100 мақал-мәтел(3-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері

Oinet.kz 08-09-2020 1155

Мақал-мәтел.jpg

21.Ұзақ болса да жолдың турасы жақсы.

«Жолдың турасы» деген кең мағынада адамның өмір жолы туралы мағынаны білдіреді. Ешкімге қиянат жасамай, алдап кетпей, адал өмір сүрген адам жолдан таймаған, тура жолмен жүрген болып есептеледі.

22. Елiңде абыройлы болсаң, түзде жүгiң қалмас.

Елдің көңілі  – елеуіш. Жаманын ұмытып, елеуіштен өткізіп жіберіп, жақсысын алып қалып, ескеріп, құрмет көрсетеді. Тарихта аты қалған тұлғалардың баршасы елдің есінде, көңілінде солай сақталғандар.

23. Ынтымақ жоқ үйде ырыс жоқ. –  Бақ, қайда барасың?

–  Ынтымаққа барамын.

Ынтымақ деген – үлкен ұғым. Ол бірлік дегенді де білдіреді. Жеке отбасының ынтымағы сол отбасы мүшелерінің бақытын қамтамасыз етсе, елдің ынтымағы – мемлекеттің халқының бақытын жасайды.

24. Пасық адам паң келер.

Білімді, мәдениетті адам ешқашан да кеудесін көтермейді. Олар соншама инабатты, қайырымды, қарапайым болады.

25. Асыл тектi балапан ұясында ән салар.

Адамға меңзеп айтылған мақалдың мәні – баланы кішкентай кезінен өнерге баулу қажет.

26. Ақылдының бүгiнгi iсi кеше тынған.

Ақылды адам барлық ісін ойланып істейді. Асығыстық немесе, артық сөз айту ондай адамға жат.

27. Бiреуге үйретсең, өзiң де үйренесiң.

Жомарттық адамды сыйлы, абыройлы, қадірлі етеді. Малға, дүниеге ғана жомарт болмау керек, біреуге үйретуге де жомарт болу керек. Біреуге үйретсең, өзің де үйренесің. Ізденесің, көп оқисың, талабың таудай болады.

28. Парызың “сөйле” деп тұрғанда

Үндемей қалу ­ қып-қызыл қылмыс.

Парыз деген сөздің мағынасы өте салмақты. Парыз халықтың алдында, ел алдында, ата-ана, ұстаз алдында болады. Егер сіздің өз жеке басыңызға ауыр сөз айтылса, оған төзуге болады. Ал егер сіздің халқыңызға, еліңіз туралы ғайбат сөз айтылса, кемсітсе, оған төзуге болмайды. Онда шынында да «Үндемей қалу – қылмыс».

29. Керексiздi сатып алсаң, Кейiн керегiңдi сатарсың.

Керексіз дүние жетіп артылады. Керегін санауға қолдағы саусақта көптік етеді.  Керексіз дүние  - қу дүние, бос жолдастар, мансап. Керегі- туыс-бауыр, жанашыр жандар. Енді өзің тереңінен ойлап қара...

Сонымен нені сатып, нені алдың?

30. Асыл сөз арнап берген сыйдан артық.

Қазіргі кезде адамдарды берген сыйлығымен бағалап, құрметтеп жатады. Ол дұрыс емес. Себебі материалдық дүние барлық адам да бірдей емес. Сондықтан ізгілігі, адамгершілігі, кісілігі жоғары адамдар көлеңкеде қала береді. Егер сіздің тарапыңыздан осы бір мәселені шешу қолдан келсе, онда сіз шын мәнінде биік адамсыз. Сіз құрметтеген адам жағдайын айтып, сізге сыйлық жасай алмадым деп жатса, сіз «Асыл сөз арнап берген сыйдан артық» деп айтпайсыз ба?

Арман, өмір туралы өлең. Шыда! Төз! Күрес! Өмір сүр!
100 мақал-мәтел (2-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу