Бақытжан Сексенбаев: Министр Әлназароваға алдыңғы әріптестерінен «ауыр мұра» қалдырды

Oinet.kz 22-04-2026

 Screenshot_1.jpg

 Бақытжан Сексенбаев – ұлттық медицинада өзіндік орны бар азамат. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы ретінде танылған Бақытжан Дербісәліұлы ұзақ жылдар бойы бірқатар медициналық мекемелерде, жоғары оқу орынедарында, денсаулық сақтау министрлігінде жауапты қызметтерді атқарды.  Кезінде Елбасы Н.Назарбаевтың ауыр сынынан кейін Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының басшылығына тағайындалған кризис-менеджер ретінде танылды.  Қазіргі таңда да отандық  медицинаның  дамуына белсенді түрде атсалысып келе жатқан азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Бақытжан Дербісәліұлы, зейнеткерлік жасқа жеткеніңізге  қарамастан, сіз жоғары белсенділік танытып, көптеген қоғамдық маңызы бар жұмыстарға араласып  жүрсіз. Жалпы, қазіргі таңдағы  медицина саласында атқарып жүрген жұмыстарыңыз,  жобаларыңыз жайлы  айтып берсеңіз.

- Медицина саласында жинақтаған  көпжылдық білімім мен тәжірибеме сүйене отырып елдегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қолдан келгенше  үлес қосу –  азаматтық борышым  деп білемін. Сол себепті жасыма қарамастан осы салада әлі де   қызмет етіп келемін.   Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана медицина университетінің директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалдым. Ал қазіргі таңда Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының байқау кеңесінің төрағасымын. Басты міндетім – саланы стратегиялық басқару, медициналық білім беру мен практика салаларына  заманауи тәсілдерді енгізуге  үлес қосу.  Бұдан бөлек ғылым, білім және клиникалық тәжірибе арасындағы байланыстарды нығайту, кадрлық әлеуетті дамыту, озық медициналық технологиялар мен халықаралық емдеу стандарттарын енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына цифрлық шешімдерді тиімді түрде енгізуге байланысты жобаларға атсалысып келемін.  

-2001 жылы ел  Президенті Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясын жайлаған сыбайлас жемқорлыққа назар аударған еді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев ашу үстінде: «Сендердің академияларың сыбайлас жемқорлыққа толықтай тұншыққан. Дипломдар ақшаға сатылады. Қазақстандағы барлық клиникалар сендердің түлектеріңді жұмысқа алғысы келмейді. Бұл – академия үшін масқара! Академияны фармацевтика бағытына қайтарып, ректорды ауыстыру керек!» деп қатқыл мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысының осы сөзінен кейін сынға іліккен оқу орнының басшылығына сіз келдіңіз. Академияда тәртіп орнату үшін сізге толық еркіндік берілді десек қателеспейтін шығармын. Ректор атанған соң жағдайды өзгерту үшін ең алдымен қандай шара қолдандыңыз? Ол нендей нәтиже берді?

 -Ректор болып тағайындалған соң ең алдымен академияда қарапайым тәртіп орнатуға кірістім. Оқу орнына деген көпшіліктің сенімін тек осылай ғана  қалпына келтіруге болатынын түсіндім. Қатаң кадрлық шешімдер қабылданды. Талаптар күшейтілді. Басқару тәсілдері қайта қаралды. Оқу процесі мен білімді бағалау жүйесін қадағалауға басымдық берілді. Түптеп келгенде, бұл шаралардың барлығы болашақ медицина қызметкерлерін сапалы даярлауға бағытталды. Былайша айтқанда, білім, ғылым және практиканың үштұғырлығын  енгіздік.

Базалық деңгейдегі болса да маңызды қадам - оқу орны қызметкерлерінің инновациялық ғылыми-білім беру жобаларына деген қызығушылығын арттыру еді. Бұл оқу орнының  қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, оқытушылардың  табысын арттыруға да ықпал етті. Осылайша сыбайлас жемқорлықты тізгіндеуге мүмкіндік туды.  Академияда  қайта құру жұмыстарын жүргізуге жүйелі түрде кірістік. Бірінші кезекте білім беру бағдарламалары заманауи талаптарға сәйкес жаңарды, ғылыми және білім беру зертханалары құрылды, білікті мамандар тартылды. Талапкерлерді қабылдаудан бастап қорытынды аттестациялауға дейінгі аралықтағы барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге ден қойылды.

Осының барлығы тиісті нәтижесін берді деп ойлаймын. Түлектерді даярлау сапасы артты, отандық және шетелдік медициналық ұйымдар және компаниялармен ынтымақтастық нығайды, оқу орнының беделі өсті. Ең бастысы – ішкі мәдениетті өзгертуге қол жеткіздік. Яғни, формалды оқытудан шынайы кәсіби біліктілікті қалыптастыруға көше білдік деп ойлаймын.

- Дегенмен, «Қазақстандағы ең нашар медициналық жоғары оқу орнын басқаруға келісудің өзі  сәтсіздікке ұшыраумен, жеңіліске тап болумен тең» деген ой болмады ма сізде? Қалай десек те,  абыройы жұрдай болған оқу орнының имиджін қалпына келтіру өте қиын ғой. 

- Шынымды айтсам, мұндай ой болған жоқ. Мен бұл жағдайды алдын ала жеңілу ретінде емес, керісінше, кәсіби тұрғыдағы үлкен сын-қатер әрі денсаулық сақтау жүйесі алдындағы жауапкершілік ретінде қабылдадым. Менің көзқарасымда, қандай нашар оқу орны болмасын, ондағы жағдайды ретке келтіріп,  жаңа биіктерге шығаруға болады. Ол үшін өзгерістерді іске асыруға деген саяси  ерік пен табандылық,  сонымен қатар қолға алынған  реформаларға жоғары жақтан барынша қолдау қажет.  Әрине, абыройсыздықтан бірден құтыла алмайсың. Бұл ұзаққа созылатын  жүйелі жұмысты талап етеді.  Біртіндеп бастамаларымыз өз нәтижесін бере бастады: оқу орнына деген көзқарас өзгерді, медициналық қауымдастық пен жұмыс берушілер тарапынан сенім артты. Ешқандай қиындықтан қорықпау керек. Мұндай сындарлы сәттерде жүйелілік, мықты команда және қойылған мақсатты нақты түсіну маңызды. 

 -Сіз бұл оқу орнының ректоры қызметін шамамен он жыл атқардыңыз. Демек, бүгінгі таңда да  медициналық академияның тағдыры сізге бейжай емес екені анық. Оқу орнына қатысты бұрынғы айыптаулар қазіргі кезеңде қаншалықты өзекті? Медициналық академия өткендегі жағымсыз беделден толық арылды ма, әлде негізгі жұмыс әлі алда ма?

  -Әрине, академияның тағдырына әлі күнге дейін алаңдаймын,  өйткені оның дамуына көп күш пен уақытымды  жұмсадым. Бір қуанарлығы, осы жылдар ішінде ашықтыққа негізделген процестер жолға қойылып, жауапкершілік мәдениеті жоғары және білім берудің заманауи тәсілдерін  қолданатын жаңа академиялық орта қалыптасты.  Әйткенмен,  даму үстіндегі кез-келген жүйе сияқты, бұл саладағы жұмыстар толығымен аяқталды деп айтуға негіз жоқ. Өйткені сапа деңгейін сақтап отыру, ғылыми базаны дамыту, медицинаның жаңа талаптарына бейімделу – үздіксіз жүретін процесс.

-Қазақстандағы медициналық жоғары оқу орындары жекеменшік болуы керек пе, әлде оларды мемлекеттік меншікте қалдырған дұрыс па?

- Меніңше, мәселе меншік нысанында емес, басқару сапасы мен нәтиже үшін жауапкершілікте. Білім беру стандарттары жоғары деңгейде сақталып, барлық процестер ашық жүргізілген жағдайда  мемлекеттік де, жекеменшік те медициналық оқу орындары жақсы нәтиже көрсете алады.  Дегенмен, мұндағы ерекшелік - мемлекеттік оқу орындары елдің кадрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлеуметтік саясатты іске асыруда және білімнің қолжетімділігін сақтауда негізгі рөл атқарады. Есесіне  жекеменшік  сектордың  инвестициялар және заманауи басқару тәсілдерін енгізудегі әлеуеті зор.  Меніңше, ең оптималды модель – бұл күшті мемлекеттік негізді сақтай отырып,  жекелеген бастамалардың тиімді  түрде іске асырылуына мүмкіндік беретін аралас жүйе.  Ең бастысы – меншік нысаны емес, түпкі нәтижеге қол жеткізу: қоғам сенетін, білікті дәрігерді дайындау.

Алайда, іс жүзінде табыс табуды көксеген кейбір жекеменшік оқу орындары студенттерді іріктеу мен  білім сапасына  немқұрайлы қарайтыны бар. Бәлкім, басқа салаларда бұған көз жұма қарауға болатын да шығар, бірақ  медицинадай аса маңызды салада бұған қатаң түрде  тыйым салу керек.  

Дәрігерлер жүйемен қақтығысудан қаймығады

 - Қазіргі таңда отандық медицинаны Ақмарал Әлназарова басқарады. Ол – осы саланың жиырмасыншы министрі. Сіз  отандық денсаулық сақтау жүйесінде  министрлердің барлығымен жұмыс жасадыңыз. Тәуелсіздіктің 35 жылында осы саланы басқарған ең үздік және ең нашар басшыларды атай аласыз ба? Жалпы, осы тізімдегі министрлерге көңіліңіз толады ма?

- Министрлерді «ең үздік» және «ең нашар» деп бөлуден аулақпын. Әр министр әр-түрлі кезеңде, әр түрлі жағдайда жұмыс атқарып, әр алуан қиындықтарға тап болғандықтан бұлайша кесіп айтқан дұрыс болмайтын шығар.  Тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау жүйесі дамудың түрлі кезеңдерінен өтті. Небір реформалар жасалды, сол себепті әр басшының медицинаға қосқан үлесін өз  заманының, нақты кезеңнің контекстінде бағалаған жөн.  Әрине, кейбір министрлердің тұсында өте маңызды жүйелік өзгерістер жүзеге асты. Мәселен,  бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру, халық пен медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, саланың жеке бағыттарын дамытуға басымдық беру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу – бұлардың қай-қайсысы болсын ұлттық медицина үшін орны айрықша жоба болды. Екінші қырынан алғанда, қабылданған шешімдер түрлі себептерге байланысты теріс нәтиже берген кездер де болды. Жалпы, бұл реформаға ұшыраған кез-келген жүйе үшін қалыпты дүние.

Менің ойымша, министрлікті басқарған азаматтарды  бірімен-бірі салыстырғаннан гөрі жүргізіліп жатқан саясаттың бірізділігі мен сабақтастығы, реформалар бағытының тұрақтылығы әлдеқайда маңызды. Себебі бір министрдің бастамасын екіншісі жалғастырмай, орта жолда қалдырып кетсе зияны бүкіл медицинаға тиеді. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің алдында қазір де көптеген күрделі міндеттер тұр. 

 - Сіз бірбеткейлігіңізбен, өзіндік ұстанымдарыңызға беріктігіңізбен танылған азаматсыз. Бұған дейін тек облыстық, қалалық басқарма басшыларына ғана емес, денсаулық сақтау министрлеріне де ашық түрде ескертулерді бір емес, бірнеше рет жасадыңыз. Кейбір министрлермен, әсіресе Елжан Біртановпен көзқарастарыңыздың сәйкес келмеген кездерін де көрдік. Қандай мәселелер төңірегінде пікір келіспеушілігі  туындады?

- Әріптестермен, соның ішінде Біртановпен арадағы келіспеушіліктер жеке мәселелер емес, кәсіби әрі қоғамдық маңызы бар проблемалар төңірегінде туындап отырды. Мәселен,    оның  министр ретінде  қабылдаған шешімдері медициналық қызметкерлер мен науқастардың мүдделеріне қайшы келгендіктен қарсылығымды ашық түрде білдірдім.  Бір мысал. Біртанов  министр болып тұрған кезінде  Денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексінде, Міндетті медициналық сақтандыру туралы Заңында, Бірыңғай дистрибьюторды құру жөніндегі Үкімет қаулысында және басқа да құжаттарда  заңға қайшы келетін нормалар саналы түрде енгізіліп кетті. Осы арқылы заңды негізде құқыққа қарсы әрекеттерді жасауға жол ашылған болатын.  Біртановтың тұсында қабылданған көптеген  шешімдердің теріс зардабы күні бүгінге дейін көрініс тауып келе жатқанын айта аламын.  Сол себепті менің осы мәселелер бойынша ұстанымым өзгерген жоқ. Сондықтан өз пікірімді ашық білдіруіме, тіпті елдің жоғары басшылығының назарына жеткізуге тура келді. 

  Одан кейінгі министрлер Біртановтың осынау саясатын түзеудің орнына  жалғастыра түскені байқалған сәттерде де олармен пікірталасқа түсіп, келіспеушілігімді білдіріп отырдым. Дей тұрғанмен,  министрлердің жұмысына сын айту отандық денсаулық сақтау саласын дамыту үшін маңызды деп есептеймін. ға оң әсерін дың маңызды құралы болды, өйткені сыннан кейін қабылданған салмақты шешімдер жүйеге оң әсер етті.

Қандай-да даулы мәселеге араласып, сыни көзқарас білдірсем де  әрдайым  мақсатым біреу: елдегі медициналық көмектің сапасын жақсарту және қоғамның дәрігерлерге, жүйеге деген сенімін нығайту. Денсаулық сақтау саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты кез-келген күдік ашық та қатаң түрдегі тергеуді талап етеді. Басқа-басқа, осы денсаулық сақтау жүйесінде бюджет қаражаттарын жымқыруға немесе қызмет бабын асыра пайдалануға түбегейлі тосқауыл қойылуы тиіс.  Ал заңбұзушылық әрекеттің орын алғанын біле тұра үнсіз қалу -  сол қылмысқа атсалысу немесе қоғамның мүддесіне сатқындық жасау ретінде қабылдануы қажет. 

- Денсаулық сақтау министрлігін әртүрлі адамдар басқарды, соның ішінде медицинаға қатысы жоқтар да болды. Айталық, саясаттанушы Қырымбек Көшербаев, инженер-энергетик Ерболат Досаев, экономист Тамара Дүйсенова. Оларды денсаулық сақтау министрі етіп тағайындау елге, медицинаға не берді? Жалпы, мұндай тәжірибелерді қолдайсыз ба?

- Өзге мамандық иелерінің медицинаға  келуінде өзіндік артықшылықтар болды. Ең әуелі осы саланы басқару ісін  кешенді түрде қарастыру қажеттігі айқындалды. Бір жағынан алғанда, басқа саладан келген мамандар стратегиялық жоспарлау мен бюджетті оңтайландыруға, цифрландыру және ұйымдастырушылық процестерге жаңашылдық әкелді десем қателеспеймін.    Денсаулық сақтау жүйесін басқаруда тек клиникалық емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік аспектілерді  де ескеріп отыру керек.

Екінші жағынан алғанда, медициналық білімнің жоқтығы  клиникалық және кадрлық істерде дұрыс  шешім қабылдауда қиындықтарды  туындатқанын жасырмаймын. Себебі медицинаның ерекшеліктерін түсінбейтін министрлер әр мәселе бойынша үнемі мамандардың, кәсіби команданың  кеңестеріне зәру еді. Негізі, мұндай эксперименттерден қорқудың қажеті жоқ. Дегенмен, сырттан келген  министрдің мықты кәсіби медициналық командасы  болмаса, жүйені дамытуда қате  басымдықтар берілуі мүмкін. Ал оның кейінгі зардабы орасан болуы ықтимал.

- Егер сізді дәл қазір денсаулық сақтау министрі етіп тағайындаса, ең әуелі не істер едіңіз?

-Ең алдымен медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға көңіл бөлу керек, әсіресе өңірлерде. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті дамыту мен мотивациялық қолдаумен қамтамасыз етуге, бюджеттік қаражатты ашық және қатаң бақылауға алуға, соның ішінде барлық медициналық ұйымдарда, соның ішінде министрлікте бизнесті басқару процестерін цифрлық жүйелер арқылы енгізуге, дұрыс пайдаланылмаған қаражатты болдырмауға, халық денсаулығын нығайтуға және жүйеге деген халық сенімін арттыруға назар аударар едім.

- Қазіргі министр Ақмарал Әлназароваға  берер жеке кеңесіңіз?

 - Министр Әлназароваға күрделі сала мен алдыңғы әріптестерінен  қалған  «ауыр мұра» тиді. Оған көптеген проблемаларды шешу  жүктеліп отыр, және, мойындау керек, әзірше оларды жауапкершілікпен шешіп те жатыр. Барлығын бірден реттеу мүмкін емес, әрине. Сондықтан, оған қазіргі таңда қолға алынған жұмысты жалғастырып, соңына дейін жеткізу жайлы кеңес берер едім.  Меніңше, ол үш басымдыққа назарда ұстауы керек: реформалардың сабақтастығын сақтау, кадрларды даярлау сапасын күшейту, сондай-ақ ресурстарды пайдаланудың  мейлінше ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету. Жеке мүддесін күйттегендердің ықпалына түсіп қалмау да маңызды. Ол қоғамның өзіне деген сенімін тек осылай  сақтап қала алады.

- Көбінесе еліміздің медицинадағы рейтингтері туралы қарама-қайшы ақпаратты кездестіруге болады. Бір деректер бойынша Қазақстанның жағдайы жаман емес, ал басқа рейтингтерде біз артта қалып жатырмыз. Мысалы,  жуырда жарияланған  CEOWORLD Magazine ұйымының рейтингісінде біз 110 елдің ішінде 78-орынды иеленіп, тіпті көршілес ТМД елдерінен қалып қойдық. Жалпы, сізде миллиардтаған теңге жұмсалып жатқанымен, әлемдегі ең нашар денсаулық сақтау жүйелерінің бірінде жұмыс істеп жатқандай сезім жоқ па?

-  Мен олай қатты айтпас едім. Рейтингтер  тек жалпы көріністі береді ғой, көп ретте ол қолданылған әдістеме мен критерийлерге, дереккөздерге байланысты. Осы сынды рейтингтер жүйенің нақты жағдайын әрдайым объективті көрсете береді деуден аулақпын. Менің пікірімде, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі артта қалған әрі  нашар емес, керісінше оның орасан зор адами әрі интеллектуалды әлеуетін атап өткім келеді. Шындап келгенде, отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға барлық жағдай жасалған, елеулі жетістіктер бар: базалық көмек қолжетімділігі сақталған, жоғары технологиялық медицина дамып келеді, инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Бұл жүйелі жұмыстың және жұмсалған мол ресурстардың нәтижесі. Әрине, проблемалар дажеткілікті: кадр тапшылығы, қызмет сапасының теңсіздігі, қаражатты тиімді пайдалану мәселелері. Кейде қаражат күтілгендей нәтижелі жұмсалмайды, сондықтан барлық деңгейде қатаң бақылау және жауапкершілікті арттыру қажет. Осыны ескере келе мен былай айтар едім: біздің медициналық жүйеміз  нашар емес, бірақ толықтай қанағаттанарлық деп айтуға да болмайды. Сондықтан жағдайды шынайы бағалап, тым артық оптимизм  немесе пессимизмге берілмей, медициналық көмек сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыс істеу маңызды.

- Қазақстандық дәрігерлер мен медбикелердің жалпы деңгейі қаншалықты өсті? Сізді еліміздің медицина қызметкерлерінің кәсібилігі қанағаттандыра ма? Олар өз құқықтарын қорғауда қаншалықты белсенді?

-  Жалпы алғанда,  Қазақстандағы дәрігерлер мен медбикелердің деңгейі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Объективті тұрғыда оң өзгерістер бар.  Кәсіби деңгей жақсарып,  бәсекеге қабілетті мамандар болғанымен, жүйе әлі толық теңестірілмеген.   Кадрларды дайындау сапасының жақсарғаны, практикалық құрамның күшейгені, заманауи технологияларға қол жеткізілгені талас тудырмайды. Дәрігерлер тапшылығы біртіндеп азайып келе жатқаны байқалады. Дегенмен, мықты клиникалар мен өңірлік мекемелер арасындағы алшақтық сақталып отыр. Біркелкілік жоқ. Барлығының клиникалық ойлау қабілеті  мен практикалық дағдылары бірдей жоғары емес.  

Меніңше отандық дәрігерлер өз құқықтарын қорғаудағы мүмкіндіктерін өз деңгейінде пайдалана алмай отыр. Рас, салалық бірлестіктердің ықпалымен жалақы көлемі өсіп, еңбек шарттары мен құқықтық қорғау мәселелері жақсаруда. Осы тақырыпта түрлі талқылаулар өткізіліп, ұсыныстар да айтылып жүр. Әсіресе соңғы жылдары дәрігерлер өз проблемаларын ашық білдіруге көбірек талпына бастады. Бірақ, әлі де белсенділік төмен. Дәрігерлер жүйемен қақтығысудан қаймығады, әкімшілік қысымнан қорқады. Өз құқықтарын қорғау механизмдерін біле бермейді. Дегенмен, түбі дәрігерлердің белсенділігі артатынына кәміл сенемін, себебі бұл салада жұмыс істеудің өзі осыған мәжбүрлейді. 

-Біз жасанды интеллекттің қарқынды дамып келе жатқан дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Робот дәрігерді толық алмастыра алады деп сенесіз бе?

 -Мен жасанды интеллекттің дәрігерді толық алмастыра алатынына сенбеймін. Медицина тек деректерді талдау мен диагноз қою ғана емес, сонымен қатар клиникалық ойлау, шешім қабылдауға жауапкершілік және ең бастысы – адамның араласуы, пациентке эмпатия және сенім. Әрине, жасанды интеллект негізіндегі технологиялар бүгінде медицинаны едәуір өзгертуде: диагноз қоюда, кескіндерді өңдеуде, қауіп-қатерлерді болжауда, операцияларда ассистент ретінде қатысуда, дәрігерлердің жүктемесін азайтуда. Осы тапсырмаларды олар адамнан дәл және жылдам орындауы мүмкін. Бірақ дәрігер – жай «алгоритм» емес. Бұл – белгісіздік жағдайында шешім қабылдайтын, пациенттің жеке ерекшеліктерін ескеретін, этикалық және құқықтық жауапкершілікті көтеретін маман. Машина мұны толық көлемде алмастыра алмайды.  

- Сіздің әкеңіз, академик Дербісәлі Сексенбаев – отандық медицинаның көрнекті дәрігерлерінің бірі, белгілі хирург, ұзақ жылдар бойы облыстық клиникалық аурухананы абыроймен басқарды. Өмірдегі  басты тәлімгеріңіз де, ақылшыңыз да сол кісі болды десем қателеспейтін шығармын. Әкеңізден не үйрендіңіз?

- Әрине, менің кәсіби қалыптасуымда, азамат болып жетілуімде әкем  шешуші рөл атқарды. Әкемнен алған ең  үлкен тәлім – дәрігерлік қызметтегі принциптілік пен адалдық. Ол әрқашан «дәрігердің науқастарға бей-жай қарауға немесе формальді жұмыс істеуге құқығы жоқ» деп айтушы еді. Әкем  кез-келген науқас  адамды көмекке зәру, жанашырлыққа мұқтаж жан ретінде қабылдайтын.  Екінші маңызды сабақ – медицинадағы өзгерістерді ескере отырып,  ұдайы біліктілікті арттырып отыру.    Осы қағидаттарды өзімнің өмірлік ұстанымыма айналдырдым.

- Сексенбаевтар отандық медицинадағы көрнекті дәрігерлік әулеттердің қатарына жатады. Осы жайт әулеттегі кейінгі ұрпақтың мамандық таңдауына қаншалықты әсер етеді? Сіз өзң немерелеріңіз бен шөберелеріңіздің дәрігерлікті жалғастырғанын қалайсыз ба?

- Дәрігерлер династиясына жату, әрине, кәсіби таңдауымызға әсер етеді. Әкем ғана емес,  анам да дәрігер болды.   Бала кезден  медицинаға, дәрігер мамандығына, науқастың өмірі үшін жауапкершілікке деген құрмет атмосферасында өстім.  Осы тұрғыдан  мен тағдырыма ризамын. Өзімді дәрігер әрі хирург ретінде таптым әрі әрдайым осы жолдағы қызметімді  үлкен ынтамен әрі махаббатпен орындадым. Сондықтан, әрине, немерелерім мен шөберелерім дәрігерлікті жалғастырса, өз жолын саналы түрде таңдап, мамандыққа адалдық таныта білсе – мен үшін бұл  үлкен қуаныш болар еді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жандар Көшенов, "Рейтинг" газеті

Досымбек ҚОНЫСБЕКҰЛЫ, медиаменеджер: Бой түзейтін буын қалмай барады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу