Көңіл айтуға келген Нысан әженің сөзі елдің ішек-сілесін қатыра жаздады

Oinet.kz 04-11-2023 1774

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына таяу Сөкітті ауылында жасайтын Темірхан деген жігіттің шешесі аяқ астынан қайтыс болады. Шешесі қайтыс болардан бірер күн алдын ол жігіт өз шаруаларымен Ташкент қаласына кеткен еді. 

206e8a20bbd8b5a02e8af65f078d4b19.jpg

Ол кездері қазіргідей ұялы телефон жоқ, қалаға кеткен баласына шешесінің қаралы хабарын қалай берерін білмей сасқан ел екі оттың ортасында қалады. Ташкентке кеткен жігіттің қай кезде келетіні белгісіз, ал оның келуін күтуге Қызылқұмның ми қайнатар ыстығына қайтыс болған кісінің денесі шыдамайтыны белгілі. Ауыл адамдары ақылдаса келіп, амалдың жоқтығынан қонақты ақ жуып арулап, ақтық сапарына шығарып салады. Жаназа намазының ертеңіне Ташкентке кеткен Темірхан да ауылына келіп жетеді. Темірханның келген хабары құлағына тиген бойдан Нысан әже аяғына су жаңа калошын сұға салып, сол үйге қарай бет алады. Бұл әже ұзақ жылдар бойы Темірханның әке-шешесімен тонның ішкі бауындай араласып, туған бауырдай боп кеткен тату көршілердің бірі еді. Нысан әже ақсаңдай басып қаралы үйге келгенінде, алақанның аясындай ғана шағын үйдің ішінде ине шаншар орын жоқ екен. Аяғындағы калошын босаға жаққа шеше салып, иін тіресіп отырған кісілердің арасынан сыналай өткен әже жылап отырған Темірханның мойнынан құшақтаған күйі дауыс сала жөнеледі:

-Ойбай, Темірханжан-ау, ақ сүт берген анаңнан айрылып, қанатыңнан қайрылып қалдың-ау, ойбай. Ең болмағанда анаңа өз қолыңнан топырақ та сала алмай  қалмадың-ау, ойбай, - деп көрісіп жатқан Нысан әженің көзі есік алдында үйлеріне кетпек боп, калоштарын іздеп жатқан бес-алты әйелге түседі. Өзінің асығып жүргенде байқамастан аяғына су жаңа калошын киіп келгені ойына түсе кетеді. Қас пен көздің арасында су жаңа калошымнан айрылып қалармын деген жаман ой басына сап ете қалғанда, Темірханды құшақтап жылап отырған Нысан әженің жүрегі зырқ ете қалады. Еңірегенде етегі толып отырған әже жылауын кілт тоқтатып, калоштарын іздеп жатқан әйелдерге зілдене қарап:

-Әй, қатындар, сандалмай әркім өз калошын тауып кисін, ойбай, - деп жылауын одан әрі жалғастыра береді.

Күлкі деген де үш арсыздың бірі емес пе, Нысан әженің бұл сөзіне отырғандардың кейбіреулері аузын алақанымен басып, теріс қараған күйі екі иықтары бүлкілдеп үнсіз күледі. Кейін Нысан әженің «әркім өз калошын кисін» деген осы сөзі қанатты сөзге айналып, ел арасына тарап кетеді.

Құрманғали Адамқұлов

Қыдырбай молданың әңгімесі жұрттың жағасын ұстатты
Итжеккенде қорлық көрген ақсақал
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу