ОН ЕКІНШІ ҚАРА СӨЗ. ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА...

Oinet.kz 02-09-2020 1092

ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА...

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

Абай Құнанбайұлы.

ОН ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

Кежеге кейін тартып, «көп қой» дейміз,

Кей-кейде сонымыздан соққы ой жейміз.

Кімде-кім ғибадатын қылып жүрсе,

Ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз.

Алдаймыз, алданамыз өзіміз де,

Сенеміз, сендіреміз сөзімізге.

Көрсек те көрмеген боп әлгілерді,

Жасаймыз қиянатты көзімізге.

Қастерлеп Құдай сөзін, жөні келсе,

Адаспай жүрер еді төріне ілсе.

Толымды ғибадатқа жетпегендер,

Шарты бар, болмағанда, соны білсе.

Әуелі толықтырып иманыңды,

Іс жаса айналаңа иланымды.

«Осы да болады» деп, жарты жолдан,

Заяға кетірмегін жиғаныңды.

Ашатын жүрек пенен ми қабатын,

Меңгерсең ләзім болмақ қирағатын.

Үйреніп жетпей жатып, тастап кетсе,

Ондайдың Құдай ұрды ғибадатын.

Байқасаң, тақуаны серт қорғайды,

Өйткені көңіліне кек қонбайды.

Жаны ашып ықыласын күзетпесе,

Салғырттың иманы бар деп болмайды!

Әлібек Шегебай.


ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ОН ҮШІНШІ ҚАРА СӨЗ
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ОН БІРІНШІ ҚАРА СӨЗІ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу