Тарихын танымаған, тілі үш айыр ұрпақпен ұшпақа шығамыз ба?

Screenshot_16.jpg

        Тарих – мазмұны терең рухани ұғым. Ол адам санасының, елдің, ұлттың даму қозғалысы мен қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасу кезеңдерін сипаттайтын, өткеннен сыр шертетін шежіре. Өткеніңді білмесең, қалай жаратылып, қайдан шыққаныңды, қалай өмір сүргеніңді, жіберген қателіктерің мен кемшіліктеріңді саралап салыстырмасаң, алға қалай жылжисың? Келешекте басыңа қандай күн туатынын қайдан білесің, тіпті, жақсы мен жаманның, дос пен дұшпанның, пайда мен залалдың, ақ пен қараның, шындық пен жалғанның арасын ажыратудың өзі ақыл-парасатқа тікелей байланысты емес пе?! Сол ақыл-парасат пен даналық, көрегендік пен шешендік, батырлық пен ерлік, талант пен дарын, туған жерің мен ел-жұртыңды, ұлтыңды, жалпы, отаныңды сүю секілді ұғымдар кешегі 1991 жылдан ғана басталмаған шығар?

Ендеше, жоғарғы оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнін оқытпай, «Қазіргі Қазақстан тарихын» (тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезең) оқытамыз деу не сандырақ? Біреулер ХХ ғасырдан бастау керек дегенді айтады. Сонда ХХ ғасырға дейін қазақ болмаған ба, болған болса, сол ата-тегімізді ұмытуымыз керек пе, одан біз не ұтпақпыз, мақсат не? Тарихымызды зерттеп, зерделеп те, жарыққа шығарып та біткен жайымыз жоқ қой. Қазақ тарихы 4-5 томның айналасында ғана жүр емес пе, ал өркениетті елдер тарихын жүз томға дейін жеткізіп тастағанын білеміз. Енді келіп: «Тарих мемлекеттің саясатын насихаттауы керек, өйткені идеологиялық пән. Сондықтан Ежелгі дәуірден, орта ғасырдан бастап оқытам дегенді қойыңыздар», - деп отыр. Сонда тарих жекелеген адамдардың көзқарасымен ғана жасалуы керек пе? Жаңа министр айтты, оны үкімет қолдады екен деп бүкіл оқыған зиялыларымыз бен академиктеріміздің, 117 жоғарғы оқу орындарының ректорлары болып қоғадай жапырыла беруін қалай түсінуге болады? Айналдырған 25 жылдың ішінде елімізде 18 Білім және ғылым министрі ауысып, (кейбір мәліметтерде 13) әрқайсысы әр түрлі «басы бар, аяғы жоқ» реформалар енгізіп, оның нәтижесіне ешкім жауап бермесе, келешегіміз не болмақ? «Анау елде анадай, мынау елде мынадай екен» деп, әрқайсысына бір жармасып, жалтақтай беру жақсылыққа бастар жол емес шығар-ау! Қайта-қайта өзгеріс енгізіп, реформалар жасау, оларды өндіріске жіберу, мұғалімдерді қайта даярлау, оқулықтарды сан құбылту, қосымша құралдар шығару қаншама қыруар қаржыны жалмап жатыр.

Біз Тәуелсіздігімізді алған, дербес елміз, өзімізге тән тарихымыз, өнер-біліміміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз қалыптасқан халықпыз. Асығып-аптықпай, сабырмен ойлана келіп, ежелден-ақ найзаның ұшы мен қылыштың қырында алысып үйренген «мың өліп, мың тірілген» қазақ деген киелі ұлтпен ақылдаса отырып тиянақты шешім қабылдайтын жағдайға баруымыз керек қой.

Бірнеше жылдан бері қарай ҰБТ деген термин дәуірлеп тұр. Жыл бойында мектептерде қайта-қайта тестілеу жүргізу, сабылған оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер, тынымсыз аудан орталығына шапқылау, жүйке тоздыру, жұмыстан қалу, қаншама комиссиялар құру – оңай шаруа емес, әрине.

Мемлекеттің, ата-ананың қыруар қаржылары тағы шашылуда. Сонда да баллаларымыздың білімдері асып бара жатқаны шамалы. Мектеп ұжымының, оқушылардың, ата-аналардың бар ойы – тест алынатын пәндер ғана. Ал қалған басқа пәндердің жүргізілуі формальды түрде екені жасырын емес. Бұл жөнінде әңгіме бөлек. Жас жеткіншектеріміздің миын осылай ашытқанымыз аздай, енді келіп орта білім жүйесіне күшпен таңылғалы жатқан «үштілділік» деген шықты. 

«Жыласаң тағы да ұрамын...» дегендей, мемлекет құраушы қазақ халқының ана тілін, мемлекеттік тілді жиырма бес жылдан бері қарай өз орнына қоя алмай, Ата заңымыздың талабын орындай алмай, орысшылдығымыздан арыла алмай шырылдап жатқанымызда ағылшын тілін тықпалау қай өктемдік?.. «Бала 12 жасқа дейін өзінің ана тілінде білім алып, тәрбиеленуі керек» деген қағиданы кім айтса даөте дұрыс. Көптеген өркениетті елдерде де солай, оларда «екітілділік, үштілділік» деген жоқ. Жан-жағымыздағы елдер сияқты біз де ұлттық мемлекетімізді өркендетіп, ұлттық идеологиямызды дамытуымыз қажет емес пе? Ұлттық құндылықтарымызды бүлдіршіндердің бойына бала бақшадан бастап сіңіруіміз керек, онсыз отансүйгішік, патриотизм сезімдері қалыптаспайды. Ұлттық намыс үлкендерімізде болмаса кішілерімізге қайдан келсін? 

Ағылшын тіліне, оны жеке пән ретінде өткізуге қарсы емеспіз, бірақ әр нәрсенің өз реті, жөні бар. Шын мәнінде, ағылшын тілін қалайтын, шетелден білім алғысы келетін жастарға жағдай жасау, жолын ашу, (қосымша сабақтар, курстар т.б. ұйымдастыру) керек шығар. Алайда миллиондаған баланың бәрі ағылшын тілін қажет етпейді ғой. Зорлықпен оқытпайық та! Ағылшын тілін білу, оны қалыптастыру үшін тілдік орта керек, біз оны қайдан табамыз? Екіншіден, «үштілділікті енгізбесек көштен қаламыз, экономикамыздың қарыштап дамуы үшін де ағылшын тілін білу керек деген» - бос сөз. Экономика дегеніміз ауыл шаруашылығынан, өндірістен, сауда саттықтан, өнеркәсіптен тұрады. Сонда біздің дихандарымыз, малшыларымыз, сатушыларымыз, құрылысшыларымыз бен шахтерлеріміз, кеншілер мен металл қорытушыларымыз ағылшын тілін білсе, олардың жұмыстары жақсарып сала бере ме? Жоқ, әрине. Үшіншіден, біздің негізгі мақсатымыз жастарымызға теориялық білім беру ғана емес, көп тілді үйрету, соның нәтижесінде қазақ тіліне шорқақ етіп шығару емес, саналы тәрбие беру, оларды туған жері мен Отанын сүйетін, өз ұлтының әдебиеті мен мәдениетін, тарихын, өнерін қадірлейтін, қара басының қамын емес, халықтың мүддесін жоғары қоятын, өзімшіл емес көпшіл, өнерлі де еңбекқор, нағыз азамат етіп қалыптастыру. Солай болса, тәрбие жұмыстарын бірінші кезекке қою керек.

Ал үштілділікті енгізу дегеніміз – баланы не қазақ емес, не орыс емес, не ағылшын емес, дүбәрә-мәңгүрт етіп шығарудың төте жолы. Сондықтан да кеш болмай тұрғанда жақсылап ойлану керек сияқты. Кез келген мемлекетіміздің саясаты, ұстанымы жан-жақты зерттеліп, сарапқа салынып, ғылыми жағынан негізделіп барып қана өмірге жол тартатын болар. Бізде неге солай емес?! 

Қазіргі мектептердің алдына қойылған талап, бағдарлама-тұжырымдамалар өте күрделі, оқулықтар барынша қойыртпақталып, қиындатылған, өмірге қажет емес, кейбір басы артық материалдармен толықтырылған, жас баланың түсінігіне, түйсік-талғамына, ой-өрісі мен қабілетіне сай келе бермейді. Сондықтан да Білім министрлігіндегі оқымыстыларымыз жаңалықтан-жаңалық, реформадан-реформа қуа бермей, еліміздегі мықты ғалымдар мен тәжірибелі де білікті педагогтарды қатыстыра отырып жастарға білім мен тәрбие берудің кешенді бағдарламасын уақыт өткізбей дайындап, сапалы оқулықтар шығарумен, мықты кадрлерді іріктеумен,  білім мен ғылым саласын түгелдей дерлік жайлап алған сыбайлас жемқорлықпен күресуді жолға қоюмен айналысса екен демекпіз.

Нақыпбек Демеуұлы, 

Мақтаарал ауданының құрметті азаматы   

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандықсыз жүрген мамандар
  • Дистимия деген не?
  • «Чернобыль апаты» АЭС жарылысы
  • Әскери ант мәтіні
  • Қазақтың жауы Ресей де, Қытай да, Бұхар да емес...
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика