Күйеуіммен ажырасып, алғашқы махаббатыма қосылсам бақытты болар ма екенмін

Oinet.kz 13-12-2022 4211

Мен кішкентайымнан үйдің еркесі болдым. Ата-анам беделді адамдар, оқыған-тоқыған отбасында тәрбиелендім. Ес білгелі қиындық көрмей өстім десем артық айтқандығым емес.

Screenshot_1.jpg

Мен барлық жасөспірім қыздар секілді 16 жасымда алғаш рет ғашық болдым. Ол жігіттің ата-анасы бірдей қайтыс болып, біздің үйге көрші тұратын нағашыларының үйіне көшіп келген болатын. Алғаш көргеннен-ақ ол жігіт жүрегімді жаулап алды. Бір-бірімізге қатты ғашық болдық. Біздің кезімізде телефон жоқ қой, хат арқылы сезімімізді білдіретінбіз.Ол жігіт өте салмақты еді.Сол кездегі оған деген сезімімді жазып жеткізе алмаймын.Бір күні анам хатты тауып алып, маған қатты ұрысты. "Есіл-дертің жігіт болса, мен сені оқытпаймын" деді. Сондықтан жігітіммен сирек сөйлесуге, кездесуге тура келді.

Біраз уақыт өткеннен кейін мен қалаға оқуға кеттім. Оқуға түсіп, қалада тұрып жаттым, ол басқа қалада оқыды. арамыз қашық болғандықтан бірте-бірте хабарласпай кеттік. Кейін ол жігіттің басқа қызбен жүретінін естідім. Мен жоғары оқу орнын бітіріп, магистратурада оқыдым. Осы аралықта маған көп жігіт сөз салды. Сөз байласқандарым да болды. Уақыт өте келе 24 жасымда аяқ асты бір жігітпен танысып 2 рет көріп сол жігітке тұрмысқа шықтым. Күйеуім өзімнен 5 жас үлкен жігіт. Тұрмысқа шығатын жасым келді ме, бәлкім тағдырым ба, әйтеуір ойланбай сол жігітке тұрмысқа шықтым.

Менің мінезім өте ашық, ақ көңілмін. Кез келген адаммен жылдам тіл табысып кетемін. Жолдасым да сондай кісі. Мені қалай сыйлайтынын сөзбен жеткізе алмаймын. Алматыда пəтер жалдап тұрдық, Ақшамыз күн көріс пен кредиттен артпаса да, біз бақытты едік. Бірақ күйеуім белсіз болып шықты, бізде бала болмады. Жолдасымды ата-анам да, бауырларым да ұнатпайтын. "Сонша оқып, жұмыс істеп жүрсең де көзің соқыр болды ма, басқа адам табылмады ма" деп ренжитін. Жолдасым негізі бала сияқты. Ол оқыған, жоғары білімді адам болса да, сауатты сөйлей алмайды, кейде тіпті ол үшін ұялып қалатын кездерім де болатын. Бірақ мен үшін ол маңызды емес, бір-бірімізді жақсы көріп, түсінсек болды деп жүре бердім. Алайда ата-анам, ақыры мені жолдасымнан ажыратып алды. Өйткені олардың құда-құдағиларына да, жолдасыма да көңілі толмады. Бұл туралы айта берсем әңгіме көп. Бірақ ажырасуға жолдасым келісер емес. Сотқа арыз тастасам да ол келер емес. Мен оны қимасам да ажырасудың дұрыс шешім екенін білемін. Өйткені екеуміздің отбасымыздың болашағы жоқ, баламыз да болмайды. Негізі күйеуіме бауыр басып қалғаным болмаса оны құлай сүйемін деп айта алмаймын. Сондықтан ажырсуды жөн деп шештім.

Ендігі мəселе 8 жыл араласпай кеткен алғашқы махаббатым хабарласып жүр. Ол менің ажырасқанымды білмейді екен. Тек дауысымды естігісі келіп номерімді тапқанын айтады. Менің ажырасқанымды есітіп ол да үнсіз қалды. Өйткені ол да өз жарымен ажырасқанына жылдан асыпты. Енді ол тағдыр өзі тоғыстырды бізді, деп қайта қосылуға ұсыныс жасап жүр. Мені жақсы көретінін айтады. Шынымды айтсам, алғашқы сезімім қайта оянғандай.Оның дауысын есітсем бұрынғыдай жүрегім алып ұшады. Жолдасыммен бір шаңырақта сонша уақыт тұрсам да, ондай сағыныш жоқ.

Алғашқы махаббатым күнде кездесейік деп жалынады.Бірақ мен оған келіспей жүрмін. Онымен сөйлессем көңілім толады. Сондай салмақты жігіт, әр сөзін ойланып сөйлейді. Жолдасымның табысы жақсы болатын, ал мына жігіттің жоғары білімі жоқ. Оқымаса да саналы, салмақты сондай, өмірді көрген. Жастай ата-анасынан айрылған. Тұрақты жұмысы жоқ, бірақ пысық жігіт. Оны шынымен жүрегім сағынады. Ендігі мəселе ата анам, бауырларымда. Олар менің алғашқы махаббатыма қосылуыма қарсы болады. Өйткені ата-анам да, аға-бауырларым да үлкен мекемелерде басшылық қызмет істейді, өзім де кіші-гірім ұжымды басқарам. Қалай ойлайсыздар махаббатым үшін үйі жоқ, тұрақты жұмысы жоқ, дипломы жоқ, ағайын-туысқандары жоқ жігітпен қосылғаным дұрыс па? Əлде онымен хабарсыз кетейін бе? Оған қосылсам өмірім қандай болмақ?деген сұрақтар ойландырып жүр.

Айжан, Алматы

Аlashainasy.kz

Ағам тойдың шырқын бұзбас үшін әкемнің қайтыс болғанын естіртпеді...
Құрбымның қылығынан кейін өзіме қол жұмсамақ болдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу