Мемлекет мектепке қалай мән берсе, мешітке де сондай көзқарас керек

Oinet.kz 18-03-2019 1041

Screenshot_6.jpg

«Тарих қайталанады» деген рас-ау деймін осы... Кеңес үкіметі жаңа орнап, қызыл туы қазақ даласында енді-енді желбірей бастаған шақта ел құран оқымақ түгілі құмған ұстауға қорқып қалғанын үлкендерден де естідік, кітаптардан да оқыдық. Атырау мен Тараз қалаларындағы лаңкестік оқиғалардан кейін елде басқаша көзқарас қалыптасқандай. Әрине, дін – Исламға деген сенім ешқашан жоғалмайды, бірақ, сәлде тағып, сақал қойғандарға ептеп үрке қарайтын жағдайдың қалыптасқанын жасыруға болмас. Құран оқып, бата бергеннің бәрінің дін туралы түсінігі, ұстанымы, мақсаты бірдей емес екенін, егер бетімен жіберсең, дін ұлтты жік-жікке бөліп, «қазақпын» деп жүрген екі қандас бауырды бір-біріне қас етіп, бір мешітке барып жүрген намазхандардың өзін бір дастархан басында отыра алмайтындай дәрежеге жеткізетін қауіпті күш екенін ел де, мемлекет те енді мойындай бастағандай.

12-қарашада Таразда орын алған оқиғаға міне, екі аптадан аса уақыт өтті. Содан бері әкімшілікте өткен жиналыстардың ішінде осы оқиғаға соқпай кеткені некен-саяқ. «Біздің облыста салафит ағымының мүшелері онша көп емес. Бірақ, сол аздың өзі үлкен проблема болып отыр. Қайта олардың қатары көбейіп бара жатпағанына кім кепіл?! Әйтсе де елдің бәрін жау тұтып, «салафитпін» дегеннің бәрін қолын қайырып, түрмеге тоғыта беруге тағы болмайды» деді сондай жиынның бірінде Жамбыл облыстық  ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Берік Құтбаев. 

Осы екі аптаның ішінде болған оқиғаның біраз жәйттеріне қанық болдық. Өзін-өзі жарып жіберіп, жиһад жариялаған Мақсат Қариев негізінен жиһаз құрастыру ісімен шұғылданған екен. Астанада кәсіптері болған. 2006 жылы Көкшетауда жүргенде намазға жығылып, сол кезде Көкшетау қалалық мешітінің имамына «егер мен кәпірлерді жарсам, жұмаққа барамын ба?» деген сауал тастап, біраз пікірлескен көрінеді. Оқиға болардан екі-ақ күн бұрын екі қызы бар келіншекпен некелесіпті. Бұл оның шариғат жолымен некелескен үшінші әйелі екен. «Лаңкес Қариевпен араласқан, пікірлескен, «алған бетіңнен тайма, осы бағытың дұрыс, кәпірлерді жарсаң, жұмаққа барасың, біз де артыңнан жұмаққа барып қаламыз» деген сыңайдағы үгіт-насихатты құлағына құйып отырған алты адам қамауға алынды» дейді Жамбыл облыстық  ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Берік Құтбаев. Бірақ ол лаңкес Қариевтің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің екі қызметкерін қалай атып өлтіргені, не үшін атып өлтіргені жұмбақ күйінде қалып отырғаны  жайлы тіс жарған жоқ. Лаңкес Мақсат Қариевтің үйіне біз де барып, бір ауыз пікірлерін білмек болған едік. Алайда, анасы тілдесуден бас тартты. Ал көршілері «Әп-әдемі сары жігіт болатын. Сақалдыларға қатысы бар дегенге сеніңкіремейміз. Өзінің сақал қойғанын көрмегенбіз» дегеннен басқа ештеңе жарытып айта алмады. Олар бұрын Қариевтің бұзықшылық әрекетін, ішімдікке әуестігін көрмепті. Қаскөйлігін сыртқа сездірмей асқан  шеберлікпен қимылдаған лаңкесті қолға түсіруге құзырлы органдардың арнайы жасақталған топтары дәрменсіздік танытқан тұста жалғыз өзі жанкештілікпен ел үшін ерліктің ерен үлгісін көрсетіп өмірін құрбан еткен, жиһадшының жарылғыш затымен бірге қосылып жарылып өлген жол полициясының қызметкері Ғазиз Байтасов туралы бұған дейін де  жан-жақты ақпарат берген болатынбыз. 

Марқұм, Ғазиз Байтасовтың анасы Гүлзат:

– Ұлым өз жұмысына адал берілген еді. Таңның атысы, күннің батысы демей бір тынбайтын. Оқиға болардан бір күн бұрын «Мама, маған тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай сый көрсетіледі» деп еді. Алла аузына салған шығар, міне енді Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында жоғары награда берілмекші. Көрсетілген құрметтердің бәріне рахмет, бірақ Ғазиздың орны қашанда ойсырап тұрары анық, – дейді ауыр күрсініп.

Ал жары Гүлжан былай деді: 

– Осы қараша айының 21-нде Әділжанымыздың сүндет тойын бермекші едік. Шақыру қағаздарын да таратып қойғанбыз. Сол күні Арманжанымның шашын қырықтыруға гастроном жаққа бара жатқанмын. Жол полициясының көліктері көшеде дабылдатқыштарын қосып сол жаққа қарай ағыла бастаған соң, Ғазизге қоңырау соғып едім: «Тез кері қайт, көшеде қауіпті қылмыскер жүр» деді. Арада он минут өткенде қайта қоңырау шалғанымда телефоны сөндірулі болды. Сол сәтте бір жағдай болғанын сездім... 

Бүгінде аудан, ауылдардағы мешіттердің немен айналысып, намазға жығылған жандарға қандай бағытта уағыз жүргізіп жатқанын бір Алла біледі. «Дін мен мемлекет бөлек» дедік те, мешіттерді бақылаусыз қалдырдық. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен қоғамнан бөлек бола алмайды. Біздіңше мемлекет мектепке қалай мән берсе, мешітке де сондай көзқарас керек. Мешіт тек жұма намаз оқып кететін қасиетті жер ғана емес, уағыз айтылатын, адамның көзқарасын қалыптастыратын, керек болса өзгертетін, өміріне бағыт беретін қасиетті орда. Біздің халық дін мәселесінде шала сауатты. Қайсы ағым дұрыс, қайсы ілім бұрыс екенін білмейді. Арабша ағып, хадистерді «шағып» тұрғанның бәрін керемет көреді. Ендеше, халықтың діни сауатын ашу үшін ең алдымен имамдарымыздың сауатын дұрыстау керек. Міне, дін мәселесінде халықты адастыратын да, алға бастап жүретін де сол имамдар, сол имамдардың иманында болса керек. 

Гүлнар ІЛИЯСҚЫЗЫ, 

Жамбыл облысы

Мұрағаттан, 12.12.2011 ж

ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік мұра және Оңтүстік Қазақстан
Қазақстанға «Тележеңгетайлық» қызмет қажет пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу