Күйеуімнің сүмелектігін пайдаланып қайным мені қорлауын қояр емес
Тұрмыс құрғаныма 7 жылдан асып барады. Балам жоқ. Жолдасым екеуміз бұл тақырыпқа ашық сөйлесіп, дәрігерлерге барып көріндік. Кінарат күйеуімде екен. Өзі бәрін түсінеді, біледі. Менің жаныма бататыны оның көнбіс мінезі.
Атын атап түсін түстей алмаймын. Себебі Алматыға белгілі от басының келінімін. Байлықпен емес, біліммен аты шыққан жанұя. Үйде 5 ұл, 1 қыз. Барлығы үйленген. Барлығында бала бар. Тек бізде жоқ. Күйеуімнің бірінші әйелінен қалған қыз 20 жасқа толды. Сондықтан елдің бәрі мені бедеу деп ойлайды. Ең ауыры осы сөзді маған енем мен күйеуімнің жеңгелері емес, қайындарым айтады.
Бірінші жанұясымен 12 жыл оттасып, екіге кетіскен. Ол кезде де қайыным жеңгесін кіналаған екен. Қазір ол әйел қайта тұрмыс құрып, өзге біреуден бала сүйіп, екінші рет ана атанып отыр. Қайындарым да, туыстары да біледі, естіген, сонда да мойындамайды.
Урология институтына барып қаралғанымызда ұрықтың қозғалысы 6 пайыз деді. Содан бері де талай жыл ауысты, айлар ақты. Еш өзгеріс жоқ. Жасым қырыққа таяп қалды. Куйеуім қырықтан үш жыл асып кетті. Темекі мен арағын да тастаттырдым. Ұдайы дене шынықтырумен айналысады. Тамақты да дәрігердің кеңесі бойынша ішіп, жейміз. Қазақи емге де жүгіндік.
Менің қазіргі жағдайым өте ауыр. Елге қарап сөйлеуден, той томалаққа барудан қалдым.
Маған тіл тигізгіш бір қайным бар. Жас күнінде абайсызда біреудің баласын өлтіріп қойған. Содан ба білмеймін сөз көтере алмайтын қызба. Ақылға тоқтап, әліптің артын бақпай жатып боқтанып сөйлейді. Осы қайнымның аңдығаны мен болдым.
Қайным ағасының бала таптыра алмайтынын біледі. Себебін де жақсы түсінеді. Ағасына қамқор болудың орнына, қолындағысын бермесіне қоймай сұрап жүріп алып алады. Ол аздай қалтасындағы азын аулақ тапқан тиын тебеніне дейін алып қояды. Сылтауы – несиесінің бары. Өзі полиция қызметкері. Несие кімде жоқ дейсіз. Бізде де бар. Айына 110000 төлейміз.
Қайындарым менімен қанша алысып, тілдері тиіп жатса да күйеуім бірде бер рет қорғап, інілерін тыйған емес. Олар бірдеңе айтса қосылып, жабылып жүндей түтеді. Кейде мен де қарап қалмаймын. Бірде ашу үстінде қатты кеттік. Жағасынан алып, кеудесін аямай тоқпақтап «Сенің кесіріңнен кім көрінгеннен сөз естимін, сен мені бақытсыз еттің! Басқаны былай қойғанда өз кінәрәтіңді біліп тұрсан да інілеріңнің ауызын жаба алмайсын, не істеп жүрсің менің қасымда , кет те кет! Менің обалыма да қалдың, еркек боп бала да таптыра алмайсың, енді өз өзіме қол салам! », -деп жылап жібердім, ызаланғанда қалшылдап, тұтығып сөйлей алмай қалатыным бар. Қолымды сілкіп жіберіп сыртқа шығып кеткен. Екі сағаттан соң дым болмағандай қайтып кеп тұр.
«Қайтесің, ит пен ит болмашы, өмір екеумізді ғой. Мен сеннен бала сұрадым ба», - деп қарап тұр. Өмірде мұндай қорланбаспын. Бала керек емес оған, пәтерде тұрамыз. Тірнектеп жинаған ақшаға үйдің қабырғасы көтерілген бойда қалды. Себебі өзі жұмыс істемейді, такси болады. Тапқанын інілері алып қояды. Өйткені олардың балаларына нан ,сүт керек, жөргек керек, әйелдеріне сырға керек. Құлақ етімді жеп қойды деп жылап кеп тұрған соң бере салады.
Ажырасып кетейін десем күйеуімді қимаймын, екеуміз ренжіспейміз, бізді үшінші адам ұрсыстырады. Өзімді куйеуімнің қатты жақсы көретінін білемін. Оны үнемі айтып та отырады, жылы сөз бен қамқорлығынан кем емеспін. Қатты қызғанады да. Менің туыстарыммен де жақсы қарым қатынаста. Туған күндерін қалт жібермей түгел құттықтап отырады. Осындай адамгершілігін, жұмсақ жүрегі мен адами тазалығын аттап, жер ортасына келгенде тастай алмайтынымды білем. Бірақ қатты шаршадым. Тым көнбіс мінезі қажытты. Елдің бәрі мені бедеу деп бетіме басса да арашалай алмайды. Бала туралы сөз қозғай бастасам сылтау айтып қашқақтайды, машинасына отырып кетіп қалады. ЭКО жасатуға ақшам жоқ. Удай қымбат. Жеңгелерім күйеуіңді қимасаң басқадан ту деп азғырып та көрді.
Өйткенше өле қалғаным жақсы емес па. Құдайдың да көзі қырын кетіп тұр бізге. Қайным түбіме жетіп тынатын сияқты. Жек көрем. Сүйреңдеп сөз қуады да жүреді. Араласпай кетейік десек ағасын өзі звондап шақырып алады да, үйде не істеп не қойып жатқанымызды түгел сұрап алады екен. Тыныш жүре алмайды. Адаммен алысады да жүреді. Екі жыл бұрын кіші келінмен өстіп алысқан. Ақыл айтыңыздаршы.
Талшын, Алматы