Жеңгемді сол күйі жеңе алмадым

Oinet.kz 26-08-2022 4188

Алдымдағы екі ағама арқа сүйеп, еркелеп өстім. Олар да мен дегенде ішер астарын жерге қоятын. Қорғанышым, сүйенішім болушы еді. Қазір отбасымыздың мейірімге бөленген сол шақтары аңыз секілді арманмен ғана айтылады.

Screenshot_5.jpg

Осыдан бірнеше жыл бұрын жоғарғы оқу орнының екінші курсында оқып жүрген кіші ағам анам екеумізге үйге келін алып келетінін айтты. Отбасымыздың тағы бір мүшесі пайда болатынына мен де қуандым. Көптен күткен той күні де келіп жетті. Жүктілігіне байланысты асығыс тұрмыс құрған жеңгем шаңырағымызға маңдайы торсықтай ұл алып келіп, бізді шаттыққа бөледі. 

Кішкентай сәбиге деген ықыласымыздың ерекшелігі сондай, інішегім жылай қалса барлығымыз ұйқымыздан атып тұрамыз. Есесіне жеңгем жылаған баласы үшін түн ұйқысын төрт бөліп мазаланған емес. Мүсінінің сымбатын құртпау мақсатында баланы емізуден бірден бас тартты. Сондықтан анам екеуміз шақалаққа қатты бауыр басып кеттік. Түнде ұйқымыз шала болған бізге жеңгеміз таңда тұрып шай қойып, үй тірлігіне көмек беруге жарамады.  

Мен де студент атандым. Сондықтан көбіне үйде бола бермеймін. Демалыс күндері үйдің тірліктерімен айналысып, балаға қарап, өмірімді өткізе бердім. Сондай жексенбі күннің бірінде ас үйден шыққан айқайдан, әйел адамдардың ащы дауысынан шошып ояндым. Ақырын ас бөлмеге барсам, жеңгем анамды ұрып жатыр екен. Анам жеңгемнің астында илектеніп жатыр. Жеңгемді жұлып алдым да, көргенсіздігіне қайран қалғанымды айттым. Анама қол көтеріп, төбелесуге дейін барғанына әлі күнге дейін таңым бар. Келген соң мән-жайды ағама айтып едім, ол кісі бетбақтырмаған жеңгемнің сөзіне ғана нанды. Анам да ағама «ол мені ұрды» деп шағым айтпады. Шындықты жасырып қалған анам мән-жайды сүйікті немересін қимайтындығымен түсіндірді. Анам сол үшін ағам мен жеңгемнің ажырасқанын қаламайды екен.

Осылайша бір шаңырақтың астында берекесіз күн кештік. Мен жоғарғы оқу орнын бітірген соң, ағам маған «қашан тұрмысқа шығасың» деген сауалды жиі қоятын болды. Бұрынғыдай емес, тым суық. Екі сөзінің бірі «кәрі қыз болмай тұрғанда үйден кеткен дұрыс» дегенге саяды. Менің жақсы қызметке тұрып, анама әжептеуір қолқанат болғаным жеңгемнің қытығына әбден тиді.

Уақыт өте келе өзім өскен үйдің асханасына еркін кіріп, тамақ іше алмай қалдым. Менімен ерегіскен жеңгем мен шай-тамақ ішкен ыдысты шағып тастауды әдетке айналдырды. Отбасындағы мұндай келеңсіздікті көре беруден жалыққан анам әпкесінің үйіне, мен құрбымның үйіне кетіп қалдым.

Тиынды тиынға құрап жүріп, үлкен ағамның көмегіне де жүгініп, анам екеуміз үй алдық. Қазір ол үйде екеуміз тұрып жатырмыз. Ағам мен жеңгем демалыс күндері балаларды біздің үйге алып келеді. Оларды апта бойы сағынып күтеміз. Бірақ, анама қол көтерген күннен бастап жеңгеме деген жүрегім тас болып қатқан. 

Ағам әлі күнге дейін көрген сайын «Кәрі қыз» деген тіркесін айтудан жалықпады. Өз басым ағамның сол сөзді айтуына, маған деген пікірі мен пейілінің өзгеруіне жеңгемнің тікелей қатысы бар деп білемін. Әйтпесе біз бір шаңырақтың астындағы ағасы қарындасын қызғыштай қорғап, айрандай ұйыған отбасы болғанбыз. «Қашан тұрмысқа шығасың» деген сұрақ менің жанымды айтарлықтай жаралайды. Кім өзінің бақытынан кешіккісі келеді? Мен де бала сүйіп, жар атануды қалаймын.  Менің талғамымдағы жігіт кезікпей жатса, кім көрінгенге тұрмысқа шыға салуым керек пе? Осындай санамда сыздықтаған сұрақтардан шаршадым. Жанымды түсінер жан бар ма екен? 

Сырласу журналы

Өткенімді білсе теріс айналып кете ме деп қорқамын
Әйеліме жасағаным қарындасымның алдына келді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу