Келіншегі ұл таппай, тек бір қыз тапқан соң ішкілікке салынып кеткен еркек

Oinet.kz 01-04-2022 7393

– Біз бір класта оқып едік, – деп бастады Арман әңгімесін. – Мен Сарайшық орта мектебінде табан аудармастан он жыл оқыдым. Ал Сара бізге сегізінші класта қосылған еді.

Screenshot_3.jpg

Шыны керек, әу баста бұл қыз маған тым еркін, тіпті еркекшора секілді көрінген. Оны бара-бара шын сүйіп қаламын деп ойлаған да жоқ едім. Өзі сондай жігерлі, сабаққа алғыр еді. Ал дене тәрбиесі сабағында жаяу жарыстан тіпті кейбір ер балаларды шаң қаптырып кетіп жүрді.

Не керек, көп ұзамай оған класты былай қойып, бүкіл мектептің ұлдары ғашық болды. Бірақ солардың ішінде оны ең қатты сүйген өзім секілді көрінемін. Өкінішке орай, мен жуастау болдым, оған сезімімді білдіре алмаған күйі, тұлыпқа мөңіреген сиыр құсап, құр далбасамен жүрдім де, мектепті бітірдім. Сара Гурьев (Атырау) пединститутына, мен Оралдағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына түстім. Сол кездегі дәстүр бойынша студенттердің ауыл шаруашылығы жұмыстарына жүрер алдында өзімше сезімімді білдірмек ниетпен Сараның үйін торуылдадым. Көшеге шығуын шыққанмен, қыздың үйіне жақындау мен үшін химияның емтиханынан да қиынға түсті. Ақыры бар батылдығымды бойыма жиып, үнемі есіл-дертімді аударып тұрар жасыл дарбазадан аттадым-ай! Ұзақ толқып тұрып, үйдің есігін де қақтым. Сараның өзі шықты. Ол менің келісімнен еш оғаштық көрмегендей, қашанғы әдетінше жарқылдай амандасып, өзінің ер балаға ұқсас мінезімен қолын да ұсынып жатыр. Оның кіп-кішкентай нәзік қолдарын ұстағанда есім ауып кетті ме: «Не шаруамен жүрсің, Арман?» – дегенде сасқалақтап: «Сенде «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы бар ма?» –деппін.

Әрине, менің сезімімнен бейхабар Сара кітапты дереу әкеліп берді. Мұны бірнеше рет қайталап оқысам да, ол кітап үйде өзімде де бола тұрса да, амал жоқ, сұрап қойған соң алдым да, бірақ қызға түк айта алмай, келген ізіммен кері қайттым. Абайща айтқанда, «адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой» болды да тұрды.

Десек те, жүрегімді жаулаған Сарамен жалқы сәт болса да тілдесіп, оның қолынан кітап алуымның өзі көңілімді әжептәуір көкке көтеріп тастап еді. Бір сәт айналамдағы дүние сондай сұлу боп көрінді. Менің осы бір асып-тасыған күйіме айғақ болып, жарықтық, әбден желіндеп, толысқан буаз ай Жайықтың қыр желкесінен ыңырана көтеріліп келе жатты. Тамыз түні Сарайшықтың қыздарындай тамылжып тұр еді.

* * *

Осыдан кейін мен Сараны қысқы сессияны тапсырып, каникулға келгенде бір-ақ көрдім. Бұл кезде мен өмірге аз да болса ысылып қалған студентпін. Бір «вечерде» есебін тауып, Сараға сөз айттым. Ол менің сөзіме таңданғандай сәл ойланып тұрды да: «Менің басым бос емес, жігітім бар ғой», – деді жаймен ғана.

– Бәсе, – дедім ішімнен кеудеме бір ыстық өксік тығылып. – Мен секілді бос белбеуді нығылсын. Оның жігіті бір нар тұлғалы, жан-жақты азамат болар, сірә.

«Сыртқа шығып келемін» дедім де, «вечерді» тастап жүре бердім…

Кейін жігітінің атын естігенде қатты қайран қалдым. Ол біздің ауылдың Бодаш деген жігіті еді. Қыздарды талай рет бұрымынан тартып жылатқан, апайлардың сөмкесіне кесіртке салған, екілік пен үштіктен өзге баға алмаған, тіпті керек болса, жаңа мектептің құрылысы жүріп жатқан кезде оның бір бөлмесіне үлкен әжетке отырып кеткен Бодашты Сара қалай ұнатқанына миым жетпей қойды. Кейін жұрттан естуімше, Сара Бодаштың пысықтығын, мал тапқыш «еті тірілігін» ұнатқан көрінеді-міс.

* * *

Арада жылдар өтті. Бөрі құрсақ, бірақ шат-шадыман студенттік шақ та артта қалды қол бұлғап. Мен Оралда жұмыс істеп қалдым. Бүгінде бір кезде өзім оқыған ауыл шаруашылығы институтында сабақ беремін. Сарайшыққа көп жылдар ат ізін салмай кетіп, жақында Атырауға келе жатып, ат басын бұрдым. Біздің үй-ішіміз мен оқуда жүрген жылдары қалаға көшіп кеткен еді. Балалық шағым өткен Сарайшыққа келе алмай жүріп қалуыма бұл да бір себеп болды.

Кластастарым түгелге жуық үйленіп, отбасылы болыпты. Осы жолы солардың бірінің үйіне еру болдым. Шай үстінде шыдамым жетпей, Сараны сұрадым. Оның Бодашпен тұрып жатқанын, жалғыз қыздары барын білдім.

– Байғұс баланың көрмеген қорлығы жоқ, – деп кластасымның шешесі әңгімеге араласты. – Бодаш ұл таппадың деп сабайтынды шығарды. Құдайдың бермегенін қайдан тапсын. Онымен қоймай, Бодаш ішкілікке салынып кетті. Кезекті бір сабаудан соң Сара ауруханаға түскен. Құдай жар болғанда, қаланың дәрігерлері барын салып, дереу ота жасап, аман қалды. Ішінде үш айлық баласы бар екен, ол да кетті, обал-ай! Ауыр болған тағы бір жайт – дәрігерлер «енді бала көтере алмайсың» деп қатал үкім шығарыпты.

Ертесіне досымның үйіне алғысымды айтып, жолға шықтым. Сара туралы ойламай-ақ қояйын деп едім, бір тылсым күш еріксізден жетелеп, оның үйінің жанына әкелді. Аулада отын жарып жатқан Сараны бірден таныдым. Амандастық. Менен сәл қысылғандай сыңай танытты.

Өңі жүдеу екен. Баяғы уылжыған Сара жоқ. Бір кездегі ақша маңдайға ол шеккен қасіреттің белгісі боп қос сызат түскен. Жағдайын айта бастады. Мен бәрін де білетінімді айттым. Көңілін жұбатқан болдым.

– Саған обал жасадым-ау. Соның зауалы шығар. Өзің де батылдық танытпадың. Қыздың «жігітім бар» деп «бұлданатын» әдеті емес пе? – деді ол кенет.

Ал саған керек болса! Сонда кезінде ол маған кетәрі емес болғаны ма? Олай болса, бәріне өзімнің ынжықтығым кінәлі екен ғой.

– Енді не істеймін, ақылыңды айтшы, Арман? Сен біздің кластағы ең ойлы, орнықты жігіт едің ғой, – деді Сара жаутаңдай қарап.

Мен әдетте кластастардың мұндай «бағасын» өзіме көпсініп, қысылып қалатын едім. Ал бұл жолы оны былай қоя сап, Сараның жайын ойлап, алқымыма өксік тығылып, іштей егілдім. Бірақ жарытып түк айта алмадым. Бұл кезде үш баланың әкесі болып қалған мен құрғақ ақылдан басқа не айта алар екем. Бар айтқаным:

– Айналайын, Сарашым! Не дейін. Егер мәселе соған тіреліп тұрса, бір кішкентай нәресте ұл бала асырап алсаңдар қалай болар еді. Бала тапқандікі емес, баққандікі деген де бар ғой. Қызыңның да әкесіз өскені жақсы емес. Не болса да, өз отыңды өшірмеу үшін күрес. Бодаш та ұлды болып жатса, көңілі тыншып, ішуін доғарар», – дедім даусым дірілдеп.

Ол мақұлдағаны ма, әлде басқа шарасы болмады ма, үнсіз ғана басын изеп, орамалының ұшымен көзін сүрте берді.

Сарамен қоштасып, ұзай бердім. Артыма ақырғы рет қарағанымда ол балтасын қолына ұстаған күйі соңымнан қарап қалған екен. Жүрегім шым ете түсті. Тағы бір рет қол бұлғадым да, «өз отыңды өшірме» деп күбірледім.

* * *

Арман әңгімесін аяқтап үнсіз отырып қалды. Мен оны қайта сұрақ қойып мазаламадым. Тек оның «өз отыңды өшірме» деген сөзін іштей қайталай бердім.

Арадағы үнсіздікті терезеге тырс-тырс ұрған күз жаңбыры бұзып тұрды.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Тұрмыс құрудан қорқамын
Он жыл бұрын жоғалтқан бақытымды қайта таптым.
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу