Етікші қытайдың қызын алып қашқан қазақтар

Oinet.kz 06-05-2023 1400

Оның есімі Иаң болатын. Иаңды осы маңдағы қазақ ауылдары тегіс етікші қытай деп атайтын. Содан да болса керек оның шын есімін ілуде біреу болмаса, біле де атай да бермейтін. Етікші қазақшаға судай әрі өте сөзуар жан еді.

Screenshot_14.jpg

Қашан көрсең өзінің жеке меншік дүкенінің алдында көнетоз көкшіл шапанын киіп, алдында тау болып үйіліп жататын аяқ киімдерді жамап-жасқап отыратын. Керек десеңіз тамақты да сол тігін машинасының құлағын бұрап отырып ішетін. Иаңның жалғыз қызы болды. Ол да қазақшаға жетік, сәмбі талдай сән түзеген, сүйкімді бойжеткен болды. Өзі қазақ жігіттеріне жақын жүретін. Иаңның Алдына келген әр адамға айтар қалжыңы, қайтарар уәжі болушы еді.

- Әй қыз,-дейтін – сен мына жаман етікті жаматып қайтесің а?! Сен ертең қашып кетесің. Сосын барған жеріңде күйеуің жаңа етік сатып әпереді. Иаң айтса айтқандай ол жылдары мұндағы қазақ арасында қалыңмал дерті асқынып, қыздың құны қырық байтал боп тұрған кез еді. қыз айтады:

- Сен қытай оттай бермей жұмысыңды істе! Мен қашпаймын!

- Қашасың!

-  Неге? 

- Сенің жігітің кедей! Саған қалыңмал бере алмайды. 

“етікші өзі жақсы адам. Әйелі оңбаған” дейтін адамадар. Иә, етікшінің әйелі екі қайырылмайтын қазымыр, бая, шарқая кісі еді. Дүкендегі бір заттың бағасын бір айтқанда естімей, қайталап сұрасаң артыңнан ит қосып қуатын. Аузында боқтығы, қолында бақаны дайын әйел еді. Олар ішпей-жемей, киінбей дүние жинады. Олар адам баласына сенбейтін. Тіпті үкіметтің банкіне де. Содан да болса керек тапқан-тергенін үйдегі сәкі астына, ескі-құсқы аяқ киімдердің ішіне салып сақтайды екен десетін. 

Сүйтіп жүрген күндердің бірінде автобусқа ақшасын қимай жүк көлігімен келе жатқан етікшінің әйелі жол апатына түсті. Түскенде де оңбай түсті. Басы жұлынған. Етікші ауыл орталығындағы барлық дәмханаларды сүзіп шықты. Ондағы ойы әйелін соңғы сапарға аттандырып салу жоралғысы үшін еді. Қызық болғанда өз қандастарынан ешкім оған асханаларын бере қоймады. Себеп: “сүйек аттандырған жерде аруақ қалады.” “Болмаса мұндай жерден ендігәрі ешкім тамақ жемейді”. Ақыр-аяғында қызының себеп болуымен осындағы бір қазақ дәмханасына күні түсті. Мен сонда білегіне қаралық байлап, көше бойлап қолдан жасаған қағаз ақша өртеп, зират басына түрлендіріп тамақ қойған өлім жосынын алғаш көрдім. 

Етікші ертесі жұмысына оралды. Оның жүзінен мұң да өкініш те сезілмейтін. Тек басын бір жағына қисайтып, жібін соза етік табандап жатқанда езуіндегі әжімінің қоюлай түскенін аңғарар едің. 

Қоңыр күздің кемпір шуағы еді. Етікшінің алдында отырдым. Ол менің жүзіме бір сәт барлап отырды да айтты: 

- Осы сен неге Қазақстанға кетпейсің?

- Онда не бар?

- Онда сенің туыстарың наймандар көп дейді ғой.

- Мен кетсем орныма бидәй егесің бе?

- Жоқ! Бұршақ егем.

- Неге?

- Бұршақ бидәйдан сәл қымбатырақ!

Дәл осы кезде етікшінің кейінгі әйелі айғай салды.

- Лауияң шатақ болды! Қиын болды! Етікші жалт қарады.

- Не боп қалды?

- Қызың қашып кетіпті.

- Қайда? кіммен? 

- Қазақтармен!

- Ой әкеңді! Алып-қашқан керей ме? Найман ба?

Әйелі иығын қиқаң еткізді.

Мен күлем деп отырған орындығымнан шалқалап құлап түстім.

Ғалымбек Елубай

"Етікші қытай"

Әйелге керек кеңес (жақша ішіндегі сөйлемге аса мән беріңіз)
Автобуста декольте көйлек киген келіншектің жер-жебіріне жеткен еркек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу