Жанар Әбсадық. «Сені жоқ дегенге...»

Oinet.kz 26-09-2018 743

Кеше де жоқсың, бүгін де…

Ал ертең?

Мендегі жүрек бұл – жауқазын

гүлдеген бір өртең.

Еш бақсы емін таппаған

бұл ғажап дертіме,

Өзіме-өзім жазған

ішірткі жырыммен күнелтем…

Жақыным, жатым да көрмеді,

сезбеді сені ешкім,

Жұбатып жанымда, жұптасып

жүрген де емессің…

Сен сірә, мендегі

айна-жүректен өзіңді-өзің қызықтап,

Қағаздың бетіне көшкен

бір қызық елессің…

Шыныма емес, мұңыма

Күйреуік, бәлкім қаһарман сыңарсың,

Өңіме емес, мазасыз

түсіме құмарсың.

Сен сірә, осынау жер бетінде емес,

Тек менің кеудемде ғана

өмір сүретін шығарсың?!.

Періште жырларым

бейнеңді өбектеп қорғаса, қолдаса,

Мінсіз бір мүсіндей

затыңды мәрмәрдан сомдаса…

Селк етіп

жаздың бір жауынды кешінде,

Сені Жоқ деген

қаталдау шешімге

сенер ем –

есімің Сағыныш болмаса!

Жанар Әбсадық. «Өлең сыйған жүрекке өмір сыймай»
Жаяу Мұса Байжанұлы. «Сәулем қыздар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу