Ерекше балалар – ерекше назарда
Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Бүгінде 537 бейінді ұйым жұмыс істейді: 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы. Қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке жетті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасаған. Инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Ал 7 775 бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға кіріктірудің маңызды тетігі – жұмыспен қамту. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар, квоталар мен гранттар қарастырылған. Әлеуметтік қолдау жүйесі де жетілдіріліп, қызметтер цифрландырылуда. Алайда басты мақсат – тек көмек көрсету емес, азаматтардың қоғамдағы орнын нығайту.
Инклюзивті қоғам тек саясатпен емес, адамдардың қарым-қатынасымен қалыптасады. Құрмет – тең дәрежеде сөйлесу, көмек ұсыну, қоғамнан оқшауламау арқылы көрінеді.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарас – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Оларға аяушылық емес, құрмет қажет. Әр адам – өз мүмкіндігіне қарай құнды.
Инклюзивті қоғам – адамгершілік қағидаттарға негізделген орта. Тең мүмкіндік пен құрмет арқылы ғана біз дамыған, әділетті қоғам қалыптастыра аламыз. Бұл – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.


