Асырай алмасаң неге туасыңдар мені?

Oinet.kz 10-01-2023 1379

Жақында, көктемдік аяқ киім алу үшін, қаламыздағы "Алаш" базарының ішінде жүріп, ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Негізі, ыңғайсыздыққа тап болған мен емес, аяқкиім сатушысы болатын. Айналма бұрыштағы бутиктің ішінде, ұнаған аяқкиімдердің бірнешеуін алып, киіп көріп жатқанмын.

Screenshot_6.jpg

Базарды көп аралағанды ұнатпаймын. Табылған жерден ала салатын əдетім бар еді. Бутик иесі, елулерге жақындап қалған ер кісі екен.

Мен сұраған аяқкиімдердің өлшемдерін айтып, біреуге қоңырау шалып еді, əйелі болуы керек, алып келді.

Саудагер болу да оңай емес, тауарыңды өткізу үшін "ешкіні апа, текені жезде" деуің керек. Екеуі, менің аяғыма аяқкиімдерді кигізіп-шешіп, бірінен соң, бірін көрсетіп жатыр.

Шынымды айтсам, "сонша жабысып қалғандары несі?" — деп, басында жақтырмай қалғанмын. Сөйтіп тұрғанда, бутикке Шашы беліне түскен, ерекше киінген, əртіс секілді боянған бір жас қыз кіріп келді. Түсінгенім, бутик иесінің қызы болса керек.

"Қазір, тұра тұрыңызшы, мынасы сəл қысып тұрған сияқты. Мен, ана орнымнан барып, алып келе қояйын" деп, əйел тағы жүгіріп кетті. Біраз күтіп қалуға тура келді.

Сол кездегі, Əке мен қыздың əңгімесі жанымды түршіктірді.

— Пап, маған ақша керек.

— Тағы неге?

— Керек болған соң, сұрап тұрмын ғой...

— Қанша?

— 25 мың...

— Оны қайтесің? Киімді кеше ғана алдың ғой. 50 мыңның басына су құйып?

— Дос қызымның туған күні, табиғатқа шығамыз, сыйлық аламыз, кешке түнгі клубта отырамыз...

— Жоқ, ақша! Жарылсаң жарылып кет! Неғылған туған күн ол соншалықты?

— Ол, білесіз бе, кімнің қызы екенін? Ертең, соның Əкесінің арқасында жұмысқа кіремін...

— Жұмысқа Əкесі кіргізеді деп, оның туған күніне осылай шашылуың керек пе? Мен құдама ондай сыйлық жасамаймын. Ана інің отыр, мектеп бітірейін деп. Оған да ертең ақша керек екенін білесің ғой...

— Осы ғой, мен ақша сұрасам, өстесіздер...

— Ау, сен құлаққа кіретін ақша сұрасайшы! Бəрі тауарға кетті, əлі екі аяқкиім саттың ба деп сұрашы, кассада 5 мыңнан артық тиын жоқ! Сауда бұрынғыдай қайнап жатса, мейлі екен.

— Енді не істеймін?

— Бір қызықшылықтан қалсаң, ештеңе етпейді!

— Біреуден қарыз алсам да, барамын!

— Бармайсың!

Осы кезде əйел келіп, менің сұрағанымды берді де, қызы мен Əкесінің арасына түсе кетті.

— Не болды тағы?!

Соған қарағанда, қызы мен Əкесі, жиі керісіп қала берсе керек.

— Папам тағы ақша жоқ деп жатыр. Осы, асырай алмасаңдар, неге туасыңдар, топырлатып?! Мен күйеуге тисем, бір баладан артық тумас едім.

— Болды, тауып берем өзім. Алтындарымды ломбардқа өткізем қазір, — деп, сыбырлап жатты шешесі, мен шығып бара жатқанда. Əкесі ашуланған күйі, бутиктің арғы бұрышында, аяқкиімдерін реттеуге кірісіп кетті.

Бұл, мен көрген бір оқиға еді. Ол, бұрынырақта өткен, тағы бір оқиғаның еске түсуіне себеп болды.

Інім бар, осы Шымкентте тұрады. Оның отбасылық мəселесіне, əпке болып араласқан емеспін. Осы бір жолы араласуыма, əрі бірінші де соңғы рет, келінге де, қызына да ұрсуға тура келді. Ол кезде, мен ауылда тұратын едім. Қалаға келгенде, түсетінім сол інімнің үш бөлмелі пəтері.

Обалы не керек, барған сайын өзі де, келін де құрақ ұшып қарсы алады. Бұрын, балалары жас кезде, мəн бермесем керек, тұңғыштары бойжете бастағанда, оның сөзінің түйеден түскендей екенін байқай бастадым. Кезекті рет келіп отырған жайым еді. Қолымды қоңырауға созғаннан, іштен інімнің қаттырақ дауыс көтергенін естіп қалдым. Есікті де өзі ашты.

Амандық сұрасып, өңін өзгерткені болмаса, ашулы екені айдан анық. Келіннің де қабағы сынық сияқты, ал үлкен қызы əлдене деп, бұрқылдап жүрді.

Лезде, алдыма шай келіп, оны енді ғана сораптай бастап едім, ішкі бөлмеден: "Тауып бересіздер ме, жоқ па?" — деген, інімнің қызының даусынан, қолымнан кесем түсіп қала жаздады.

"Мен саған қазір..." деп, орнынан ашулана көтерілген інімді, келін ұстап қалды: — "Енді, замандары солай болған соң, қайтесің?! Өзің жас болмадың ба? Олардың заманы осылай ғой!" — деген, оның да даусы қаттылау шықты. Ініме қатты сөйлегені бар, не болса да, әкесін қызына жығып беріп тұрған келіннің сөзі, шамыма тиіп-ақ кетті. Сөйтсем, бар бəле ұялы телефон дегеннен шығыпты. Сегізінші сыныпта оқитын қызы, жетпіс мың теңге тұратын телефонды алмаса, өле қалады екен де. Ал, інімнің айлық жалақысы, алпыс мың теңге. Келін қазір баламен үйде отыр. Бес балалары бар.

— Мен сонда саған, бар айлығыма телефон əперсем, ана бауырларың аш қала ма сонда? — деп, айғай салған ініме, қызы не деп жауап бергенін естісеңіз, сіздің де жүрегіңіз ауырар еді.

— Онда неге туа бересіздер баланы, бізді асырай алмай жүріп? ! Елдің баласының бəрінің қолында, жаңадан шыққан телефон, мен ғана, сізден қалған ескімен жүрмін!

Інім осыны естігенде, ток соққандай тұрып қалды. Келін барып, қызының тілін суырып ала ма десем, ол да "көрдің бе? " — дегендей, күйеуіне қарап қалыпты. Қолымдағы кесені дастархан үстіне тарс еткізіп қойдым, бəрі маған қарады.

— Əй, қыз! Бері кел бері! Келмесең бар ма, шашыңнан сүйреп əкелем қазір! —- дедім.

Келінім "əпке, сіз қайтесің?" — деп, келе жатыр еді, "сен жайыңа отыр, қызыңды әкесіне қарсы сөйлетіп қойып?!" — деп, оған да ұрсып тастасам керек. Бір ойым "сіздің жұмысыңыз болмасын! " — деп, тастаса қайтпекпін деп қоямын. Тағы да, қарсы келмей, жаймен басып дастарханға жайғасты. Сол жерде, қызына да, келінге де əбден ұрысқанымды білемін. Арасында, ініме "баланы жастан, қатынды бастан" дегенді ұмытқанын айтып, оны да сыбап алдым.

Үшеуі де, арғы бөлмеде ойнап отырған кішілері де, бір қарасам сүмірейіп қалыпты. Əйтеуір, сол күні олардың үйлерінде көңілсіздік орнап, мен де күйім болмай аттандым.

Үйге келген соң, қатты айттым ба деп, қынжылдым. Себебі, тап сол сөзді, мен де бір кездері анама айтамын деп, әкемнен таяқ жеген болатынмын.

Иə, әкемнен алғашқы да, соңғы рет жеген таяғым сол, "көйлек əпере алмасаң, несіне тудың? " — деген сөзімнің кесірінен болды.

Ол кезде, мен мектеп бітіруге дайындалып жатқанмын. Біз мектеп бітірген жылы, кешке киетін көйлек деген табылмайтын ба еді, əлде анамыз өзімнен кейінгі алты бауырымның қамымен жүріп; қызының бойжеткеніне мүлде мəн бермеді ме, қайдам?! Əйтеуір, мен кешке киетін көйлек таппадым. Кластас қыздарымның бəрі де, қандай көйлек киетіндерін айтып, көзімді қыздырғанда, менде Анамның ескі көйлегінен басқа ештеңе жоқ еді. Үйге келіп, Анама қыңқылдаймын, ол әкеме жалтақтайды. Ал, әкемнің ойына, көйлек деген кіріп те шықпайды. "Көрші əпкелеріңнің көйлегін сұрап, кие сал" дейді, бар болғаны.

Соған мен, қатты ашуландым, бала емеспін бе? Өзімді əлемнің қор адамы санадым, ертеңгі күні, қоштасу кешінде бəріне күлкі болатынымды ойладым. Жылап жатқан болатынмын, Анам сырттан дауыстап шақырды.

Шықпадым, содан соң әкем атымды атады, оған да лəм демей жатып алдым. Бір кезде, анам жетіп келді бөлмеге. "Сен қыз шығасың ба, бір көйлектің соңынан кете қалайын деп пе едің?" — деп, ұрыса жөнелді. Сондағы ашумен, ренішпен айтқан сөзім ғой: —- "Бір көйлек əпере алмайсыңдар, несіне тудыңдар мені?!" Қатты айғайлағаным соншалық, ашық тұрған терезеден, әкем анық естіді.

Бір кезде, етігімен бөлмеге қалай кіріп келгенін байқамаппын.

Келді де, күректей қолымен, жағыма салып қалды. Керуетке қалай ұшып түскенімді, өзім де байқамай қалдым. "Шешеңе енді бұлай сөйлеп, сен дегеніңді көрсем, тіліңді суырып аламын!" Көзі шатынап кеткен әкемді, анам сыртқа шығарып əкетті, ал мен өмірімде, ес білгелі әкемнен тұңғыш рет таяқ жегеніме ренжіп, әжемнің үйіне қашып кеттім.

Соңымнан жылап анам келді, қайтпадым. Ол, әжеме бəрін айтып беріп, жылаған күйі қайтып кетті. Оның жылағанын көріп, одан сайын егілдім.

Бірақ, Əкеме деген ренішім басылар емес. Əжемнің қолындағы жеңгем болса, мені жұбатып жүріп, сандығынан аппақ тауары матаны алды да, майда тілімен еркелетіп жүріп өлшем жасап, бір кештің ішінде, тамаша көйлек тігіп берді.

Сонда ішімнен, "неге менің Анам, осы жеңгем сияқты емес?" — деп те ойлаған едім.

Мені басқа бауырларым да, содан кейін, Анам да, Əкем де іздеп келген жоқ. "Келеді, жалынып мені алып кетеді" деген ойым да жоқ емес.

Ертеңіне, қара кешке дейін, Əжемнің үйінде жаттым. Бірақ, ішім алай-дүлей болды. Өмірімде, басымнан кешпеген, жаныңды сығып жіберетін, басқаша бір сезім. Кінəлі екендігімді, артық сөйлегенімді білемін, бірақ соны мойындағым келмей, екі сезім ішімде арпалысып жатты.

Сол күйімді сезді ме, Əжем басымнан сипап отырып, біраз əңгіме айтты.

Қыз бала үшін маңызды - киім емес, əдеп пен ар-ұят екендігін, Ата-ананы сыйламау, оларға қарсы сөйлеу, ең үлкен қателік екендігін айтып жұбатты. "Олардың сен, тұңғыш көргенісің, сен арқылы олар, Ата-ана атанып, өздері бала болса да, Əке-шеше болудың не екенін сезінді. Сен оларды бірінші болып, барлық сынақтан өткізесің. Сен бұлай қарсы сөйлеп тұрсаң, басқа бауырларың не істемек? Сенің қылығыңды қайталап, айналдырған екеуінің жүрегін, кесектеп жыртпай ма? Əрбірің осылай бір өнер көрсетсеңдер, олардың несі қалады? Сен, бауырларыңның да, Анаңа сен сияқты сөйлегенін қалар ма едің?! Əкең мен шешеңнің жанашыры сен ғана..."

Əжем сөйлеп отырды, мен еңкілдеп жылап отырмын. Содан кейін, орнымнан тұрып, жеңгем тігіп берген көйлекті қолтығыма қыстым да, үйге қарай жүгірдім. Үйге асыққаным сондай, олар мен жоқта, басқа бір жаққа көшіп кетіп қалатындай көрінді.

Анаммен жылап, Əкемнен кешірім сұрап, табыстым. Содан кейін мен, Əкем мен шешеме қарап, олар өмірден өткенше, бір ауыз қарсы келген емеспін. Бауырларыма да қатқыл сөйлеуге, ерік бергенім жоқ.

Ал, баланың алдында өбектеп, Əке сөзіне қарсы шығуға, өздері ерік беретін келіндерді көрсем, қүйқам шымырлап кетеді.

Сатушы əйелдің қолында ақшасы жоқ бола тұра, туған күн кешіне баратын қызына, алтындарын сыпырып, ломбардқа өткізіп, тауып беретіндігін ойлағанда, денем тітіркенді. Ата-анасын сыйламайтын бала қайдан шығады дейміз тағы.

Осылай, Əке мен бала арасына түскен, балаларын Əке айтқанына үйіре алмайтын Аналардан шығады -дағы?!

Артық айтсам, кешірерсіздер. Бірақ, Əкенің айтқаны заң болған үйдің балалары, шектен шықпаса керек.

Фатиманың хатынан

Ақсақ қыздың тағдыры елді жылатты
Аяғын сылтып басатын қызды жылатқан жігіттің тағдыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу