - кешқұрым жарығымыз кәдімгі майшамға айналады. 150 отбасыға арналған трансформаторда 200-250-ге жуық отбасы жалғанған. Сәл ауа райы бұзылып, жел соқса, жарық сөніп қалады. Осының бәрі оңынан шешілуіне депутатымыз атсалысып, жергілікті билік тарапынан реттелсе екен. 

Көбен Таштаев, «Қайтпас-1» мөлтекауданы ақсақалдар алқасының төрағасы:

«Қоғамдық көліктің қорлығы өтті»

- Біз жаққа №14 автобус пен №14,61маршрутты такси жақсы жүретін.  Жолдың нашарлығынан автобус жүргізетіндер «отказ» берді. Көлігіміз шыдамайды, жиі сынады дейді. 2001 жылдан бері осы жолдың жанайқайы  бітпей қойды. Жалпы Қайтпас-1-дегі барлық ішкі көшелердегі жолдар жайында осыны айтуға болады. Қазір қоғамдық көліктің барлығы біздің жолдан қашып, алыс жатқан асфальт жолдармен жүретін болды.  

Әбжаппар деген ауыл биі бар еді, жаны жаннатта болғыр көкеміздің осы ауылға көп еңбегі сіңді. Ол қайтыс болғалы өзекті мәселе көбейіп кетті.

Сейдулла Мықтыбаев, қазіргі ауыл биі:

 «Мен бұрын КНБ-да істегенмін»

- Не мәселемен жүрсің?

- Журналист едім, ауыл адамдарының депутаттармен байланысын білейінші деп едім.

- Куәлігің бар ма?

- Мінекейіңіз, ата.

- Дұрыс, бірақ, қазіргі заманда мұндай куәліктерді де қолдан жасап алу қиын болмай қалды ғой. Алаяқтар да көбейіп кетті.

- Алаяқтар халықтың арасында жүріп, ахуалды біліп қайтсін, олар майлы жерді торуылдайды емес пе?  

- «Наводчиктер» де аз емес қой, кім білсін? Оның үстіне мен сені «бетпе-бет»  деген секілді теледидардағы бағдарламалардан да көрген емеспін.

- Мен теледидарда емес, газетте істеймін. 

- Мұның бәрін бекерге сұрап отырған жоқпын, мен бұрын «КНБ-да» істегенмін, заңның адамымын. 

- Ата, мен сізге ауылдың биі, жергілікті жердің жай-күйін жақсы біледі, жерлестерінің жанашыры деп келіп отырмын. Егер жауап бергіңіз келмесе, еркіңіз білсін. 

- ...(Үнсіздік) Онда қайта беруіңе болады. 


Бейсен Алтаев, №72 орта мектептің директоры:

 «Көмекбаевтың көмегі көп»

-Облыстан сайланған Абай Көмекбаевтан көмек бар. Ол екінші рет сайланып отыр, үнемі жағдайымызды сұрап тұрады. Мектеп кішкентай болғанымен, шешілмеген мәселесі өте көп. Ең алдымен мектептің орналасқан жерінің өзі талапқа сай емес. Бей-берекет орналасқан үйлер айналасын қоршап алатын болса, оқушыларға жүретін жол қалмайды. Кезінде жеке үйді мектепке айналдырғандықтан, дәліз де, спортзал да жоқ. Қабырғалары «шлакоблоктан»  тұрғызылған 160 орындық мектепте қазір 553 бала 3 ауысыммен оқиды. «Нұрсәттегі» мектеп ашылғанға дейін мұнда 700-ден астам бала оқыған. Пән сыныптары жетпегендіктен, өзімнің жеке кабинетім де жоқ. Бухгалтер, шаруашылық меңгерушісі, орынбасарларым, хатшы, кітапханашы бәріміз бір бөлмеде отырамыз. Кейде келген қонақтардан да ұят. Бірақ, басқа амал жоқ. Әрине, мұның бәрін депутаттардан алақан жайып сұрай беруге болмайды. Көмекбаев пен Ахметбаевтардың жанашырлығына ризамыз. Қит етсе, осы екеуінен жәрдем сұраймыз. Қаржылай жәрдемін аяған емес. Мектепке екі компьютер бөліп отыр. Принтеріміз бұзылып қалған еді, оны да оңды шешіп берді. Жыл сайын жөндеу жұмыстары кезінде қолдан келген жәрдемдерін аянып қалған емес. Көмекбаев мектебімізге келген сайын «осы мектепті қалай кеңейтсек болады екен» деп уайымдап кетеді.  

Жалпы бұл жаққа, Қайтпас-1-дің жоғарғы жағына бір типтік мектеп керек. Бірақ, оған орын қалмаған, жердің бәрін жеке меншікке үлестіріп жіберген. Көмекбаевқа көп рахмет, болашақ қамын ойлап, ауылға имандылық үйі -- үлкен мешіт салып берді. Сол кісінің тікелей мұрындық болуымен мешіт жанынан типтік үлгідегі мектептің құрылысы басталды. Үстіміздегі жылдың соңында бітеді деп отыр. Осы мектеп ашылса, біздегі ауыртпалық та азаятыны сөзсіз. 

Аққыз Мұсаева, көше төрайымы:

 «Көшелердің атауы алаңдатады»

-Қайтпастың өзекті мәселесінің бірі – көше атауларына байланысты. 2006 жылы жергілікті тұрғындардың ақылдасуымен, хаттама толтыруымен көшеге атау беріп, қалалық ономастика бөліміне хат жолдадық. Олар арнайы адам жібертіп, нөмірлеп шықты. Қазір хат-хабарлар осы мекен-жай бойынша келіп тұрады. Үй кітапшамызда да осы мекен-жай көрсетілген, тіпті несие алғандар да аз емес. Жақында білдік, бұл атаулардың бәрі әлі заңды түрде бекітілмеген екен. Енді көше атауы өзгерер болса, бар құжаттарымызды қайта жасатуымыз керек пе? 

Арнайы қоқыс тастайтын орын болмағандықтан көшелердегі шашылған қоқыстан аяқ алып жүру қиын. Сол себепті қаңғыған иттер де көбейіп кетті. Балаларды мектепке жіберуге, бір жерге жұмсауға қорқасың. Бір жылдары жиналыста осы мәселені көтеріп, Қайтпастың қоқысы көлікпен тасыла бастап еді, 4-5 айдан кейін ол да тоқтады. Депутаттардың осы мәселені назарға алуын қалар едім. Әйтпесе, Қайтпас мүлдем қараусыз қалды. Көлемі үлкейіп жатыр, ал жағдай жасалмаған күйі қалып барады. 

Сайфулла Хайруллаев, «Бозарық» ауылының ақсақалы:

 «Ауыз судың азабын шегіп жүрміз»

Кеше ауылда аудан әкімінің есебі тыңдалды. Ұсынысымызды айттық. Біздің бірінші жылайтынымыз – ауыз су мен ағын су мәселесі. Ауыл бойынша ауыз су алатын жалғыз скважина бар. 1962-1963 жылдары қазылған, ауыл содан тасып ішеді. Ағын судың жоқтығынан тал-теректеріміз қурап барады. Кейде малға беретін су да таппай қаламыз. Электр энергиясы тартылған бағаналар әбден тозған. Барлығы былқылдап тұр, түбі шіріп кеткен. Өткендегі қатты желде екеуі құлап қалды. Әйтеуір адам шығыны жоқ. 

Мектепте спортзал жоқ. Ал балалардың спортқа деген қызығушылығы ерекше. 3-ші сыныптың балаларының өзі түске дейін оқыса, түс қайта қаланың орталығындағы спорт мектептеріне барып келеді. Көлік қатынасы қиын, балалар кешке қалып кетсе, уайымдап отырамыз. Стадион, спортзал жоқ болғандықтан, жастар карта ойнайды, ішімдік ішеді, содан кейін қылмысқа барады. Ауылда учаскелік инспектор жоқ. Міне осындай жайттарға дәл біздей депутаттарымыз да алаңдаса, қол ұшын созса шіркін.

Жангелді Дүрімбетов, «Қайтпас-1» мөлтекауданының тұрғыны:

«Көмекбаев спорттың нағыз жанашыры»

Қазіргі жастардың спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Мен де сондайлардың қатарынанмын. Көмекбаевты спорттың нағыз жанашыры деп білемін. Ауыр атлетика федерациясының президенті ретінде ол кісі үлкен жұмыстар атқарып келеді. Көмекбаевтың қолдауын көрген шәкірттер арасында облыстық, республикалық додаларда ғана емес, әлемдік аренада топ жарып, елдің атын дүние жүзінің спортсүйер қауымына танытып жүргендер жетерлік. Әлем чемпионы Бақыт Ахметов, олимпиада жүлдегерлері Татьяна Хромова мен Алла Важениналар әлемдік деңгейде өзіндік орны бар спортшылар. Міне, біз сайлаған депутат осындай спорт жұлдыздарына жағдай жасап, біріне пәтер сыйлап, біріне темір тұлпар мінгізіп, ел намысы үшін тер төгіп жүрген азаматтың бірі. Ендігі жерде көлемі жағынан да, халқының саны жағынан да жылдам өсіп келе жатқан Қайтпастың жастары үшін спортпен шұғылданатындай жағдай жасауға көмектессе екен деген тілегіміз бар. Бұл менің ғана емес, бүкіл қайтпастықтардың арманы. Әйтпесе, спортқұмар балалар қайда жаттығатындарын білмей жүр.        

Шадияр Молдабек,

"Рейтинг" газеті

ОҚО-да 2007 жылы 11 айда 2283 отбасы ажырасқан
Нұрғали Әшімов, ОҚО әкімі: Аудан әкімдерінің арасында ротация болады


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×