Ерлер мен әйелдер теңдігі - мемлекеттік саясаттың өзегі
БҰҰ гендерлік саясатты адамзаттың орнықты дамуының басты алғышарты деп санайды. Расында да бүгінде ер мен әйел теңесе отырып, әлемді бірге өзгертуде. Бүгінде Қазақ елі гендерлік саясатты жүргізуде өзге елдерге үлгі болып отырғаны мәлім.

Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды институционалдық қадамдар жасалды. Соның бірі – Парламент пен мәслихаттарда әйелдерге арналған квотаның енгізілуі. Бүгінде Парламент құрамында 28 әйел депутат елге адал қызмет етуде. Жалпы, мемлекеттік қызмет саласында әйелдердің үлесі айтарлықтай жоғары. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 55,8%-ды құраса, басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 39,1%-ға жеткен. Ал сот жүйесінде әйелдердің үлесі 53%-ды құрайды.
Гендерлік саясаттағы жүйелі өзгерістердің бірі 2024 жылы жүзеге асты. Сол жылы Қ.Тоқаев әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңға қол қойды. Қоғамда «Салтанат заңы» деп аталған бұл құжат резонанс тудырған Қуандық Бишімбаев ісінен кейін қабылданған болатын. Сарапшылардың пікірінше, заң гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алуға бағытталған маңызды қадам саналады.
Жаңа нормалар әйелдердің құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік берді. Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 3%-ға азайған.
Сарапшылардың айтуынша, гендерлік теңдік тек әлеуметтік мәселе ғана емес, елдің экономикалық және саяси дамуына тікелей әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан қоғамдағы әйелдердің рөлін нығайтып, нәзік жандыларға ерлермен иық тіресе отырып, Қазақстанның жарын болашағын бірге құруға мүмкіндік бергеніміз абзал.


