Көгершін қалай адал хабар тасушыға айналды?

Oinet.kz 01-02-2023 925

Осынау бір заманда Қыран басқарған құстар патшалығында Көгершін мен Қарға дос болыпты. Бір-біріне жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөліскен адал дос, әрі патша Қыранның хабаршылары екен.

Screenshot_12.jpg

Екеуі де ақылды, елдерінде сыйлы. Бірі жақсылықтың хабаршысы болса, ал бірі алдын ала болатын жамандықты сезіп, жанындағыларға суық хабарды ескертіп жеткізіп отырыпты. Құс біткен көгершіннің сұлулығын мақтап, жақсылықтың хабаршысы деп сүйсініпті. Қарға болса суық хабар әкелгендіктен оны көп жақтырмаған, шетте қала берген. Дегенмен қарға достыққа өте адал жан екен. Құстар патшасы Қыран:«Сіздермен бөлісейін. Адалдық елді мекенінде, Достық деген тау бар екен.Кезінде сол жерде Алтын ағаш өсіпті.Аң-құстың барлығы сол ағашқа таласып,бір-бірін сатып, көре алмай, сондықтан бірі де қалмаған.Алтын ағаш болса жер астына кіріп ғайып болған.Аңыздарда сол ағаштың алтын жапырағы топыраққа көміліп, құс патшасын күтіп жатыр делінген.Егер әлгі алтын жапырақты адал достың екеуі тапса-алтын ағаш жер бетіне қайта шығып жайқалып,бар әлемге нұрын шашып,аң-құс арасында достық орнайды екен.Егер арам пиғылдының қолына түссе аң-құс атаулы бір-біріне жау, бірін-бірі аңдып азық етеді делінген. Екеуің адал доссыңдар. Сендерге сеніп тапсырдым. Барып әлгі алтын жапырақты тауып жақсы хабар жеткізіңдер» -дейді.

Көгершін мен қарға қанаттарын сермеп, патшалықтан ұшып шығып, үш күн, үш түннің ішінде әлгі Достық тауына жетіп, дәл айтылған жерге келіп, біраз уақыт топырақты қазып жүріп алтын жапырақты тауып алады!!! Қуаныштарында шек жоқ. Алыс жолдың қатты шаршатқандығы сонша, аздап тынығып алайық деп шешеді. Нөсер жауын құйып кеткен соң, жылынатын қалқа іздейді. Қарғаның көзі алыста жатқан үңгірді шалып қалады. Үңгірдің ішінен алауы сөніп, бірақ қызуы кете қоймаған отты көреді, жанында ескі құмыра жатыр. Екеуі сол оттың жанында жылынып түнейді. Алтын жапырақты ұйықтап кеткен кезде бөтен біреу келіп алып кетпесін деп әлгі ескі құмыраның ішіне салып қояды. Бір кезде қарғаның іште қызғанышы оянып, пейілін кір шалады. Көгершіннің алды болып, қуанышты хабарды құс патшасы Қыранға бірінші болып жеткізіп,мақтау мен мадақтың өзіне тиесілі болғанын қалайды.Арам ой келеді. Патшаның айтқан бар сөзі қызғаныштан есінен шығып кетеді. Солай пиғылы нашарлап, түрлі ойлар мазалап жатқан кезде үңгірге пысылдап кіріп келе жатқан жыланды көреді. Дереу жерден жіңішке бұтақ тауып алып, сонымен құмырадағы алтын жапырақты шығарып, көгершінді оятпай, жесе жылан жер, тірі қалса ешкім танымасын деп ошақтағы күйені жағып, досын жыланға тастап ұшып кетеді. Сарайға тұмсығындағы алтын жапырақпен жарқ етіп кіргенде, сарай іші нұрға бөленудің орнына, күңгірт тартып, күн күркіреп, найзағай жарқылдап, нөсерлетіп жабыр жауып кетеді.Барлығы у-шу болып ештеңе түсіне алар емес. Қарға патшаның алдына келіп- алтын жапырақты көрсетіп, мен таптым дейді. Патша қарғаға қарап, көгершінді сұрайды.

Қарға:-« Көгершін өлді.... Екеуміз алыс жолдан шаршап, үңгірде тынығып аламыз деп ұйықтап кеттік. Біртүрлі дыбыстан селк етіп оянсам, жылан кіріп, көгершінді жұтып жатыр екен, құтқаруға кеш болды. Содан сіздің аманатыңызға қиянат жасамаймын деп, алтын жапырақты көгершін екеуміз жасырып қойған құмырадан шығарып үлгердім. Жақын достан осылайайырылып қалдым. Алайда сіздің әміріңіз үшін бәріне дайынмын,-деді қарқылдаған үнімен.

Ал үңгірде болса-жылан бауырымен жорғалап келе жатып, өшіп үлгермеген шоқты байқамай басып терісі күйгеннен, дауысын шығарып қатты пысылдап көгершінді оятып жібереді. Оны көрген көгершін лезде қанатын қағып жанына қараса қарға жоқ. Содан төбеге ұшып, жерде жатқан құмыраға қараса ішінде алтын жапырақ жоқ, әйтеуір үңгірден шығып үлгереді. Қарғаны жан-жақтан іздейді. Таппайды. Жылап, қайғырып біраз күннен соң көгершін де патшалыққа келеді. Келсе сарай төбесі тоқтаусыз аққан нөсерден тесіліп, іші суға толып, көгершінді жоқтап жылаған құс атаулының көз жастары қосыла теңіздей болған. Талай күндер бойы нәр тартпай алыс жолдан шаршап, қанаты талған, үстіне күйе жағылған көгершін, сарайға кіре салысымен төменге құлдилай құлайды. Аң-таң болған қыранның ауызындағы алтын жапырақ көгершінмен қоса бірге суға түседі. Көгершін жапыраққа жабысып, жаны аман қалады. Қарға ұяттан кірерге тесік таппай, көздеріне енді көрінбестей ұзаққа ұшып кетеді. Құс патшасы Қыран адал болған ақылшысын қимаса да,жасаған опасыздығы үшін кешіре алмайды.Осы бір аманатқа қиянат келтірілген жағдайдан соң алтын жапырақ кері әсерін берген. Аңдар құстарға, құстар аңдарға, тіпті құс құсқа-аң аңға шабатын болған. Енді аң-құстың бір-біріне деген сенімдері кетіп, патшалық сол бір ғана кішкентай көреалмаушылық пен қызғаныштың кесірінен құлап, әр құс өз тобырымен ғана күнін кешіпті. Қарға болса құстардан жырақта, көрген жанға сүйкімі кетіп, қалған-құтқан өлексе мен сасыған етті жеп, кей кездері ұрлыққа түсіп көрінгеннен таяқ жеп, қарқылдап құз басында жалғыз қалыпты. Ал көгершін көптің сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленіп, жолыққан жанның қамқорлығын алып, ел арасында жақсылықтың хабаршысы мен бақыт құсына айналған деседі.

Аққа күйе жаққандар,

Өзіне зиян тапқандар.

Күйесі кетер бір күні,

Нақақтан жала жаппаңдар!

Жақсыға жасар жамандық,

Өзіңде болмас амандық!

«Шешесін жұтқан жетімек»: Аңшы қыздың аянышты тағдыры
Онкологиядық аурудан 3 айда құлан-таза айығып кеткен әйел жұртты таң қалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу