Ұзатылатын қызға «шыда, бәріне төз» деп ақыл айтуға болмайды

Oinet.kz 14-01-2023 1333

Қызыңызды үкілеп өсірдіңіз. Жақсы тәрбие бердіңіз. Жоғары оқу орнын бітірттіңіз (мейлі бітірмей-ақ қойсын). Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, шаң тигізбей өсірген қызыңыз аялы алақаныңыздан өзге шаңыраққа ұшып кетті.

Screenshot_22.jpg

Кетіп бара жатқанында қызыңызға әкелік тілегіңіз бен аманатыңызды айттыңыз: "Тастай батып, судай сің. Кез келген қиындыққа шыда. Отбасы болу оңай емес. Атымызға кір келтірме. Біздің берген тәрбиемізді ақта, ұятқа қалмайық. Абыройымызды ойла. Қайын жұртыңа мейірімді бол. Жолдасыңа адал бол. Ел анасы атан. Саналы ұрпақ тарбиеле", - деп.

Енді жаңа өмір басталады. Отбасының алғашқы ыдысы сықырлайды. Енесі келіннің әр арекетінен ілік іздейді. Адам деп, біреудің мәпелеген қызы деп қарамай, құл деп карайды. Жалпы қазақта (бәрі емес, әрине) келінді "құл", "міндетті" деп қарау қалыптасқан. Әсіресе оңтүстікте. Келін таңғы 6-да тұру керек, бәріне ас дайындау керек, сол аралықта сиыр сауу (егер ауылда болса), нан пісіру керек, бәрінің төсегін жинап, ыдысын жуып, егер жұмысы болса, оған барып келіп, сосын түскі ас пісіріп, үй жинап, ыдыс жуып, кешкі ас пісіріп, бәріне төсек салып беріп, қалған үй тірлігін жасап бітіп барып ұйықтауы керек. Кәдімгі құл емес пе?

Сосын енесі шығады "нанның тұзы кем", "тамақтың дәмі жаман", "ыдыстың майы кетпеген", "еденді дұрыс жумағансың", "даланы сыпырмағансың", "қоқысты тастамағансың", "баламның киімін айтпаса, үтіктемейсің", "анау жері тесіліп қапты, мына түймесі босап қапты", "қонақ шақырғанда безеріп отырдың", "қамырды қалың жайдың", "орамалды дұрыс тартпадың", "жабысқан көйлек кидің", "ошақты дұрыс жақпадың", "дастарханды таза сүртпедің", "шошаңдап қайда бардың", "көршіде нең бар", "елдің келінінен үйрен" т.б.с.с. кемсіту, жекулер басталады.

Ыдыс таза, үй жинаулы, ас дәмді болуы мүмкін. Адайда отырса, опақ, тұрса, сопақ қылу енеге рахат сыйлайды. Одан қала берді үйге көршілер, туыстар келсе, отырып алып келінін жамандайды. Егер пәленшені келін қылғанда, мұндай бақытсыздыққа (мына келінді алмас еді) душар болмас еді... Сосын баласына келінін жамандайды. Уақыт өте келінді қорлау, адам қатарына санамау, ұру басталады. Келін шыдайды. Себебі ата-анасына ұят келтірмеуі керек.

Егер саналы күйеу кездессе жақсы. Ал егер ішетін, сөзге ерме, қаңғырғыш, ұруға бейім, мінезі шайпау еркек кездессе, күнде соққыдан көз ашпайтыны анық. Ол енді әйелге байланысты емес. Ұру үшін себеп те керек емес. Күйеу ішіп келеді. Сосын есі кіресілі-шығасылы болып жүріп, әйелін ұрады, тебеді, боқтайды. Бейшара әйел балаларын, өзін қорғап, далаға не төркініне қашады. Қайын жұртын паналамайды, себебі олар бұның күйеуін жақтайды ғой! Ұрса, демек, әйел кінәлі, бірдеңе бүлдірген деп санайды...

Төркінінен пана сұрап келген қызға туыстары, әсіресе ата-анасы басу айтып, қайта жібереді тиран күйеуіне (бәлеқор енесіне). Басқа барар жері болмағандықтан, бейшара әйел күйеуінің келесі соққысы мен енесінің қорлауына көнеді. Шыдау керек. Өмір заңы. Шыдайды. Бәріне шыдайды...

Төркініне барудан пайда жоқ, қабылдамайды. Себебі қайтып келген қыз жаман. Көзге сүйел, бетке масқара... Шыдайды... Не істесе де, келін жаман. Сүйіспеншілік, махаббат, сыйластық сезімдері әдірем қалады. Әйел тек балаларым ержетсе екен деген мақсатпен ғана өмір сүреді. Ары қарай...

Егер әйел мықты болса, ажырасып кетеді ешкімге құлақ аспай. Сосын балалары үшін жаңа өмір бастайды. Егер әйел әлсіз болса, шыдай-шыдай, суицидке баруы мүмкін.  Егер әйел шешім қабылдауға қорықса, сол өмірді өле-өлгенше сүреді. Моральдық тұрғыдан қартаяды. Жүрегінде сенім мен махаббат өледі. Өмірге құштарлығы сөнеді. Әйелдік тартымдылық пен нәзіктіктен айырылады.

Егер әйел принципшіл болса, күйеуін құзіретті органдар арқылы орнына қойып, ажырасып, алимент өндіртіп, дүниені бөлісіп (егер бар болса), қайын жұртының жақсыларымен ары қарай араласып, ит мінезділерімен ат құйрығын үзіседі.

Қысқасы, қазақта қызға "шыда" деген сөз адамның болмысы мен рухын, сенімі мен құштарлығын өлтіретін ең АУЫР ақыл екенін білесіздер ме? 

Жаз айының басында құрбымның ажырасып келгенін естідім. 2 жыл бұрын ұлан-асыр тоймен ұзатқан едік. Жарты жылдан кейін тек тоқпақтың астына алған қайнағасы мен енесінен қорғай алмаған күйеуінен безіп келіпті. Өзінің атындағы 1 бөлмелі пәтерге көшейік десе, салтшыл күйеуі "анамды тастап кетпеймін, мен үйдің кішісімін, қарашаңыраққа мен қожайын" депті. 

Ендеше қайнағасының кетуін сұрапты, күйеуі "менің туған ағамды қуатын сен кімсің?" деп жерге тығыпты. Шикі нан сатып әкелдің деп ұрған қайнағасының әрекетін айтса да, күйеуі сенбепті. Үнемі күйеуі жұмыста кезінде енесі ұрса керек. Содан 2 жылда 2 рет түсік тастап, жылап-еңіреп кеткен екен. Жолдасы артынан іздеп те келмеген. Өзі ЖОО-да жұмыс істейді, өте интеллигент отбасынан шыққан. Қақаң-соқаңы жоқ, тәрбиелі қыз еді.

Бүгін телефон соғып, түрікке тұрмысқа шыққанын, енді Түркияға кетіп бара жатқанын айтты. "Әбден ойландың ба?" дедім. "Тағдырым шығар..." деді...иКейде қазақ қыздарының өзге ұлтқа кететіні де содан ба деймін...

Пысы: қазір маған қотыр-қисық моральдар қарша борайды. Әсіресе "ақылгөй", дәстүршіл еркектерден. Әр "ақыл айтқыш" данышпан еркектің қызына деспот күйеу бала берсін Алла, сонда ақылын кімге айтар екен!

Гүлжазира Есбол

Facebook парақшасынан

Күйеуім ата-анамды адам құрлы көрмейді
Анасын қарттар үйіне өткізген баланың тағдыры оңбады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу