Жұмыс жасатпады деп ажырасып кетсем тағы ақылға сыймайды

Oinet.kz 08-11-2022 2709

Шаршадым. Шыдамның да шегі бар. Қайтсем екен? Уақытты кері қайтару мүмкін емес. Мойынға артылған жауапкершіліктен де бас тарта салуға болмайды. Бірақ бұлай жалғаса берсе, мен жойыламын, жоқ боламын. Зымыраған уақыт мені мүжіп тынады. Осындайда ең құрығанда сүйіп қосылған серігің түсінсе ғой... Қайдағы түсінген, ол мені торына алдап түсірген аңшы секілді. Ал мен тордан торыққан тотымын.

Screenshot_4.jpg

Соңғы уақытта екеуміз бірімізді-біріміз мүлдем түсінбейтін болдық. Ата-енем, қайын жұртым барлығы да бізді бақытты ғұмыр кешіп жатыр деп ойлайды. Қайдағы бақыт? Нағыз бейбақ мен шығар. Ара-тұра келетін қонаққа ішқұсаңды байқатпайсың. Бүгін міне, тағы жанжалдастық. Күндегі әдетіммен күйеуімнің жейдесін үтіктеп жаттым. Ол жұмысына тексеру келетінін айтып, асығыс жиналып жатыр. Киімді аузым емес қолым үтіктейді емес пе? Жұмысына қандай тексеру келіп, қай саланы бақылауға алатынын сұрап қалып едім, «сұрапыл» басталып кетті. Ашуланды да:

- Сенің не жұмысың бар? Тезірек алдағыны бітір! Галстугымды да байлап қоймапсың.

- Айқайлағаның не? Менің де дәрігер екенімді ұмыттың ба? Саған көмегім тисе…

- Қайдағы көмек? Болшы тез! Ұятқа қалатын болдым-ау.

Мен жылап қалдым. Жылап тұрған әйел киім қалай үтіктесін. Күйеуім одан сайын ашуланды. Шала үтіктелген киіммен жұмысына ашу қысып, булғып кетті де қалды.

Бір топта оқыған жігітпен отау құрғанмын. Арманымыз асқақ болатын. Мен оған үлгере алмай жатқан сабағына жиі көмектесетінмін. Екеуміздің диплом жұмысымызды мен жалғыз өзім жазып шыққанмын. Бірақ мен қазір үйде отырған әйел ғанамын. Ол үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қаладағы белді аурухананың бас дәрігері. Тұлға ретінде қалыптасып, емханаларға жұмысқа тұруыма бас дәрігер қарсылық білдіріп келеді. Жұмыс істеп, ел көріп, науқас адамдарға кеңес бергім келетінін айтсам, өзінің табысының отбасын асырауға емін-еркін жететінін айтады. Бір күні ашуланып: «Әйеліңді үйде отырғызып қоятын болсаң, обал жасамай, ауылдағы оқымаған қыздың бағын ашпадың ба?», – дедім.

Ол ұрпағының аналары сауатты, көзі ашық болғандығын айтып мені жұбатты. Бір қырынан қарағанда сабақтан, бақшадан келетін балаларымның тамағын даярлап, олардың сабағына көмектесетінім жанымды рахаттандырады. Бірақ бала шақтағы арманыма қиянат жасап, өмірімнің үй шаруасындағы әйел ретінде өтіп жатқандығына зығырданым қайнайды. Ғылым төрт жыл сайын жаңарып отырады. Ал менің үйде отырғаныма биыл тоғыз жыл толды. Мен тіпті заманауиланған медицина мен компьютерлік диагностика туралы түк те білмеймін. Күйеуім болса, аруханаларының жаңаша жабдықталғандығы мен бүгінгі жетістіктерді айтып мені одан сайын қызықтырады, қынжылтады. Осы да әділет пе? Менің үш балам өсіп, өз орындарын тапқанша қай заман? Қажетсіз, түкке тұрғысыз маман болып қаламын. Қазіргі жастардың ынтасы мен талабы мықты. Олар мақсатшыл әрі жанжақты.

Олар маған пысқырып та қарамайды. Әлде ажырасып кетсем бе екен? Жұмыс жасатқызбай қойғаны үшін ажырасу ақылға сыйымсыз, солай емес пе? Жанымды жегідей жеген осы мәселені бірге оқыған қыздарға айтсам, олар маған таңырқай қарайды. Сосын менің орнымда болу – шексіз бақыт екенін, күйеуімнің балаларымды бағып, үйде отырғызып қойғанына қуануым керектігін айтады. Оның несі бақыт? Қаржылай тәуелді болу, өзіңді қоғамға керексіз сезіну, білгеніңмен бөлісе алмау бақыт па сонда? Меніңше нағыз бақытсыздық. Нұрбол екеуміз бірге жұмыс жасап, балаларымызды бала күтушіге қаратып, жетістікке бірге жетсек болмай ма?

Бәрінен де мен күйеуім осының барлығын саналы түрде жоспарлап жүзеге асырғанына ашулымын. Ол біз үйленбей тұрып, менің тағдырымды шешіп қойған. Оған баласын бағып үйде отыратын келіншек керек болды. Өз дегеніне қол жеткізді. Неге осы ойын шаңырақ көтермей тұрып ашып айтпаған? Бұл деген екеуміздің махаббатымыз бен отбасымызға жасалған сатқындық деп білемін. Осы сатқындық үшін одан теріс айналып кеткім келеді. Менің қалауымды кісендеп, өз ойын жүзеге асырып жүрген Нұрболды мен күн өткен сайын жек көріп бара жатқан секілдімін. Бұның арты неге апарып соғар екен?!

Күйеуімнің тәтесі бізді дуалап жүр екен
Туған әпкемнің сүйіктісінің маған арам ойы бар сияқты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу