Сезімнің сыршыл әлемі

Oinet.kz 01-12-2023 340

Сөз өнері – адамзат ұрпақтарының тіршілік қозғалысындағы іс-әрекеттерін, ақыл-ойынан туындаған жаңа бастамаларын көркем шындықпен өрнектейтін рухани құндылық қазынасы. Адамдардың фәни мен бақи дүние аралығындағы ғұмырнамалық деректерін сөз өнерінің туындыларында бейнелеу арқылы қаламгерлер өмір шындығының үндестіктер мен қайшылықтар қатарласқан сипатын оқырмандардың назарына ұсынады.

Screenshot_14.jpg

Қаламгерлердің өмір сүру философиясының заңдылықтары аясында өздерінің жан ділі әлеміндегі қорытылған деректерді, құбылыстарды, қасиеттерді саралай суреттеп, өзіндік көркемдік шешімді бағалауларымен оқырмандарды да ойландырады, сол арқылы жақсылық атаулының ұлағатын ұғындырады, жаман қасиеттерден жирендіреді. Бұл – адамзат тарихындағы сөз өнері туындыларына ортақ эстетикалық тағлым көрсеткіші. Бұл орайда, Салтанат Айдарбекованың өлеңдері мен әңгімелерін оқып отырып, қаламгердің өз туындыларында адамгершілік-имандылық қасиеттерді саралап, өзіндік көркемдік шешімдерімен бағалаулар жасағанын аңғарамыз.

Қаламгердің поэзиялық шығармалары лирикалық сезім иірімдерімен өрнектелген. Ақынның поэзиялық шығармаларындағы азаматтық-отаншылдық сарынды өлеңдерінен оның өлең өнерін, туған жерін, ата-бабалық қасиетті дәстүрлерді ұлықтаған ұстанымын айқын сезінеміз. Мысалы, «Өмірім өзіңменен егіз екен» деген өлеңінде киелі дәстүрлі поэзияның тылсым сырлы болмысына арналған лирикалық кейіпкердің – автордың жан ділінен туындаған жүрек сырларын оқимыз:


Поэзия, қазынам ба ең тұнып тұрған?

Сағындым, сені қайдан жолықтырам?

Долы терек жынданып бұлданғанда,

«Сен бе – деп – еркелеген?» – қарап тұрам.


...Шипасын бұлдады ма бұл Жаратқан?

Кім екен жыр-бұлақтың көзін жапқан?

Құмарым қанар ма еді сусап жүрген,

Бусанып, буырқанып ағып жатсаң.


Нөсер-жыр, егізім ең маған серік,

Шарқ ұрып сені іздедім, қалмады ерік.

Ақ сағым алабұртып шақырғанда,

Кей сәтте өзің бе деп кетем еріп...


Ақынның өлең өнерін жанына серік еткен жан жүйесіндегі психологиялық тебіреністері-толғаныстары «Өлең» атты туындысында да поэтикалық өрілімдермен өрнектеліпті.

Ақынның өлеңдерінде («Сағындым», «Шағала ұшып, қаз қонған Қызылкөлім», «Қасиетті көлім, жабырқап әлі жатсың ба?», «Келді ме көктем, жаңартып қыр мен даланы», т.б.) лирикалық кейіпкердің жан ділі әлеміндегі туған жерге арналған перзенттік махаббат сезімі азаматтық парасат пайымы аясында жырланған. Лирикалық кейіпкердің туған жеріндегі мекендерді, ондағы табиғаттың құбылыстарын, желді, тауды, тасты, өзенді, гүлді, ауылындағы барлық көріністерді жан дүниесіне рухани серік еткен адамдарға ортақ көңіл-күйлерін жырлауына оқырман да ортақтасады:


...Сағындым туған елдің қыраттарын,

Сағындым ойнап аққан бұлақтарын.

Мұңайғанда ерке жел жұбатушы ед,

Жұбатушы ед, жатқанда жылап жаным.


...Шежіре біздің ауыл тастары да,

Тыңдасаң әрбір гүлі сыр айтатын.

Самсаған түнгі ауыл оттары да,

Кеудеңе үміт отын тұтататын.


Салтанаттың көптеген өлеңдері махаббат лирикасы сарынында жырланған. Махаббат лирикасы – сөз өнеріндегі ғасырлар бойы үздіксіз жырланып келе жатқан сезімнің сыршыл әлемі. Ақынның бұл саладағы өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің адамзат ұрпақтарына ортақ тағдырлы сырлары ( сағыну, өкіну, мұңаю, аңсау, болашаққа сенім, т.б.) психологиялық-поэтикалық көркем бейнелеулермен өрілген. Қыз бен жігіт, әйел мен еркек арасындағы адамзат тарихының алтын желісі болып келе жатқан қасиетті сезім болмысы ақын өлеңдеріндегі тебіреністермен танылады:


Жүрегімнен ұшырып ақ қанат өлең,

Өзің жазған хаттарды ақтара берем.

Қыз-ғұмырдың қызығы ерте үзіліп,

Махаббатымды бүгінге сақтаған екем...


... Өзің болып өріліп ақ армандарым,

Саған ғана арнадым сезімнің нәрін.

Елесіңе таңда кеп құшып, өбетін,

Әйтеуір бір келер деп көп қарайладым.


Ақынның өлеңдерінде («Қимас жандармен қоштасқан сәтте», т.б.) Жаратушының (Тәңірі-Алла-Құдай) құдіретіне мүнәжат ету ұстанымы айқын жырланған. Лирикалық кейіпкердің толғаныстарымен тіршіліктегі қиыншылықтарымен, тағдыр тауқыметтерімен бетпе-бет келген сәттердегі өршіл ойлы адамдарға ортақ ұстаным Тәңірінің құдіретіне мүнәжат етудің ұлағаты айрықша бағаланған.

Салтанаттың прозалық туындылары да бар. Ол туындыларының тақырыптық арқауында қаламгердің өзі өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік ортадағы өмір шындығының деректі көріністері баяндала отырып, автордың өзіндік көркемдік шешімімен түйінделеді. Қаламгердің шағын және орта көлемді әңгімелерінде өзінің туып-өскен отбасындағы, туған ауылындағы, орта және жоғары білім алған оқу орындарындағы адамдармен араласқан қарым-қатынастар жүйесіндегі тіршілік шындығы қамтылған. Әңгімелерінде де әр алуан мінезді адамдардың әлеуметтік-қоғамдық ортадағы тағдырларын, олардың жақсылық тұнған ұлағатты қасиеттерін, кейбіреулерінің түсініксіз мінез-құлық психологиясын баяндай әрі суреттей отырып оқырманды да ойлануға шақырады. Қаламгердің прозалық туындыларынан оның осы саладағы шығармашылық ізденістер жолындағы мұраты да байқалады. Қазіргі қазақ сөз өнерінің жалпыхалықтық кеңістігінде поэзиялық және прозалық шығармаларымен өзіндік шығармашылық ізденіс жолында келе жатқан Салтанат Сейділдақызының алдағы өзі мұрат тұтқан белестерге көтерілуі жолындағы ұстанымын оқырман ретінде мақұлдаймыз. Бұл орайда, Салтанаттың «Арман» атты өлеңіндегі лирикалық кейіпкері арқылы жырлаған жүрек сырының шындығына сенеміз:


Талпынсам қолым шыңдарға биік жетер ме?

Қайығым жалғыз толқыннан асау өтер ме?

Барамын сыймай, япырмау, мынау дүниеге,

Арманым менің жүректе сөніп кетер ме?


...Дүние мәңгі, түбіне оның жетер ме?

Бақытым әлде алысқа шырқап кетер ме?

Сезімім менің салмаса екен азапқа,

Жүрегім жалғыз бәріне төзім етер ме?


Осы орайда, Айдарбекованың айшықты өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

Өкпем жоқ менің

Өкпем жоқ менің

Тағдырдың тоғыспағанына,

Тәңірдің қоспағанына,

Телегей теңіздей болды

Тұңғиық тостағанына

Тамбаған жастарым мына.

Өкпем жоқ менің,

Мезгілсіз көктемімбісің,

Мұнартқан көк білімбісің?

Мұңайтты миллион ойлар,

Мың мәрте сөккенім үшін

Мүлт кеткен өткенім үшін,

Өкпем жоқ менің.

Ғажайып күзгі бақтарда

Ғашықтар мұңы жатқан ба?

Ғаламат есімің қалды

Ғайыптан жоғалтқанымда,

Ғұмырымның парақтарында.


САҒЫНЫШ

Мен сенімен қоштастым,

Дейсің бе бұл жалған мәңгілік.

Жолыңды ешқашан тоспаспын

Деймін де тұрамын сағынып.


Мендегі адасқан ақ сезім,

Қариды өн бойды салып шоқ.

Күтеді таусылмай бұл төзім,

Кездесіп қалар деп кездейсоқ.


Жасыма, көңілім, күрсінбе,

Жігерлен мендегі ерен ой.

Өзіңді бір сынау үшін де,

Осылай қоштасу керек қой


БІР ӘДЕМІ БАҚЫТТАН КЕШІГІППІН

Сананы улап жатқандай есірік мұң,

Бақтың да соры барын кеш ұғыппын.

Керуеніне кешіккен жолаушыдай

Бір әдемі бақыттан кешігіппін...


Кешіктім, бәлкім содан жалғыздығым,

Алданышым-жұбатар жалғыз жырым.

Менің тылсым әлемім, ақ дүнием,

Жұбатумен келеді жалғыздығын...


ӨЛЕҢ

Қимастық қап құстардың қанатында

Барады зеңгір көкте қаздар қайтып,

Қазасына жырсыз өткен күндердің,

Отырмын көңіл айтып...


Түн баласы шыққанда кірпік ілмей,

Қыл көпірден білмеймін нені іздедім?

Жалғанына Тәңірдің ғашық еткен,

О, Муза, өзің бе едің?..


Сарқып ішіп бұл күндер тағатымды,

Арып-ашып жол шексе көңілде мұң.

Өлең үшін кешірші, о, тыныштық,

Мен сені жерлегенмін...


Айкезбедей отырмын айды бағып,

Көңіл сынық һәм жаралы жүрегім.

Шыңыраудан шырылдап шырын тартқан

Өлең, сенсіз кім едім?..


Есеюге асыққам бір кездері

Уақыт бәрін білдім бе тонайтынын?

Жырсыз үлдір үмітім үзілердей

Іңірде жылайтынмын...


Күрсінісін баса алмай тылсым шақтың,

Дәру іздеп өлеңнен мұңды құштым.

Ой мүжіген мезеттің балын сарқып,

Запырын уын іштім...


Тағдырымның көшінде керуен тартқан,

Өлеңімнің биікті ет әз тұғырын.

Өтемі жоқ күндердің өтеуі үшін

Жетер ме бар ғұмырым.


СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

Күйреп тұрсам да күлетінімді,

Күлімдеп тұрып күйінетінімді,

Жімле ғаламға паш етсем деймін,

Ғұмырда шексіз сүйетінімді.

Сіз білесіз бе?


Тынық түнде де жабығатынымды,

Мұңымнан алқа тағынатынымды,

Сығымдап жасын қарашығымның,

Әлі де талай сағынатынымды

Сіз білесіз бе?


Жаныма мүлде келмейтініңді,

Жоқтығыңа еш сенбейтінімді,

Жек көре тұра тағдырды мына,

Әлі де талай іздейтінімді

Сіз білесіз бе?


Шытырман ойға шырмалатынымды,

Өзің деп қана жыр жазатынымды,

Өзге жан түгіл өзімнен кейде

Өлердей сізді қызғанатынымды

Сіз білесіз бе?


ЕСКЕРТКІШ

Білесіз бе?

Мені бұл қыс жұбатпады...

Жылай-жылай шерлі күз жырақтады.

Ақ түтегін ақпанның несін күтем?

Көктемнің елітпейді мият бағы.


Тағдырыма тартқандай тосын қайғы,

Өлді дей ме?

Кім шығарған осындайды?

Екеуміз геометриялық құбылыспыз,

Параллель еш түзулер қосылмайды...


Білемін,

Құсалық та бір күн өтер,

Ұлып тұрса көкірек...

Бәрі бекер.

Біз екеуміз ай мен күн аспандағы,

Кездеспей,

Қауыша алмай іздеп өтер.


Білмедім,

Жазам осы несіне өлең?

Демеймін ақындардың көшіне ерем.

Мен үшін мына әлемнің өзіндейсіз,

Сіз үшін күнәдан пәк періштең ем...


Тағдыр осы,

Көн мейлі,

Көнбе мейлі.

Жетім уақыт жарамды емдемейді.

Зиратыңның басында тағы отырмын

Қысыр сөзге қымсынбай...

Ел не дейді?


Құйын жел,

Құба жондар, қара маған!

Кеткендер білем-білем,

Оралмаған.

Сағаты тіршіліктің тоқтағанда,

Түбінде әйтеуір бір тауып алам.

Ей, өмір!

Мойныңды бұр,

Қара маған,

Өлеңнен бір ескерткіш орнатайын,

Сосын мен де біржола ғайып болам...


МҰҚАҒАЛИҒА

45 жылдың көктемі,

Өр өлең болып көктеді.

Күрсініп қалды Қарасаз,

Өмірге өкпең көп пе еді?

Қазбауыр бұлтпен жарысқан,

Ақиық едің көктегі.

Арыны қатты арғы атаң,

Райымбек сынды текті еді.

Найзағай болып жарқ еттің,

Қоңыраулатып бөктерді.

Сағыныштан сарғайды

Саржайлауыңның бөктері.

Жетімкөл қалды мөлтілдеп,

Мұзбалағы ең көктегі.


Жылай да қайтқан өмірдің

Базарынан сері едің.

Сарыала қаз оралды,

Бірақ та сен келмедің.

Қарлығашың келді , әне,

Көктемнің шырқап өлеңін.

Сен таулық едің, тау тұлға,

Тартады өрге өр елің.

Қариялар кетті азайып,

Жастықтың таппай бір емін.

Отыздан асып барамын,

Арналсын саған өлеңім.

Артынан жүрмін қарайлап,

Келмеске кеткен кеменің.


Жүрегің сенің жанартау,

Аз ғұмыр толы сергелдең.

Елің барда сен барсың,

Еліңе жырың дем берген.

Өмір сүресің алмасып,

Ақ қайың болып тербелген.

Анау-аспан, мынау-бақ,

Замандасыңдай көз көрген.

Шәмілге жазған хаттарың,

Ақ махаббатқа шөлдеген.

Құрдасы келер заманның,

Өзгеге сені тең көрмен.

Абай жаққан бір сәуле,

Сөнбейтіндігіне ел сенген.


МӘҢГІЛІК ЕЛ

Бодандықтың қыл шылбырын үзген күн,

Көк байрақты желбірете тізген күн.

Азаттықтың қанмен келген жеңісін,

Жасың парлап, жүрек тулап сезген күн.


Осы күнде талай тарих таңы бар,

Кешегі өткен ер Кейкінің қаны бар.

Бассыз жатқан Махамбеттің намысы,

Бассыз қалған хан Кененің зары бар.


Қудалауда мың сан жұлдыз сөнген күн,

Ахмет, Мағжан, Жүсіпбекті көмген күн.

Үш миллион аштан өлген қазақтың,

Өтеуіне Тәңір қолдап келген күн.


Осы күнде аналардың зары бар,

Әлия, Мәншүк көрмей кеткен таңы бар.

Тәуелсіздік-сан боздақтың көз жасы,

Босқан жұрттың сағынышты әні бар.


Әлиханның ақ арманы болған күн,

Желтоқсанда Қайрат, Ләззат солған күн.

Шәкәрімнің бір-ақ оқтық тағдыры,

Бауыржанның ерлігіндей арман күн.


Езгі күнге есем кетіп жатқанмын,

Бүгін міне, тарлан таңым атқан күн.

Тілі, ділі, діні, ғұрпы сақталған,

Ұрпағы - мен Көк Түрік, Ғұн, Сақтардың.


Тарғыл таңба сүрлеуімді ақтардым,

Азаттық деп тоналдым да, тапталдым.

Қазақ болып мың өліп, мың тіріліп,

Тарихымды ұмытуға шақ қалдым.


Арманы едің сол бір зұлмат шақтардың,

О, азаттық, әр жүректе жатталдың,

Елдігіңді мәңгі жырлау үшін де,

Тарихыңда «Мәңгілік ел» атты алдың.


САҒЫНЫШ

Тізіліп көкте тырна тізбегі,

Бүр жарып ағаш, өрік гүлдеді.

Көктеммен бірге келер деген ем,

Жүрегі құрғыр кімді іздеді?..


Естіліп әуен құба талдан мың,

Дәл сендей мені жылата алған кім?

Мына әлем түгел сыңсып тұрғандай,

Өзімді өзім жұбата алмадым...


Бейдауа дерттен арылам қалай?

Өлеңіме әлі мұң шағам талай.

Жалғаннан мынау жеріп кеткенде,

Кеткім келеді өзіңе қарай.

Сағынта алмаған дәл сендей ешкім,

Түсімде бірге, өңімде елессің.

Басыңда сенің аят оқимын,

Дегенімменен енді келмеспін...


Санадым ұлық ғазиз басыңды,

Сен десе көңіл Нілдей тасыды.

Үнсіз егіліп, тұрмын құшақтап,

Ақ жаңбыр сүйген құлпытасыңды...


Тіріден жылу таппаған кеудем,

Шағынып саған ақталады өлең.

Дамылдар бір күн, мәңгілік не бар?

Ақ махаббатын сақтаған кеудем.


КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР СӘТТЕРІ

Сыр беріп жүйкем, тырысып шекем, келеді арқам құрыстап,

Шайтан желменен долы теректер шайқайды басын жыны ұстап.

Тарыдай әлем сыйдыра алмаса қауызына біздерді,

Жалғанның уын мен-ақ жұтайын өшім қалғандай уыстап...


Жылына алмай жаурады жаным шуағына мына көктемнің,

Сыза алмай жүрмін санадан бірақ елесін тәтті өткеннің.

Мұнар мұң басқан жалғыздығымның сәулесін бір күн жағам деп,

Бейкүнә жырым дертті жүректің жыртығын жамап, сөккен мың.


Ұмытқым келген...

Ұмытып бәрін жылытқым келген жанымды,

Тұрлаусыз тағдыр, сақ-сақ күледі сындырмақ болып сағымды.

Болады қандай сағыныш түсі, сары ма әлде ақ па екен?

Аппақ әлемім, сарытап болған жұмыр ет менде сағынды...


Ішінде жүрмін тұманды ойлардың, мең-зең күйде адасып,

Алапат дерттің мендегі күйімен жатқан кім бар санасып?

Тәңірдің сыйын құлаштай қысып ұстай алмаған бейбақпын,

Мендегі көңіл ынтызар мұңлық, мендегі іңкәр қарашық...


Отқа орап кеткен өкінішімнің тыртығы қалған маңдайға,

Сақы көңілмен Тәңірім бір күн өзіңді қайта жазбайды, ә?

Толассыз өмір күресінінде шейіт боп кетсем егер мен,

Бұл тағдырымның тақтайшасына атыңды жазсам болмай ма?..


***

Өзімді-өзім қаншама алдаған да шығармын,

Жұбатумен жеңілдеп қалса жақсы мұнар мұң.

Тағдыр дейтін тарпаңның сан сүрініп сынына,

Сынып кетпей қатайған мен таудағы шынармын.


Сызат түсіп сенімге, көңілімде дақ қалған,

Талай мәрте көз қысып, алдап кетті тәтті арман.

Саған деген іңкәрлік азат еткен наладан,

Кездерімде құздардан құлауыма шақ қалған.


Қабағымнан қаңтардың желі есіп, бұлт көшкен,

Ұмытты ғой деймісің, шығарғам жоқ сені естен.

Кінәлаумен келемін тамыз таңын сол күнгі,

Жүрегімнен үзіп ап, шаттығымды ап кеткен.


Кеше алмаймын көктемді мына сенсіз оралған,

Ада едік қой күнәдан, аттамадық біз ардан.

Саған деген өлшеусіз махаббатым үшін де,

Қараласын, мейлі, жұрт шыққанынша құмардан.


Кімге барып мұң шағып, кімге барып ақталам?

Күңгірт тартты дүние, өзің жоқта жат ғалам.

Ұйқың неткен қатты еді, көктем келді, тұрсаңшы,

Ақ қайыңдар оянды жапырағын таптаған.


***

Білемін...

Сезем...

Оңай емес қой саған да,

Үнсіз ұғындық.

Артып тұр содан бағаң да.

Түйіле бермей бір өксік келіп тамаққа,

Жақсы екен кейде өкіріп жылап алған да...


Мән іздеп жүріп,

Баянсыз өткен әр күннен,

Құр аттай желіп өтеді екен бұл дәурен.

Жалғыздығымның есесін сенен алуға,

Жаныңа сенің шағынып тағы келдім мен.


Толқынды шашым таралып тентек желменен,

Қайда сол күндер?

Кеудені шаттық кернеген.

Сенбей де кеттім армандарыма ақ құба,

Күйік екен-ау, сүйе тұра да сүймеген...


Білемін...

Сезем...

Оңай емес қой саған да,

Жылуға зәру мен түгіл мынау қоғам да.

Бақыт жайлы жыр оқып берем бір күні,

Тұнжыр көңілдің жоғалтқан кілтін табам да...


***

Сейілсін күмән,

Төгілсін кінәм,

Тау бұлағына жуынайыншы,

Айқара ашып тәнімді...

Құшаққа алып,

Өртеніп жанып,

Өмірге мынау қайта алып келші,

Тулатып бойда қанымды.


Дірілдеп денем,

Алдыңа келем,

Күн көзінен де жасырғын мені,

Не десе елдер о десін.

Жалғыздығымның,

Ессіз мұңымның,

Парағын жыртып кеудемнен,

Берейін жүрек уәдесін.


Мархабатыңды,

Махаббатыңды,

Мейіріміңді, пейіліңді аппақ

Дәлелдейтін келді күн...

Туғанда айым,

Нұрланайын,

Түлейінші ақ қарға мынау,

Кірбіңнің серпіп түндігін...


Зарыққанымда,

Тарыққанымда,

Арқа сүйейтін мызғымас қамал,

Қорғаным болсаң не етеді?

Ғазиз жырымның,

Мың бір түнімнің,

Тайқып өткенше жанардан жалған,

Иесі болсаң жетеді...


***

Соқпақты жолда жүрген шығарсыз,

Жүздеспей кетсек не шара?

Тағатсыз күткен үмітім арсыз,

Жанарым жолда талса да...


Жабыққан сәтте еркімді алар,

Өлең де, хат та жазбашы.

Сәмбі тал сынды күзде тоналар,

Сезімнің бәрі алдамшы...


Демеймін сізге үмітімді ақта,

Келмедің деп те сөкпеймін.

Кездесе көрме беймезгіл шақта,

Кешір, енді күтпеймін...


***

Қажыдым, білем, шаршадым,

Тас қала мені жауратты.

Жанымды ұғар басқа кім?

Өлеңнен өзге қалмапты...


Қарайлай берем несіне?

Дүние салды сарсаңға.

Ілеспей керуен көшіне,

Құдайға кетіп қалсам ба?..


Шытынап төзім әйнегі,

Сетінеп жібі сезімнің.

Құрғамады ғой, әй, тегі,

Сорасы қара көзімнің.


Сағынтып өткен сан жылдар,

Сарыла күткен шақтарым.

Бәрің де артта қалдыңдар,

Біріңнен опа таппадым.


Ұрлады уақыт аяусыз,

Қимасым менен барымды.

Жүрегім – жыртық, көңіл – сыз,

Бармақтай жандыр бағымды!


***

Сенің тайқы маңдайыңның жазылмаған бағы едім,

Көп ішінде бөлек жортқан сен де арлан, тағы едің.

Көңіл сынды, үміт сөнді, шытынады әлемім,

Өзім қолдан жасап алған қыңыр мінез әлегім.


Сенің күңгірт аспаныңда жарық шашқан күн едім,

Менің қойын дәптерімнің жаспен жазған жыры едің.

Сен мен үшін әлем едің, жалғыздығымды ұмытқам,

Тағатсыздау тағдырыңның ерте солған гүлі едім.


Өзге аруға қаратпайтын жанарыңның нұры едім,

Жанартаудай буырқанған сезімімнің құлы едің.

Түйір баққа масаттандық, бәлкім содан кінәміз?

Сәулең едім көңіліңнің серпіп ашқан түнегін.


Жүрегімнің жанға ашпаған ұялшақтау сыры едің,

Құлазыған бұл көңілдің таптым сенен бір емін.

Мен сен үшін жаза алмаған бір әдемі дастан ем,

Бүгін кімсің, неге өзгердік, кеше ғана кім едің?!.


Бақ пен сордың арасында мен де саған күйікпін,

Күн мен түннің арасында сен де маған күйіксің.

Жағылмаса бір шырағым уайым шекпе мен үшін,

Сынып кетпей сен аман бол, сен аман бол, сүйіктім...


***

Кездесулерден,

Сөйлесулерден,

Түңіліп түнде баз кешулерден

Жабықтым!


Алданудан да,

Арбалудан да,

Нәпсіден тілсіз қорғанудан да

Жалықтым!


Мейірім жетпей,

Жылы сөз күтпей,

Уақытым өтпей аш құрсақ күйде

Тарықтым!


Сүйіп қалудың,

От боп жанудың,

Сеніп қалудың мехнатын, сірә,

Жаңа ұқтым!


Тілдесе алмай,

Жүздесе алмай,

Ғұмырды жалғыз бір кеше алмай

Зарықтым!


Көңілсіз бақта,

Беймезгіл уақта,

Ұйқысыз шақта жек көргем сені,

Тамұқ түн!


Кенезем кеуіп,

Құр сүлдем кезіп,

Тағдырға көніп шаршадым, білем,

Тағы ұқтым!


Шарпыды жалын,

Босаттым бәрін,

Кешірдім, кештім, ақ парақ ашшы,

Жарық күн!


***

Бір кездері кеткенмін бәрін қиып,

Жанарыма мұң тұнған жасымды үйіп.

Алай-дүлей күй кешкем, жаным мұздап,

Делқұлыдай мең-зең боп, тәнім күйіп.


Содан бері жаз өтті, күз де өтті,

Құлазыған көңілді кім демепті?

Алақұйын күндердің дүрмегінен

Іштей сені жұмыр ет сан іздетті.


Салғанда иығыма тағдыр салмақ,

Көкейде құмығады бір күй маздап.

Кірпігімнен үзілген сағынышты

Отырмын өлең қылып, өзіңе арнап.


Тоналған ғұмыр көште бақытым да,

Содан болар беймәлім бағытым да.

Баз біреуге көлгірсіп мұң шақпаймын,

Өлең болып жұбанар жақұтым да.


Өксі көңіл, боз боран жыла, жаным,

Бар сыйын тағдырымның құп аламын.

Тереземді тамшы ұрса түн баласы,

Келіп тұрған сен бе деп қуанамын.


Солай, солай, арнамыз қосылмаған,

Іздейді екен досын да, қасын да адам.

Иілмейтін кеудеңді иілдіріп,

Бір ғаламат бақ сыйла тосын маған!


Сезем, сен де сағынып мүжілесің,

Мен едім ғой жалғанда бір үлесің.

Күрмеуі шешілгенде тіршіліктің,

Білемін, түбі маған бір келесің!


***

Шымқала.

Аэропорт.

Жол ұзақ,

Бір шаттық тұнғандай көзіме.

Жат қала.

Жат мекен қызық-ақ,

Бір тылсым тартады өзіне.


Ұшақтың қанаты дірілдеп,

Селкілдей қозғалды орнынан.

«Күт мені!» – дедім де күбірлеп,

Қалықтап әкетті ақ арман.


Төменде көк теңіз қол бұлғап,

Асқар тау иеді бастарын.

Ақ бұлттан өзгеше жыр саулап,

Қанатсыз самғатты қас-қағым.


Құшағын жайғандай Сарыарқа,

Жып-жылы жымия қарсы алды.

Сәт еді қауышқан тамаша,

Ділімде айтылмай не қалды?


Сұп-сұлу керілген паң дала,

Куәгер болды ма бізге осы?

Тым суық болса да сол қала,

Жаныма тым ыстық неге осы?


Ұшпайды ұшақтар ол жаққа...

Картадан сол бақты іздеймін.

Бұл күнде сен жоқсың ол жақта,

Мен несін сағынам?


***

Қар басты даланы аппақ,

Көңілге сағыныш тұнған.

Тағы да аямадық-ау,

Жанарды жасымен жуған.


Іңкәр ем ғұмырда жалғыз,

Аппақ ет сезімім қардай.

Түсіме күнде енесің,

Жырақтап кеткенім аздай.


Күйігім жетер басыма,

Бұл күнде тұлдыр жүрегім.

Мен үшін тілек тілеймісің

Үміттің үзбей күдерін?


Ескірген естеліктерім

Санама тыртығын тастап.

Мен сені кінәламаймын,

Қар басты даланы аппақ...


СІЗ ҚАЙДА ЖҮРСІЗ?

Жанарымнан тамшы жас сорғалатқанда,

Бір тұтам күн айналып, зорға батқанда.

Түн баласы айқаспай найза кірпіктер,

Бір жарық сәуле сазарып зорға атқанда,

Сіз қайда жүрсіз?


Теперіш көріп жүргенде тағдырдан асау,

Дос деп сенгенім салғанда аяққа тұсау,

Айыра алмай арасын бақ пенен сордың,

Оңай дейсіз бе бақытты қолыңмен жасау?

Сіз қайда жүрсіз?


Езуде күлкі, қабақты мұң басқан сәтте,

Өтірік күліп, өзгемен сырласқан сәтте,

Өзіңді алдап тағы да ішіңнен тынып,

Үміт пен күдік алысып арбасқан сәтте,

Сіз қайда жүрсіз?


Қасқа маңдайым тасқа сан ұрылған шақта,

Жалғыздығыммен бақта сан қыдырған шақта,

Бақыттымын деп жар салып ғаламға мынау,

Армандар өліп, сенімдер суалған шақта,

Сіз қайда жүрсіз?


Кірлеген көңіл кірбіңін қалай шаямын?

Сыздауық жара ішімде, қалай жоямын?

Іздеген сәтте жанымнан табылмасаңыз,

Бейсауыт келме, есігім ашпай қоямын...

Сіз қайда жүрсіз?..


***

Тағдыр дерміз тоғыспаса жолымыз,

Сәттер қанша жазылмаған маңдайға.

Кездесу де бәлкім біздің сорымыз,

Бал еріннің дәмі қалды таңдайда.


Сызы қалды көкейімде көктемнің,

Жанарымда бейнең қалды тым ыстық.

Елесіне елтіп кейде өткеннің,

Мазалайды бір сағыныш, қимастық.


Құлағымда үнің қалды жатталған,

Сыңсиды әні жүректердің жаралы.

Аямадық сезімдерді тапталған,

Бұл махаббат қосылмаумен бағалы...


Албырт шақтың түсіне алған құнын кім?

Қу тірлік-ай салып қойған күйбеңге...

Шаштарымда исі қалды шылымның,

Далабымның ізі қалды жейдеңде...


АҚ БОТА

Биыл көктемде боталаған аруана өз ботасынан өзі жеріді. Алдына келсе жынын шашып, артынан келсе ойқастай теуіп, садақ жебесіндей танауын көкке шанши тепсініп, жұлқына тулағанда түбіт жүні ақ мамықтай бұрқыраған, тостағандай жанары тұп-тұнық, мына өмір деп аталатын тіршіліктен титтей де хабары жоқ, бар білері енесінің бауырына тығылып, тұмсығын аппақ сүтке тигізуді ғана көздеген ақ бота кейде енесінің шатқаяқтап тепкеніне де қарамастан, тыриған күйі сояудай сойдақ сирақтарын зорға жинап, алға қарай итіне түседі. Жарық әлемдегі жалғыз жарылқаушысы сол енесінің тырсиған желіні ғана екенін сезеді бұл. Жабағы жүні жалбырап, толық түлеп бітпеген нар осы бір аппақ ботасын көргенде неге жын көргендей құтырынып, тепсініп шыға келетінін өзі де түсінбейді.

Желідегі боталарды біртіндеп босатып жатып, кезек ақ ботаға келгенде шелегін білегіне қысқан Кәмеш біраз тұрып қалды. Ботасын қанша алдына көлденең қойса да мейірімі түспеген аруанаға бұл да іштей аң-таң. Іркес-тіркес бағандарға байланған қоңырқай жүнді түйелердің арасынан ақ шаңқан мына бота бірден көзге ұрады. Осыған дейін мұндай аппақ бота қораларында болмаған Кәмеш осы дәу де болса аппақ болғаны үшін енесі алмай қойды ма екен деген ішкі пәлсапасына тоқтаған. Көптің ішінде алабөтен ерекше болып, көзге бірден көріну де осыншама қиын екен-ау деп ойлады ол...

Құндақтаулы кезінде жетімханаға түскен Ақботаны әуелгіде көргендер тамсана бетіне үңілген. Айға жетер-жетпес қана шақалақтың танадай көзі жәудіреп, жұдырықтай ғана аппақ жүзі балбырап, жас ботаның кірпіктері іспетті найза кірпіктері қайқиып, құдды бір перінің нәрсетесіндей, алақандай жанары болар-болмас қана жабылып, тәтті бір ұйқының құшағында, бала құсап жыламайтын да еді. Тек құндағын жазғанда ғана мән-жайды ұққан бұлар ауыр күрсінуден ары аса алмады. Жаратқанның құдіретіне шек жоқ екен-ау, бейкүнә періштенің тастанды болуына себеп болған оның бір аяқ, бір қолының екіншісінен қысқа, кемтерлығы екен. Сәби жүзіне асқан сұлулықты берген құдай аяқ – қолына келгенде неге сараңдық танытқанын ешкім дөп басып айта алмас, сірә! Құжаты да жоқ сәбидің «Ақбота» аталуы да сол үріп ауызға салғандай уыз бейнесі мен ботадай мөлдіреген нәркес жанары еді. Сол Ақбота биыл жетіге аяқ басты. Көп балалардан санасы сұңғыла қыздың сыртқы болмысы ғана емес, ішкі жан дүниесі де ерекше-тін. Алғашқыда кем біткен аяқ-қолын өседі деп ойлайтын ол, уақыт өте келе дене тұрқы, бойы өссе де сол жақ қолы мен аяғының бұрынғыдан да қысқарып бара жатқандығын, өзінің осынау болмысы үшін де анасының бұдан бас тартқанын іштей сезеді, сезе тұра әйтеуір бір күні іздеп келіп, мұны ертіп алып кетеріне неге екенін білмейді, құртақандай жүрегі сенеді. Оның ойынша, анасы әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең ақылды ана! Тек уақыты болмай жүр... иә, ол өзін осылай жұбатады және солай боларын бар ықыласымен қалайды.

Ақботаның бос уақытындағы бар ермегі – бақтың бұрышындағы елеусіздеу бір ескі орындыққа отырып алып, ағыл-тегіл жүйткіген көліктер мен баласын жетектеген көше әйелдеріне телміре қарап отыру. Сол дүрмектің ішінен өзінің анасын күту. Оның кішкентай ғана жүрегі өмірдегі жақсылық атаулының бәріне сенеді. Айналасындағылардың бәрін де жақсы көреді. Тіпті, қыңқ еткен дыбысы үшін шандыр құйрықтан аямай шапалағын шарт еткізер әнебір қызыл бет, бұғы мойын, семіз тәрбиешіні де жақсы көреді. Ол ол ма, тәрелкесіне қасықпен санап ас құйып беретін безеу бет, сығыр көз, борсық бөксе ас таратушыны да жақсы көреді. Мұның кемістігін бетіне басып мазақтап, қысқа қолы мен аяғын реті келсе шымшып қашуға дайын сепкіл бет, көк көзді Коляны да жек көрмейді екен. Өзінің осы болмысына бала жүрегі қанша көндіккенімен, бәлкім өсетін шығар деген сынық үміті де үзіле қойған жоқ. Ең болмаса біреуі өссе... аяғым өссе де болар еді деп ойлады Ақбота. Сонда өзі құралпы балалармен асыр сала жүгіре алар еді... тек қысқа демесе қолы мен аяғында да жан бар, қимылдайды, тіпті сол қысқа қолдарымен сурет те сала алады. Оң қолы тіпті икемді, жазулары қандай, сабағында мұғалім үнемі мұны мақтайды. Сондайда тәмпіш танауынан тер шығып, аппақ жүзіне қызыл арай жүгіріп, «анашыма хат жазсам ба екен?» деп те ойлайды. Бәлкім ол мұны шарқ ұрып іздеп, таппай жүрген шығар? Әйтеуір Ақботаның кішкентай жүрегінде анаға деген үлкен махаббат бар.

Көктемге салым ақ інген үшінші мәрте боталады. Бошалап кетпесін деп Кәмеш жыңғылмен қоршалған, төбесі ашық кең албарға қамап, алдына жантақ тастаған. Арагідік сонадайдан ғана көз салғаны болмаса жанына жақын бармайды. Түйе деген жануар жаратылысынан аса қызғаншақ, жақын келген жанды байқаса ботасын қызғанып, аузынан ақ көбігін шашып, мінез көрсететіні бар. Жаңа туған бота тым әлсіз әрі ебедейсіз, қобыздай иір мойындарын көтере алмайтын тым нәзік, қашан аяққа тұрып, енесін өзі барып емуге жарағанша осылай жеке бөліп қарасаң, екі-үш күннен соң барып түбіт жүндері үлпілдеп шыға келер сүйкімді болады өздері. Әлден уақытта ақ інгеннің боздаған дауысы ерекше естілгені сол Кәмеш албарға жақын келіп, жыңғылдар арасына сығалап қарағаны сол еді, таң-тамаша көрініске қайран қалды. Екі жыл боталаған ақ інгеннің алдыңғы боталары құдды өзі секілді аппақ болатын. Бұл жолы да солай боларына кәміл сенген Кәмеш қою қоңыр түсті жас төлін айналып жүрген інгенді көрді. Өз енесі секілді ботасынан жеріп кетер ме екен деп ойлаған Кәмештің әуелгіде күдіктенгені бекер болды. Інген ботасын емірене емізіп жатыр екен.

Биыл Ақбота мектеп бітірмек. Сол бойы анасы бұған келмеді. Түсіне арагідік аппақ жетім бота кіреді... Ақ бота.

Биыл көктемде боталаған аруана өз ботасынан өзі жеріді. Алдына келсе жынын шашып, артынан келсе ойқастай теуіп, садақ жебесіндей танауын көкке шанши тепсініп, жұлқына тулағанда түбіт жүні ақ мамықтай бұрқыраған, тостағандай жанары тұп-тұнық, мына өмір деп аталатын тіршіліктен титтей де хабары жоқ, бар білері енесінің бауырына тығылып, тұмсығын аппақ сүтке тигізуді ғана көздеген ақ бота кейде енесінің шатқаяқтап тепкеніне де қарамастан, тыриған күйі сояудай сойдақ сирақтарын зорға жинап, алға қарай итіне түседі. Жарық әлемдегі жалғыз жарылқаушысы сол енесінің тырсиған желіні ғана екенін сезеді бұл. Жабағы жүні жалбырап, толық түлеп бітпеген нар осы бір аппақ ботасын көргенде неге жын көргендей құтырынып, тепсініп шыға келетінін өзі де түсінбейді.

Желідегі боталарды біртіндеп босатып жатып, кезек ақ ботаға келгенде шелегін білегіне қысқан Кәмеш біраз тұрып қалды. Ботасын қанша алдына көлденең қойса да мейірімі түспеген аруанаға бұл да іштей аң-таң. Іркес-тіркес бағандарға байланған қоңырқай жүнді түйелердің арасынан ақ шаңқан мына бота бірден көзге ұрады. Осыған дейін мұндай аппақ бота қораларында болмаған Кәмеш осы дәу де болса аппақ болғаны үшін енесі алмай қойды ма екен деген ішкі пәлсапасына тоқтаған. Көптің ішінде алабөтен ерекше болып, көзге бірден көріну де осыншама қиын екен-ау деп ойлады ол...

Құндақтаулы кезінде жетімханаға түскен Ақботаны әуелгіде көргендер тамсана бетіне үңілген. Айға жетер-жетпес қана шақалақтың танадай көзі жәудіреп, жұдырықтай ғана аппақ жүзі балбырап, жас ботаның кірпіктері іспетті найза кірпіктері қайқиып, құдды бір перінің нәрсетесіндей, алақандай жанары болар-болмас қана жабылып, тәтті бір ұйқының құшағында, бала құсап жыламайтын да еді. Тек құндағын жазғанда ғана мән-жайды ұққан бұлар ауыр күрсінуден ары аса алмады. Жаратқанның құдіретіне шек жоқ екен-ау, бейкүнә періштенің тастанды болуына себеп болған оның бір аяқ, бір қолының екіншісінен қысқа, кемтерлығы екен. Сәби жүзіне асқан сұлулықты берген құдай аяқ – қолына келгенде неге сараңдық танытқанын ешкім дөп басып айта алмас, сірә! Құжаты да жоқ сәбидің «Ақбота» аталуы да сол үріп ауызға салғандай уыз бейнесі мен ботадай мөлдіреген нәркес жанары еді. Сол Ақбота биыл жетіге аяқ басты. Көп балалардан санасы сұңғыла қыздың сыртқы болмысы ғана емес, ішкі жан дүниесі де ерекше-тін. Алғашқыда кем біткен аяқ-қолын өседі деп ойлайтын ол, уақыт өте келе дене тұрқы, бойы өссе де сол жақ қолы мен аяғының бұрынғыдан да қысқарып бара жатқандығын, өзінің осынау болмысы үшін де анасының бұдан бас тартқанын іштей сезеді, сезе тұра әйтеуір бір күні іздеп келіп, мұны ертіп алып кетеріне неге екенін білмейді, құртақандай жүрегі сенеді. Оның ойынша, анасы әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең ақылды ана! Тек уақыты болмай жүр... иә, ол өзін осылай жұбатады және солай боларын бар ықыласымен қалайды.

Ақботаның бос уақытындағы бар ермегі – бақтың бұрышындағы елеусіздеу бір ескі орындыққа отырып алып, ағыл-тегіл жүйткіген көліктер мен баласын жетектеген көше әйелдеріне телміре қарап отыру. Сол дүрмектің ішінен өзінің анасын күту. Оның кішкентай ғана жүрегі өмірдегі жақсылық атаулының бәріне сенеді. Айналасындағылардың бәрін де жақсы көреді. Тіпті, қыңқ еткен дыбысы үшін шандыр құйрықтан аямай шапалағын шарт еткізер әнебір қызыл бет, бұғы мойын, семіз тәрбиешіні де жақсы көреді. Ол ол ма, тәрелкесіне қасықпен санап ас құйып беретін безеу бет, сығыр көз, борсық бөксе ас таратушыны да жақсы көреді. Мұның кемістігін бетіне басып мазақтап, қысқа қолы мен аяғын реті келсе шымшып қашуға дайын сепкіл бет, көк көзді Коляны да жек көрмейді екен. Өзінің осы болмысына бала жүрегі қанша көндіккенімен, бәлкім өсетін шығар деген сынық үміті де үзіле қойған жоқ. Ең болмаса біреуі өссе... аяғым өссе де болар еді деп ойлады Ақбота. Сонда өзі құралпы балалармен асыр сала жүгіре алар еді... тек қысқа демесе қолы мен аяғында да жан бар, қимылдайды, тіпті сол қысқа қолдарымен сурет те сала алады. Оң қолы тіпті икемді, жазулары қандай, сабағында мұғалім үнемі мұны мақтайды. Сондайда тәмпіш танауынан тер шығып, аппақ жүзіне қызыл арай жүгіріп, «анашыма хат жазсам ба екен?» деп те ойлайды. Бәлкім ол мұны шарқ ұрып іздеп, таппай жүрген шығар? Әйтеуір Ақботаның кішкентай жүрегінде анаға деген үлкен махаббат бар.

Көктемге салым ақ інген үшінші мәрте боталады. Бошалап кетпесін деп Кәмеш жыңғылмен қоршалған, төбесі ашық кең албарға қамап, алдына жантақ тастаған. Арагідік сонадайдан ғана көз салғаны болмаса жанына жақын бармайды. Түйе деген жануар жаратылысынан аса қызғаншақ, жақын келген жанды байқаса ботасын қызғанып, аузынан ақ көбігін шашып, мінез көрсететіні бар. Жаңа туған бота тым әлсіз әрі ебедейсіз, қобыздай иір мойындарын көтере алмайтын тым нәзік, қашан аяққа тұрып, енесін өзі барып емуге жарағанша осылай жеке бөліп қарасаң, екі-үш күннен соң барып түбіт жүндері үлпілдеп шыға келер сүйкімді болады өздері. Әлден уақытта ақ інгеннің боздаған дауысы ерекше естілгені сол Кәмеш албарға жақын келіп, жыңғылдар арасына сығалап қарағаны сол еді, таң-тамаша көрініске қайран қалды. Екі жыл боталаған ақ інгеннің алдыңғы боталары құдды өзі секілді аппақ болатын. Бұл жолы да солай боларына кәміл сенген Кәмеш қою қоңыр түсті жас төлін айналып жүрген інгенді көрді. Өз енесі секілді ботасынан жеріп кетер ме екен деп ойлаған Кәмештің әуелгіде күдіктенгені бекер болды. Інген ботасын емірене емізіп жатыр екен.

Биыл Ақбота мектеп бітірмек. Сол бойы анасы бұған келмеді. Түсіне арагідік аппақ жетім бота кіреді...


ШЫРАҚ

Кешелі бері Гүләйімде ұйқы жоқ. Атар таңды көзімен атқызған оның тұла бойы зіл қара тастай ауырлап, тыныс алуы да жиілей тусті Анда-санда ғана ыңырси қиналған оның даусы қатая түсіп, аһылап-үһілеуге ұласқан. Белі айналып сыздап, сай-сүйегі сырқырап, жүрегі алқымына тығылып, іші де бүре түседі Кейде бәрі де тынышталып, көзі жұмыла кетеді де, тәтті бір түстер көреді. Ара-тұра өткен күндердің елесі қылаң беріп, еріксіз жымия түседі де, артынша оқыс ыңқ етіп, қабағы кіржие қалады.

Есенмен танысқан сол бір кеш Гүләйім жадында өшпестей сақталып қалды. Жаңа жылдың алды болатын. Топтағы қыз-жігіттер бас қосып, бір үйде отырыс ұйымдастырған. Сол отырысқа Есен де келді. Кейін білді, ол Айжанның жігітінің досы екен. Алғаш ештеңеге мән бермеген Гүләйім сөзге тартқан оған қисық-қыңыр сөздерімен бұлдана, жауап қатқысы келмейтін сыңай танытты. Дегенмен, сол бір кеш, сол отырыс бұның өміріне өзгеше күй сыйлаған. Көктемнің тәтті лебін иіскегендей құшырлана түнгі ауаны қайта-қайта жұта берген. «Мезгілсіз келген көктемім» – деп, іштей айдар тағып та үлгерді. Әйтсе де, бұрынғы қыңыр мінезіне басып, оған соншалықты иліккендей сыңай танытпады. Оған алаңдаған Есен жоқ, тәкаппар қызды баурап ала жөнелген. Бас-аяғы екі-үш айдан соң-ақ екеуі отау құрып, шаңырақ көтеріп те үлгерді.

Міне, содан бері күнді түн алмастырып, уақыт шіркін тоқтаусыз өте шықты. Зымырап өтіп жатқан есіл күндерде есеп болсайшы. Есін жиып, айналасына қараса он бес жыл өте шыққан екен-ау. Он бес жыл! Айтуға оңай-ау, дегенмен он бес жылда он бес рет өліп-тіріліп, шықпа жаным шықпамен күн кешкенін кімге айтып шағымданбақ?

Есенмен бас қосқан алғашқы жыл ың-шыңсыз, бақыттың бесігінде тербеліп, көрген түстей ғайып болды. Екінші жыл – жөргек иісін, сәби үнін аңсаған екі жүрек ой мен қырға шапқылап, үміт отын жалау етіп, тоздырмаған есігі қалмады. Болмады. Бесінші жыл дегенде бәрінен күдер үзіп, өз жарынан өзі баз кешкен Есеннің өзге бақтың алмасына аңсары ауды да тұрды. Мұны Гүләйім сезбеді ме? Сезді, бірақ көз жасына ерік беріп, жалғаннан бұйырмаған бақытын тілегеннен өзге қолдан келер шарасы жоқ еді. Ақ халаттылар үзілмес үмітіне алдандырып, сыпайы күліп екеуін талай шығарып салды да. Тәуіп, балгер, тіпті сыған әйелдеріне де пал аштырған Гүләйім көмескі жылтыраған бір үміттен күдер үзбей, күдіктене тұра бір ғажайыптың боларына сеніп, алдағы күнге иек артатын. Үміт пен тілек, күдік пен үрей қатар өрілген сондай күндердің бірінде ұзақ таңға көз ілмей, Жаратқаннан жалбарына бір перзент сұрайтын. «Ұл», «қыз» деп ара жігін ажыратып жатпастан тек «сәби» деп езілген жүрегі қанжылап, көз жасына еріксіз тұншығатын. Қанша таңды жылаумен атырып, таң ата талықсып кеткен кездері қаншама. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, Есен де араққа құмартып, үй-жайын ұмытатын әдет тапты. Ол аз болғандай енесі Қатира: «Сен, қатын, баламның бағын байладың! Он бес жасар қыз әперіп, немере сүйер ме едім? Сен сықылды бедеуге байғұс балам неге сонша байланып, тұсауланып қалды осы?! Құдай-ау, төбеңнен сонша шырақ жанып тұр ма?» – деп сұңқылдап, ауылдан апта сайын жетіп келіп, шаңын қағып, жаншылған жүрегін одан сайын тілімдейтінін қайтерсің. Оны да түсінуге болады, бірақ...

Сөйтіп жүргенде, «суға кеткен тал қармайды» – демекші, сүйген жары, арқа тұтар ер азаматы бес баласымен жесір қалған егде әйелдің қойнынан бір – ақ шықты. Тіпті, сол әйелдің елуді еңсеріп қалған егделігін де елемеді. Көзді шел басып, ақылдан адам алжасса қиын ғой. Шарасыз қалған бұл тым болмаса жастау біреуді таңдамағанына күйінетін. Жетіскеннен емес, тым болмаса бір перзент үшін, иә, бір перзент үшін күйеуінің күнжарықта көзіне шөп салғанын кешіруге бар еді.

Амалы таусылған Гүләйім дағарадай ақ үйде қу тізесін құшақтап, жалғыз қалды. Шын жанашырының тым аз екенін, жалғыздықтың не екенін де алғаш ұғынған сонда.

Араға айлар салып, араққа салынған Есен жұмысынан біржола босап қалды. Араққұмар маскүнемді егде тоқал сол күні-ақ бала-шағасының нанына ортақ қылмай, барар жолын сілтеп жіберген. Үйге келуге беті жоқ, намысын жонып, әр жерде бір түнеп жүрген, екі иығына екі кісі мінгендей ер азаматтың сүле-сопа күйін көрген Гүләйім шыдай алмады, оған қанша өкпелі болса да, үйге алып келді. Бәріне көз жұма қарап, кешті, кешірді. Қайтсін, ол қайбір жетісіп жүр дейсің?!

Таныстары арқылы қайта жұмысқа орналасқан Есен біршама ес жиғанда, екеуі ақылдаса келе бала асырап алуды мақсат етті. Алайда, оның да сәті түспей-ақ қойды-ау. Сонымен, отбасылық өмірінің он жылы өтіп те кетіпті. Иә, сонымен қалай болған еді...

Гүләйімнің қан қысымы қайта-қайта көтеріліп, дәрігерлерді біраз сарсаңға түсірді. Укол салып, біраз ем-домын жасап зыр жүгіріп жүрген медбикелерді мұнша әбіржіткеніне іштей өзі ыңғайсызданып та жатыр, жасы ұлғайса да ота жасауға тағы келіспеді. Алайда белі құрғыр сырқырап, аяқ-қолдарынан жан кеткендей, әлсірей берді. Жарық дүниенің жаннан артық екенін бар болмысымен сезінген. Бұйра бас қайыс қараның да бұған мейірімі ерекше. Арқасын, белін сипап, сәл ғана шыдауын өтініп қояды.

Көктемнің жаңа келген кезі еді. Жер лайсаң, көктің иісі шығып, күн райы ерекше мейірім төгіп тұрған. Он сегіз бен қайран жиырма бес болса, жан дүниеңе ерекше бұлқыныс сыйлайтын шақ.

Ойда-жоқта Есен жұмыстан ерте оралды. Бұл кезде арақты қойып, қайта оңалған кезі-тін. Өңі біртүрлі алабұртып, нақ қыз қолын ұстаған бозбаладай толқи, реңіне қызыл леп жүгіріп, келген бойда келіншегін қапсыра құшақтап:

– Гүләйім деймін, тез киінші...киінші тез...

– Не болды? Не боп қалды? – деді Гүләйім үй шаруасымен әурелене самарқау бас көтеріп.

– Киінші, жолай айтармын. Есеннің жауабы қысқа болды. Бұл әйелдік мінезге тән әдетпен енді шындап қызыға түскендей сұрақтарын үсті-үстіне жаудыра берді. Көбі жауапсыз. Күйеуінің әнтек қылығына таң қалғанымен, көтеріңкі көңіл-күйін бұзғысы келмеген. Тойға барардай бар жылтырағын тағынып, сыланып алды. Тіпті аяғына өкшесі біздей қымбат туфлиін де киюді ұмытпады. Күлкілі. Тапа – тал түсте шақыртусыз, ескертусіз бұлар қайда бармақ? «Мейлі!» – деді іштей. Әйтеуір бір жақсылықты жүрегі сезеді. Содан бұлар жоғары жылдамдықпен, ештеңеге алаңдап жатпастан қала сыртындағы балалар үйіне тартып кеп берсін. Жақын қалғанда үнсіздікті ерінің өзі бұзып:

– Гүләй деймін, Алла берсе бізге осы жолы берер. Қашаннан хабарласып жүр едім, менің тегіммен аттас ұл бала түсіпті...балалар үйін айтам...бір айлық па, әлде одан да кіші ма,әйтеуір кеше түнде ардан безген біреу қоқысқа тастап кеткен жерінен тауыпты. Қызылшақа тірі көрінеді.

– Не?..

– Гүләй деймін, бұйыртса сол баланы біз, екеуміз асырап алайықшы...

– Ааа...

– Ол періште ғой! Өмір есігін ашар-ашпастан жетім болуға қақысы жоқ! Шет елге асып жатқан, тастанды болып, көздері жәутеңдеп, ата-ананың жылуына, мейіріміне зар болған бейкүнә сәбилер аз ба? Гүләй деймін, ол бала менің, біздің баламыз болуы тиіс! Гүләй деймін?

– Қалайша? Ол бала кімнен, қайдан...

– Жоқ! – деді Есен бірден кесіп, – Ол біздікі! Бізге Алланың өзі жіберген сыйлығы!

Есен тоқтаусыз сөйлеп келеді. Ерінің көзінен ытқып шыққан мөлдір тамшы рөлді ұстаған күректей қолдарына жылтылдап тамып жатқанын байқаған әйел бірдеңе деуге оқталды да, бата алмады. Өзі де бұл кезде көз жасына ерік берген. Иегі кемсеңдеп, тілі байланғандай, аузына жөнді сөз түспеді...

Содан не керек, сол баланы айлап табанынан тозып, бүкіл құжаттарын жинақтап, «Ерасыл» деп ат қойып, «тұңғыш перзенттеріне» дүрілдетіп, атшаптырым тойханада бесік тойын тойлады. Бала асырап алудың да машақаты аз емес екен, қағаздарын толтырып жинап жүріп, бермей қоя ма деген іштей қорқыныштары да жоқ емес еді. Біздей балаға зар мұңлықтарға қуана берсе болмас па деген пендешілік ойы қорқытып барып, әзер тілектеріне жеткізді-ау...

Ерасыл үйге қалай келді, солай бұл үй базарға, думанға айналып жүре берді. Бұл кезде Гүләйім де бар шаруаны жиыстырып тастап, бала күтіміне көшкен. Тумаса да туғанындай көріп, емешегі езіле жаздап елпелектегенде, ешкім өз баласы екеніне күмән келтірмейтін. Сол күндер, сол сәттердің қаншалықты бақытқа толы екенін қызыл тілі жеткізе де алмас.

Араға жыл салып, адуын енесі Қатира үлкен ұлдың ізін басар немересінің жоқтығын бетіне басып, Гүләйімді кінәлаумен дүниеден озды. Бір арманы кеудесінде өксік күйінде кеткеніне іштей налыса да, ол қайғы тез ұмытылғандай еді. Ерасыл үштен асқанда Алла назар салды ма, Гүләйім өн бойындағы өзгешелікті сезді. Алғашында ауырдым деп жүріп, кейіннен «ұзаққа созылған ауруының» «жүктілік» екенін білгенде төбесі көкке жеткен. Иә, он төрт жыл дегенде неге таң қалмасын, неге қуанбасын! Дәрігердің сараптама қорытындысы мен анықтамасын алғанда екеуінің жүрегі жарыла жаздауға шақ қалды. Гүләйімнің аяғы ауыр! Гүләйім-екіқабат! Гүләйім – Ана болмақ! Оның енді екі баласы болады! Он төрт жыл дегенде келген жыл құсындай жылы жаңалық! Не деген көл көсір бақыт! Аңсағаны осы емес пе?! Есеннен белбала, тұяқ қалмақ! Қанша уақыт күйзеліп, қайғыдан қабырғасы сөгілгенде мұның көз жасын қабыл қылған Жаратқанға мың да бір шүкіршілік етті. Есеннен тіпті ес кеткен. Ерасылын бір, келіншегін бір құшақтап, жас баладай бірде жылап, бірде күліп, өзге жанның кейпін киді де қалды.

Енді сен Гүләйім ғана емес, менің Күн-Айымсың! – деп есі шыққан Есен сол сәттен бастап шын бақыттың дәмін енді татқандай, төрт құбыласы түгелденгендей, ғаламат күйді кешірген еді. Сол сәттен бастап әйеліне үлкен ынтызармен қараған жігіт ағасы оның әр қылығына сүйсіне қарап, асты-үстіне түсіп бәйек болды да қалды...

Кешелі бері Гүләйімнен маза қашты. Айы-күнінің жақындағаны уақыт келген сайын біртүрлі қобалжытуда. Іштей өзін: Қойшы, тәйірі, бала босанғаннан кім өліпті? – деп жұбатқансиды. Дегенмен, сүйегі қатып, отызын қайда омыраулап орталаған әйел үшін бала табу – оңай шаруа емес. Оның үстіне тұла бойы тұңғышы. Алдағы күннің қалай боларын ойлап, уайымдаумен болды.

Сол түні-ақ оның қабағы кіржиіп, оқтын-оқтын екібүктетіле ішін ұстап, толғақ қысқанын сезген Есен баласын көршісіне табыстап, өз көлігімен ауруханаға жеткізді. Адам аярлық әйелінің түріне қарап отыра алмасын сезді ме, әлде баласын ойлады ма Есен түн ортасы ауа үйге қайтпақ болды. Қабылдап алған бұйра бас дәрігердің қалтасына шытырлаған көк қағазын тоғытып жіберіп, әйеліне жақсы қарауын өтінді. Бұл сияқтылардың талайын көрген қайыстай дәрігер қалтасына қарамай-ақ ертеңгі тойдың көйлегі дайын екеніне езу тарта, түксиген жүзі шаттанып сала берді. Шыға бере соңынан ілесе шыққан толықша келген ақ құба медбикенің де көңілін қалдырғысы келмей қызылқағазды қолына қыстыра салды да, қалтасын қарманып, сымтетігін жазып тұрып:

– Өтінем, осыған хабарласыңызшы, Құрманбай Гүләйім, менің келіншегім, сүйіншіңізді берейін...

– Әлбетте, еш уайымдамаңыз. Өзім хабар беремін, одан да сүйіншіңізді жақсылап дайындай беріңіз, – деп қутың ете қолындағы қызыл қағазға көзі жайнап бір қарады да, қалтасына тоғытып жіберіп, келесі есікке кіріп кетті.

Таң бозамықта үйге жеткен Есен есік ашып, аяқ киімін шешуге еңкейе бергені сол еді, қалтасындағы сымтетігі әуендете жөнелді.

– Алло, Құрманбай Есен?

– Иә, иә, мен...

– Сүйіншіңіз дайын ба? Құттықтаймын! Шекесі торсықтай, Толағайдай атқа мінеріңіз дүниеге келді!

– Ааа... не? Не дедіңіз?

– Ұлды болдыңыз деймін!

– О, Жаратқан! Мың да бір шүкір, арманым жоқ!

– Алло, сіз... Ары қарай ештеңе естімеген ол сымтетігін тастай сала, кірген ізімен іле шала қайта шықты. Түнімен көз шырымын алмағанын да, жердің көк мұз боп жалтырап жатқанын да, тіпті, Ерасылын да ұмытып, көлігін оталдырып, асығыс жолға шығып кетті. Жарты сағаттық жер ұзарып кеткендей жете алсайшы бір. «Ұлды болдыңыз» – дей ме? Ұл! Менен де із қалады екен ғой! Мен әке болдым! Шын әке болдымба? Түсім болмаса екен осының бәрі! Менің екі ұлым болды енді! Өзі кімге тартқан екен, күшік?! Кімге тартсын, маған, өзіме тартады да! Иә, маған тартқан шығар... сәл ғана күте тұрмадым ба? Неге шығып кеттім, қазір құшағыма алып, жұмақ иісіндей тәтті иісінен иіскер ем...Байғұс шешем көре алмады ғой, арманда кетті... қайран, шешем, менің бақытты сәтімді көргеніңде... Есен іштей күбірлеп келеді, ағыл да тегіл тоқтаусыз жылап келеді. Қуаныштың көз жасы еді бұл. Еркек болып алғаш егіле жылағаны бұл. Көзінде – жас, езуінде – күлкі! Кенет, дүние төңкеріліп кеткендей, көз алды тұманданып, аузына жылымшы бірдеңе келгендей болды. Әуелгіде ештеңе пайымдап үлгермеген оның қуанышқа толы жанары жұмыла берді... астындағы көлігінің екі аударылып тоқтағанын да, әйелінің өзіне қоймай қоңырау соққанын да, қиқулап жеткен жедел жәрдем көлігінің даусын да естіген жоқ, тек құлағына іңгәлаған періште сәбидің үні ғана келді, әлдекім ақ жаулықпен маңдайын сүрткендей, таныс иіс танауына келгендей болды ма, есінде жоқ, талықсып кетті... Ал таяқ тастам жерде бұны ең қымбат екі бірдей аяулысы күтіп отыр еді.

Ана бейітіне ат басын бұрмағалы да біраз жыл болған екен-ау...

Жанымда болмасаң да жадымдасың, жан анашым! Ұрпағыңмен мың жасайсың сен енді... сенің үкілі үмітіңе ораған ақ арманың орындалды, игіліктің ерте-кеші жоқ деген, жақсылықтың кештетіп болса да жететіні осы шығар, кім білсін... Бүгін міне, қабіріңнің басына келіп, өзіңе құран бағыштап, тіршілігіңде көре алмай кеткен немереңді алып келіп тұрмын. Сенің шырағың, менің тұяғым. Бір уыс топырақ салдыртып, өзіңе көрсету үшін басыңа келіп тұрмыз, апа! Мынау міне, немерең! – деді, жасқа шыланған жанарын баласына көрсеткісі келмей, жүзін теріс бұрған күйі баласына топырақ салдыртқан ол, үстінен ауыр жүк, үлкен міндет түскендей еркін тыныстап, жеңілдеп сала берді. Ұлының топырақ алақанын қаға бере оның қытығы келіп, қолын тартып ала шықылықтап күлгеніне еріксіз мырс етті де, жадырап сала берді. Құран оқып, бет сипап болған соң әкелі-балалы екеу бейіт басынан ұзай берді...


ЖЕЗ САМАУРЫН

Құлқынсәріден көні кеуіп оянған Инеш сәске түстен кейін де жата алмады. Түскі шайды ана жалғызына алаңдап, ішіп жарытпады. Енді міне, тамағы қурап, шөл қысып бара жатқаны оны ақыры орнынан тұрғызды. Сүйретіліп барып есік алдындағы ескі сарайға кірді. Кіргені сол ескі сарайдың күлімсі иісі қолқаны қапты. Ұқыпсыз, қалай болса солай тастай салған заттар шашылып, ол әуелгіде нені іздеп келгенін ұмытып, есік аузында біршама состиып тұрып қалды. «Жинаса қайтеді осыны» деп іштей келіні Зағираға кейігендей болды. Содан аяғын сүйрете басып, көзіне ыстық көрінген үлкен жез самаурынды өрмекші әбден торлап тастаған қуыстан тысқа алып шықты. Самаурынның шаңы бес елі, тіпті астының күлі де қағылмаған екен. Сусып түскен шаң аралас топырағымен ішінің күлі қоса із салып, құдық басына алып барды. Одан құмғанына су толтырып, самаурынды тазалауға құдық басына қайта келді. Осы құдықты алғаш келін болып түскен жылы атасы ақысына бір тай беріп көрші Әлмәмбетке қаздырған еді. Атасының да, Әлмәмбеттің де кетіп қалғанына қанша жыл. Құдық әлі сол қалпы. Суы мөлдір, әрі тұщы. Қайбір жылдары үй-үйге су құбыры тартылғанда Есентай көміп тастамаққа бекінген, сонда бұл кемпір ұлының сөзіне қарсы шығып көмдірмеген. Шешесінің сөзін қимады ма, әлде көмуге қиналды ма, Есентай құдықтың бетіне жалпақ тақтай жауып қоя салған. Ішіне ештеңе түспесін деп Инеш те жаман қамзолымен қымтап, таспен бастырып қойған-ды. Құдықтың бетін ашқаны сол еді, кемпірдің әжімді жүзін салқын леп сипай, ақ қырау шалған самай шашын жаймен талдап өткендей болды. Ал мына жез самаурын мұның жасауының алды. Шешесі Күләнда татар саудагерден аттай қалап сатып алып, жасауына қосқан. Содан бірге жасасып келе жатқан еді, тек Зағира түскелі самаурын қоюға ерінді ме, ескі сарайдан орын алған. Неге екенін қайдам, Инештің осы самаурыннан ішпесе шөлі қанбайтындай көрінді. Кәрі кеудесін сүйретіп, ескі құдықтың басында тазалап отырысы мынау. Күн болса ми қайнатар ыстық. Келінге не өкпе, Есентайдың ішкен арағынан әбден мезі болып, кей шаруаны мүлде ысырып тастады. Келгелі балағынан баласы домалап, 5-6 немерені кемпірдің етегіне салды да қойды. Бірақ басынан таяқ, көзінен жас арылмаған келінін бір сәт іштей аяп та кетеді. Тап өзінің жас кезіндегі көрген құқайды келіні де айналып өтпеді. Инеш тірлікке сарамжал епті еді. Бірақ құрсағына құдай Есентайды ғана берді. Зағираның тірлікке ебі де, құлқы да жоқ. Бірақ құрсағы алтын болды. Айырмасы тек сол ғана. Зағира азаннан кешке дейін мектепке кетіп, кеш болғанда үйге сүріне-қабына зорға жетеді. Әуелгіде ене болып тірлігіне мін тағатын. Ондайда Есентай Зағираны шаштан сүйреп, тепкінің астына алатын. Көгала қойдай болған келінін ақырында өзі әрең ұлынынан арашалап алатын. Кейін әл-дәрмені кеткен соң мүлде сөйлемейтін де болды. «Осының өзіне керек тірлігі ғой, мен көріме әкетемін бе?» деп көз жұма қарауға да еті үйренді.

Кейуана құдық басында ұзақ отырды. Жез самаурын күнге шағылысып жалт – жұлт кеткенде бұл да өзінің аңқасы кеуіп, тілі таңдайына жабысып, аузы құрғап кеткенін сезді де, қауғамен су тарта бастады. Түбі тесік қауғаның суы құдықтан шыққанша орта бүйіріне таяп, кемпір самаурынға азын-аулақ су құйып, бір шайқап төкті де, қалғанын ақтара сала жерден майда шырпы теріп әкеліп, самаурынды ұштамақ болғанда сіріңке керек екені есіне түсті. Оған да үйге бару керек деп отырғанда ақ жемі шыққан мәсісінің қонышына немерелерінен алып қойған сіріңкені көріп, қуанып кетті. Самаурынды ұштап, тағы да ойға кетті.

Келіні задында жаман қатын емес. Қолында күректей дипломы бар көрші ауылдың қызы. Әке-шешесі де момын жандар. Есентайының тоқпағына шыдап, төркінге бір де бір рет қашпағаны қуантады бұны. Елдің қатынын көріп-ақ жүр ғой, қит етсе шашы жалбырап төркінге жүгіретін. Зағираның мұғалім екенін естігенде қайнысы Торсанға жүгірген. Торсан әке-шешеден тұл жетім қалып, немере ағасы, яғни мұның қайын атасының үйін паналаған еті тірі, пысық жігіт. Бұл келін болып түскенде тырнақтай қара бала еді, жатсынбай бауырына басты. Маңдайынан сипап, қою көжесін алаламай беретін Инешті қайнысы да кәдімгідей пана тұтатын. Инештің қолында ер жетті, ширақтығынан оқуға түсті, ақыры міне мектеп директоры болды. Есентайының басы екеу болып қуанғаны бар, әрі өзі оқымаған соң мұғалім дегенді құдайдай көретіні бар, әйтеуір Зағира осыларды бір ұшпаққа шығарар деген үлкен үміті мұны Торсанға құстай ұшырып алып келген. Торсан ішкен көжесін, жеген нанын ақтады. Өткен күндері көкейінде сайрап тұрса керек, бір сөзге келместен жұмысқа алды. Арақтан аузы босамаған Есентайы да сонда қарауыл. Бір-біріне сеп болып, ел болып кетер деген ой мұныкі. Сол күні Инештің төбесі көкке жеткендей масаттанған. Бірақ Есентай бәрібір арағын тастай алмады. Кейде Торсанның ағалық ақылын да аяққа таптап, ұятқа қалдырып жүрді. Сонда да Торсан Инеш алдындағы ұятты бәрінен жоғары қойды. Есентайдың кей қылығын көрсе де, көрмегендей сыңай танытты.

Екі иығынан дем алған самаурын ысқыра жөнелгенде Инеш кенет селк ете қалды. Қойған шайының әне-міне қайнап қалғанына балаша мәз болған күйі тік көтеріп алмақ болып еді, белі кілт ете қалды. Білектен де, белден де күш кеткелі қашшан. Инеш ауыр күрсінді де, бүкірейген қалпы зілдей самаурынды сақылдатып үйге әрең жеткізді. Иісі бұрқыраған құрғақ шайды уыстап салып, қою етіп демдеп, сүт қатып, дастарқан басына бел жаза отыра кетті. Кеседегі күрең шай ерніне тигені сол еді, зырқыраған белді ұмытып, шекесі жазыла берді. Ыстық шай тамыр– тамырды қуалап, жанын жадыратып, әп-сәтте шеміршектей қатқан қара кемпірдің буын-буынын босатып, бұрқ еткізіп тер шығарды. Осы шайды аңсағалы қанша күн. Діңкесі құрып, өзі шай қоя алмасын сезіп, токтың шайын місе тұтпай, қабағынан кіржің кетпей жүр еді, енді міне, бүгінгі ширақ қимылына өзі де риза сияқты бір серпіліп, көңілі марқайып қалды. Жалғыз өзі бабы келіскен ыстық шайды сораптап ұзақ ішті. Көні қурап, аңқасы кеуіп-ақ қалған екен. «Құдық суына, самаурынның шайына не жетеді?!» – деді іштей масайрап. «Е-е, байдан, баладан көрмеген рақатты шайдан көрдік-ау» – деді бір сәт ауыр күрсініп. Бағанағыдай емес, кәрі сүлдері жеңілдеп, маңдайынан шыққан шып-шып терді көйлегінің кең етегіне сүрте салды да, тысқа шықты. «Осы шай екен ғой мені құртып жүрген. Баяғылы бері өзім осылай қойып ішсемші» деген оймен есік алдындағы көлеңкеге келіп, дөңбек үстіне отыра кетті. Түс ауып, күн қызуы қайтыпты. «Әлгі жалғыз осындай ми қайнатар ыстықта қайда жүр екен, тағы да ішіп жүрмесе не қылсын» деген ой кемпірді тағы шырмап алды. Алма ағашынан алысқа түспейді дегені рас екен. Осы Есентайын бетінен қақпай өбектеп өсіріп, алдына барын тосты. Бірақ ауызы арақтан құрғамаған әкесі Байғараның нақ көшірмесі бола қойды. Байғарадан Инеш перзент сүйгені болмаса, шекесі шылқып қызық көрмеді, арақтың соңында құрдымға кетті. Адам қылам деп қанша сүйреледі, болмады. Ақыры ажалға беріп, араша тапты. Атасы жарықтық сондай асыл кісі еді, Байғараның араққа неге үйір болғанына Инештің ақылы жетпейді. Кейуана сыртта өз ойымен арпалысып отырғанда шашы қобырап Зағира шықты. Қолына ұстаған орамалымен ебет-себет шашын жинай салды да, енесіне естіртпей: «Мынау да жатпайды екен, жарбиып отырысын қарашы. Шай қояйын. Ана атауыңды ішкірі жоқ қой тағы» – деп күбір ете қалды. Кіре берістен ток шәйнекті алып, кранды ашып су толтырып, ішке алып кіріп кетті де, артынша әлі суып үлгермеген самаурынды алып шықты.

– Сіз де қайдағыны шығарады да жүреді екенсіз, мен бір шайдан қағып жүргендей не мынау? – деп енесінің алдын діңк еткізіп тастай салды. Ыстық су лақ етіп кемпірдің тізесіне, одан мәсісінің қонышынан сорғалай аяғына төгілді. Мәсісін шеше алмай қалбалақтаған күйде:

– Ойпырмай, шырағым, күйдірдің ғой! – деген кемпірдің үні аянышты естілді. Сонысы сол – ақ екен, қайдан сап ете қалғаны белгісіз Есентай шыға келді. Манағы көріністің бәрін сырттай көрсе керек, келе не істерін білмей аңыраған Зағираны құлақ шекеден қойып қалды. Зағираның ащы даусы баж етіп, орамалы бір жаққа, өзі бір жаққа ұшып түсті. Шашы жалбырап қашуға ыңғайлана берген оны Есентай тырп еткізбей басы-көзіне шойын жұдырығымен төпелей берді. Зағираның бет-аузы лезде қанжоса болып шыға келді. Аяғы шала күйген Инеш «өлтіретін болды-ау жүгермек» деп, әлі келмесе де ара түспек болып баласының шаужайына жармаса кетіп, шамасы келмесе де баласынан келінін қорғалай берді.

– Шешеме не істедің сен қатын? – деп аузы боқтыққа толған дәу қара ештеңеге қаратар емес. Үстінен арақ иісі мүңкіген оған керегі де осы жанжал сияқты. Жан ұшыра қалбалақтаған бір жапырақ кемпірге Зағираға сілтеген тоқпақтай қолы кеп тигенде кейуана мұрттай ұшып, самаурынды құшақтай қимылсыз жатып қалды. Қыңқ деп дыбыс шығаруға да дәрмені жетпеді. Тыстағы шудан үрке оянған үлкен немересі құстай ұшып келіп, «Апа!» деп шыңғыра құшақтай алғанда ғана нойс ұл кілт тоқтады. Қимылсыз кемпірдің басынан аққан қара қан самаурынды айғыздай жерге тырс – тырс тамып жатыр екен. Зағира:

– Апа! – деп баж ете қалды.

– Апам өліп қалды ма, сіз өлтірдіңіз бе? Апа, көзіңді ашшы, апа, маған қарашы... – деп немересі аңырай жөнелгенде Есентай сілейіп тұрып қалды. Артынша шүйкедей кемпірді жерден тік көтеріп алғанда кемпір әлсіз ғана дем алды да, үзіліп кетті. Аяқтарынан жан кете дірілдеп, қара жерге қос тізерлеп отыра кеткен маскүнем ұл есін жиғандай анасын қапсыра құшақтаған күйі өкіріп қоя берді. Аулаға біртіндеп көрші-қолаң жиналып қалды. Бәрі үрпиісіп, Есентайға жақындауға батпай, әр тұстан әйелдер дауыс сала бастады. Мастығы тарқаған Есентай анасының жансыз денесін алып құшағынан босатпаған қалпы бір айтқан сөзін мың қайталап, өзегін ит тырнап, кешірім сұрап өкіре берді...

Содан бері біраз жыл өтті.

Күнде жез самаурынды жалтырата тазалап Зағира шай қояды. Есентай сол бір жылдан кейін аузына мүлдем алмайтын болған. Қайта Зағираға жалтақтап, шай қоюын жиі өтінетін болды. Тұңғыш ұлдары алдағы айда келін әкелмек. Соның тірлігіне Зағира ары-бері шапқылап әуре. Есентай ішуді қойғалы үйге береке мен жылу кіргендей. Енді келін келсе, арғысы шешесіне арнап ас беру көптен ойында жүр.

Салтанат айдарбекованың бірқатар еңбектері осындай. Оқығңанды елітіп, әсерлендіріп жіберетін ақын әрі жазушы арудың қаламынан талай туыныдыны күте береміз. Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ сөз өнерінің рухани жаңғырудағы жаңа тарихында поэзия, проза салаларындағы туындыларымен өзіндік шығармашылық мәнерін қалыптастырып, дамытып келе жатқан Салтанат Айдарбекованың ізгі мақсатының орындалуына тілектестігімізді білдіремін. Шығармашылық ізденіс жолындағы жетістіктер жаңа туындыларға жалғаса бергей!

Айтыстың аққуы
Қоңыр мұңнан құралған әлем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу