Жеңгеміз дүниеқоңыздығының кесірінен бар абыройынан айырылды

Oinet.kz 30-11-2022 3696

Біздің отбасында 13 бала бар. Отбасында 5 ұл, 8 қыз. Қазір барлығымыз үйлі-баранды болып кеттік. Алдымыз алпыстан да асып кеттік. Ата-анамыздың алғашқы үш перзенті қыз. Одан кейін бір ұл бар. Әрбір әулетте үлкен ұл басшылық жасайды емес пе? Өкінішке қарай, біз өзіміздің отбасымызда ондай қамқорлықты көре алмай келеміз. 

Screenshot_7.jpg

Оның себебі де бар. Үлкен жеңгеміз дүние мен байлықтан басқа ештеңені ойламайды. Ағамыз да соған қалыптасып кеткен. Бізбен араласқанда оны білдірмеген болады. Бірақ, оны сырты көздің өзіне олардың бізбен қандай қарым-қатынас жасап жатқаны білініп қалады.

Жеңгем келген сәттен-ақ біздің отбасының шырқын бұзуға қолдан келгенше жанталасты. Ата-анамыз әрбір нәрсені сабырмен шешіп үйренген болатын. Шайпау келіннің анау-мынау қылықтарына кешіріммен қарады. Алайда, ұятсыздықтың да шегі жоқ секілді. Жап-жас басымен үлкендердің басына әңгіртаяқ орнатқысы келген кезі де болғанын көзіміз көрген. Дегенмен, отбасындағы үлкен қыздар ондайға жібере қойған жоқ. Шайпау келіннің екі аяғын бір етікке тығып қойғандай еді. Бірақ, жеңгеміз де ара-тұра болса да, бейәдеп мінезін көрсетіп қалатын. Әсіресе, дүние мен байлыққа келгенде көзіне ештеңе көрінбей кететін. Ар мен ұят адыра қалатын.

Не керек, өмір деген өтіп жатты. Ол кезде біздер бала едік. Қазір ес тоқтатып, үлкен азаматтар қатарына қосылдық. Ата-анамыздың құлағымызға құйып өсірген ақыл-кеңесіне құлақ асып, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеуге тырысып келеміз. Одан ешбір зиян да көрген жоқпыз. Адам баласының алдында қадірім кетпесін десеңіз, жағымсыз қасиеттеріңді оларға көрсетпеуің тиіс емес пе? Жеңгеміз сол күйінше қалды. Қазір ол кісінің де жасы алпысты алқымдап қалды. Бірақ, сол баяғы әдетімен бейпіла ауызымен әркімге шапылдап жатқаны...

Әрине, әрбір адам өзінің қызықшылығын бұзғысы келмейді емес пе? Жеңгеміз үшін бәрібір екенін ұқтық. Осыдан алты-жеті жыл бұрын үлкен ағамыз баласын үйлендірді. Сенесіз бе, сол тойдың шырқын басқа-басқа емес, жеңгеміздің өзі бұзды. Құдалар жақтың алып келген киіттеріне риза болмай дау шығарды. Болмашы матаның өзін үлкен әңгіме етіп, жиналған жұрттың алдында ұрсып қалды. Қазір кім-кімнің еркелігін көтереді. Қарсы жақ та қалысқан жоқ. Тіпті, әйелдер жұлысуға дейін барды. Ер азаматтар ажыратып, әрең бір мәмілеге келгендей болды.

Осының өзі ол кісінің қадірі қашып бара жатқанын аңғартып отыр. Жалпы, әрбір адам жасы үлкейгеннен кейін өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, есейген сәттерінде жақсы жағымен көрсетуге тырысады емес пе? Біздің жеңгеміз де сондай қасиеттің жоқтығы қарын аштырады. Ендігі уақытта жеңгеміздің ешбір түзеле қоймайтынына көзіміз анық жетіп отыр.

Қалай десек те, жеңгеміздің бұл қылығы біздің жүйкемізді жұқартып бітті. Үп-үлкен адамның мұндай әрекеті өзінің ел алдындағы қадір-қасиетін жоғалтуға алып келетінін өзі түсінбейді ме, түсінбейді ме, оны біз біле алмай дал болып жүрміз. Жеңгеміздің осындай дүниеқоңыздығы қазір ағамызға да жұққан ба деп қаламыз.

Әрдайым жаман қасиетті ұмытып, елдің алдында еңсең биік жүргенге не жетсін? Өмірде кейбір адамдардың соны жадынан өшіріп, бес күн жалғанда мәңгі-бақи болатындай кердең басатынына қарның еріксіз ашады емес пе? Жалпы, қай кезде де ешбір адамға өзіңнің қадіріңді жоғалтпай, жүзің жарқын болғаны дұрыс емес пе?

Ата-анамыз айтып отыратын. «Түсінбейтін адамға қанша айтсаң да, өзінің айтқанын дұрыс деп санайды» дейтін. Әйтпесе, жеңгеміздің бұл қылығы өзіне талай мәрте айтылған. Өзің ондай адам болмағаннан кейін жеңгеміздің дәрежесіне түскіміз келемйді. Сондықтан еріксіз іштен тынып жатамыз...

Ертеде Білге қаған «Дүниеқоңыздық пен тойымсыздық есіңді алып, еркіңнен айырады» деп өсиет айтып кеткен екен. Ұсақ-түйек демей, өзінің айтқанын дұрыс деп санайтын адамдарды көргенде осы сөздің дұрыстығына толық көзіңді жеткізе аласың.

Біздің айтарымыз, қай кезде де дүние немесе басқа деп ағайын-туысты ұмытуға болмайды. Соның салдарынан өзінің бар беделін жоғалтып алады.

Alashainasy.kz

Туған анам өмірімнің күл-паршасын шығарды
Босаға аттамай жатып жесірге айналдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу