Бесік пе, памперс пе?!

Screenshot_13.jpg

Сіз қайсысын таңдар едіңіз? Шынтуайтында, қазір көп аналар памперсті таңдайды. Өйткені, уақыт үнемдегісі келеді. Баласы жөргегін былғап қойса, нәжісін жуып әуреленбейді. Әсіресе, түнде ананың да, баланың да ұйқысы тыныш болады. Сыртқа серуенге шыққанға да қолайлы. Бір сөзбен, жас ананың жұмысын барынша жеңілдетеді. Алайда, бұл памперс біздің генофондымызға орны толмас зиянын тигізуде. Ә дегенде,  «әй, не бопты», «ары кетсе, бір-екі жыл киер де» деп немқұрайдылыққа салынамыз. Бір-екі жыл тұрмақ, жасы төрт-беске дейін памперсте жүретін балдырғандарды көрдік.

Ата-әжелеріміз осы бірреттік жаялықтарсыз-ақ өмір сүрді. Мұндай «тосын сый» олардың түсіне де кіріп шықпайтын еді. Сөйтіп жүріп, 10-15 баланы жылма-жыл босанып, атасы мен енесіне де қарап, сиырын да сауып, күбісін де пісіп, айран ішіп, құрт істеп, арасында шабық шауып, кір жуып құбатөбел тіршілік етті. Олардың да қайта-қайта жөргек жууға уақыты тапшы еді. Бірақ, біздің ғазиз аналарымыз салт-дәстүрге селқос қарамады. Аяқ-қолы түзу, ұйқысы тыныш, дені сау болсын, кездейсоқ құлап қалмасын деп бесікті пайдаланды.       

Бесікке бөлеу дәстүрі жайындағы аңыз «Салт-дәстүр сөйлейді» атты отбасы хрестоматиясында былай деп жазылған: «Бесік Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында дүниеге келген деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғайды екен.

...Ол жүз елу жыл жасап қайтыс болыпты.

Бабтың дүниеден қайтқанын естіген қытайлар бір күнде келіп, оның орманын өртеп жібереді. Бұл кезде Мизамның баласы Айдаһар алыста жүр екен. Әкесі түсінде аян беріп: «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді», -дейді. Айдаһар би ертесіне жетіп келеді. Орман түгелімен жанып кетіпті. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары ғана оттан аман қалған екен. Айдаһар әкесіне Құран бағыштап, қисық ағаштарды өзімен бірге ала кетеді.

Бір күні Айдаһардың сәбиі уанбай, жылай беріпті. Әйелі екеуі не істерін білмей қиналады. Емші-тәуіптерді жағаласа да, баласы жұбанбайды. Би қатты сасады. Қызының жылағанына шыдай алмай, далаға шығып кетеді де, Құдайдан медет тілейді. Бір уақта қызының дыбысы шықпай қалады. «Бір нәрсе болды ма екен» деп үйге жүгіріп келсе, қызының жанында ақ киімді бір кісі отырады. Ол жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Айдаһар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді. Түнімен қисық ағаштарды құрастырып отырып, бесікті жасап шығады. Сәбиін соған салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағында тербелген екен.

Бесіктің пайда болуы аңызда осылай баяндалады. Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштардың біріне айналыпты. Одан бесік, қамшы, ыдыс-аяқтар жасапты. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін шыға бастаған екен. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.

Осыдан біраз бұрын «Қазақстан» телеарнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасы «Балаңызды бесікке бөлейсіз бе?» деген тақырып көтерді. Жүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы өзінің екі ұлын бесікке бөлеп өсіргенін, оның пайдалы тұстарын айтып, тікелей эфирде жүргізілген сауалнама нәтижесі «иә, бөлеймін» дегендердің көптігін көрсетсе екен деп барынша тырысты. Алайда, елімізде бесікке бөлемейтіндердің саны көп болып шықты.

Әр қазақтың үйінде бесік бар. Болмауы мүмкін емес деп топшылаймыз. Бір реттік жаялық шыққаннан бері осы қолда бар құнды дүние қолданыстан шықты. Аракідік қолданылса, сол үйдің келіні бейне бір жаңалық ашқандай аузымыздың суы құриды. Сол келіндердің кейбірі бөбегін бесікке бір реттік жаялықпен бөлейді. Шүмек пен түбек не үшін сонда? Келіндерде бала жылы әрі таза жатсын деген ойдан гөрі бесікке бөлеп, шешу оңай болсын, нәжіс жумайын деген ой басым. Ал бірреттік жаялықты үлкен дәретімен былғап қойса, құйрығын бірреттік майлықпен сүртеді де, лақтыра салады. Ешкімнің қолы былғанбайды. Қазір «ақсаусақ»  аналардың арасында осындай тенденция қалыптасты. Олар қала берді бесікке бөлемеудің сан түрлі себептерін алға тартады.

Әңгімемізді әйгілі Зейнеп Ахметова апамыздың сөзімен өрбітсек бүгінде жас келіндердің саналарына толып жатқан әлдебір шетелдік әдістер  «бала бос жатуы керек» деген түсінік қалыптастырды. Бос жатқан сәби өз қолының қимылынан өзі жиі оянатынын, ұйқысының жиі бұзылатынын аңғарамыз, бірақ мән бермейміз. Ал мұның өзі жаңадан қалыптасып, өсіп келе жатқан бала мінезінің ұшқалақ болуына септігін тигізбейтініне кім кепіл?! Бесікте бала жылы әрі таза жатады. Жаңа туған және кіндігі енді ғана түскен сәбиді барынша жылы ұстау керек. Өйткені ол суықты тез қабылдайтын әлсіз әрі нәзік. Ал бесіктегі баланы қайта-қайта ашып ауыстыру қажет емес. Бесіктегі баланың таза жататыны өз алдына. Тіпті сәбидің өз дәреті өзіне шашырап былғанбауы үшін түбегіне күл салынады. Бесік баланы кездейсоқ қауіп-қатерден, құлап қалып бір жерін майып қылудан да сақтайды.

Облыстық балалар ауруханасының педиатры Әйгерім Нахбаева «қазіргі кезде бірреттік жаялықты қолданбайтын ата-ана некен-саяқ. Солардың арасында қаржы үнемдеу үшін баласына күні бойына бір жаялықты  кигізіп қоятындары бар.Дәретіне әбден толған жаялығы бұтынан түсіп қалатындай жүреді.  Бірреттік жаялықты қолдану ережесі бойынша әр төрт сағат сайын немесе әр дәретінен кейін ауыстырып тұру қажет. Сол үшін де оны бірреттік жаялық деп атайды. Күн суық кезде баланың кіші дәреті денесіне салқын тиеді. Бұдан әр түрлі цистит сияқты жыныс, несеп шығару жолдарының созылмалы жұқпалы аурулары туындауы мүмкін. Әсіресе, мұндай жағдай қыз балаларда жиі кездеседі. Өйткені, қыз бала соған бейім келеді. Егер уақытында ауыстырып тұрса, бірреттік жаялық зиян емес», -деп бесік пен бірреттік жаялыққа қатысты өз ойын білдірді.

Қанша уақытымен ауыстырып тұрды дегеннің өзінде бірреттік жаялықтың зиян екені айтылып, жазылып жүр. Зейнеп Ахметова апамыз өзінің бір сұхбатында: «Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер – кешегі Кеңес өкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде», -дейді.

Қазақта «тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген сөз бар ғой. Бәлкім, енелер ұрпағының тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қараса, үйіндегі бесігі бос тұрмас па еді?! Келіндері бірреттік жаялыққа жуымас па еді?..


Сіз не дейсіз?

Советқазы Нұрсила, ақын:

- Жалқаулықтың салдарынан қолданып жүрген памперс пен басқа гигиеналық материалдар баланың денсаулығына тигізетін зияны жайлы батыс ғалымдары талай ғылыми зерттеу жасап, үлкен еңбектер жазған. Ер баланың жыныс мүшесі памперсте үнемі  буланып тұрғандықтан (парниковый эффект) болашақта белсіздікке ұшырататыны жайлы голландиялық ғалымның зерттеуі қызықты екен. Бесік – тазалық пен гигиенаның бастауы еді. Біздер бесікте жатып, бесік жырын естіп өскен ұрпақ едік. Деніміздің сау болып, артымызда ұрпақ қалдыратындай мүмкіндігіміздің болғандығы, сол бесіктің арқасында шығар?!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақтың жауы Ресей де, Қытай да, Бұхар да емес...
  • Неге шошқа етін жеуге болмайды?
  • «Телефон бар, телефон... Арзан бағада телефон»
  • Суицид статистикасы
  • «Мұғалім болу үшін директорға кемі 1000 доллар бересің»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика