Соқыр сенім сорлатар

Oinet.kz 19-05-2023 1544

Бану сенбі күні күнделікті уақыттан бірер сағатқа кеш тұруды әдетке айналдырған. Бес күндік жұмыс күні бітісімен арқаны кеңге салып, демалғанды жөн көреді.

Screenshot_7.jpg

Терезеден түскен күн сәулесіне көзінің қиығын салды да жастығының астынан ұялы телефонын іздеді. Уақытты білмек болған. Қолы жете бергенде телефон шыр ете қалды. Құрбысы Қарлығаш екен:

– Алло, сәлем!

– Қалайсың, әлі тұрмадың ба? Кеше келісіп едік ғой.

– Тұрдым, тұрдым

– Болсайшы тез, қазір он минутта үйіңе соғамын, – деді де тұтқаны тастай салды.

Бану да орнынан жедел тұрып, жүгіре басып, жинала ­бастады. Сыртқы киімін киіп, есікті аша бергенде арғы жақтан Қарлығаштың дауысы естілді. Сыртқа шыққан бұны көріп, қуанып кетті. Амандық-саулықтан соң:

– Сенбі, жексенбі адам көп болады дейді. Тезірек барайық, – деп алға адымдай түсті.

Ал Банудың кежегесі кейін тартып келеді.

– Барғанымыз дұрыс болар ма екен өзі? Мен соншалықты сенбейді екем, – деп құрбысын райынан қайтармақ болды.

– Әрине дұрыс. Бұл не сұрақ? Бәрін тура айтады екен. Жұмыстағы Сәуле бірнеше рет барыпты, айтқаны айдай келеді екен, – деп Қарлығаш құрбысын сендіру үшін бір-екі адамды мысал ете кетті.

Діттеген жерге лезде жетті. Есікті қағып еді ер адам шықты.

– Сәлеметсіз бе, балшы апаға жолығайық деп едік

Екеуінің сәлеміне үнсіз ғана бас изеген жаңағы кісі иегімен үлкен үйдің жанына жапсарлай орналасқан кішірек сарайды нұсқады. Қарлығаш алға түсті, бір қадам артта келе жатқан Бану іштей: «Ығы-жығы адамдардың арасынан таныстарды кезіктіріп қаламасам жарар еді», – деп қымсынып келеді. Жан-жағына көз тастады. Аулада тірі жан көрінбейді. Сарайдың ішінде де ешкім жоқ. Қарлығаш айтқан ұзын-сонар кезек қайда? Аяқ киімін шешіп, ішкі бөлмеге енген Қарлығаш:

– Жүрсеңші, – деп сыбырлай сөйледі.

– Екеуміз бірге кіре береміз бе?

– Иә, екеуміздің мәселеміз бір ғой. Болашағымызды білгіміз келеді. Әлде оңаша кіргің келе ме?

– Жоға, бірге барайық, – деп Бану жылдамдатып соңынан ілесті.

Бөлме ішінде бір келіншек отыр. Ақ жаулық таққан, қолында түйіншек. Аядай бөлмені Бану көзбен бір сүзіп шықты. Төрт қабырға, төрге төселген көрпе, басқа ештеңе де көрінбейді. Балгерге жақын отырған құрбысымен қатарласып бұл да жайғасты.

– Иә, қандай ой мазалайды?,– деп балшы беттеріне үңіле қарады. Жанары өткір екен, Бану көзін төмен салды. Қарлығаш ішіндегісін ақтарыла жеткізді. Енесімен арадағы түсініспеушіліктен бастап, отбасындағы майда-шүйдеге дейін жіпке тізгендей етіп баяндады. Айтылмаған әңгіме қалмады. Әр сөзді мұқият тыңдап отырған құмалақшы келіншек ара-тұра «сенікі дұрыс» дегендей бас изеп қояды. Аузы мен қолы қатар қимылдаған Қарлығаш көрпе астына көк қағаздың біреуін шетін шығарып, қойып та үлгерді. Құмалақшы ақ матаның үстіне құмалақтарды тарыдай шашып, басын қайта біріктірді. Қатар-қатарға бөліп, үш-төрттен тағы түйістірді. «Алдағы өмірім қалай болар екен?» деп Қарлығаш балгерге бір, ақ жаймаға бір қарады. Ал Банудың екі көзі құрбысында. Қарлығаштың құмалақтарға үлкен үмітпен қарағаны біртүрлі көрінді.

Ұзақ үнсіздікті балгер бұзды.

– Бөлек тұру керек. Жолдасыңызға түсіндіруге тырысыңыз, сіз әйел адамсыз ақылды болыңыз. Бұлай жалғаса берсе, өзіңіз зардап шегесіз, – деп тоқтаусыз сөйлеп кетті. Болашақты «болжаушының» бұл сөздері Қарлығаштың қолтығына одан сайын су бүркіді. Дәл осы жауапты күткендей құрбысының да жанары жайнап:

– Иә-иә, дұрыс айтасыз. Біз екеуміз татумыз. Бәріне кінәлі анасы, – деп Қарлығаш одан сайын ашыла түсті.

Балгер де бұның ығына жығылып, құптай кетті. Ары-беріден кейін өзінің өткен өмірін айтып, өзінің де енесімен араздығын есіне алды. Әңгіме ауаны басқаға бұрылды.

– Сені сыртта күтемін, – деп Бану орнынан көтерілді.

– Кел отыр, болашағыңды білсеңші, – деп Қарлығаш қолқалады.

– Алдағыны бір Алла біледі. Мен жай құрбыма серік болып келгенмін. Сау тұрыңыз, – деп құмалақшы келіншекпен қоштасып, сыртқа асықты.

Екеуі қайтып келеді. Қарлығаш таңертеңгідегідей емес, көңілді.

– Әне айттым ғой саған бәрін біледі. Менің енемнің қандай нашар адам екені құмалаққа да түсіп тұр емес пе? Қазір барамда Асқарға бөлек шықсаң бірге жүр, болмаса балаларды алып кетемін деймін. Ол үйде болашақ жоқ дегенін естідің ғой. Мен оны әу бастан білгенмін, – деп өрекпіп келеді. Бұның айтқан басу сөздерін құлағына ілер емес.

Банудың езуіне еріксіз күлкі үйірілді. Құрбысының сөзін тонын айналдырып, өзіне қайта айтып берген құмалақшының шеберлігіне тәнті болды. Құрбысының соқыр сенімге сеніп, шаңырақ іргесінің сөгілуіне себепші болғалы тұрғанын ойлап қатты қынжылды.

Ұлболсын Талапбаева

Қорыл адам өліміне әкелуі мүмкін
«Ажырасам» деген келіннің аузын бір ауыз сөзбен жапқан ата
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу