Әлеуметтік төлемдер 2026 жылдан бастап 10%-ға артты

Oinet.kz 26-03-2026

Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға көрсетілетін қолдау жүйесі жыл сайын жетілдіріліп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымды екенін көрсетеді.

image.png

       Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы республикалық бюджеттен мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға 655,7 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 90,3 млрд теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлемдер жүргізілген. Бұл мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейде екенін аңғартады.

       Жыл қорытындысы бойынша мүгедектігі бар азаматтарға арналған мемлекеттік жәрдемақыны 553,9 мың адам алған. Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 191,9 мың адам қамтылған. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы еңбекке қабілеттілігінен айырылған 101,3 мың адам және асыраушысынан айырылған шамамен 68,6 мың отбасы әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілген.

      2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты барлық негізгі әлеуметтік төлемдер 10 пайызға ұлғайтылды. Бұл шешім халықтың табысын қолдауға және инфляциялық қысымды азайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

      Жаңа мөлшерлемелерге сәйкес, жалпы ауру салдарынан мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы көлемі айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, І топтағы азаматтар үшін – 111 872 теңге, ІІ топ үшін – 89 498 теңге, ІІІ топ үшін – 61 021 теңге көлемінде белгіленді. Сонымен қатар еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша орташа төлем 72 409 теңгені, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 73 306 теңгені құрады.

     Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға — 6,8 трлн теңге бағытталғанын айтты. «Әлеуметтік саладағы негізгі шешімдердің бірі — әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамытуды бастау, және проактивті форматқа көшу. Бұл адами факторды азайтуға, бюрократияны қысқартып, көмек көрсетуді жеделдетуге алып келеді», -деп атап  өтті ол.

      Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты түрде жетілдіріліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыру, әсіресе осал топтарды қолдау бағытындағы саясат өз жалғасын табары сөзсіз.

Еліміздің стратегиялық ресурсы - жастар
Ерекше балалар – ерекше назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу