Ілияс Есенберлин

Oinet.kz 20-04-2019 2441

Screenshot_22.jpg

Қайраткер-қаламгер Ілияс Есенберлиннің  туғанына биыл 100 жыл. Мерейтойға орай, Астанадағы халықаралық Түркі академиясында «Көркем шығармадағы  тарихи шындық» және Алматыдағы Жазушылар Одағында «Ілияс Есенберлин. Суреткер ақиқаты - тарих шындығы» атты дөңгелек үстел өтті. Мерейтойдың алғашқы қадамы ретінде өткен бұл жиындарда осындай тақырыптардың ортаға тасталуы бекерден бекер емес. Себебі, Ілияс Есенберлиннің шығармасы қайшылыққа толы. Соған қарамастан оның қайтерткерлігін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, Ілияс Есенберлинді қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық, бетбұрыс әкелген, өз алдына жеке тарихи мектептің негізін қалаған ұлы тұлға деп біледі. Астана мен Алматыда өткен жиында сөз алған ақын, жазушы, тарихшылардың пікірлерін ортаға тастағанды жөн көрдік. 

Қабдеш Жұмаділов, жазушы:

-Ілияс Есенберлин кезінде «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларын жазды. Ол заманда мұндай тақырыптарға ешкім бармаған. Бару мүмкін емес еді. Тарихи шығарма жазу ол кезде екінің бірінің қолынан келмейтін. Ал Кенесары туралы роман жазу деген, ол кезде ешкімнің маңдайына жазылмаған нәрсе! Кенесары туралы кітап жазбақ түгілі  оның атын атау мұң болатын. Өткен ғасырдың елуінші жылдары оны зерттеген тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 25  жылға сотталды. Мұхтар Әуезов пьеса жазып еді, ұзақ уақыт басы дауға қалды. Кенесары туралы өлең жазғандар жауапқа тартылды. Ал кейін, 15 жылдан соң, Ілияс Есенберлин «Қаhар» деген романын жарыққа шығарды. Мен «Көшпенділер» трилогиясына және «Ғашықтар» романына редактор болдым. Ол кезде Ілекең «Жазушы» баспасының директоры болатын. Мен сол баспаның проза бөлімінде істедім. Жас кезіміз. Талай рет үйінде отырып, архифтік материалдарды, кейіпкерлерді өзара салыстырып, ретке келтіретінбіз. О лкезде барлығымыздың да сусап жүрген кезіміз. «Тарихи тақырыптарға барсақ», - деп армандап жүрген кезіміз.Ілияс Есенберлин сол «Жазушы» баспасының директоры болып, өзіне өзі жол ашты. Оның бұл қызметке тұруына Дінмұхамед Қонаев көмектесті. Егер Димекең Ілекеңді қолдамағанда, «Қазақфильм» киностудиясында аудармашы болып жүргені оны «Жазушы» баспасына директор етіп қоймағанда, онда жаңағы кітаптардың жарыққа шығуы мүмкін болмас еді.Ашығын айту керек, замандастары Есенберлинді қолдаған жоқ. Көбісі қарсы болды. Несін айтасың, пендешілік қой, іштарлық жасады. Енді, Ілекең әдебиетке 50 жасында келді ғой. Ол өзі мамандығы бойынша тау-кен инженері болатын. Әдебиетші де емес еді. Бұл енді ұзақ әңгіме... Қысқасын айтқанда, Есенберлин қазақ әдебиетіне үлкен реформа әкелген, жаңа тақырыптарды бастаған ұлы тұлға. 

Қажығали Мұхаметқалиев, жазушы:

-Ілияс Кенесары туралы қоғамдық ой, сана тіріле бастаған, «жылымық» кезден кейін жазды.  Сонысымен бақыты ашылды. Оның тарихи романдары ішіндегі көркемдік жағынан, әдеби шығарма жағынан ең жоғарғы турғаны «Қаһар» деп есептеймін. Трилогиядағы «Жанталас» пен «Алмас қылыштың» көркемдік деңгейі «Қаһардікінен» төмен. Оны мойындауымыз керек.   

Несіпбек Айтұлы, ақын: 

- Ілекең әу баста әдебиетке поэзия арқылы келген. Ілияс прозаға келгенде сол кездері халықтың  мұқалып қалған жігерін, тапталып қалған намысын сілкіндіріп оятты.  «Кенесары жеңілген күннің  өзінде өз қарумен қандай сілкініс тудырса, Ілияс Есенберлиннің  «Қаһары» да ұлттық сананы соншалықты сілкіндірді. «Қаһарды» мен оқушы кезімде оқыдым. Алматыға оқуға түскен кезімде Ілекеңмен студенттермен кездесу өткіздік. Ине шаншар орын болмады. Ілекең қай жерде кездесу өткізсе де,  жастар теңіздей тасып соңында жүруші еді.  Ілияс Есенберлин «жылымықтың» арқасында бұрын соңды айтуға болмайтын тарихи тақырыпқа сүрең салды деп бір жақты айтуға болмайтын шығар. Себебі, жазушылар арасындағы пендешілікте Ілиястың қарсыластары көп болды. Есенберлиннің қысқа ғана уақытта көп шығарма жазып шығуына  оның Д. Қонаевпен арадағы адами қатынасы әсер еткені анық. 

   Амангелді Қашқынбаев,Ілияс Есенберлинді зерттеуші: 

- Есенберлиннің өзі Е. Бекмахановпен бірге жұмыс істемегенде «Қаһарды» дүниеге келтіре алмасын айтып кеткен.  Сондай-ақ, өз шығармаларының көркемдік деңгейінің төмендігі мен әдеби сынды  мойындаған. Және жазушы өзінің басты миссиясы ретінде қолындағы тарихи деректерді жарыққа шығаруға асыққан. Әдебиеттегі көркемдік үшін уақытын аяған. І. Есенберлиннің ескерілмей жүрген шығармасының бірі ол – «Мұхиттан өткен қайық». Жазушы бұл шығарманы Д. Қонаевқа арнап жазған. Сондықтан болар қазір оны ешкім айтқысы келмейді. Шығармадағы екі түрлі Ахметжан арқылы сол кезеңдегі  тұлға мен қоғам, саясат пен ұлт тағдыры  туралы жазушы көп нәрсені айта білген. Жалпы, таланттың бағын таланттар жағады деген пікір бар. І. Есенберлиннің өмірінен осы тәлімді толық аңғаруға болады. Мысалы, жақында ғана менің қолыма бір дерек түсті. Соған қарағанда кезінде Д. Қонаев Орталық комитеттің ортаңғы деңгейлі қызметінде жүрген І.Есенберлинді Омбы, Қызылжардың архивтеріне арнайы сапарлатып жіберіп отырған. І. Есенберлин ұлт тарихына қатысты тапқан деректерін үш данаға теріп басып, оның екеуін Д.Қонаевқа берген.  Өз кезегінде ол деректерді Д. Қонаев  Е. Бекмахановқа бергізген. Яғни, ұлттық мүде, халықтың санда үш алыптың мақсаты ортақ болғанын байқаймыз. І. Есенберлин шығармаларының әдеби көркемдігі жайында  сын аз айтылмады. Жылымық кезі болса да, партия басшысымен адами қарым-қатынасы тығыз болса да, І. Есенберлин сол кездегі цензураның қайшысына көп қиқаланған жазушы. Сол себепті оның шығармасында «бірақ» деген сөз өте көп кездеседі. «Тың игерген жақсы ғой, бірақ, ата-бабамның моласы неге сүріліп кетті?» дегендей сөйлемдері көп. Яғни, айтар ойын сол кездегі саясатқа қатысты кең құлашқа сала алмаған. 

Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясы президенті: 

 -Қазір тарих туралы сөз көп. Кейбір адамдар тарих ғалымдарымен сөз таластырып жатады.  Сөзінен байқасаң, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділеріндегі» деректерді алға тартып отырады. Бұл жазушыға деген ел құрметінің белгісі болса керек. Себебі, кезінде барымыз айтылмайтын замада қазақтың да тарихы бар екен І. Есенберлин көрсетіп берді. Бірақ, бұл әдеби шығарма. Өкінішке қарай көпшілік

осыны ескермейді. Кейбір сырттан келгендер, іштегілер де  «Көшпенділерді» шынайы тарих деп санайды. Тіпті, қай бір жылы түсірілген «Көшпенділер» фильмінің желісі  жазушының шығармасының көшірмесі болып шықты. Дегенмен, Ілияс Есенберлиннің әдебиеттегі орыны, халықтық рух пен санаға берген сілкінісі қашанда жоғары бағалана бермек. Себебі, санаға сілкініс беріп, мұз жаратын тұлғаларды халық ешқашан ұмытпақ емес. 

Ілияс Есенберлиннің жүз жылдығы биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек. Сондай-ақ, жазушының мерей тойы өз замандасы атақты тарихшы ғалым  Е. Бекмахановтың 100 жылдығы  және осы жылдың басты мерекесі -  қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр.  Яғни, қазақ хандары туралы қандай да бір сөз қозғалғанда Е. Бекмаханов пен І. Есенберлиннің есімдері атамай кету де мүмкін емес. 

Жасұлан Ақкер 

Мұрағаттан: 22.01.2015


Дәурен Қуат: «Туылған күн... Мәнті... Мәмпәси...»
Қазақстанда балалар әдебиеті неге кенже қалып барады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу