Екі кемпір

Oinet.kz 01-05-2023 1839

О, құдай бала бер,

Бала берсең сана бер,

Сана бермесең ала бер.

Қазақ нақылы

Screenshot_15.jpg

(фотоның материалға қатысы жоқ, ашық дереккөздерінен алынды)

Олар екеуі осыдан біраз жыл бұрын өздері айтатындай «қырық жылда бір» көрісетін құдағилар еді. «Қырық жыл» дейтіндері сөздің сырағысы ғой. Той-томалақ, өлім-жітімде жиі кездесіп тұратын. Ал бүгінде бір сәтке де ажырай алмайтын мұңдастар. Алғашқы жылдардағыдай бір-біріне «құдағилап» қиылуды да қойған. Бір құрсақты жарып шыққан жарық дүниедегі апалы-сіңлілі іспетті олар. Сөзге келіп, тоң-теріс қарап отырып алмайды. Өз араларында өте тату.

Бұлар ең алғаш «мыңжылдық құда» болып табысқанда, аралас-құраластығы сүйінішті болған жоқ. Азын-аулақ байлығы болған соң, Гүлайым қызының барып қонған ұясын «кедей» деп кемсітіп, сөкті. Осы тектес талай сөзді Зиягүлдің құлағы шалса да, Гүлайымға кек сақтап ренжімеді. Айтса, айтқандай төрт ұлын бір өзі адам санатына қосқан жесір әйелде байлық, асаулық қайдан болсын?!

Гүлайым өзінің шалы бақиға көшкеннен кейін араға бір жылдан астам уақыт салып, айналып-толғанып жеткізген жалғыз қызының қонысын тұрақтаған. Содан бері де сезілмейтін сағаттар сырғып, жөңкіген жылдар жылыстапты. Бұл ауылдағы қора-жайын, ірілі-ұсақты малын сатып, бар жүгін шарт түйініп көшіп келгенде кенже ұлының қолында Зиягүл баяғыдан тұрып жатқан. «Өлсем, кенжемнің қолынан ақтық сапарға аттанайын» дейтін сол қазақтың салты да бұрынғы.

Екеуінің ертеден кешке дейін айтысатындары өткен күндері, балалық шағы, бойжеткен кездеріндегі бозбалалармен бірге бозамық түнді жамылып шерткен сырлары хақындағы әңгіме. Сонда балалары бұл екеуіне қарап: «күні-түні ауыздары шаршап, жақтары талмайды-ау, ә» деп таңданып қояды. Зиягүлдің ұлы мен Гүлайымның қызынан туған осы үйде бір бала бар. Екі кемпір сол тіл алмайтын, өз еркімен өскен тілазар балаға қарайды. Алда-жалда сол жалғыз бала бірдеңеге ұрынар болса ұл мен келін бұл екеуін қуырып жейді. Кейінгі күндерде алғашқы жылдардағыдай емес екі кемпір бұл шаңырақтан түңіліп жүр. Зиягүлге келін боп түскен жылы сүті суалған омырауыңды иітердей наз­данып тұратын жылы жүзді қыз бүгінгі күні қай-қайдағыны қоңырсытып, шәуілдеп үре беретін канденге, Гүлайымға күйеу бала болғанда сөзінен бөзі түсіп тұратын ұяңдау, момын ұл бүгінде бірдеңе сұрасаң арсылдаған төбетке ұқсап барады. Бар бәле кеше бас­талды. Қыз күнінен қысылуды білмей өскен Гүлайым «мына балаларыңды әбден еркімен жіберіп, бетпақ қылып жібердіңдер» деп төбеден түскендей етіп қоя салған. Содан ұл мен келін ал кеп ашулансын. Сол ұрыс-керістен кейін екі кемпір енді тұрақтайтын жер, өлсе көмусіз қалмайтын ел іздей бастаған. Соңғы сөзді Зиягүл айтты:

– Анада, ауылға жарықтық Жаң­бырбайдың қырқына барғанда, біздің әлгі ортаншы ұл інісінің «шошқа мінезін» сөз еткенімде, «е, біздікіне келіп алыңдар. Қазір ауылда жұмыс жоқ. Оның үстіне екі сиыр асырағанша, екі кемпір баққан жақсы ғой» деп, ыржалақтап еді. Сол айтқандай ауылға тайып тұрсақ қайтеді.

Бір ауыз сөзден жұмыртқалаған жаман сөз Гүлайымның жанына батса керек ештеңе деместен Зиягүлді құптай салды.

...Үлкен қаланың шыға беріс жолында көлік күткен екі жолаушы қараңдайды. Екі кемпір туған жерінен бассауға сұрап безіп барады. Тас қалада тұратын ұрпағының тас жүрегін сезіп барады. Бәлкім, тас қала тасбауыр ма екен, ә?

Оларға туған жердің топырағы бұйырсын делік.

Қуат ҚИЫҚБАЙ

Автобустағы жағдай өз түріне көңілі толмайтын әйелді тәубасына түсірді
Асханадағы қараторы, толық әйелді иттің етінен жек көруші едім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу