Ерінгеннің бәрі етікші емес

Oinet.kz 27-09-2024 42

Қоғамда өз кәсібін ашып,  нәпақасын тауып жүрген жандар аз емес. Біздің елде  ешқандай  атақ та, марапат та алмайтын  қарапайым еңбек адамдары бар. Солардың бірі етікшілер қауымы.  

Screenshot_13.jpg

Етік тігу екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Еңбекқорлық пен төзімділікті қажет етеді.   Ерте заманда етікшілердің есімі тарихта қалған деседі, оларға көрсетілетін құрмет те ерекше болған-мыс.  Заман жаңарып, техника дамыған сайын  етікшілердің  қызметіне әлі де  сұраныс бар. Етік тігу көпшілік қырын қарайтын  кәсіп болса да,  күнделікті  нәпақасын  бейнетпен тауып жейтін етікшілердің еңбегі ерен. Сайрам ауданының  орталығында бірнеше етік жөндеу шеберханасы бар. 

Қашан кірсең де қолдарынан бізі түспей етік жамап отырғанының куәсі боласың. Екі адам зорға сиятын аядай жерде тау болып үйілген аяқ киімдердің ортасында келушілерге қызмет көрсетіп отырған  етікшілер әр келушімен жылы сөйлесіп, аяқ киімін де жөндеп үлгеріп жатады.  Солардың бірі  Сайрам ауданы, Манкент ауылының тұрғыны Мирзаев Әділбек Азатұлы. 27 жылдан бері етік тігумен айналысып келе жатқан   Әділбек Азатұлы  өз кәсібі жөнінде ағынан жарылды. Айтуынша  1997 жылы  бұл кәсіпті Ергаш деген етікші кісіден үйренген екен.  Сөйтіп, 1999 жылы өзінің  шеберханасын ашқан.   «Жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім.  Ай сайынғы салығымды төлеп тұрамын. Күніне 8-9 сағат жұмыс істеймін. Ешкімге тәуелді емеспін,  табысым қанағаттандырады.  Аяқ киім жөндеуге керекті қайыс, көн, былғары, жіп,  желім секілді шикізаттар мен бақа бас темір, балға, шеге тістеуік,  тетір пышақ , тағы да басқа құрал саймандарды    Шымкент, Алматы қалаларынан алып келеміз. Осы күнге дейін  бірде-бір адам ісіме шағым айтпаған»,-дей-ді етікші Ә.Мирзаев. Таңнан қара кешке дейін бір орында  тапжылмай отырып етік  жөндеуге екінің бірі төтеп бере алмайды.     Әсіресе  қарлы, жаңбырлы күндері етікшілердің көмегіне жүгінетіндер саны артады екен. Етікшімен аз ғана сөйлескен уақыт ішінде  оның  тілі салақтаған екі аяқ киімді оңдап, айналдыра тігіп, желімдеп  үлгергенін байқадым.   Содан соң ол келесі аяқ киімді қолына алып ескірген табанын алып тастап, жаңа табан салуға көшті. Шапшаң қимылдады,  ісмерлікке үйренген, өз кәсібіне берілген. Әділбек ұста:  «Аяқ киімдердің  сапасын қалай ажыратамыз?» деген сұрағымызға: «Өзгені қайдам, өзім   аяқ киім сапасын  қолмен бір ұстағаннан-ақ  ажырата аламын. Аяқ киім таңдауда, сапасына баса назар аудару керек. Бүгінде былғары таза аяқ киімдердің өзінен айнымайтын сапасы нашар көшірмелері шығып кетті ғой. Екеуін ажырату  мүмкін емес, нәтижесінде көптеген сатып алушылар алданып қалып жатады», -деп жауап қатты.

Жалпы, дұрыс таңдалған аяқ киім аяқтың саулығына  да тікелей   байланысты.  Әсіресе біз өкше киетін әйелдер қауымының  аяқтары жиі ауырады екен. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дегенімізбен, бір сәт денсаулықты күткен дұрыс шығар. Десе де, қазіргі кезде баяғыдай  біз өкше, басы үшкір аяқ киім киетіндер  азайған. Бесіктегі баладан белі бүгілген қартқа дейін спорттық үлгідегі аяқ киім  киіп жүр. Жүріс-тұрысқа ыңғайлы, әрі жайлы, бұл да болса дұрыс шығар», -дейді күліп. Әділбек ұста бүгінгі күнге дейін бірнеше шәкірт тәрбиелеген.   Өзі  екі  адамды  жұмыспен қамтыған.  Етікшілердің  бойынан өз кәсібіне деген құштарлық байқалады.  қара жұмыс істеуді ар санап, өкіметке өкпе артатын кейбір жандар осы кісілерден үлгі алса екен. 

С.АБЫЛБЕКОВА

Сәби жөргектері шығарылады
Сайрамдық Равшан Алиев: «Бал арасы – табиғаттың сыйы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу