Қазақтардың жер басып жүргендері татарлардың арқасы...

Oinet.kz 16-03-2023 1938

Өткен ғасырдың 80 жылдары біздің ауылда бір татар жүруші еді. Әлгі татар балтаны қолданып ағаштан ою ойған шебер еді. Ауылдағы үйленген қыздардың жасауына керекті сандық, қолжуғыш дегендерді қатырып жасайтын.

Screenshot_4.jpg

Үйдің есік-терезесін де сол жасайтын. Еңбек ақысына негізінен арақ ішетін. Өзі 70 жылдары Сібірден келіпті деп еститінбіз. Ол кез-келген үйге түнеп жүре беретін. Қай үйге жатса, сол үй оның ас-тамағын мойнына алатын. Көбіне арақ ішіп жүретіндіктен, біз балалар, онымен байланыспаймыз.

Ол көбінесе арақ ішіп көшеде жатып қала беретін. Сол татарды менің Күміс әжем жақсы қараушы еді. Бұл әжем 1998 жылы Жамбыл облысының Шу ауданы Белбасар деген жерінде 102 жасқа жетіп, бала-шағасының алдында қайтыс боды. Әжем атақты Ұзақ батырдың туған жиені (қызының қызы) болатын, елім Шүйке деп отырушы еді. 

Сонымен әлгі татар көшеде жатып қалса бізді арбамен жіберіп, үйге алдырып, оған тамақ беріп, жуындырып бәйек болып жататын. Есім кіре келе мен бұған назар аудара бастадым. Әжем неге қайдағы бір алқаш татарды сонша сыйлайды, деп ойлап қоятынмын. Бұрын бірнеше рет сұрағанымда әжем «шаруаң не» деп жөнді жауап бермеді. 

Енді студент болғанда тағы бір рет сұрауды жөн көрдім. 

- Әже, осы алқаш татарды неге жақсы көресің, төркін жағыңызға туыстық жақындығы бар ма еді?,- деп сұрадым.

- Жоға, қарағым. Оның себебі басқаша. Мына сендердің тірі болып, жер басып жүргендеріңе ертеде бір татардың септігі тиіп еді.

- Енді айтсаңызшы қалай сонда?

- Бұл ұзақ әңгіме, жарайды айтайын,- деп әжем бастады әңгімесін.

Бұл оқиға атақты Ұзақ батыр бастаған көтерлістен кейін, патша әскерлерді қазақ ауылдарына шаубылдар жасап жатқан кезде, күзге қарай болған еді. Ұзақ батыр сенің атаң Тұрысбек молданың жақын туысы болғандықтан, біздің ауылда көтерліске қатысқандар көп болды, көбісі өліп кетті. Ішінде Нұрбек атаң да бар. Мені Нұрбектің інісі Қара атаңа қосайын деп жатқан үлкендер. Солдаттар ана ауылда шауыпты, мына ауылды шауыпты деген хабар күнде келіп жатыр жан-жақтан. Біздің ауыл әні-міне көшеміз деп жатқан кез еді.

Бір күні кешкі апақ-сапақ мезгілде, иығында мылтығы шошайған бір солдат шауып келіп, тура біздің үйге ат басын тіреді. Үйден атам да сыртқа шықты ат дүбірін естіп. Солдатты көріп бүкіл ауыл адамдары тұрған орындарында қалшиып қатыпты да қалыпты бір сәт. Солдат еңкейіп келіп, атамның құлағына бірнәрсені сыбырлады да аттан түспестен кейін қарай шаба жөнелді. Келгені қандай тез болса, кеткені одан да тез болды. 

Тұрысбек атам бүкіл аймаққа беделі бар имам еді. Атам айқай салып, ауылдағыларды қасына шақырып алып былай деді:

- Мына келген қаладғы жекжатым - татар молданың баласы, солдатта жүрген. Әкесінің тапсырмасымен қазақ ауылдарын осылай ескертіп жүр екен. Ауыл сыртында, қырдың астына солдаттар келіп зеңбіректерін құрып жатыр. Ертең таң алдында атқыламақ көрінеді, біз қазір көшуіміз керек, тездетіп жиналыңдар. Жүкті аздан алыңдар да тек аттарға ғана артыңдар. Әр шаңырақ бір қойдан сойып, жолға шикідей алыңдар. Малдан тек жылқыларды аламыз, басқасы қатты жүріске жарамайды. Жүк артқан, бала шаға, қатын-қалаш мінген аттарды жылқыға араластырып қуып отырып, Текестің жоғары жағына қарай тауға жетіп, сол жерден судан өтеміз арғы бетке. Сонда ғана аман қаламыз,- деп бірақ тоқтады Тұрысбек атам.

Сонымен не керек әп-сәтте үйлер жығылып, теңдер буылып, аттарға артылды. Әр теңге бір-бала бір әйелден мінгестік. Сүт пісірім уақытта бүкіл ауыл ат үстінде отырдық. Отар-отар қой-ешкі, табын-табын сыйыр, түйелерге қараған жан болған жоқ. Ерлер жағы біз мінген аттарды жылқыға қосып қуып ала жөнелді. Мен ат үстінде отырғаным болмаса, аттың басына ие бола алмадым. Кейде аяқтарым қалың жылқының қыспағында қалады. Осы жортқаннан түнімен жортып таң алдында текестің жоғарғы жағына тауға келіп тірелдік. Енді тек Текестен өту керек. Текестің тауға жақын жерінің ағысы тіпті сұмдық, адам қарауға қорқынышы арныдап жатыр. 

Осы кезде атам шауып отырып жылқыны алдына шықты да: 

- Тоқтамай суға түсе беріңдер, бір Алла жар болсын,- деді де өзі судың жарлы қабағына секіріп түсіп, өзенге қарап отырып құран оқи бастады. 

Қалың жылқының алды сол арындаған бетпен келіп суға тірелді. Тоқтау тіпті мүмкін емес еді. Жылқының алды суға түсіп Текестің суымен алысып кете барды. Жылқының орта түсында адамдар мен жүктер артылған жылқылар да келіп түстік суға, бір Аллаға жалбарынып. Тіпті бір-бірімен қоштасып жатқандар да болы. Мен суға қарамауға тырыстым, екі көзім алдынғы жылқыларда болды. Көп төмендеп барып жылқының алды арғы бетке шыға бастады. Осының өзі бізге үлкен демеу болды. 

Осылайша мыңнан астам жылқы дүркіреген күйі үстіндегі адамдар мен жүкті арғы бетке алып өтті. Біраз құлын-тайлар шығыны болмаса жылқының дені, адамдардың бәрі аман-есен өттік. Атам ең соңғы жылқышы суға түскенше құран оқуын тоқтатқан жоқ. Ең соңынан атам өзі суға түсіп жылқыны артынан ол да аман өтті.

Судан шыққандардың да соңынан атам шықты өзінің боз айғырымен. Біз судан ұзап кетпей жатып арғы бетке солдаттар да жетті шапқылап. Олар келе сала қатар тізіліп ат үстінде тұра-тұра қалысты. Арт жақтарынан үздіксіз келіп жатыр. Бір солдат атпақ болып ат үстінен мылтығын көздей бастап еді, қасында тұрған бір қаба сақал оған қатты айқайлап ұрысып тастады, анау дереу мылтыған иығына сала қойды. 

Солдаттар мұнша адамның, қыруар жылқының мына асау өзеннен қалайша шығынсыз, әрі жылдам өтіп кеткеніне таң қала қарап ұзақ тұрды. 

Кейінірек ел ішінде «Бүкіл ауыл Текестен өтіп кеткенше, Тұрысбек молда құран оқып Текестің суын тоқтатып тұрыпты» деген аңыз тарады.

Мұхамеджан Жақаев

Ажырасқан күйеуінің қайыр сұрап жүргенін көрген әйел
Қазақ келісі мен келсабы туралы не білесіз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу