Баладан белесебет артық болғаны ма?

Oinet.kz 04-02-2023 696

Түскі үзілістен жұмысқа шықпақ мақсатта, қақпамнан сыртқа беттей бергенім сол еді, қарама-қарсы бағытта келе жатқан жасы отыздан асқан ер азаматтың екі баласын тиеп алған белесебеті жолдан шығып кетті.

Screenshot_18.jpg

Жасы төрт-беске жақындаған артқы орында отырған ересектеу бала бұрын-соңды көліктің бұл түріне мініп машықтанған болуы керек, белесебет құлағанша дереу түсіп үлгерді. Ал алдыңғы орынға жайғасқан екі жарым – үш жастар шамасындағы балақай  құлындай шырқырап қоя берді. Жас баланың даусына еріксіз мойын бұрдым. Байқасам, «сайтанарба» құлағанда аяғы темірлердің біріне қыстырылып қалса керек. Мен аялдаған төрт минут, көше басына жетемін дегенше кететін жеті –сегіз минут уақыт ішінде бала жылауын үдете түсті. Оған тоқтау айтудың орнына ересек адам: «Ёв......» –, деп орыс тілінде боқтап- боралап «түгін қалдырмады». Қызық көргендей болмайын деп жанынан жайрақ өтіп, құлағымды әлігі жаққа түрумен болдым. Ер адамның балаға аяныш сезімі туар емес. Жылған сайын айтуға болатын, болмайтын сөздердің бәрімен балағатап, көшені басына көтеруде. Есесіне бірер жас үлкен ағасы құшағына басып, жұбатып әуре. Өзім бала өсіріп отырған ана болғандықтан, баланың жай құлағанда жылайтыны, денесіне батқанда қалай қиналатыны туралы білгендіктен, кішкентайға сонша жаным ашыды. Ал әлгі ересек адам болса, белесебетінің бұзылып қалғаны үшін кішкентайларды кінәлап әуре.

Сол күні құлағымнан әлгі бүлдіршіннің даусы, көз алдымнан шарасыз кейпі ұзақ уақыт кетпей қойды. Қатер аяқ астында. Қатер жоқ деуге болмайды. Алла сақтасын. Лайым, өзім көрген кішкентайдың еті ауырып, сүйегі аман болсын. Десе де белесебет тұрмақ, одан да кіші әрекеттер салдарынан өміріне қауіп төнген жандар қаншама... Түсінуге болады. Әлгі белесет бір отбасы күнкөрісіне көмектесіп отырған құрал шығар. Оның істен шығуы шығынды талап етері сөзсіз. Сонда баламыздың болашағынан белесебеттің жарамсыздығы жанға батқаны ма деген ойда қалдым.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

Ұзатылатын күні қайтыс болған Ажардың ажалы неден болды?
Қызын қайыршыға беруге мәжбүр болған бай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу