Қытайдың жоғары технология өндірісінің әлеуеті

Oinet.kz 02-01-2020 856

Қытай.jpg

Әлемдегі дамыған өркениетті елдер шығарған жоғары технологиялық өнімдер әлемдік нарықтағы үлестің 70% еншілеп отыр. Мұның аса көп бөлігі батыстың ғылыми техникалық және технологиялық прогресі дамыған АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Италия, Норвегия сияқты елдердің еншісінде. Шығыстан бұлардың қатарына Қытай да кірді. Қытайдың жоғары технологиялық ғасыры 1990 жылдан бастап кешенді өндірістік технологиялық қондырғыларды шығарудан басталды. 1995 жылы Қытай «Жоғары технологиялық өнімдерді кешенді дамытудың» стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Бұл стратегиялық бағдарламаға негізгі мынадай қағидалар енді:

1. Ғылым мен техника – бұл ең алғашқы өндірістік күш.

2. Мемлекеттің ғылыми техникалық әлеуетін арттыру мен өндірістік аймақтарда ғылыми техникалық қабілеттілікті трансформациялау.

3. Ұлттың ғылыми техникалық потенциалын арттыру мен инновациялық технологиялық даму жолымен экономикалық құрылымдар мен секторларды дамыту.

Қытай соңғы 8 айда жоғары технологиялық өнімдерді экспортқа шығаруды 43,2%-ға жеткізіп отыр. Қазіргі уақытта жоғары технология индустриясының динамикалық дамуы Қытай экономикасының стимулына айналды. 1996-2001 жж аралығында Қытайдың жоғары технологиялық индустриясының өсу қарқыны 20%-ға артты. Салыстырмалы экспорт көлемі 17,5 пайызға теңесті. Осының арқасында Қытайдағы ғылыми техникалық прогресс өндіріспен, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста болып, ғылым мен технтехнология саласындағы инженер-кадрларды дайындап шықты.

Қытай жоғары технологиялық өнімдерді шығаруды 1985 жылдан бастап қолға алып, арнайы мемлекеттік бағдарламалар дайындаған. Сол бағдарламалар арқылы саны ірі 54 мемлекеттік технологияларды дамыту кешендерін салған.

Ал, Қытайдың қазіргі басшысы Си Цзинпин елін «Аспан асты патшалығы» әрі жоғары технологиялық көшбасшы ел етемін деп ниеттенуде. Қытай басшысының тапсырмасымен елдегі жоғары технологиялық индустрия мен жасанды инттеллект технологиясын жасауды қолға алып, 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасын жасап, мемлекеттен 1,5 триллион доллар қаражат бөлдірді. Мұның астарында ұлтты технологияландырып, жаһандық брендтерді жасап шығу мен әлемдік бәсекелестікте озып шығу жатыр. Бір қызығы, Қытайдағы ІТ саласындағы инженер кадрлардың аса көп бөлігі АҚШ-тан келген. Соған қарамай, Қытай шетелдік инженер кадрлардың потенциалын дұрыс пайдаланып қалды.

Қытайдың жоғары технологиялық өнімдерді жасап шығудағы жоспарлары мен әрекеттері АҚШ-тың да ашуына тиіп отырады. Осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ Қытайдың ІТ саласындағы технологиялық ұрлықтарын әшкерелеп, HUAWEI-дің әлемдегі 60 филиалына санкция салып, тақырға отырғызып тастаған еді. Дәл қазір Қытайдың ІТ технологиялық саласында HUAWEI, Alibaba Group Holding, Tencent Holding сияқты алып корпорациялар жұмыс істеп жатыр.

Қытайдың ақпараттық даму орталығы жоғары технологиялық өнімдерді жасаудың жаңа жоспарын құрып, 2030 жылға дейін 10 триллион юань бөліп, жасанды технологиялық құрылғыларды шығаруды дайындауды қолға алды. Бұл жылына 180 миллиард АҚШ доллары болатын қаражатты осы салаға бөліп отырады деген сөз. Осы айтылып жатқанның барлығы да дәл қазіргі кезеңде іске қосылып кетті. Осы салада алып 10 компания ІТ саласы бойынша мықты динамикалық қозғалыста жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде әлемге белгілі «Dawning Information Industry» компаниясы да бар. Оның жетекші демеушісі кезінде Apple болған. Ал, қытайлық телекоммуникациялық China Mobile компаниясы 37 миллиард келісім шарт арқылы 5G станцияларын орнатып жатыр. Қытайдыға ІТ саласындағы 90 пайыз қаражатты HUAWEI мен басқа да компаниялар иемденеді.

2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта Қытайдың экономикалық әлеуетін осы ІТ және жоғары технология саласы 9-10 пайыздық көрсеткіштен түсірмей ұстап тұр. Бұл ғылым мен инновацияның ғана күші деуге болады. Мемлекеттің жетекшілік етуімен перспективалы салаларды дамыту, альтернативті энергия көздерін табу, биотехнологияны дамыту, жаңа буынды ақпараттық технологиялық жабдықтармен елді қамтамасыз ету, жоғары сапалы қондырғылар өндірісін жандандыру нақты жолға қойылды. Қазір Қытайдың жасанды интеллектті технологиялар саласының мамандары технологиялық «Алтын ғасырды» жасаймыз деп ниеттенуде. Ал, Alibaba Group Holding корпорациясы жасанды инлеллектті жоғары технологияларды қалалардың даму инфраструктурасына енгізуді бастап кетті. Қалаларды жоғары технологиялық функционалды жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы жол-көлік апаттарының санын анағұрлым азайтуға болатынын жоспарлап отыр. «Байду» компаниясының инженерлері қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшатын автомобильдер өндірісін қолға алып жатыр. Бұл Қытай қалаларындағы халықтың тым көп болуына байланысты қажеттіліктен туындап отырған шаралар деп түсіндірді компания өкілдері. Көп ұзамай HUAWEI-дің инженерлері атышулы 5G интернет жүйесін іске қосуды жоспарлап жатыр. Бұл жердің арғы жарты шарында отырып, үйіңдегі құрылғыларды жұмысқа қосып, өшіре беруге де мүмкіндік береді деп түйіндеді, компания директоры Цин Лян.

Қытайлық инженерлердің айтуынша, жақын арада Қытайдың кеңселерінде автоматтандырылған роботтар қызметке кірісетін болады. Олар кеңсенің барлық жұмыстарын орындауға қабілеттері жететін, кез келген күрделі фуункцияларды атқара беретін болады. Сонымен қатар роботтар кеңсеге келген адамдарды күтіп алып, қызмет көрсетіп, түнгі мезрімдерде кеңселерді күзету қызметтерін де атқарады екен.

Жалпы, біздің қазақ баласына да жоғары технологиялық ғылыми әлеуетті арттыру керек.Онсыз болмайды. Кейбір азаматтар осында «Бізге ІТ немесе жоғары технология керек емес, біз артта қалып кеттік, оларды қуып жете алмаймыз» деп жатыр. Отыра берсек, әрине, біз ешкімді де қуып жете алмаймыз. Мейлі, біз оларды қуып жете алмайтын шығармыз. Бірақ заманның көшінен қалсақ, онда бізге өркениет те жоқ. Онда біз тек  тұтынушы боламыз. Ол деген – біз тек тәуелді ел болып отырамыз деген сөз. Біздің қазақтың баласының ішінде жоғары технологияның дамуына үлес қосатын азаматтар жетіп артылады. Бізге осы саланы базалық жолмен дамытуға инвестиция салатын қолы ұзын, ұлтшыл азаматтар керек. Біздің азаматтар қазақты өркениетке жетектеу үшін жоғары технологиялық әлеуетті арттыру үшін осы салаға инвесторлар тарту керек. Қалт етсе қайта-қайта ұлттық қордан бірінші және екінші деңгейлі банктеге қаражат беріп, қазақ тұрмайтын қала сала бергенше, елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға, базалық негізін қалауға қаржы мен инвестиция салу жолын шешейік. Сонда ғана тынысымыз кеңейеді. Ғылым әлеуетімізді кеңейтсек қана өркениетті ел боламыз. Ештеңе де кеш емес.

Бекболат Қаржан


«Батыс Қытай - Батыс Еуропа» ғасырлық жобасы
Бауыржан Момышұлы неден шошыды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу