Бұл өмірде менен артық келін жоқ
21-10-2024
«Қазіргі жастар қатыгез, қиналып тұрғанға қол ұшын бермей, өтіп кете береді» деген әңгімені үлкендер жиі айтады. Мұның екінші жағы бар, кейде біреуге көмектесем деп өзіңе бәле тілеп алуың мүмкін. Себебі кейбіреулер жақсылықты түсінбейді. Мысалы, мен көршіме көмектесем деп өзіме бәле тілеп алдым», - дейді Айжамал есімді астаналық оқырман. Жаңа пәтерге көшкен келіншек, бір жылдан кейін үйін сұраған бағасына сатып кетуге мәжбүр бопты. Оны себебін ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
«Астананың шет жағындағы пәтерімді сатып, орталыққа, жұмысыма жақындау жерден екі бөлмелі пәтер алғанда қызым екеуміз қатты қуандық. Бұрын қызымды мектепке, одан кейін үйірмелерге тасу қиын еді. Таңертең шығып кеткен үйімізге кешке сілеміз қатып әрең жетуші едік. «Енді өзім барып келе берем» деп қызым қуанып еді. Бірақ біздің қуанышымыз ұзаққа созылмады.
Біздің үй үшінші қабатта. Жұмысбасты болғасын көршілердің көбісін тани бермейміз. Бірақ жоғары қабаттағы көршілер біздің есімізде мәңгі сақталып қалды. Олай деуіме көршімнің тиран күйеуінің қорқынышты әрекеттері себеп болып отыр.
Есік алдына кездесіп қалып жүргенде олар маған бақытты боп көрінетін. Менімен де түзу сәлемдесіп, әйелі тіпті шелпек пісіріп, үйіме әкеп берген. Қызыма «бір демалыста көршілерді шайға шақырып, танысып алайық» деп айтып жүргем. Бірақ бір күні жоғарыдағы көршілердің үйінен гүрс еткен қатты дауыс естілді. Бірдеңені төбеден тастап жібергендей селк ете қалдық. Дыбыс шықса елеңдеп, тың тыңдайтын әдетіміз ғой.
Не болды екен деп үнсіз тыңдап қалып ем, әйелдің зарлы үні естілді. «Ойбай, мынау мені өлтіреді, құтқарыңдар...» деп айқай салып жатқанын қызым да айтты. Арсың-гүрсің жүріс, қираған ыдыстардың дауысы... Қысқасы, сол күні түн ұйқым төрт бөлінді. Барып, келіншекке жәрдем берерімді де, бермесімді де білмей қалдым.
Ертеңіне кешкісін жұмыстан келе жатып көрші келіншекті аулада кездестіріп қалдым. «Сендерде бәрі дұрыс па, кеше бірдеңе құлағандай болды» деп едім, ештеңе болмағандай кейіп танытты. Бірақ білегінің қап-қара боп көгеріп кеткенін көрдім. «Жеке өмірі ғой» деп ары қарай қазбаламадым.
Арада екі-үш күн өткенде алдыңғы жағдай тағы да қайталанды. «Ойпырым-ай, өлтіріп қояр ма екен» деп ары-бері теңселіп біраз жүрдім. Бір уақта есік сынып кетердей қатты жабылды да, боқтап, аузына келгенді айтып көрші жігіт төменге түсіп кетті. Әйелдің даусы өшкен. Тықыр еткен дыбыс естілмейді. Он минуттай отырдым да, болмағасын көрейінші деп жоғарыға көтерілсем... Есіктің аузында қанға боялып көрші келіншек жатыр. Шаштары жұлынған, бет-аузының сау тамтығы жоқ. Қорқып кетіп дереу «жедел жәрдем» мен полиция шақырттым. Өмірімде еркек пен әйелдің төбелесін көрмеген басым, мына көріністен сасып қалдым.
Келген дәрігерлер дереу көршімді ауруханаға алып кетті, ал мен көргенім мен естігенімді полицияға айтып бердім. Ертеңіне азанда жұмысымнан сұранып, ыстық сорпамды алып ауруханаға барғам. Есін жиған көршім жылап отырып өз жағдайын айтып берді.
«Әпке, біздің өмірімізге араласып бекер қылдыңыз. Енді ол сізге де тыныштық бермейді. Ол сондай, жауыз адам. Ашуына тап келсең әкем-шешем демейді, қырып жібере салады, - деді ол. - Біздің үйленгенімізге төрт жыл болды. Арамызда бала жоқ, Соның күйігінен ішеді, ішіп келген күні маған тыныштық жоқ. «Сен қатын тумайсың, сенен ит жақсы, жыл сайын күшіктейтін...» деп төмпештей береді. Негізінде тумай жүргеніме мен кінәлі емеспін. Үйленгенімізге екі жыл толғанда әке-шешем дәрігерлерге де, тәуіптерге де әбден қаратып, емдеткен. «Балалы болуға әбден дайынсыз» деп шығарып салған. Былтыр күйеуіме екі ай жалынып жүріп дәрігерге ертіп апарғам. Ұрығының пайызы төмен екен. «Дәрігерлер оттай береді» деп сенбей, емделмей, қоя салды.
Ажырасып кете салайын десем жақсы көріп тиген күйеуімді қимаймын. Ол басында мұндай емес еді. Бала көтере алмай жүргеніме күйініп бір әйелмен шатысыпты. Өзін тексеріп көргісі келген екен. Онысы әркімнен қалған жеңіл жүрісті біреу ме, «менің аяғым ауыр» деп сүйіншілепті. Соны естігелі жын ұрғандай, маған келіп тиісе береді. «Бәленің бәрі сенен, анау қатын көтердім деп отыр, осыдан тусын, ДНК жасатам, менің балам боп шықса, онда сені өлтірем» деп қорқыта береді».
Көршімнің әңгімесінен кейін күйеуімен сөйлесуге бел будым. Өзімше әпкелік ақылымды айтып, жігітті сабырға шақырам деп ойлағам ғой. Әйелі күйеуінің үстінен арыз жазбайтынын айтып, полициямен өзара келіскен бе, қамалмапты. Үйіне барып ем, есікті өзі ашты. «Інім, сенің істеп жүргенің дұрыс емес. Кеше әйеліңді мен тауып алмағанда жағдайы не боларын ойладың ба...» деп бастағаным сол, көрші жігіт жағамнан алды да, «сен бе менттерге тоқылдаған, неге араласасың біздің өмірімізге» деп есігінен итеріп-итеріп шығарып жіберді. Қорқып, үйіме қалай келгенімді білмеймін. Әлгі жігіт бүкіл подъезге естірте «Ендігі ісім сенімен болсын, бізді аңдығанның қандай болатынын көрсетем саған» деп доқ көрсетті.
Содан кейін көршілерден аулақ жүретін болдым. Бірақ кек сақтаған еркек есігіме тыныштық бермеді. Ішіп келген күні өтіп бара жатып теуіп, жұдырығымен ұрып кетеді. Қоқыс тастауға шығады да, жол-жөнекей қоқысын менің есігімнің алдына шаша салады. Дап-дардай жігіт қой, бірақ істеген тірліктері баланікіндей. Өзімен сөйлесуге жүрегім шайлығып қалған, «күйеуіңнің мына тірлігі не енді» деп әйеліне айтсам, кешірім сұрап, қоқысты жинап алады.
Бірақ есуас күйеуі жұмыстан қайтып келе жатқан мені көшеден күтіп алды да, «сен қатын мына жерден көшесің, тез арада көзіме күйік болмай кет, әйтпесе не істейтініме жауап бере алмайм, көзіме қан көрініп жатыр» деп жұлқылады. Шошығаным соншалық, қызымды алдым да сол күні сіңлімнің үйіне кетіп қалдым. Полицияға айтсам одан бетер ерегістіріп алатыным анық. Ең тынышы, үйді сатып, басқа жаққа көшу болды. «Бәледен машайық та қашыпты» демекші, басымның аманында, қызыма қауіп төнбей тұрғанда кетейін деп шештім. Содан дереу таныс мамандарға айтып жүріп, үйімді сатып алған бағасына бере салдым. Ал ішіне жасатқан жап-жаңа ремонтымның ақысы сол күйі қалды...
Қазір сол әйелді жиі еске алам. Тиран күйеуінен кетті ме екен, әлде тоқпағына шыдап жүр ме? Әлгі көңілдесі баланы өмірге әкелсе, күйеуі белсіздігін мойындап, әйелінен кешірім сұраған шығар, бәлкім. Қалай болғанда да өзін ұрып-соғатын еркектен ертерек құтылу керек. Ондай адамның өзгеруі екіталай».