Үкімет қолдамаған қазақтың шұбатына Қытай кәсіпкері «құда түсіп» жатыр

Oinet.kz 17-04-2019 886

Screenshot_2.jpg

Қазақтың қанында бар кемшіліктің бірі – селқостық. Осы селқостықтың салдарынан ұлттық құндылықтарымыз тістегеннің аузында, ұстағанның қолында, қызыққанның қанжығасында кетіп қалмаса деңіз.  Америкада қазақтың киіз үйін заманауи тұрғыда түрлендіру арқылы пайдаға белшеден батып жүргендер баршылық екен. Ал қымызды немістер патенттеп алғаны айтылып жүр. Соңғы уақытта шұбатты да патенттеп, бренд жасауға деген ұмтылыс жоғары.

         Біз мұны «аспанға қарап, жұлдызды санап» отырып айтып жүрген жоқпыз. Жақында Отырар ауданына жолымыз түсіп, осындағы түйе шаруашылығымен айналысатын кәсіпкермен әңгімелескенімізде көзіміз жете түсті.   

- Елімізде түйе шаруашылығы кенже қалған десем де болады. Мемлекет тарапынан берілетін көмек мардымсыз. Мәселен, сиырдың жем-шөбіне, ассимиляциясына 18 мың теңге субсидия берілсе, қойдың әр басына 1,5 мың теңге бөлінеді. Ал, түйенің тек сүтіне, яғни әр литрына 55 теңгеден ғана субсидия беріледі. Ол 55 теңгенің 50 теңгесін сауыншыларға жұмсаймын. Өйткені, түйені сауатын аппарат жоқ, барлығы қолмен атқарылады. Сол себепті, бұл соманы кемінде 150 теңгеге дейін көтеру керек деп ойлаймын. Негізі түйенің жем-шөбі жақсы болса сүті де көбейеді. Қазір сүтті деген түйелер күнінен 7-8 литр сүт берсе, оны жақсылап жемдейтін болсақ, 10 литрге дейін жеткізуге болады.

Жалпы, түйе шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен қымыз бен қымыран туралы заң қабылдануы тиіс. Бренд алу да осыған тәуелді. Содан кейін ұлт саулығын көтеру үшін балабақша, мектеп, туберкулез ауруханалары, демалыс орындары мен шипажайлардың ас мәзіріне осы екі сусынды міндетті түрде енгізу қажет. Өзім өндірген шұбаттың бір құтысын Төрегелді Шарманов ағамыздың тағамтану институтындағы зертханасына тексертіп, арнайы анықтама алдым. Ол кісінің зертханасында 42 пайдалы элементті анықтайтын құрал-жабдығы бар екен. Қымыраннан сол 42 элементтің барлығы табылды. Одан басқа да пайдалы элементтердің бары белгілі болды. Шұбат ішкі құрылыстарға, асқазан, жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, өт және басқа да ағазаларға таптырмайтын ем есептеледі. Маған өмір бойы түйе шаруашылығымен айналысып, осындай өнім шығаруды армандап өткен Зұлқарнайын Сейітұлы деген ақсақал арнайы келді. Сол ақсақалдың ұйымдастыруымен депутаттарға ұсыныс жолданып, ол жайында сенатор Қ.Айтаханов мәселе көтерді. Бәлкім, алдағы уақытта Үкімет тарапынан бұл мәселе қолға алынатын болар. Болашақта қымыз бен қымыран дастарханымыздағы арақ-шарап пен сыраның орнын алмастырса кәнекей, - дейді «Үсенов Н» шаруа қожалығының төрағасы Мырзахан Манапов.

Парламеттің мінберінде мәселе көтерген сенатор Қ.Айтахановтың ұсынысынан қандай нәтиже барын өзінен сұрадық.   

- Қымыз бен шұбат туралы заң қабылдау қажеттігі жөніндегі ұсынысымды Үкімет қолдаған жоқ. Бұған шұбаттың бекітілген бір стандартының болмауы себеп болды. Өйткені, бізде шұбатты әркім әртүрлі жасайды. Демек, бірінші кезекте мемлекеттік деңгейде ортақ стандарт бекітілуі тиіс және ол күнделікті тексеріліп отырылуы қажет. Стандарт болмайынша тіплік осы олқылық әрі қарай да жалғаса береді. Біз тұлпар мініп, қымыз-шұбат ішіп, қазы-қарта, жал-жая, құрт-ірімшік жеп, соның арқасында батыр болған, елін, жерін қорғаған халықпыз. Ендігі жерде бұл тағамдарымызды ұлттық брендке айналдырып, келер ұрпаққа аманаттауға, оның барлығы да қазақтыкі екенін әлем алдында мойындатуға тиіспіз. «Қымыз ішсең, Қазақстанға бар» деген ортақ түсінікті қалыптастыруға қол жеткізе алуымыз керек. 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне дейін осы ойымызды жүзеге асырып үлгерген жөн. Әйтпесе, ұлттық тағамдарымызды әркім бір иеленіп кетіп жатыр. Біз бұл бастамамызды әлі тоқтатқан жоқпыз, жалғастыра береміз. Заң қабылдауға мүмкіндік жоқ болса Үкіметтің қаулысы қабылдануы тиіс. Сөйтіп, қымыз бен шұбат өндіруді мемлекет тарапынан қолдау, жұртты ынталандыру керек. Аудан, облыс орталықтарында, Алматыда, Астанада, барлық жерде қымыз бен қымыранды құйылмалы болсын, ыдыстағы болсын жеткілікті мөлшерде сатылатындай жағдай жасау керек,--дейді сенатор Қ. Айтаханов. 

          Біз әңгімелескен шаруа қожалығының төрағасы Мырзахан  Манапов   қазірдің өзінде шұбаттан 7 түрлі өнім шығару жолға қойылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша шұбаттың шипалылығы негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Еуропа, Америка, Африка, Азия құрлықтарының халқын түйе сүтінен дайындалған өнімдермен қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданыпты. Осыған орай Жапония, Америка, Австралиядағы  белгілі  компаниялар түйе сүтін өңдеу технологияларына айрықша қызығушылық танытуда.Таяуда қытайлық бір кәсіпкер отырарлық шаруа М.Манаповтың  дайындаған шұбатына «құда түсіп» келіпті. Келісім-шартқа отыруға үгіттепті. Ал біздің Үкіметтегі шікірейген шенеуніктердің сенатордың сөзін жерге тастағаны анау...

 Мұрағаттан: 20.11.2014

 


Шәмші Қалдаяқов - қазақ әнінің тынысын кеңіткен кемеңгер
Үнді телесериалының «синдромы» көрерменді несімен баурап алды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу