Енем анама «құдағи, ондай келінді дұшпаныма да тілемеймін» депті...

Oinet.kz 26-11-2023 1716

«Анасы бар адамдарға қызығам, себебі өзімнің анам өмірден ерте өтті. Кейде ол кісінің өмірден ерте кетуіне өзім себепші болғандай, ішім әлем-жәлем боп кетеді», - дейді Ақкүміс есімді келіншек. Екі баласымен ажырасқан ол қазір ағасының үйін паналауға мәжбүр боп отыр екен. Себебін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_18.jpg

«Он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Өзім сүйген жігіттің етегінен ұстадым. Екі жақ өзара келісіп, той-құдалықтың бәрін жасап, ырғатып-жырғатып алып кетті. Ол бір үйдің жалғыз баласы болатын. Анасымен бірге тұрдық.

Негізі бізде бәрі жақсы болды. Тек менің еркелігім мен мінезім ғой, өмірімнің тас-талқанын шығарған. Күйеуім мені сүйетін, еркелігімнің көбіне шыдап бақты. Енем де бетіме келіп сөйлеген емес. Бірақ мен соның бәрін керісінше қабылдадым. «Бәрі менің алдымда жайылып жастық болу керек» деп ойлаппын. Күйеуімнің жұмыстан шыққан әр минутын санаумен, аңдумен болдым. Сәл кешіксе үйге келгенде тамақ бермей қоятынмын. «Пробкада тұрдым, Пәленше жолығып қалды» дегенді түсінбейтінмін

Бір күні екеуміз қатты ұрысып қалдық. Онда да мен ғой, жеріктігім ұстап, түн жарымында бидай көже тауып әкел дедім. Ол байғұс қайдан тапсын, «далбасаламай жатшы» деп қойып қалды. Содан таң ата мамама звондап, «мынау мені адам орнына көрмейді, жұмыстан кеш келеді, анау-мынау...» деп бәрін жіпке тізгендей айтып бердім. Оған дейін де қит етсе звондап, жамандай беруші едім. Содан шаршады ма, мамам «ақыры тұра алмайды екенсің, кел үйге» деп тұтқаны қоя салды.

Көкірек деген ұрып тұр, мамамның «кел үйге» дегені бар, дереу сөмкемді жинадым да, енеме айтпай үйден шығып кеттім. Бірақ соным бекер-ақ болған екен. Төркінге барып аяғым аспаннан келді. Баяғы еркелететін мама жоқ, отырсам опақ, тұрсам сопақ етті. Өз үйімді тастап, төркінге келгеніме өкініп кеттім. Қит етсе күйеуімді мақтап, мені жамандап, «сен оларға осы мінезіңмен жақпадың, мына тірлігің шала, дұрыс емес» деп сынап-мінеп кетсін. Ондай сөзді енемнен де естімегем, өтім жарылып кетердей, бір апта әрең шыдадым. Бір аптадан кейін өзім күйеуіме звондап, «менің өкпем тарқады, келіп алып кетесің бе» деп жалынатын жағдайға жеттім.

Сөйтіп жүріп тұңғышымды өмірге әкелдім. Ұрыстың көкесі сол кезде басталды. Енем менен баламды қызғанып, «мен алып жатам» деп шықты. Сол кезде ақымақ басым, «мақұл, мама, алыңыз» деп бере салмай, «бала менікі, өзім бағам, өзім қараймын» деп ұрыс шығара бердім. Бұрын күйеуім екеуміз шарпылдасып қалушы едік, енді енемен проблема басталды. «Баланы маған бер де, тірлігіңді істе» деп жұмсап қояды. Әр сөзінен мін іздеп, қит етсе баламды алып апталап төркінге кетіп қалып жүрдім.

Оның бәрі шешемнің жүйкесіне жүк, жүрегіне салмақ екенін қайдан білейін. Барған сайын ақылын айтып, сабырға шақырып, күйеу баласына өзі звондап, мені қосып жіберетін. Соның бәрін ішке жұта беріп, қатерлі ісікке шалдыққанын білмей қалыппыз ғой. 

Бір жолы екіншіме аяғым ауыр, төркін жағымда той боп, соған баратын болғанбыз. Басқа қалаға іссапарға кеткен күйеуім түн ортасында бір-ақ келді. Киініп, таранып түнге дейін күткенім бар, оның кешігіп келгеніне ызам келіп, кіргеннен бас салдым. «Сен осындайсың, менің төркін жағым болғасын әдейі істедің...» деп бастап «кетеммен» аяқтадым ғой. 

Екі жылдан бері шыдамы шегіне жетсе керек, күйеуім «Кетсең, жолың ашық! Шық, қазір такси шақырып, сені салып жіберем» деп айқайға басты. Сөйтті де жолдас баласын шақырып, бүкіл киім-кешегімді өзі жинап, саусағымдағы неке жүзігімді алып қалды да, үйден шығарып жіберді. 

Түнделетіп төркіннің есігін қағып барып ем, анамның зәре-құты қалмады. «Ақыры өміріңді балталап, келген екенсің ғой, қайтейін, сен қызға дұрыс тәрбие бермеген екем» деп кемсеңдеп, немересін қолына алды. 

Күйеуім сол күйі артымнан іздеп келмеді. Мамам марқұм татуластырмақ боп бірнеше мәрте телефон соғып еді, «қызыңызға рахмет, енді онымен бір шаңырақ астында тұра алмаймын» деп жауап беріпті. Енем де азар да безер бопты. «Құдағи, сізге ренішім жоқ, қыздың өзін туғанымен, мінезін тумайсыз ғой, дегенмен ондай келінді дұшпаныма да тілемеймін» деп қоштасыпты. 

Екінші баламды төркінде босандым. Күйеуім де, енем де артымнан іздеп келмеді. Кішкентайым алты айға толғанда мамам өмірден өтіп кете барды. Ол кеткесін жеңгенің тілі шықты. Бұрын бетіме қарап сөйлемейтін еді, енді қазір олардың балаларымен менің екі балам ойыншыққа таласып, айтысып-тартысып, арамызда өкпе-реніш туып жатыр. Шыққан қыз шиден тысқары деген рас екен, анам болмаса ағама бір күн де сыймайтынымды түсіндім. 

«Мен бәрін түсіндім, балалықпен көп қателік жіберген екем, мені кешіріңдер» деп күйеуіме звондағам. «Мені мазақ қылып тұрсың ба, бұл сөзді неше рет айттың осымен» деп ашуланып жатыр. Бір үйдің жалғыз ұлына тұрмысқа шығып, балқып-шалқып жүргенімді кеш түсіндім. Жалғыз енемнің тілін таба алмағаныма ішім ашиды. Бірақ енді өкінгеннен пайда жоқ, күйеуім менен суып кетті. 

Жас қыздарға менің өмірім сабақ болса екен. Еркелік пен мінез жас келінге жарасатын қылық емес, әр нәрсенің шегі барын білсең, отбасыңның отын өшірмейсің. Менің қателігімді қайталамаңдар...»

Еркек - бала таптыратын дәрі...
Құрбым пәктігін сатпақ боп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу