Әлемді тану үшін өзіңді таны!

Oinet.kz 01-04-2021 1327

image.png

Ролло Мэй «Біреуді дəл танығың келсе, жақсы көр. Махаббат пен сүйіспеншілік жоқ жерде таным процесі толық іске қосылмайды» дейді. Ол ТАНЫМ жайлы мынадай қызық дерек береді. Көне грек пен еврей тілінде «ТАНУ» сөзін «Жыныстық байланыста болу» деген мағынада қолданған. Інжілде: «...Ол əйелін таныды. Көп ұзамай жан жары жүкті болды» деп келеді. «ТАНУ» мен «СҮЮ» этимология жағынан егіз ұғым саналған. Ғалымның ойымен келісесің. Өмірде расымен солай. Жігіт ғашық болғанда қызды терең таниды. Ол жайлы тырс еткен ақпараттың бəрін жинайды. Керісінше біреуді жек көрсе, оның жақсы қасиетін көрмейді. Дұрысы жүрекке енген жеккөрініш сезімі көрсетпей тастайды. «Кімнің кеудесінде кек болса, соның жүрегіне Хақтың нұры дарымайды» деген пайғамбар хадисі бұны растай түседі.

Қазіргі творчество махаббатты романтика деңгейінде жырласа, большевик мұсылмандар оны нəпсіден туындайтын алдамшы сезімге жатқызады. Соның кесірінен мейірімді мұсылман азайып, безбүйрек тақуалар көбейеді. Мұсылмандар ортақ құндылықты субъективті құндылықтар санатына жатқызып, шетке ысыра берсе, бір күні рухани тоқырайды. Ортақ МƏН жоқ жерде құрғақ мораль өркендейді. Елдің жүріс-тұрысын, құлшылығын, иманын аңдып, бақылаушы діни қоғам қалыптастырады. Ондайда кəпір нəпсіңді емес, біреудің ақидасын түзеумен əуре боласың. «Əлемді тану үшін өзіңді таны» деген алтын қағида өледі. Қазіргі мұсылманның сүрінетін жері – осы. Дін оқып, Құран ұстағандакүшін білімге салады. Деректі көп білсем, айбынды болам деп ойлайды. Интеллектіне қатты сенеді. Кейбір хафиз Құранды бастан-аяқ жаттап алады. Кəлəмшілер бір аятқа қатысты бірнеше ғұламаның тəпсірін жаңылмай айтып береді. Факихтар төрт мазхабтың үкімдерін үйреткенде мүдірмейді. Бірақ, қайтесіз, осының бəрі құдіретті Жаратушыны жыға тануға сеп болмайды. Көңіл көзі, таным-түйсік махаббатсыз тұманданып тұрады.

"Яссауи феномені" кітабынан

Үлкеннің жолын кеспе! (қисса)
Махаббаттың тілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу