Бала асырап алу үшін не істеу керек?

Oinet.kz 27-02-2020

Жаратқанның адам баласына берген ең қымбат сыйының бірі, бірегейі – перзент. Сыйлық құдыретінің нәтижесінде адамдар арасындағы сыйластықтың артуы секілді, бала да отбасында алтын көпір саналып, ынтымақ пен бірлікті сақтап отырады. Қоғамның санасы, ойы, талғамы әр түрлі. Берілген сыйлық та барлығына бірдей ұнай бермесі анық. Бала дүкен сөресіндегі сыйлыққа тең емес десек те, оларды зат құрлы көрмейтін жандардың бары жасырын емес. Қазіргі таңда елімізде бала қабылдайтын немесе асырап алатын жүзден астам мекемеде ата-анасының қамқорлығынсыз, жетім қалған 4606 бала бар. Статистика бойынша, бес жыл бұрын 9000-нан астамы балалар үйінде түрлі себептермен тіркеуде тұрғанын ескерсек, көрсеткіштің екі есеге азайғанын байқаймыз. Біз едәуір жақсы нәтижеге қалай жеттік? Бұл туралы бала асырап алу ұлттық агенттігі өткізген арнайы іс-шарада талқыланды.

1518079535_45744227.jpg

Ұлттық агенттік  не үйретеді?

Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, жауапкершілігі мен жағдайы жоқ отбасылар жетім балалар санының өсуіне жол беріп жатса, екінші бір отбасы – тағдырдың сынағымен бір перзентке зәру. Бүгінде Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндер аз емес. Шамамен 4 жыл бұрын осы себепті ұрандатып, бала асырап алу Ұлттық агенттігі құрылған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – балалар үйінен перзент асырап алғысы келетін ата-аналарға көмектесу, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру еді. Қағаз жүзінде ғана емес, алғысы келетін баланың жас мөлшеріне, психологиясына, мінез - құлқына қатысты мәліметтер беріп, баламен қандай қарым-қатынаста болу керектігін үйрету болатын.

Төрт жыл ішінде 10 000-ға жуық азамат бала асырап алу Ұлттық агенттігінен кеңес алған. Соның ішіндегі 1765 отбасыдан үміткер ретінде ата-аналарға кеңес беретін мектепте білім алу туралы өтініш түскен. Нәтижесінде 795 жанұя мыңнан астам баланың толыққанды отбасы махаббатына бөленуіне себеп болыпты. «Ата-аналар балаларды асырап алғанға дейін асығып, барлығына дайын болатындай көрінеді. Бірақ бала отбасыға келгеннен бастап қиындықтар, мәселелер туындай бастайды. Онсызда жүрегі ызаға толы баланы отбасы дұрыс қабылдай алу қажет. Егер де бала отбасыға сәйкес келмей, баяғы үйіне кері қайтарылса, жағдайы тіптен қиындап кетуі мүмін. Осы үшін де, ата-аналар міндетті түрде арнайы кәсіби даярлықтан өту керек», - дейді бала асырап алу Ұлттық агенттігінің басшысы Анар Рахымбаева. Арнайы мектеп бала қабылдаушы ата-анамен 4 этап бойынша жұмыс істейді. Ең алдымен, үміткерлермен ашық сұхбат жүргізу. Сол арқылы отбасының бала асырап алуға қаншалықты деңгейде дайын екені айқындалады. Жалпы, сұраныс берген адамдардың 30-40 пайызы  ғана шын мәнінде отбасыға баланы қабылдай алады. Екінші қадам – баланы отбасына қабылдауға ниетті ата-аналарды оқыту. Содан соң, баланың қажеттіліктері мен асырап алушы кандидаттардың мүмкіндіктерін мұқият қарастырып, сәйкестікті табу керек. Мәселен, кіші жастағы баланы жақсы қабылдай алатын, ал жасөспіріммен тіл табыса алмайтын ата-аналар бар. Төртінші кезең – сүйемелдеу деп аталады. Ол тек  сырттан бақылап отыру ғана емес, әрі қолдау көрсету.

Мектеп арнайы бағдарлама бойынша 14 сабақтан тұрады. Үміткерлер өздерінің уәжін айтып, бала тәрбиелеуге деген әлсіз және күшті тұстарымен бөлісіп, өзі секілді ата-аналармен тығыз қарым-қатынасқа түсіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері бар. Жалпы, сабақ лекция түрінде ғана емес, тренинг, интерактивті әдістер, рөлдік ойындар, дискуссиялар секілді түрлі тәсілдерден тұрады. Бұл мектепте балалардың бүгінгі жағдайымен ғана жұмыс істеуді үйретпейді, өткенін барынша ұмыттыруға, көзқарасын өзгерту үшін де кеңестер береді. Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға орналастыру туралы Заңнама негіздеріне қатысты сұрақтарға да жауап ала алатын көрінеді.

Маған ақылды, мейірімді бала керек!

«Ішкі жан дүниесі ызаға, өкпе-ренішке толы, ашушаң баланы кім асырап алғысы келеді?» деген сұрақ қойылса, қол көтеретін адамдар жоқтың қасы. Себебі, ата-аналардың талабы жоғары, мүлдем қарама-қарасы десек те болады. Кім болса да, баласының ақылды, мейірімді, интелектуалдық қабілеті жоғары болғанын қалайды. Біздің танымымызда «жұрттың баласы» деген тіркес бар. Туысының, көршісінің, достарының баласына қарап, өзінің перзентімен салыстырып, ызасын оятады. Кейбір бала асырап алғысы келетін ата-аналар да дәл солай, бастапқыда өзгелердің баласына қызығып, өздерінше «идеал» баланы ойша құрап келеді. Бірақ, үміткер жанұя қандай балаға кезігеді? Бұл туралы бала асырап алу Ұлттық агенттігінің психологы Айнұр Ерғалиқызы ата-аналармен жұмыс істеу барысында аңғарған дүниелерімен бөлісті. «Бала асырап алушы ата-аналар өздерінің мүдделерін барлығынан биік қояды. Олар балаға бақыт сыйлаймын, осы бала ана, отбасы бақытын сезінсін деген оймен емес, өз мақсаттарына орай келіп жатады. Олардың көпшілігінің бала-шағасы өсіп кеткендіктен, кішкентай баланы ермек қылғысы келеді. Немесе жалғыз баласына серік қылып қосқысы келеді. Сонымен қоса, ата-аналар қауымы тәрбиелі, мейірімді, ақ жүректі, бұзық емес балаларды іздейді. Ал, туылғанынан ана мейірімін көрмей өскен бала қандай болады? Біз психолог ретінде ата-аналарға осы дүниелерді түсіндіреміз. Біздің мектептен өткендер балалардың хал-жағдайын жоғары қоятын болады. Және олар бұзық, көңілі негативке толы, ақыл-ойы, дамуы сәл баяу балаларды қамқорлығына алуға дайын болады», - дейді Айнұр Ерғалиқызы.

Үш жарым айлық сабаққа қатысып, қажетті кеңестерді толық алған ата-аналардың арасында асырап алған балаларын кері қайтарғандар да бар екен. Мұндай оқиға 36 отбасыда орын алған. Теория жүзінде тапсырмаларды, тренингтерді дұрыс орындағанымен тәжірибе жүзінде қателіктер жіберіледі. Мәселен, ата-ананың жоспары бойынша, бала отбасыға келеді, біз оған дұрыс қарым-қатынас жасаймыз. Біздің тілімізді алады. Барлығы керемет болады деп ойлайды. Бірақ отбасылық өмірді көрмеген, көзін ашқаннан өзі секілді жетім балалармен өскен оның тәртіпке бағынуы оңайға соқпайды. Содан соң отбасылар бар себепті баланың мінез - құлқынан іздеп, кері қайтарып жатады.

Елімізде бала асырап алушы ата-аналар мектебінің бар екені жақсы, бірақ балалардың жүрегін екі еселеп жаралануына себеп болу – үлкен сын. Бұл жағдайдан соң баланың үлкендерге деген сенімі сейіліп, қатыгез болып өсуі мүмкін. Бірақ агенттік өкілдері бұл мәселеге бей-жай қарап отырған жоқ. Алғашқы жоба болғандықтан, мұндай қателіктер тәжірибе жинақтауға да септігін тигізеді. Бұл орталық мұнан соң, олқылықтардың орнын толтыру үшін бірқатар жұмыстар атқарған. Кері қайтарылғандардың 50 пайызын жаңа отбасыға орналастырып та үлгеріпті. Және ата-аналарға сабақ берместен бұрын олардың психологиясымен, мотивімен жұмыс істеуді қолға алған. Әрбір сәби дүниеге келместен, 9 ай бұрын белгілері пайда бола бастайды. Осы аралықта анасы мен әкесі алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, тұңғыштары болса, ізденеді, кітаптар оқып, білім алады, туған-туыстарына хабарлайды. Сол секілді бала асырап алу алдында да үлкен жауапкершілік пен дайындық қажет.

11 жастағы қазақ бала көзіме түсті

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаға бақыт сыйлағандардың бірі – Светлана Темірбекова. Ол 2014 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламамен әкімдікке, қалалық оқу бөлімдеріне өтініш жазған. 3 жыл бойы жылжымаған кезектен соң, 2017 жылы бала асырап алу Ұлттық агенттігіне жүгінеді. Балалар үйіне барған сәтте Светлананың көзіне 11 жастағы бала түседі. Өтпелі кезеңі жақындап қалған ұл баламен қалай тіл табысу керектігін үйрену үшін 3 айлық мектептен өтеді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін оған қосымша сабақтың ешқандай кедергісі болмаған. Бар мақсаты – Дастанмен тіл табысу еді. «Мен бара салысымен ашығын айттым . Менің көзім де, көңілім де сол 11 жастағы балаға түсті. Мен қайтсем де, сол баланы түсінуім керек. Тіл табысып, сол баланы бақытты еткім келеді дедім. Менің аналық мейірімім алғаш көргеннен бастап оянды. Осы мектепте 3 ай оқыдым. Сол аралықта көп нәрсе үйрендім. Баланы алғаннан соң, бастапқыда қиын болды. Көбінесе, мектепте ыңғайсыз жағдайлар болды. Ұнамаса орнынан тұрып кету, ойын баласы болғаннан соң апайлармен сөзге келіп қалатындай жағдайлар болыпты. Жұмыстан сұранып, еңбек демалысына шығып жүріп, осы үш жылдың ішінде барлығын ретке келтіріп алдым. Қазір де өзім оқыған мектептегі  психологтармен, тренерлермен байланысымды үзбей, ақыл-кеңестерді сұрап жүрмін», - дейді Светлана Темірбекова. Ол балаға деген махаббатын дұрыс жеткізу үшін жұмысты да, уақытты да сылтау қылмай арнайы сабаққа қатысқанына қуанышты. Сол оқиғадан бері 3 жыл өтсе де, бала асырап алу Ұлттық агенттігімен тікелей байланыста. Қандай да бір сұрақтар туындай қалса, қиындықтар орын алса, орталықтағы психологтар көмек көрсетуге әзір екендігін айтып отыр.

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», деп бекер айпаса керек. Берілген сынаққа сынып кетіп, қаншама отбасының шаңырағы шайқалып та жатыр. Кінә екі жақтан болатынын ескерген кейбірі бала асырап алып, мейірім оятуды оң көріп жатады. Бала асырап алу Ұлттық агенттігі себеп іздеп, кінә тағудың орнына, қараусыз қалған балаларға үміт сыйлап, сауапты амал-әрекет жасауға кеңес береді.

Қыз баласына қажетті 5 кеңес
Перзенттің ата-ана алдындағы міндеттері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×