Қайынатам анамнан қалған жалғыз пәтерімді тартып алды

Oinet.kz 10-02-2024 598

Мен отбасының жан дегендегі жалғыз қызы едім. Ата-анам тым еркелетіп өсірген. Менің бала күнімде әке-шешем бақуатты тұрмыс кешті. Тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі, жоқшылық кезең болса да, әкем еңбекқор болғандықтан, біздің үйдің жағдайы жақсы болды. Әкем шопыр бола жүріп сауда-саттықпен айналысып, үй үстіне үй алып, туған-туыстарын қалаға көшіріп әкелді.

Screenshot_9.jpg

Әкемнің жалғыз қарындасы студент кезінде демалыс сайын көрші қаладан біздікіне келіп тұратын. Сонда әкем масаттанып: «Оқуды қайтесіңдер? Оқымаған мен, міне, қаншама ақша тауып жүрмін!» - дей келіп, маған: «Оқығың келмесе, оқып миыңды шірітпе. Ақша жетеді. Өзім-ақ сатып әперемін дипломыңды» - деп, мені дандайсытып қоятын. Екі күннің бірінде сабақтан қалатынмын. Жарытып оқығаным шамалы. Әкемнің қарындасы 1-сыныпқа барғанымда мені қаладағы ең беделді қазақ гимназиясына жетелеп апарды. «Мұнда, ең бастысы, тәрбие жақсы» - деді ол сонда. Бірақ мен онда барудан бас тарттым. Менің туған бөлем біздің үйдің жанындағы орыс мектебіне барғалы жатқан. Соған елігіп «Мен Зарина баратын мектепке барамын» дедім. Сөйтіп, анам барып құжаттарымды қазақ мектебінен қайтарып алды да, мен орыс мектебінің табалдырығын аттап, «Әліппе» орнына «Букварьды» қаузадым. Зарина оқу озаты болып кетті де, мен екі күннің бірінде оқудан қалып, мұғалімдерге жеккөрінішті болып сүйретіліп жүре бердім.

Сөйтіп жүріп бір қаланың басқа шетіндегі шағынауданға көшіп мектебімді ауыстырдым. Есейіп қалғанда нашар оқыған тіпті жаман екен, ата-анамды мектепке жиі шақыртатын. Сонда да мен сабақтан қалуымды қоймадым. Дәрігерден анықтама қағазын алу жағынан алдыңғы орындамын. Үй тапсырмасын орындау дегенді білмеймін. Орындағым келсе де, әбден артта қалып қойған адамға бірдеңе ұға қою қиын ғой. Анам киімнің жақсысын, тамақтың дәмдісін маған арнайды. Жылда менің туған күнім атап өтіледі, аста-төк дастарқан жасалады. Ең бірінші келеті анамның апа-сіңлілері. Әкемнің қарындасы бала күнімде кішкентай домбыра сыйлаған. Оны сол күні-ақ сындырдым. Кейін туған күніме мен қыңқылдай берген соң пианино алып берді. Мен тіпті оқусыз-тоқусыз қалып бара батқан соң, ол мені вокал үйірмесіне жазғызды. Оған екі рет барып, тастап кеттім. Жалпы, кішкентайыңнан бастаған ісіңді тастамауға дағдылану керек екен, ол дағды менде мүлдем қалыптаспапты.

Уақыт өте келе біздің айрандай ұйыған отбасымыз іри бастады. Әкемнің ішетіні бар еді. Ішсе, анама қол жұмсайды да, біз үйден қашып кетеміз. Әкем ылғи да «ұлым жоқ» деп сылтауратып ішетін. Сөйтіп, екі ортада жүргенде ол бір ажырасқан әйелмен әуейі болып, анам екеуінің арасына сызат түсті. Ақыры ажырасып тынды. Әкем жер үйді, біраз мүлікті анама беріп, өзі әлгі әйелдің қолына кіріп алды. Әкемнің әлгі әйелге байланған бір себебі - ол ұл туып берді. Күндердің күнінде анам да үйге біреуді кіргізіп алды. Ерке өскен мен мұндай өзгерістерге төзе алмадым. Әкем мал сатып алып ауылға көшетін болды да, мен «ауыл мектебінде оқимын» деп, ауылға кетіп қалдым. Әрине, мұның бәрі менің жастайымнан көрген ессіз еркелігімнің салдарынан еді. Әйтпесе есі түзу адам өз анасынан безіп, өзінің отбасын бұзған әйелдің қолына кетер ме?

Ауылда мен қазақ мектебіне бардым. Біз ауылда тұрып жатқанда анамның жалғыз бауыры жол апатынан көз жұмды. Бұл қайғы анама өте ауыр тиді. Осыдан соң анамның ұнжырғасы түсіп, ауырыңқырап қалды. Бір күні сабақта отырғанымда қаладан «мамаң ауырып қалды» деген хабар жетіп, әкем екеуміз қалаға тарттық. Анам жансақтау бөлімінде қимылсыз жатыр екен. Содан есін жимады. Анам өлгенде дүние төңкеріліп кеткендей күй кештім. Тірісінде қадірін білмегенімді осы сәтте түсіндім. Бірақ бәрі кеш еді.

Жетімнің күні қайбір оңған? Өгей шешем мені табанымнан тіліп тұрып жұмысқа салды. «Әкенің жақсысы жездедей» деген емес пе, мені қорғап, ойлап жатқан әкем жоқ. Арасында ішіп кететіні және бар. Қыста аязда алыста орналасқан құдықтан белім талып су тасимын, мал жайғап, қиын тазалаймын, үй жинау, нан илеу, нан салу, кір жуу - жұмыстың бәрі менің мойнымда.

Анамнан айырылғаным үшін алатын аз ғана жәрдемақыны ай сайын әкем сыпырып алып, үйге тамақ алып келеді.

Мен он алтыға тола салысымен әкемнің қарындасы ашуланып, бұрын әкемнің атында болған жәрдемақыны менің атыма жаздыртып қойды. Жәрдемақыға енді қалаға өзім баратын болдым. Барғанымды қайтейін, бәрібір оны үйдегілер жұмсайды ғой.

Анам марқұм кезінде қала шетіндегі үйді екі бөлмелі пәтерге айырбастап, оның ішін су жаңа дүние-мүлікке толтырып қойған. Әкемнің қарындасы енді сол үйді менің атыма аудармақшы болды. Сөйтсе, нағашы әпкем несие алғанда анамды алдап-сулап, пәтерін кепілге қойдыртыпты. Сонымен, маған мұраға қалуға тиісті пәтер кепілде, ал нағашы апам болса банкке несиені төлей алмай қойған. Банк «үйді саудаға қоямыз» деп күнде қорқытады. Бір күні тәтем (әкемнің қарындасы) банктен қоңырау шалған менеджерге айғайлап, іле адвокат іздеп кетіп қалды. Содан түрлі құжат жинап, неше түрлі адвокаттарға барып, түптің түбінде банкті сотқа берді. Ол банктегілердің құжаттарынан әлдебір заңға қайшы кемшілік тауып алыпты. Сол кезде жұрттың бәрі банкпен ұстасып жатқан тәтеме күле қарады. «Ойбай, мына кісінің банкпен соттасқаны қалай, әліне қарамай ма?» десті жұрт. Оның үстіне тәтем адвокат жалдағысы келмей, сотқа өзі қатысатын болды. Сізге өтірік, маған шын, ол кісі ақыры үйді кепілден алып шықты. Бұл, негізі, ерлікпен тең әрекет қой, десе де, оны ешкім бағалап, шын көңілден рақмет те айтпадық. Осылайша анамның екі бөлмелі пәтері енді менің атыма жазылды.

Бұл кезде мен әлі ауылда 11-сыныпта оқып жүрмін. Ауыл мұғалімдері «ҰБТ-ға қатыспайсың! Екі алып, масқарамызды шығармай тұрғаныңда, тестілеуден өз еркіңмен бас тартып, емтихан тапсыр!» - деп, күнде миымды жейді. Маған салса, бәрібір ғой. Сол ҰБТ-ны тапсыруға құмар да емеспін. Бірақ қаладан арасында қоңырау шалып тұратын тәтем: «Осыдан ҰБТ тапсыртпай көрсін саған, министрліктен кісі әкелем!» - деп айбат көрсетіп қоятын. Мен итшілеп ҰБТ-ға қатысатын болдым. Тәтем өйтіп-бүйтіп көмектесіп, әйтеуір екі алудан аман қалдым. Бірақ мен жинаған ұпай колледжге түсуге жарап тұр. Қалаға келген соң тәтем желкелеп әкеп колледждің бюджеттік бөліміне түсіріп жіберді.

Өмірі әріп танымаған адамның басына колледждегі білім қайбір қона қояр дейсіз? Әупірімдеп зорға жүрдім. Бастапқыда сабақты жаттап алып, «4» алатын едім. Кейін сұйыла бастадым, өйткені қиын пәндерге шамам жетпеді. Бірінші семестрде шәкіртақы алдым. Емтиханнан бірнеше сабақтан «үш» шыққалы тұр еді, тәтем келіп әр мұғаліммен тілдесіп, барлық сабақтан жақсы баға қойғызды. Осылайша мен шәкіртақымды ала бердім.

Бірінші курстан соң тұрмысқа шығып кеттім. Тәтем «оқуға түсірген еңбегімді далаға кетірдің» деп қатты ашуланды. Мен де, жігітім де «оқу аяқсыз қалмайды» деп уәдені үйіп-төгіп құтылдық. Әкем қолында бар техникаларын сатып, ұзату тойын жасады.

Менің пәтеріме пәтерші кіргізіп, ата-енемізбен бірге тұрдық. Екінші курста оқып жүргенімде балалы болып, оқуды уақытша доғара тұрдым. Дүниеге қыз бала келді. Үй ішіндегілер, қайын атам да, енем де немерелерін қатты жақсы көреді. Сөйтіп жүргенде, бір күні қайын атам: «Мен бір керемет коттедж көрдім. Екі үйді сатып, соны алайық. Кейін бәрі сендерге қалады ғой», - деді. Анамнан қалған көз болғандықтан, пәтерімді сатқым келмеді. Үндемегенімді жақтырмай, атам тосын мінездер шығара бастады. Күнде кешкісін, күйеуім жұмыстан келген соң атам «Ана үйді алсақ, бүйтер едік, сүйтер едік» - деп, күйеуімді сөзбен мінеп, сынап, тиісіп отыратын болды. Отырсақ опақ, тұрсақ сопақ бола бастадық. Содан атам маза бермей, құлақ етімді жей берген соң пәтерімді сатып жібердік. Пәтер сататынымызды, әрине, тәтем білмей қалды. Зымиян қайын атам мүләйімсіп, әкемнен рұқсат сұрады. Әкем ұялғанынан «мейлі» дей салды. Мен ол кезде баламен басым қатып жүрген адаммын, ештеңенің байыбына бара қоймадым.

Пәтер сатылып, коттеджге көштік. Қызым біраз өсіп қалған, енем жұмысынан шығып, үйде баламен отыратын болды да, мен оқуымды жалғастыруға бет алдым. Мені «орын жоқ» деп сылтауратып, колледж оқуға алмады. Мәселеге тағы да тәтем кірісіп, мені ақылы бөлімге әрең кіргізді. Колледж басшылары болса «Академиялық демалыстан келген адамды бюджетке қабылдамаймыз. Ақылы оқуға кіргендеріңізге тәуба етіңіздер» деп міндетсіді. Кіріп алған соң тәтем жоғарыдағыларға хабарласып, мені қайтадан тегін бөлімге ауыстыртты. Бірақ мен оқуды дұрыс оқи алмадым. Үйге барсаң, қайын атаң әр қадамыңды санап, істеген ісіңнен кемшілік тауып ызыңдайды да отырады. Күйеуге тиген қайын сіңлімнің баласы да біздің үйде, енем менің қызыммен қоса оны да бағуда. Екінші қайын сіңлім тұрмысқа шыққанымен бір ай болар-болмаста ажырасып келген. Қысқасы, үйде үш қайын сіңлім тізіліп отырады. «Үйтпедіңдер, бүйтпедіңдер» деп атам отырады. Бара-бара күйеуім екеуміздің арамыз бұзыла бастады. Күйеуім таксишілеп жүрем деп кетеді де, түнімен жоғалады. Кей күндері арақ ішіп алып, менімен байланысып, тіпті ұрып-соғатын болды. Көңіл күйім болмай, мен қайтадан сабақтан қол үзіп, академиялық үзіліске кеттім.

Қазір күйеуім екеуміз ажырасып кеттік. Ол мені ұра берген соң шыдай алмадым. Және атамның әр ұсақ-түйекке араша ызыңдағанын көтере алмадым. Оның үстіне байда жүргені бар, қайтып келгені, тимегені бар үш қайын сіңлімнің сазарған түрлерін көргім келмейді.

Өз пәтерімізде бөлек тұрып жатсақ қой, тыныш өмір сүріп жатар едік. Амал не? Қайын атамның майда тіліне сеніп, сан соғып қалдым. Ол коттеджді өз атына жазып қойған.

Қазір мен балама алимент алып жатырмын. Пәтер жалдап, дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Қолымдағы, өне бойымдағы алтын атаулының бәрі ломбардқа жем болып кете барды. Ақыр аяғы анамнан қалған баспанаға ие бола алмаған соң несін айтасыздар?

Маған көмектесе-көмектесе шаршаған тәтемнің жүйкесі қатты тозып кеткен. Менімен жайбарақат сөйлесе алмайды. Менің жасаған қателіктерім есіне түсіп, долданып, өз-өзіне ие бола алмай қалады. Жеме-жемге келгенде ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, далада қалған мен ғана. Қазір пәтер жалдап қаңғырып жүрмін. Ақымақтығымнан. Қолда бардың қадірін білмегендіктен. Барды бағаламағандықтан. Қарыз дегеніңіз бастан асады.

Қайын атам болса менің анамнан қалған мұраны жамбасына басып, шырт-шырт түкіріп отыр. Үш қызы кейде баламды алып кетуге барсам, «дура» деп, неше түрлі сөз айтады маған. Шешемнің дүние-мүлкі өзімде үй болмағандықтан, сол үйде қалды. Сонда тозатын да шығар.

Кезінде атам бізге «коттеджді ұлымның атына жазамын, сонда оған сен де ортақ боласың» деген. Сөзінде тұрмады. Өз атына жазып қойды. Қазір ол мені «ертең әперем үйіңді, бүрсігүні әперем» деп емексітіп, уақыт өткізіп келеді. Не істерімді білмей, басым қатты. Бақытты басқа тепкен деген осы ма екен...

Ботагөз Баймурзина

alashainasy.kz

Бала күнімнен көріп келе жатқаным зорлық пен қорлық, енді жатысым мынау жындыханада
Енемнің қолындағы банк карточкамды жауып тастап, жаңасын ашсам не болар екен?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу