Қоңыр мұңнан құралған әлем

Oinet.kz 01-12-2023 254

Шығармаларында кейіпкерінің тағдырын шебер суреттей отырып, қаламгер адам өмірінің маңыздылығын алға тартады. Адамның күрделі ішкі табиғатын, дүниетанымын, өмірге деген өз көзқарасын көркем әңгімелейді.

Screenshot_15.jpg

Зылиха Жантасованың әңгімелері сағынышқа толы. Әңгімелерін оқи отырып, кейіпкерлерінің сезіміне, көңіл-күйіне барлау жасайсыз. Кейіпкерінің сезімге толық нәзік көңіл-күйін, кейде жазушының қиялынан туған таным айшығын да байқайсыз.

Жазушының сезімге құрылған әңгімелері оқырманды бірде ойға жетелесе, бірде қиялға алып кетеді. Зылиха әңгімелері өмірдің оқырманмен сырласып, мұндасып жатады. Олар тағдыр тауқыметін көп көрген, бірақ тағдырының тәлкегіне мойынсұнбайтын қасиеттерімен ерекшеленеді. «Мейірім» атты әңгімесіндегі кішкентай Сағыныштың өзі жастайынан анасынан айырылып, тағдырының қиын кезеңдерін басынан кешсе де, оның өмірге деген үлкен үміті өшпейді. Бала көңілімен құдайға хат жазып, анасының сауығып кетуін тілеген Сағыныштың әңгіме бойындағы іс-әрекеті шынайы, көңіл-күйі мен ішкі толқыныстары әсерлі берілген.

Суретші Гүлжанат өмірінің бар мән мағынасын бейнелеу өнерімен байланысты. Көңілінің күңгірт көріністері оның салған суреттерінің бояуларынан, таңдаған түстерінен де , байқалып жатады. Оның суреттері мұңлы, қара бояуы қоюлау. Автор «жарқыраған ашық суреттер мұның табиғатымен үйлеспей, бояулар күреңітіп тұратын» деп баяндайды. Өміріне жарық сәуле түсіргісі келген Гүлжанат «Тіршілік», «Баспана» атты суреттер салады. Бұл екі сурет мағыналық жағынан өзара ұқсас әрі Гүлжанат тағдырының куәгеріндей, кейіпкердің өткен күндерінің елесіндей. Ал «Сағым арман» атты әңгімедегі Сағи болса, үйдің қабырғасына арманға айналған сәби бейнесін салып, оны «Балпанақ» деп атайды. Өзінің көңілін өзі жұбатқандай болып сағым армандарға бой алдырады.

Зылиха Жантсаова өмір шындықтарының шынайы көркем бейнесін жасай алған. Әрқилы тағдырларды әңгімесіне өзек еткен ол бүгінгі күннің негізгі мәселелерін көтереді.

Жазушы әңгімелерінде авторлық идея үнемі адами мораль, имани іс-әрекетгерге бастайды. Адамдарды ізгілікке үйретіп, күйкі тіршіліктен гөрі рухани үндесуге шақырады. Сондай-ақ, Зылиха әңгімелері адам өмірінің құндылықтары туралы ойларға жетелейді. Шығармалары қарапайымдылық пен қатігездіктің бітпес күресінің көркем суретті іспетті әсерде қалдырады.

«Ол әлі іздеп жүр» әңгімесіндегі жарық дүние бұйырмаған баласын іздеген Айжамалдың халі аянышты. Әңгімеден өмір шындығын қабылдағысы келмеген ана бойындағы аналық махаббатының үлкен сезімдерге алып баратынын байқаймыз.

Әңгімелерінде көрініс тапқан тау бейнесі арқылы жазушы айтар ойын түйіндеп, адам өмірінің жалғыздығын жалғыз таудың тағдырымен сабақтастыра суреттейді.

Зылиха әңгімелері әдеби процеске еніп жатқан оқшау құбылыс. Оның алғашқы шығармашылық қаз-қадамы әңгімеден бастау алды. Шы¬ғармашылық жолы жазумен жалғасуда. Әңгіме-күрделі жанр. Көлемі жағынан мүмкіндігі шамалы, қысқа әңгіменің бойына тұтастай автор¬лық идеяны сиғызу, тақырыпты жан-жақты ашу, оқиға желісін өмір шындықтарымен сабақтастыра жазу үлкен шеберлікті қажет етеді.

Жазушы әңгімелеріндегі кейіпкерлер өздерінің бұл өмірдегі жалғыздығын сезінеді. Автор адам жанының күйзелуі, уайымға түсу сияқты мәселелерге терең мән беріп, одан шығу себептерін іздеді. Жазушы сезім тазалығын, адам бойындағы асыл қасиеттерді шыншылдықпен бейнелеуге ұмтылады. Адам жанының сезім-толқындарын шертетін лирикалық нәзіктік психологиялық мөлдірлік, сыршылдық әуен-қаламгер. Зылиха Жантасова қаламына тән қасиет.

Кейіпкер бейнесін жинақтауға ықпал ететін көркемдік әдістер, кейіпкер мінезін жасаудағы бейнелеу құралдарының қолданылуы, шығарманың жалпы көркемдік болмыс-бітімі Зылиха прозасында үлкен жетістіктермен көзге түсуде. Зылиха көркем ойлайды, өрнекті жазады.

«Сұлбасыз ой», «Жалқы мұң», «Мұнарлы мұң», «Күміс тамшылар ботадай жанарынан сырғып барады», «Қара түннің қара шамы», «Ащы мұң аралас күлкі» т.б осындай ой оралымдары Зылиха қаламының қарымды екенін тағы да бір дәлелдей түсетіні анық.

Зылиха Тұрарқызы прозаларында өзіндік ерешелігімен, суреткерлік шеберлігімен жаңа толқынның ішіндегі дара жазушы. Бар болмысы мен өмірін қалам ұшымен байланыстырған өнегелі ұстаз, ұлағатты ғалым, қарымы мықты жазушы. Зылиханың әңгімелерінің бір ерекшелігі сөз еткен мәселелері, қозғалған тақырыптарының салмақтылығы мен өзектілігінде. Ендігі кезекте «Жарты жүктеме» әңгімесі жайлы сөз қылмақпыз. ЖОО ұстаздарының тыныс-тіршілігін, ұстаздық ету жолындағы басшылық пен ұстаз арасындағы жағдайды жазушы әңгімеге арқау еткен. Қазіргі кездегі ұстаз мәртебесінің қаншалықты деңгейін осы әңгімеден тапқандай болдық. Қағазбастылық пен қоса жаңа оқу жылында қалып ұстаздық еткің келсе «студент әкелесің!» деген жылпос басшылардың құйтырқы ойларын анықтап береді. Көз майыңды тауысып, табаныңнан тозып жүріп ғылымға аз да болса қосқан үлесің, жаңалығың ескерілмеуін жазушының мына сөздерімен беруді жөн көрдік: «Кандидат болмақ түгілі, доктор болсаң да». Енді осы жақсы басшылық жауабы ма деген сұраққа келер болсақ біраз бас қатыруға тура келеді. «Ұстаздық еткен жалықпастың» кері ма? Аудиториямен оқытушы арасындағы рухани байланыстың мешеуленген тұсы оқырманын неше түрлі ойға жетелейді. Білім ордаларында кездесетін осындай жайларды жазушы қоғамдағы етек алған бірталай кемшіліктерді қиналып тығырыққа тірелген Гүлсезімнің көзқарасы арқылы ашады. Жазушы шеберлігін анықтайтын осы жерде «жамбаспұлдық», «көнтерлі», «шикіөкпе», «құжбандай», т.б. осы сияқты қазақтың көне сөздерін жетік меңгеріп, оны өз шығармаларында кеңінен пайдаланған. Атақты жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның: «Жазушы жер сілкінуін күн ілгері болжап білетін ерекше сейсмикалық аппарат сияқты, өз заманының əлеуметтік-психологиялық өзгерістерін қалт жібермеуге тиіс...» деген пікірі бүгінгі сөз етіп отырған Зылиха Тұрарқызының прозалық шығармаларына берген дəл де нақты бағасы болса керек. Суреткер шығармаларынан артық баяндау, кейіпкерлердің өзара сөйлесуіндегі шексіздік, кейіпкердің портретін асыра теңеу сынды оқырманға ұнамсыз жайттарды көрмейміз. Оның қай шығармасын оқысаңыз да кейіпкерлер көз алдыңа келіп, оны бұрыннан танитындай күй кешесің. Содан болар кейіпкерлердің іс-әрекетіне іштей сүйсініп-күйініп, кейіпкер сезінген ситуацияны бірге сезініп отырасың. Яғни оқырманына кітап оқудың ләззатын ұсына алады.

Зылиха Тұрарқызының таланты мен талғамының әсерінен, шеберлігі мен сұңғылалығының күшімен қазіргі кезеңіндегі адам тағдырынан сыр шертер туындылар дүниеге келді. Өз дәуірінің үнін жеткізуге талпынған қаламгер шығармашылығы жөнінде жазушы М.Байғұт таратып айта келе: «Оның адамдарды, адамдардың жан-жүрегін, әрекет-харекетін, тағдыр-талабын, күллі психологиясын көркем-сөздің құдіретімен кестелеудегі өзгешелігі әрі қуантады, әрі таңырқатады, тіпті қорқытады да. Иә-иә, кейбір кейіпкерлерінің мінез-құлқы, іс-әрекеті хақында ой өрбітіп, пікір қоздатып, түйін түйетін сәттерінде жүрегіңді суыл кернеп, қорқатының да рас. Небір паралельдері жүйке жүлгелеріңнің парша-паршасын шығара жаздайды», - дейді. Жазушы Зылиха Тұрарқызының шығармашылығына арқау еткен адам өмірінің тылсым құпиялары, адамгершіліктің асыл құндылықтары, адам психологиясы бәріде әдебиеттің қай тұсынан алып қарастырсаң да, теориялық ой-өріске өзек болар ауқымды шығармашылықтың линиясын көреміз. Қазіргі уақыттың ағымына сай жұртшылықтың көркемдік көзқарасы өзгеріп, ғаламдық өркениеттің әсерінен оқырманды таңқалдырып, кітаптан бас алдырмай қою мүмкін болмай бара жатқанын барлығы да мойындайды. Оның өзі зиялы қауым өкілдерінің тарапынан алаңдаушылық тудырып отырғанын айта кеткен жөн. Осы тұста Зылиха Тұрарқызының шығармалары көкірегі ояу оқырманның сұранысын тудырып, уақыттың қатал сынағына төтеп беруде. Біз атап кеткен жазушының әр жылдары жарық көрген туындылардың қайсысын алып қарасаңыз да, уақыт талабына сай келеді. Жазушы қаламынан туған еңбектерде бейнеленетін өмір құбылыстарының шынайылығы мен кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесінің әр алуандығы, өмір шындығы мен көркемдік шешімнің қатысы, жазушы туындыларының көркемдік әлеміне еніп, шеберлік қырларын тану, уақыт сынында жан-жақты саралау, таланттың даралағын айқындау әлі де уақыт еншісінде қалмақ. Себебі әдебиет дамуымен бірге ғылымның да дамитыны секілді, Зылиха Тұрарқызының еңбектері әлі қанша жастың көкейінде сұрақ тудырып, қаншама ізденушінің зерттеу нысанына айналады деп сенеміз. Себебі қаламгердің қаламынан туған дүниелер соны айғақтайды.

Зылиха Тұрарқызы кейіпкерлері әңгіме оқиғасының ерекшелеу сюжетке құрылғандығы оның стилін айрықшаландырып тұрады. Жазушы шығармаларының дені әңгіме жанрынан тұратындығын жоғарыда атап өттік. Сырт көзге қарағанда жазушы әңгімелерінде тартыс жоқ секілді. Кейіпкерлері де жалғыз. Өз-өзіне ішкі әлемі бар. Тартыс та соған орай құрылғанын байқауға болады. Яғни, бір адамның екіге жарылуы, кейіпкердің ішкі мені бірінші кезекте тұрады. Әңгімелерінің дені адамның қат-қабаттан тұратын терең иірімдеріне тартып, ішкі менін тануға әрі табуға ұмтылысты аңғартады. Өзін-өзі іздеп жүрген кейіпкерлер галереясын түзейді. Бүгінгі күрделенген қоғамда адам жанының тылсым сырларынан адами құндылықтарды іздеу, мынау қатыгездеу уақытқа ізгілікті, нәзіктікті, сұлулықты қарсы қоя білу, оны үндестіре суреттеу суреткерге жеңіл болмасы анық. Алайда, сезімтал жазушы Зылиха Тұрарқызы қаламының құдіреті сол кейіпкер болмысына бойлау арқылы оның жан-дүниесіне сыртқы сұрықсыздау әлем мен ішкі әлемдегі белгілі бір эстетикалық құндылықтарды үйлестіре суреттеуінде. Сол үйлесімділік категориясы Зылиха Тұрарқызы әңгімелерін мөлдірете, жарқырата көрсетеді. Мына пендеуи тынымсыз тіршілігі көп мазасыз өмірде адам жаны тазалықты қалайды, сұлулықты іздейді, бір биіктікті аңсайды. Зылиха Тұрарқызы әңгімелеріндегі кейіпкерлерінің бойында осы ізгі қасиеттер жүретіні байқалады. Кейіпкерлері қияли, мейлі жұмбақтау болсын ең бастысы – олардың жан әлемінің тазалығын аңғаруға болады. Суреткер әңгімелерінің композициялық құрылысы жинақы, кейіпкер бейнесін анықтайтын жеке сюжеттер бір-бірінен ұйқасымсыз алшақтыққа бармайды, үйлесімді бірлікте баяндалады. Жазушының сыртына сыр білдірмейтін, алайда іші түтеп тұрған кейіпкерлер әлемінің болмысын іздеу, түптеп келгенде қазақи ортаның қаймағы қайдан бұзылады, біздің рухымыздың түсіп, адамдығымыздың ұсақталуының сыры неде деген сансыратқан сұрақтарға жауап іздеуден тұратын философиялық тереңдік бар. Қандай да бір мәселені сөз етіп, көркем шығармаға арқау етіп алып, оның соңын сан түрлі сұрақтармен толғандырып, түйінді ойды оқырманның өз талқысына қалдыруы да автордың өзіндік өзгеше ізденісін айқындайды. Сөзіміздің дәлелі ретінде бір шығармасын, «Баспана» атты туындысын желіге жүктеуді жөн санадық. 

Баспана

Біз қайғыру деп атаған сезім,біз үшін пайдалы екенін мен басымнан өткен тәжірибемнен білемін.

Л.Толстой

Облыс орталығындағы музейде суретші Гүлжанаттың туындыларының көрмесі өтті. Гүлжанаттың сезім пернелерінің бояу тіліне көшкен суреттерін тамашалап келушілер көп болды.Келушілердің ішінде жай қызықтаушылар мен өнер адамдары да бар еді. Гүлжанат сурет көрмесінін жабылу сәтінде келушілермен жүздесті..Гүлжанаттың «Баспана»атты суретіне ерекше пікірлер айтылып жатты.Өнертану факультетінің соңғы курс студенті Нұрсезім есімді қыз:

 - Гүлжанат Әнуарбекқызы, мына «Баспана»атты суретіңіз тағдырлы сурет, ал сіз маған тағдырлы суретші сияқты сезілесіз.Cізді «Баспана»суретін салуға жетелеген оймен таныстырасыз ба? Бұл әлде шығармашылық құпия ма?

Сезімін жайып салуға суретшіге іштей бір сезімі ерік бермеді.Көзі бірде мұңға, бірде нұрға бөленіп тұрды да,сезімін жария етпеді.Күлбілтеленіп келе жатқан жараны ашуға жүрексінгендей кейіпі бар.

Өнертанушылар сурет арқылы өздері тапсын, ойлануға орын қалдырдым , зерттесін деп жұмбақтау күлімсіреді.Жымиған сәттегі ернінің үстіндегі қос әжім әбден сыланып,боялған беттен айқындалып көзге түсе кетті.

Гүлжанатты өнертанушылар суреттері мұңлы, қара бояуы қоюлау деп сынап жататын.Гүлжанат осы кемшіліктердің орнын толтырмаққа ұмтылған. Бірақ жарқырап тұрған ашық суреттер мұның табиғатымен үйлеспей бояулары күреңітіп тұратын.

Гүлжанаттың «Баспана» мен «Тіршілік» атты екі суреті де мағыналық жағынан өзара ұқсас . Әкесі қайтыс болып, өгей шешесі бұл туған үйді сатып, төркініне кетіп қалған .Сатып алушылар қалада үйді салып жатқандықтан бұл үйді құрылыс материалдары үшін алғанын түсіндірді. Көз алдында үйді бұзып жатқанда Гүлжанат өрік ағашының тасасында тұрып дәрменсіздіктен өксіп жылаған.Үй теңселіп барып,солқ етіп опырылып құлады. Ата-анасының аяулы қолтаңбасы,өзінің бақытты балалығының күлкісі сіңген қабырғалары қақырап құлағанда әлдекімнің ыңыранып,уілдеп жылағандай үнін естіген.

Есік алдындағы кәрі бақ та қайғыға тұншығып маужырайды. Гүлжанат өзі дүниеге ұл болып келгенде туған үйдің оты өшпейтінін ойлауы мұң екен үйінің қирауына өзі де кінәлідей күйде қиранды үйді айналшықтап жүре берген. Жұбатушылар көп болғанымен жұбана алмаған.Туған үйдің төмпешік келбеті көз алдынан кетпей қинаған.

Көз алдындағы сурет бояу болып төгіліп ,өнер болып құйылып ,егілген жанына рух беріп, «Баспана »атты туынды болып дүниеге келген. Өнер құдіретті дарытқан Аллаға тәубе айтқан.

Бұзылған үйдің тұсында жүзі мұңға оранып талға сүйенген бойжеткен бейнесі өнертанушылардың назарын өзіне аударған. Бұзылған там көрінісі қоғам өзгеріп, кей қалалардың құлазып қалған кезінің көрінісі десе,кей жандарға шаттығы шайқалған шаңырақтың бейнесіндей әсер қалдырған.

Гүлжанат қаладан жылдар бойы баспана ала алмады.Жиған ақшасы да, тапқан табысы да кішкене баспанаға жетпеді.Қаланың әр бұрышынан бір бұрышынан сүйретіліп көшіп жүрген күндері төзімін де сарқып бітті.Екі үйі бар орыс кемпірдің пәтерінде тұрғанда , пәтерақысын санап алып тұрған кемпір жаны ашығансып.

- Бұл үй баламның атында. Әйелі кетіп қалған.Енді қайтып келмейді Менің балама тиіп алсаң үйсіз жүрмейсің деп ерте келген ішкіш ұлымен таныстырған. Гүлжанат екеуінің көзінен мүсіркеудің белгісін аңғарды да, намыстан өртене қарады.Түні бойы баспанасыз тағдырын тілдеп жатты. Ертеңіне басқа пәтерге ауысты. Көшіп бара жатып сергелдең өмірі мен кезбе тағдырына налыды.

Өнер адамдарына жатақхана беріліп жатыр дегесін,өзгелердің ақылын тыңдап лауазымды адамның алдына өтінішпен енген.Өнер жолында жүргеніне көп болғанын, бір баспанаға зар екенін жеткізген.

Әлгі жан тоқмейілсіп.

- Баспанасы бар адамға тұрмысқа шығып алмайсың ба?

Сонда ол мәселен де шешілер деген.

Көңілі құлазып шықты.Жүрек түкпіріндегі бір ой амалсыздықтың кебін киіп,бір шешім шығарғандай.

Ия, кім болса да баспанасы бар адамға тұрмысқа шығуы керек.Арақ ішпесе қалғанына төзуге болады,..төзуге болады деп күбірледі.Өзінің іске аспас асқақ идеяларынан бас тартты. Ол енді ақылды да асқақ, рухы мықты жігітті күтпеді. Басында баспанасы болса жетеді деген жалғыз шартпен ғана қалды.

Шарты азаайғасын ба ,мұның ойы өзі ойлағаннан да тез жүзеге асты. Ойы да, бойы да аласа.Жарайды,баспанасы бар екен. Баспанасы бар екен... дегенді сан рет іштей қайталап тұрды айнып қалмайын дегендей.Шешімді де тез қабылдап, Ерболға тұрмысқа шығып кетті.Өмір сүруден бас тартып тіршілік етуге көндіккендей нышан бар жүзінде.Ал,жүрегі ғана жылымай тіршілігіне көндіге алмай өрекпиді.Тек көшуден ескірген суреттері ғана тұрақты орын тапттық па дегендей жаңа үйге жайғасты..Бұл ескірген суреттерін есіркеп жылап тұрды.

Сол күннен бастап сурет сала алмады. Қолына қалам алса да ой да,шабыт та мұны тәрк етіп кеткендей жақындамайды. Бұл енді өнерін аңсап алас ұрды. Баяғы аңсаудан, сағыныштан тұратын күндерін сағына бастады.Жаман емес, дөңгеленген шағын тіршілігі бар.Бәрі де тыныш.Бәрі де жақсы...Тек қуаныш жоқ. Бір сезім сәулесі адастырып кеткендей күйде.

Бәрі де бар сияқты. Бірақ әлдене жоқ сияқты.

- Суретіңді сала берсеңші дейді момын күйеуі.Мұның солғын жүзіне жаны ашып,өнерді түсінбесе де түсінуге бейіл танытатын.Осыған да шүкір,түсінуге деген ниеті бар деп қуанып қалатын.

Күні-түні « Тіршілік» атты сурет салды.Өтіп бара жатқан өмірін аяды ма, тоқырап қалған өнерін аяды ма бір түсініксіз сезім билеп барады.

Тіршілік атты суретін күйеуіне көрсетті.Әйелінің бояу-бояу болған шаршаңқы әрі жадыраңқы жүзіне қуанышына ортақтаса мейірлене қарады.

- Жақсы болыпты деді балаша қуана.

Бір кезде жұлып алғандай;

- Осы суретін сонда қанша тұрады дегені. Гүлжанат тұнжырай қалды.

- Білмеймін деді көңілі жабырқап сала берді.

Үйінің іші астан-кестен.Жиналмағалы да біраз болыпты.Күйеуге тимеген қайын әпкесі үйіне сөйлей кірді.

- Үйлерін ат қорадай шашылып.Бұл үйдің әйелі бар ма жоқ па ?.Әйел болып үй жинауды да білмейді өзі -деп долдана.

- Жинайды ғой.Жинайды.Жаңа ғана сурет салып еді деді күйеуі ақтала күмілжіп.

Әпкесі одан сайын өршіп барады..Қайдан жинасын,үй жинайтындай бұрын-соңды үй бітіп пе еді оған.Бес алты қалам мен кенептен өзге несі бар оның.

- Кетем деп жылап тұрды.

- Кетпеші дейді күйеуі жаутаңдап.

- Кетсе кетсін, жалынба кете берсін.Кеткенде қайда бармақ.Сен ештеңе жоғалтпайсың деді інісіне қарай.Ал бұл қаңғырып қалады.Басыңда баспанаң бар да мұндайлардың талайын әперем.Туып жатқан баласы жоқ,суретін құшақтап өмір сүрсін, диуана .Інісі үндемей қалды.

Бұл қашып келеді. Баспанасыз тағдырына құстай ұшып келеді.Баспанасыз өміріне бас сауғалап келеді.

Суретші жалғыз қалыпты деген сөз қалаға тарады.

- Перзент болмағасын қиын ғой десті бірі..

- Қияли болғасын сол да.. деп жатты.

Ал Гүлжанат дүниеге келген жансыз суреттерін перзентіндей аялап, Толстойдың ойларын іштей қайталап тұрды.

- Мен туралы айтылатын адамдардың жалған, нашар пікірлері,осы күйде қала беру қажеттігі,-қанша жерден қиын болса да, кейде оның жан-дүниемді жарылқайтынын түсінемін.

Сезімнің сыршыл әлемі
Азаматтығы асқан ақын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу