Көзін сүзіп, отбасылы еркекті еліктірем деп талай қыз сорлап жүр

Oinet.kz 07-02-2023 411

Сəлеметсіздер ме қымбатты оқырман қауым. Мен бүгін барша жас қыздарға, сіңілдеріме үлкен өтініш айтқым келеді. Менің айтайын дегенім, қыз-келіншектер, отбасылы еркектерге қарамаңыздаршы. Бүгінде кейбір қыздардың кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып жатқанына куә болып жүрміз. 18-19 жастағы қыздарымыздың балалы-шағалы жігіттермен көңіл қосып, күндіз-түні телефонмен сөйлесіп, әлеуметтік желіде танысып, табысып жататыны өтірік емес.

Screenshot_2.jpg

Өзім де тұрмыстамын, жасым 30-да. Жолдасыммен түтін түтеткеніме 7 жылдың шамасы, арамызда қызымыз бар. Аллаға шүкір баспанамыз, жұмысымыз бар болғандықтан ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым күндіз жұмыста, түнде үйде, бірақ қыздармен сөйлесіп жүргенін білемін, сеземін. Оның қыздармен сөйлесетінін білгенде қатты ашуланып, өзімді қор сезіндім. Түнімен жазатыны смс, ватсап деген нәрсе жақсы болды, телефоны еш қолынан түспейді, қазір тіпті сыртқа шығып кетіп ұзақ телефонмен сөйлесетінді шығарды. Телефонын жасырып, блокка қойып, түнде сөндіріп қойса да, əйел болғасын айласын тауып қарап, қандай нөмерлермен, не туралы сөйлескенін көріп отырамын. Жаныңда жатқан жарыңның көзіңді бақырайтып қойып, небір жас қыздармен сүйем, күйем, кездесейік деп жазғаны қалай жаныңа батпайды.

Некелі жұбайы бар жігіттермен сөйлесіп жүрген қыздарға айтарым, дүние кезек қой, ертеңгі күні тұрмыс құрып келін болып, бақытты өмір сүріп жатқанда, жұбайлырыңыз қыздармен қыдырып кетпеуіне кім кепіл? Əрине, барлық кінәні қыздарға артудан аулақпын, нəпсісін тыя алмай жүрген еркектер көп, оның ішінде өзімнің жолдасым да бар. Еркектерге керегі қыздардың қылмыңдағаны. Олар бір күндік қызық үшін сөйлесіп жүрген қыздарға өзінің некелі жарын айырбастамайды, басқа қыз үшін әйелінен ажырасатындары да сирек. Өйткені олар өте өзімшіл ғой. Әйелі үйден шықпай тек өзінікі болу керек. Ал өздері сыртта кіммен жүрсе еріктері. Сондықтан қыздар-ау, балалы-шағалы еркекпен байланыстың болашағы жоқ. Өзі көзін сүзіп, еркекті еліктірген талай қыз сорлап қалып та жатқан жоқ па?

Еркектер әйелінен ажырасу үшін сөйлеспейді қыздармен, олар өздерін керемет еркек сезіну үшін сөйлеседі. Қыздардың назарын өздеріне аудартқан сайын олар бала сияқты масаттанады. Бірақ жанындағы әйелінің жүрегін жаралап жүргенін сезе бермейді. Кейбір әйелдер күйеуінің осы қылығына шыдамай, балаларын әкесіз өсіріп отыр.

Мені тұрмыстағы келіншектер жақсы түсінеді. Біз, әйелдер қауымы барынша шаңырағымыз шайқалмаса екен дейміз ғой. Балаларымыздың әкесі жас қыздармен ойына келгенін істеп жүрсе жүрегіміз қалай ауырмасын. Мен талай рет күйеуіме ренжіп, әркіммен сөйлесуін тоқтатуды талап еттім, жылап та айттым, үйге де кетіп қалған кездерім болды. Бірақ сүйіп қосылғасын, біраз жыл отасып, бауыр басып қалғандықтан, арамызда бала болғандықтан ажыраса салу қиын екен. Мен секілді қаншама тұрмыстағы келіншектер күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жүр. Көпшілікке топырақ шашпаймын, бірақ бұгінде отбасылы еркекпен сөйлесетін қыздардың көбейіп кеткені рас. Таныс қыз келіншектерімнің, дос-жарандарымның арасында өзге біреудің кесіренен ажырасып кеткендері жетеді.

Əрбір өзін сыйлайтын қыз өз теңін тауып, өзгенің жылы ұясын бұзбай, ешкімге қиянат жасамай, бақытты болса екен деймін. Ал еркектер қыздарға қырындай бермей өз жарларының, қарындастарының, қыздарының абыройын ойлағаны абзал.

Ойым шашыраңқылау болса кешірім мұраймын. ой бөліссеңіздер, алғысым шексіз.

Айман, Семей

Аlashainasy.kz

Құрбымның қылығынан кейін өзіме қол жұмсамақ болдым
Аяқ асты әйелімнің маған салқындағанын аңғардым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу