Ғани Ташқараев: Міндетімді орындау барысында қорқытқандар да болды

Oinet.kz 23-01-2009

Screenshot_5.jpg

"Сіз сайлаған депутат" айдары. Бұл айдарда ОҚО-да түрлі округтардан сайланған депутаттар сөзі мен оны сайлаған тұрғындардың сөзі беріледі. Кімге сенесіз, оны өзіңіз саралай жатарсыз.

Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық №10 сайлау округінен сайланған депутат:

- Сайлаушыларыңызбен байланысыңыз қандай?

- Өткен жылдың қараша айында сайлаушыларымның алдында есеп бердім. 

Несін жасырамын, әңгіме ашық болды. Сайлаушыларыма көріп-біліп тұрып көмектеспей қойған жерім жоқ. №78 орта мектептің алдына тас төсеттім. Батпақ болып жатушы еді. Округіме қарасты үш үйдің ауласына балалар алаңын жасатып бердім. 3-мөлтекауданда кілең зейнеткерлер тұратын жатақхана бар екен. Соның төбесіне тамшы жау болғаны жайлы хабар естідім де, қажетті құрылыс материалдарының бәрін алып бердім. 112-орам тұрғындарының өтініші бойынша №1 маршрутты таксидің жүруіне мұрындық болдым. Айта берсем, атқарған жұмысым аз емес, оны сайлаушылардың өздерінің айтқаны дұрыс деп ойлаймын. 

- Шешілуі қиын шаруалар да кездескен болар?

- 4-мөлтекаудандағы 65 пәтерлі бір үйдің балалар ойнайтын алаңын қалалық жер комитетіндегілер қалталы біреуге заңсыз сатып жіберіпті. Кәдімгі балалар ойнайтын үй алдындағы алаңды жекешелендіріп алып, зәулім үй салмақшы екен. Құрылыс жұмыстарын бастап та жіберіпті. Осы жерді қайтарып алуға бір жыл уақыт кетті. Ал үй төрайымының байбалам салып жүргеніне үш жыл өтіпті. Белсенділігім ұнамаған болуы керек, әлгілер тарапынан қоқан-лоққы жасап, қорқытқандар да болды. Үй төрайымы осы үшін өзін кінәлі сезініп, жарты жолдан қоя салайық деді. Мен соңына дейін күрестім. Прокуратура арқылы заңсыздығын әшкерелеп, сот арқылы қайтарып алдық. Тура желтоқсанның 30-күні. Сөйтіп, бұл жаңалық үй тұрғындары үшін жаңа жылдық сый болды. 

- Қолыңыздан келмей, әттеген-ай деп өкінетін кездер болып тұрады ма?

- Бір мәселені шеше алмағаным әлі ойымнан кетпейді. Б.Момышұлы атындағы көше бойымен Т.Рысқұлов көшелеріне дейінгі аралыққа бағаналар орнатылып, лампалар ілінгенімен, жарық қосылмай қалды. Себебін сұрап, қала әкімінің орынбасары Қалмырзаевқа кірсем, жарықты жүргізетін сым жоқ дейді. Кейіннен «сым табылды, енді трансформатор керек» деді. Бұлайша тұра берсе, лампаларды сындырып, ұрлап, тып-типыл етеді. Қазірдің өзінде лампалар түгел емес. Қараңғы жерде қылмыс та көп болатыны белгілі. Осы жұмыс үшін бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалды емес пе, неге аяқсыз қалып қойды? Обалды ойлап, өз қаражатым есебінен 100 Квт.-тық трансформатор сатып алдым. «Трансформатор дайын, енді жарықты қосыңдар» десем, қоспай отыр. Бірақ, жарықты қосқызбай тыным таппаймын. Қалтамнан шығындалсам да. Енді «Самалдағы» көптеген көшелер батпақ, қараңғы екен. Соған баса назар аударамын. Өзімнің шамам келсе өзім, келмесе әкімшіліктің назарына ұсынамын.   

Зейнеткер Бектан Құлманбетов және Т.Жұманов атындағы көшенің бір топ тұрғындары: 

«Қала әкіміне кіру мүмкін емес»

2007 жылдың қазан айында Қ.Қазиев атындағы көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігерлер келіп, күрделі жөндеуден өткіземіз, қатырамыз деді. Т.Рысқұлов көшесіне дейін қосамыз деген, қоспады. Біз мердігерлерге де, әкімдерге де көшені көтер, латок болсын дедік. Олар «жоспарда бар, латок қойып, суды Т.Рысқұлов көшесіне қарай ағызамыз» деді. Нәтижесінде не болды? Қ.Қазиев көшесінің бойындағы жоғарыда және төменде жатқан жеті көшенің суы жиналып келіп, біздің, яғни Т.Жұманов көшесіне құйылатын болды. Бұрын да құйылатын, бірақ, сапасыз жөндеудің салдарынан кейін қар-жаңбыр суы екі-үш есе көбейіп келетін болды. Бұл көшеде 20-дан астам үй бар. Қар еріп, жаңбыр жауса болды үйді-үйге су кіреді. Биыл қыс жаңбырлы болып тұр ғой, судан көз ашпай келеміз. Көше бойынан 5-6 жерден терең шұңқыр қазғанымызбен, оның көмегі болмай тұр. Өткенде бір үйдің баласы суды бұрамын деп жүріп, сол шұңқырға түсіп кетіп, көршілердің көмегімен әрең шығыпты. Осы көшеден оқушылар да өтеді, батып кетсе не болады? Мектепке барғанша аяқтары малмандай су, үсті-бастары лай болады. Жыл сайын суды қашырамыз деп көшеге тас тастай беріп, көшеміз үйден 1-1,5 метрге дейін көтеріліп кетті. Енді су тікелей үйге құлап, ішке кіріп кететін болды. 10-12 жыл болды, осы көрген қорлығымыз – қорлық. Айқайлатып айтып жатырмыз, бірде-бір шенеунік құлақ аспады. Сонда біздің жанайқайымыз олардың құлағына жету үшін міндетті түрде су астында қалып, үйіміз құлауы керек пе? Қалалық мәслихатқа сайланған Ғани Ташқараев мырзаға талай мәрте айтқан болатынмын. Ол көшеге су түсетін дөңестеу жерін жабуға қажетті материалдарын беріп көмектесіп еді, оны көше басында тұратын Мамадияр Қадырбеков алдыртып тастады.  Латок жүргізуді жоспарға ендірдім дегенімен, әзірге орындала қоймады. Қолынан келмей отырған шығар.  Ал қаланың әкімі Арман Жетпісбаевқа кіру мүмкін емес. Кіре берістен сауалдың астына алады. Сылтау табылып, әйтеуір жолатпайды. 

Суханберді Оразалыұлы, 4-мөлтекаудан тұрғыны:

«Көшенің бәрі «лабиринт»

  4-мөлтекауданда 11-12 жылдан бері тұрып келемін. Біз көшіп келген жылдары айналамыздың көпшілігі алаңқай ашық, үйлер енді салына бастаған болатын. Қазір бос жер жоқ. Бұл жақтың басты мәселесінің бірі – үйлер жөн-жобасыз, қалай болса солай салына берген. Сәулеттік жоба жоқ, талаптар сақталмаған. Көше өте тар, тротуар мүлдем жоқ. Тіпті, көлік ағылып жататын Б.Момышұлы көшесінің бойында жаяу жүргінішілер жүретін тротуар салынбаған. Апатты жағдайлар, жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіретін жайттар жиі болып тұрады. 4-мөлтекауданға бір кіріп кетсең, қайтып шығатын жер жоқ. Жатқан бір «лабиринт». Б.Момышұлы көшесінің бойынан «Самал» мөлтекауданына дейін су құбырын жүргізу үшін арық қазды. Сол кезде көліктер қай жақпен жүрерін білмей, бүкіл мөлтекауданды шарлап, адасып, тұйыққа тіреліп, әбден әбігерге түсті. Қызыл сызыққа түскен нысандардың бәрін тазартып, реттестіретін кез келді. Сонан кейінгі бір мәселе – моншадан шыққан шайынды сулардың бәрі жолдың іргесінен салынған арықтарға тоқтаусыз ағып жатады. Күн ысыған кездері сасық исі қолқаны алады. Мұның денсаулыққа, қоршаған ортаға тигізер зияны орасан. Санитарлық эпидемиологиялық қадағалаушылар тарапынан неліктен бақылау болмайды? Мұның барлығы халық сенім артқан депутаттардың назарынан түспеу керек деп ойлаймын.    

Жаппар Өртекеев, көше комитетінің төрағасы:

«Көкелеп жүріп сайланып еді, көрінбей кетті»

Ауыз суға байланысты айқай көбейіп кетті. Темір құбырдың орнына пластмас құбыр пайдаланғалы бері әбігерге түсу басталды. «Самал» мөлтекауданына су жібергелі қысым мүлдем төмендеп кетті. Сол себепті көбінше су да болмай қалады. Құбыр жөндейтіндерге жалынып, ақша беріп жүріп әрең жөндетіп алдық. Орталық көшеге құбыр жүргізгенде «водоканалдағылар» қазған асфальтті орнына келтіріп, жөндеп кетеміз деп еді, айра-жайрасын шығарған күйі тастап кетті. Қазір ол лай-батпаққа айналды. Қоқысты да уақтылы алып кетпейді. Аптасына бір тазалап алу керек болса, олар екі, кейде үш апта өткеннен кейін ғана алып кетеді. Оған дейін шашылып жата береді.  Ертең күн ысығанда қиын болады. Ақшасы уақтылы төленіп жатыр. 

Осындай мәселерді шешіп отыру үшін бұрын әкімшіліктегілер айына бір рет шақырып тұратын. Екі жыл болды, шақырмайды да, іздемейді де. Халықтың жағдайы билікті мүлдем қызықтырмайтын болған. Қазір әкімнің кім екенін де білмейміз. Өз шаруамызды өзіміз шешіп келеміз. Көшедегі үйлердің реттік номерлері де дұрыс емес. Бір номер үш үйге берілген. Алда ұлттық халық санағы келеді, шатасу осындайдан басталады. Біздің ахуалымызды билікке жеткізіп отырады деген депутаттарымыз да ізім-ғайым жоқ. Қалалық мәслихатқа сайланған Ғани Ташқараев сайлау кезінде «көке жәрдем беріңіз, депутат болсам көмегімді аямаймын» дегесін, көшедегілердің бәрінен сол жігітке дауыс берулерін сұранған едім. Сайланғаннан бері бір рет те көргенім жоқ.  

Роза Дауылбаева, №78 орта мектеп директоры:

«Ташқараев өтінішімізді жерде қалдырған емес»

Ғани Ташқараевтың мектепке көмегі көп тиді. Мектепке келетін жолдың бәрі батпақ еді. Өзім балалардың батпақтан қашып, шарбаққа асылып өтіп жатқанын талай рет көргенмін. Осы жолдың бәріне тас төсеп берді, жалғыз аяқ жол жасап берді. Қажетімізді қай кезде айтсақ та, өтінішімізді жерде қалдырған емес. Өз қаражаты есебінен жетім балаларды киіндіріп, сабақ үлгерімі жоғары оқушыларға арнайы сыйлық жасады. Мектепке бүгінгі таңда ең қажет болып отырғаны – химия кабинеті. Оны да Ташқараевқа айтуға, шыны керек, ұялып отырмыз. 

Дайындаған Шадияр Молдабек, «Заң газеті», «Қазақстан Заман» газеттерінің меншікті тілшісі

Сарыағашта оқушылар апатты мектептің асханасында сабақ оқиды
Экономикалық дағдарысты шымкенттік шенеуніктер су жаңа шетелдік қымбат көліктермен қарсы алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу