Күйеуімді қайын ағам азғырып жүрген сияқты
Менің қайын ағам бұрынан намаз оқитын. Сақалынан адам қорықатындай. Төртінші әйелімен тұрады. Ажырасып кетіп үйлене береді, әйелінің үстіне әйел ала беріп, 1-2 ай тұрып ажырасып, төртінші әйеліне келеді.
Менің негізі айтайын дегенім, күйеуім жайлы. Бұрын намаз оқымайтын. Биыл намазға жығылды. Енді қорқамын, дұрыс дінді ұстанып жүр ме? Ағасы сияқты ертең бәрін «һарамға» теңеп, бізге де қысым көрсете бастаса қайтпекпін?
Қазір таң емес, неше түрін көріп жүрміз. Маған да жәйлап намаз оқы дейтін болып жүр. Ұзын киініп, оранып жүргенімді қалайды. Қолдан келсе, сақал қойғысы келеді. Тек жұмысына байланысты қоя алмай жүр. Айналасындағыларға ана өмір жайлы уағыз айтып жүреді. Бірақ оны ешкім тыңдағысы келмейді. Сонда да айтуын қоймайды. Мен «жек көрінішті болып айта берме» десем, «өзім білем» деп қысқа қайырады.
О баста намаз оқитын кезде айтқанмын: "Намаз оқимын деп айта алмаймын. Ертең намаз оқы деп айқай болып жүрмесін" деп. Сол кезде "иә" деген. Бірақ соңғы күндері ондай әңгімені көп айтады. Сөзді басқа жаққа бұрып тыңдағым келмесе ”шайтан” деп, тағы сол сияқты сөздермен сыбайды. Ол да ағасының жолында шығар деп ойлаймын. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымыз екі түрлі.
Менің киген киімдерімнен бір мін тауып тұрады әйтеуір (ашық-шашық киінбеймін. пиво,арақтан аулақпын)
Ал ол анау болмайды. Мынау болмайды. Тек өлімді ойлауым керекпін оның ойынша. Енем де жақында намаз оқи бастады. Ол да басында баласының намаз оқығанына қарсы болып, намазды таста деген.
Екі қызым бар. 4 және 5 жасар.Олардың да киген киімінен мін тауып, бос қылып киіндір деп отырады. Олар әлі бала емес пе деймін. Кейде ойлаймын, менікі дұрыс емес пе деп. Намаз оқығаны дұрыс әрине. Бірақ өзімен-өзі болса. Ауылымызда намаз оқитындар бар. Ешкімге ештеңе демейді. Өлім жайлы уағыз айтпайды. Келіншегі қалай киінгісі келсе, солай киінеді.
Маған қандай ақыл-кеңес бересіздер? Не істеймін?
Жәмила, Батыс Қазақстан