Сегіз қойшының ажалына жеткен сөз

Oinet.kz 12-05-2023 1526

«Бір күні камерамызға елулер шамасындағы бір қазақты әкелді, Алматы облысы Нарынқол ауданынан Өміртай Ай­нақұлов деген кісі екен. Мұның ұсталуы да адам нанғысыз. 

Screenshot_3.jpg

Отызыншы жылдардың орта шенінде сол ауданның бір колхозына сегіз қойшы «Динамо» колхозына ауысады. Бұлармен бірге келген қазақ жігіті әлгі колхоздың бастауыш партия ұйымы секре­тарлығына сайланған соң әкімшілік етіп, қойшыларға озбырлық жасайды. Қойшылар өзара: «Мынау бір пәле болды ғой, басын қағып тастар ма еді», – дейді. Әшейін айта салған «ажалы жеткен сөз». Онан кейін талай жылдар өтеді. Міне, сол сөзге бола әлгі сегіз қойшы ұсталып, қамауға алады. Өміртай, әкесі Айнақұл (дұрысы Дігарбек), оның інісі және бес қойшы».

Біз осы естелік бойынша де­ректер іздеп, сегіз қойшының кім екенің Нарынқол (қазіргі Райым­бек) ауданындағы адам­дардан сұрастырған едік. Сонда білгеніміз 1937 жылдардан бас­талған КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін жылда­ры Қазақстанның шалғайдағы На­рынқол ауданы Қақпақ ауылы­на ауыр тиген. 1941 жылы сегіз қой­шы мен колхоз­шыны «халық жауы» деп ұстап, хабарсыз кетіпті. Сол жағдайды көзімен көрген отбасы мүшелері әлі күнге дейін бар. Олар шын­дықтың беті ашыл­мағанын ай­тады. Естелікте Өмір­тай мен оның әкесі ағалы-інілі Ді­гарбек пен Иса Айнақұлов­тар­дың атта­ры ата­лады да қалған­­дары айтыл­ма­ған. Сонда да бізге белгі­сіз бол­ған – Дәуіт Сәлімов, Жұма­бай Жиен­баев және Бейсенбай (фа­ми­лия­сы белгісіз) деген адам­дар ұсталғаны белгілі болып шық­ты. Қалған екі адамды таппадық. Тұтқындалған­дар Нарынқол түр­месіне қамалып, көп кешікпей Ал­матыға алып кетіп оралмаған. Олардың қай жерде өлгендері күні бүгінге дейін анық­талмағаны ұрпақтары үшін ауыр тиіпті. Со­лардың бірі – Мейрам­хан Өмір­тайқызы. Мейрамхан апай әкесі тұтқындалған 1941 жылы алты жас­­та болып, еміс-еміс есімде де­генді айтады. Көп әң­гімені апам айтқан еді дейді. Қа­зіргі Қақ­пақ, ол кезде «Динамо» атындағы кол­хоз болып аталып, ауылдың басым көпшілі­гінде орыстар тұрған. Азын-аулақ қа­зақтар да болыпты. Дігарбек қария мен баласы Өмір­тай сол ауылда тұрыпты. Колхоз­дың төрағасы Шапапалов әкелі-баланы шақы­рып, бір отар қой берген. Қыстан малы шығын­сыз шыққан әкелі-бала төлді де жақ­сы алып, бастық­тан мақтау да есті­ген. 1 мамырда Дігарбек қария кол­хоз басқарма­сынан мақтау қағазын алып, алдағы уақытта Мәскеудегі сле­тіне баратындығынан да ха­бардар болады. Бірақ әкелі-бала аяқастынан «халық жауы» болып шығуы ауыл үшін күтпеген жағ­дай. Көп кешікпей Дігарбектің қой ферма меңгерушісі болып жұ­мыс істейтін інісі Иса да қа­мау­ға алы­нып, түрмеге жабылады.

«Әжем Түзел күнде Қақпақтан На­рын­қолдағы түрмеге тамақ та­сып жүріпті. Алғашында атпен бар­­са, кейін күнбе-күн жаяу барып ке­­леді екен. Арасы едәуір жер. Бір ай­дай Нарынқолдың түрмесінде жат­қан әкеме үлкен апам мен Иса­ның әйелі Жаңыл да барған. Сол жолы атамды Алматыға алып ке­тіп­ті деп, жылап келді. Арттары­нан іздеп баратын ешкім де бол­мады.

Әкеміз ұсталып, Алматыға кет­кен соң, көршіміз Жетібай ке­ліп, «Түзеке (үлкен шешеміздің аты Түзел) ел дуылдап жүр. Үйі­ңіз­дегі мүліктерді тәркілейтін кө­рінеді. Үйдегі бар біраз заты­ңыз­ды біздің үйге әкеп қойыңыз, әйт­песе бәрін алып кетеді» депті. Содан баяғы атам әкелген екі орам текті Жетібай қарияның үйіне апарып қойдық. Болаты­найды апам апармапты. Бір күндері үйге үш милиция келді. Олар үйдегі бар затты ортаға үй­гізіп, шай қайнатып жүрген са­мауырынды да алды. Әкемнің мә­уіт шекпенін, өз әкемнің киім кешегін, жарқыраған дүниенің бәрін ортаға үйгізді. Үлкен шешем Түзелдің кеседей білезігі мен жү­зіктерін де қалдырмады. Он беске таянған Жылқышы деген ағам­­ның судай жорға тайын, оған ертеп жүрген күміс ертоқымы мен күміс жүгенін тайға жүгендеп, ертеп алды. Осы кезде Түзел ше­шеміз ой­бай салып, «күміс ерто­қымды алсаңдар алыңдар, ба­ламның тайын тастап кетіңдер. Екі әкесі енші қып, құлағына ен са­лып беріп еді» деп жалынады. Апамның бұл сөзін милициялар құлақтарына ілген жоқ. Жылқы­шы тайдың жү­геніне жармасып еді, бір мили­ция оны кеудесінен итеріп жіберді. Апам олардың шау­жайына жа­бысқанымен өң­дері сұстылар қо­лы­мыздағы сиыр, жылқы, қой­ды қораға қаматты. Түзел шешеміз «мына төрт жетімді қалай баға­мын, ең болмаса бір сауылатын бұзаулы сиырды та­стаңдар!» деп жалынғанымен милициялар міз бақпады. Бұл әңгіменің бәрін

апам айтқан. Онда мен кішкен­тай­мын. Алма­тыға айдалған атамдар мен әкемнен еш хабар болмаған соң Түзел апам жылауын тоқ­тат­пай­тын, менен үлкен екі әп­­кем де қосылып жылайтын. Тұр­мыс қиын, оның үстіне Ұлы Отан со­ғысы басталып, елде ауыр жағдай ор­наған уақыт. Колхозда жұмыс біткен бе, азаннан кешке дейін жұмыс істейміз. Орақ кезінде бә­ріміз Қақпақтың қырманының жанынан жайылған мал сияқты масақ тереміз. Терген масақтың жартысын қырманға өткізіп, жартысын өзімізге береді. Онда қазіргідей мөшек жоқ. Масақты дағарға жинаймыз. Мені де екі әпкем ертіп алады. Бір уыс масақ терсең де, бізге сеп дейді олар.

Бір күні менен үлкен әпкем Алтынай масақ теріп жүріп, ком­байнның қақалған жерінен бидай тауып алыпты. Үйге келген соң «Апа сүйінші!» демей ме Ал­тынай әпкем. «Әкелерің қараң­ғы үйден шығып па?» деді үлкен апам. «Жоқ апа, мен бидай тауып алдым» деді. Оны қалай тасып аларымызды білмей тұрғанымызда Алтынай әпкем «Тамақ ішіп алайық та, түн­де тасиық» деді. Ол әпкем өте пысық еді. Соның ар­қасында екі әпкем мен апам түні бойы тауып алған бидайды та­сыды. Апам орыстың ұршығын иірді, келісін түйді. Қолынан іс келетін. Бізді қатары­мыздан қал­дырмай жар­қыратып киіндіріп қоятын. Ал орыстар қолғап, шұ­лық тоқып, тон тігіп май­данға жі­бе­ретін. Осылай өмір сүріп жат­қанымызда бір күні апам тағы жылап отыр. Өміртайдың қасын­да отырған бір адам түрмеден шығып келіпті. Өміртайдың үш қайтара сәлемін жеткізуге келген. Үш қызым, бір ұлым, кәрі шешеме сәлем айтып, ұлым Жылқышы­ның бетінен сүй депті. Өзі хат танымай­тын болса да хат жазып, суретін берген. Айдалып кеткен Дігарбек, Иса және Өміртайды үш бөлек қамап, фамилиялары Айнақұлов деп жазыпты. Түрме­ден келген кісі әкемнің жақсы кісі екенін айтып, хатын оқып,үш қайтара сәлемін жеткізген. Сурет­те бет-ауызы ісін­кіреп кеткен тәрізді. Онда Жыл­қышы тауда мал бағатын. Келген адам хатты оқып, әкемнің аманаты еді деген. Осыған апам жылап отырыпты. Ал келген кісінің аты-жөнін сұ­рамаптық. 1958 жылдары атам Дігарбек, кіші атам Иса және әкем Өміртай Айнақұлов ақталды деп қағаз келді. Бірақ біздер қай түрмеде отырып, қай жерде атыл­ғанын білмедік. Алматының Тас­тағында әкеміз атылған деген әңгімені ғана естідік. Ал екі атам қай жерде отырғаны белгісіз», – деді Мейрамхан Өміртайқызы Біз жоғарыда Молдабек Әбді­ровтiң естелігін бекер келтірген жоқпыз. Естелік былай жалғаса­­ды: «Өміртаймен бірсыпыра уақыт бір­ге отырдық. Ол маған: «Мол­дабай, се­нің жөнді қылмысың жоқ екен, шығасың ғой, сонда Нарын­қолда менің үйім бар. Жылқышы деген кішкентай балам, қарт шешем бар, менен сәлем айтарсың», – деп талай жалынған болатын. Он бес жыл­дай отырып шыққан соң, Жыл­қышы­ны әдейі іздеп бардым. Әкесі аузы­нан тастамайтын кіш­кен­тай Жылқы­­шы жігіт болыпты, қой ба­ғады. 2-3 ба­ласы бар. Өміртайдың қарт шешесі де ұлын сарғая күтіп жүр екен. Жөнімді айтқан соң ал кеп жыласын. Өміртайдың қасын­дағы жетеуі де сол кеткеннен мол кеткен. Осы­лай­ша «Басын қағып алар ма еді» деген бірауыз сөз сегіз адамның түбіне жетті. Біздің камерада сол Нарын­қолдан тағы бір адам болды. Оған әрі-бері тергеу жүргізіп, қолына айыптау қағазын ұстатты. Ол ауыр азапқа шыдамай меңіреуленіп қалған. Сөзге түсінбейді. Бейша­ра­ның айыптау қағазына: «Ұзақ жыл­дар бойы Зиновьевпен, Буха­рин­мен хат жазысып тұрған де­лінген» деп жазады естелік иесі.

Молдабек Әбдіровтің есте­лігіндегі Өміртайдың әкесінің інісі деп жазғаны – Иса. Ол кол­хозда қой фермасының меңге­рушісі екен. Сол Исаның баласы Нақан Исаев қазір тірі. 1929 жылы дүниеге келген Нақан қария әкесі ұстал­ғанда 11 жаста болған. Әкесінің не үшін сотталғанын анық білмейді. Ағасы Дігарбекпен және оның баласы Өміртаймен бірге Нарын­қолдың түрмесіне түсіп, Алматыға айдалған. Нақан қарияның ай­туын­ша, әкесі Ал­матыдағы Сей­фуллин көше­сін­дегі екінші түрме­де отырғанды­ғын айтады. Бірақ қайда жер­ленгені белгісіз. Өмір­тай­мен бірге отырған бір адам­ның На­рынқолға іздеп келгенін На­қан қария жоққа шығармайды. Онда мен Жамбыл ауылында едім, кел­генін кейін естідім дейді. Әкем ұс­талғаннан кейін үйдегі мүлкі­мізді тәркілегені есімде. Қол­дағы бар мүлікті қарап: 35 уақ мал, 2 бие, 2 сиыр, 2 тана, 3 ішік, 1 кі­лем, 1 те­кемет, үйдегі керекті зат­тар мен киім-кешектің бәрін алып, ағам мен шешемнен жоғалт­паймын дегізіп, қолхат алды. 1942 жылдың көкегінде барлық жүкті арбаға басқызып, бар мал­ды жинап, ай­да­тып, базарға әкелді. Дүниеміздің бәрін елді жинап, сатқызып жі­берді. Ең ақыры ше­шем­нің қо­лын­дағы қос білезі­гін шығартып алып сатқызды. Ал өз затымызды өзіміз сатып алуға рұқсат етпеді. Мен осының бәрін көрдім. Бұған қарсы дау айтуға, тоқтатуға еш­кімнің батылы бармады. Өйткені әркім өз көлеңкесінен қорқатын кез. Тек НКВД-да істейтіндер қо­рық­пайтынын сонда көрдім. Ол кезде бір қой тоғыз сомға бағала­натын. Елде ақша жоқ. Әркім өзінің бағасын айтып, қойды са­тып алды. Осыны көзі көрген әкем­нің құр­дасы Нұрпейіс әкем бізге жаны ашып, «қайран саба­зым-ай» деп ақылын айтып, ме­нің іші­гімді, апамның қос күміс біле­зігін, бір лақты ешкіні сүтін сауып ішіңдер деп өз ақшасына сатып әперді.

Айнақұловтармен бірге ұс­талған сегіз қойшының бірі – Дә­уіт Сәлімов. Ол кісінің баласы Ди­нам­­жан Дәуітов те қазір тірі. Әкесі ұсталғанда екі жарым жаста бол­ған. Атасы Сәлім қария 14 жыл болыс болып, ел-жұртына сый­лы жан атанған. 93-ке келіп, қайтыс бо­лыпты. Баласы Дәуітке қашан да ақылын айтып оты­рыпты. Әкем сауатсыз, хат таны­маған. «Халық жауы» болып ұс­талғаннан кейін үйдегі бар мал-мүліктерді тәр­кілепті. Үйдегі біраз қақпан, мы­л­тық, екі атты алып кеткен. Мұның бәрін атам айтып, еске алып оты­ратын. Ди­нам­жан қария әке­сі­мен бірге Жұ­мабай Жиенбаев деген қой­шы және қазіргі Тегістік­тен Бейсен­бай деген қойшы болға­нын естіген­мін дейді. Ол кісілердің ұрпақтары бар. «Динамо» колхо­зында қой баққан қойшыларды нақақтан-нақақ қаматқан ауыл­дағы парторгтың жаласынан кет­кенін ел біледі. Заманның сол бол­ғаны, уақыттың ауыр кезінде та­лай отбасының шаңырағы осылай күйреді. Бұл да халыққа жасалған заманның зобалаңы. Әкем адал, ақ адам болыпты. Оның бәрін атам және ел айтып отыратын, – дейді Динамжан Дәуітов қария. Жоғарыда Өміртаймен түр­меде бірге отырған бір адамның Нарынқолға келіп, оның ама­на­тын орындағанын айттық. Ол – Мол­дабай Әбдіров. Молдабай

1941 жылы 27 маусымда Алматыда қа­малған. 9 ай тергеуден кейін Өміртаймен бірге отырып, кейін Сібірге айдалған. Он бес жыл түр­меде отырып шыққан Молдабай Өміртайдың аманатын орындау үшін, Нарынқолға барып, оның шешесі мен баласы Жылқышымен кездескен. Ақталып шыққан соң республикамызда жоғары қызметте істеп, елге пайдасын тигізген зиялы аза­маттың бірі.

Жексен Алпартегі

Әкесін жаны ашымайтын жақыннан құтқарған ақылды қыз
Әйеліне сезімі суып кеткен кісіні орнына қойған данагөй қарт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу