Шучинск кім, Балуан Шолақ кім?

Oinet.kz 14-08-2019 1391

Screenshot_11.jpg

2006 жылы еңбек демалысын алып, Бурабайда дем алмақ болдым. Онда пойызбен бардым. Қарағандыдан аса бере, өзімді Ресейге өтіп кеткендей сезіндім. Себебі, жер-су аттары бірыңғай орыс тілінде еді. Бірен-саран қазақша аттарды кездестіргенде балаша қуанып қалам. Осылайша Бурабайға жеттім. Бурабай курорты Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қаласына қарайды екен. Осы менің ашуыма тиді. Щучинск дегені несі? Бұл, әрине, Орыс патшалығы тұсында қазақ жерін отарлаған біреу ғой. Қазақстан өз тәуелсіздігін алса да, Щучинск атауы өзгермепті. «Азаттық алғанымызға енді 15 жыл болды ғой, жақында өзгерер» деп өз-өзімді жұбаттым.

Дегенмен, арада 10 жыл өткесін, яғни биыл Бурабайға тағы барып қайттым. Сөйтсем, баяғы жартас сол жартас. Қала әлі Щучинск деп аталады. Айналайын-ау, азат ел болғанымызға ширек ғасыр болды ғой. Бұл не масқара? Орыс отаршылының есімі берілген қаланы әлі қазақшалай алмадық. Тарихқа үңілсек, осы қаладан бірнеше ондаған шақырым жерде Орта жүз ханы, кейіннен үш жүз ханы болған Абылай хан өз ордасын тіккен. Осында Қасымхан, Кенесары, Наурызбай батырлар дүниеге келді. Щучинск маңында Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлар өмір сүрген. Щучинск жерін талай басып, топырағына аунаған. Біле білсек, қазақ тарихының қаймағы осы өңірде қалған десе болады. Ендеше, неге Щучинск қаласына қазақша ат бермеске? Мысалы, Балуан Шолақ деп атасақ қатып кетер еді. Балуан Шолақ – күш атасы. Қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған

Ол сол жердегі қарапайым қазақ тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, кеуделеріне нан піскен орыс отаршылдарымен күрескен тұлға десем қателеспеймін. Өзгелерге бас имей, қазақ даласында еркін жүрген жан. Отаршылдар езгісінде болған қазақтар үшін Балуан Шолақ сол тұста «азаттық символы» болған. Сан өнерімен халқын риза етіп, Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен, заманының айтулы сал-серісінің бірі болған Балуан Шолақтың есімін осы қалаға берсе, күллі Алаш жұрты бөрігін аспанға атып қуанар еді, рухтары көтерілер еді. Қазір елімізде «Тәуелсіздікке 25 жыл» мерекесі аясында талай игілікті  шаралар атқарылып жатыр ғой. Ендеше, осы айтулы мерекенің құрметіне Щучинскті Балуан шолақ деп өзгерткен жөн.  

Әділхан ӘТЕМОВ,

Шымкент қаласы

2016 ж

Нашақор бай балалары аз емес
Тіл – Тәуелсіздік тұғыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу