ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ОНЫНШЫ ҚАРА СӨЗ

Oinet.kz 02-09-2020 771

ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА...

ОНЫНШЫ СӨЗ

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?

Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екі талай. Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір – қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?

Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол.

Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі.

Абай Құнанбайұлы.

ОНЫНШЫ ӨЛЕҢ

Келсе де дауыл соғып, тасқын мейлі,

Маңырап мал тұрмаса ас сіңбейді.

Біреулер Жаратқаннан бала тілеп,

«Өлген соң орынымды бассын» дейді.

Жұрт айтар жоқ болған соң ардақты ісің,

Дүние, малды сақтап қалмақпысың?

Иттігің аз болғандай өзің қылған,

Енді кеп балаңды да салмақпысың?

Қулық пен сұмдық салып енді араға,

Пенделік өзін-өзі жеңе ала ма?

Тірлікте сен қылмаған қайырлы істі,

Өлген соң балаң қылып бере ала ма?

Тұрғанда бойда қуат, дүлей күшің,

Бәрібір сенімсізсің, үрейлісің.

Ерінбей еңбек етіп, бай болуды,

Әуелі бір Құдайдан тілеймісің.

Дүние берекесі бағым емес,

Бұл  өмір мәңгі тұрар тағың емес.

Ғылымсыз ахирет те, дүние жоқ,

Ғылымсыз намазың да қабыл емес.

Жүргенде айыра алмай ақ, қараны,

Азды күн шалқаяды, шаттанады.

«Маған да баяғыда мал біткен» деп,

Түскенде кедейлікке мақтанады!

Әлібек Шегебай.

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ОН БІРІНШІ ҚАРА СӨЗІ
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ТОҒЫЗЫНШЫ ҚАРА СӨЗІ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу