Орманда қалған ана

Oinet.kz 12-07-2022 2055

Бір күні қартайған анасынан құтылмақ болған боз бала, орманға апарып тастамақ болады. Сөйтіп, анасын арқалап ауылдан алыстап, тауға қарай тартады. 

Screenshot_31.jpg

Баласының ойын қабағынан оқитын анасы, ұлының жоспарын іштей сезіп келеді. Өз ұрпағының адасып, жыртқыш аңдардың апанына барып, жем болуынан алаңдаған анасы, жол-жөнекей ағаш жапырағын жұлып алып, белгі етіп тастап отырады. Межелі жерге де келіп жетеді. Анасын тас үстіне ақырын ғана отырғызып, "мен су әкеле қояйын" деген сылтаумен, анасының жанынан сытылып шыққан баласына, анасы: «Балам, сен адасып кетпесін деп жеткенше жолға жапырақ тастап келдім. Сол белгіден көз жазып қалмай аман жет»,— дейді, дауыстап.

Бұл сөзді естігеннен кейін баласы бұрылып кете барды. Шамалы жүрген соң, денесін діріл басып, жаны жабырқап, жайсыз күй кешеді. Тұла бойы түршігіп, тынысы тарылғандай. Істеген ісіне өкініп, өз-өзіне қатты қапаланады. Кенет тоқтай қалды. Өкініштің уы өзегін өртеп бара жатты. Қос алақанымен басын қыса ұстады да, жата қалып, бірнеше мәрте маңдайын жерге періп-періп жіберді. Сөйтті де, дереу орнынан қарғып тұрып, келген ізімен анасын тастап кеткен жерге қарай жүгіре жөнелді.

Екі өкпесін қолына алып жеткен баласы, анасының алдына келіп, аяғының астына жата қалып, егіле жылады. Аяулы анасына жасаған опасыздығына өкінген оның жүрегі қан жылап, көкірегін күйдіріп бара жатты. 

Байқұс ана өзіне өлім тілесе де, бауыр еті баласына өмір тілейді. Ағат басқан албырт бала, анасын арқалап ауылына қарай жүріп келеді. Жылап келеді... Егіліп келеді...

Анасы аялы алақанымен ұлының айдарынан сипап, шашынан құшырлана иіскеп-иіскеп қояды. "Иә, Раббым, қатемді кеше көр! Ата-анасын аялаған салихалылардың қатарынан қыла көр! Анамның разылығын нәсіп еткейсің!"

Баласы жеткенше осылай деп Жаратқанға жалбарынумен, қамалаған қалың ойдың құшағында, қыстаққа қалай жеткенін сезбей де қалды...

«Мынау менің әйелім деп жұртқа қалай таныстырамын?»
Жас жігіт боп танысқан кәрі ағайдан жандалбасалап аман құтылдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу