Улы жәндіктерден қалай қорғануға болады?

Oinet.kz 09-12-2019 2855

Жайдарлы жазда табиғат аясында, теңіз жағасында демалғаға не  жетсін. Қым-қуыт тірліктен қолы босамайтын жұмысбасты адамдар да осы мезгілде бір сәт сергіп алуды жоспарлайды. Жазғы демалыс орны ретінде біріміз таулы-орманды аймақтарды таңдасақ, енді біріміз теңіз жағалап кетеміз. Демалысқа аттанардан бұрын киім-кешек, қажетті заттарымызды дайындап алатынымыз белгілі. Алайда бұл жеткіліксіз. Себебі табиғат анада бізден басқа миллиардаған тіршілік иелерінің өмір сүретінін ұмытпауымыз қажет. Әсіресе саяхат кезінде  жәндіктер сіздің денсаулығыңызға зиян келтіруі мүмкін.  Соның ішіндегі улы жәндіктерден сақтану оңай емес. Олар жаз мезгілінде көбірек қозғалыста болады. Өзіне жылы ұя және жемтік іздей бастайды. Сол себепті саяхатқа шығардан бұрын қандай жәндіктерден қорғану қажет және қалай, шағып алған жағдайда не істеу қажет деген сұрақтарға жауап іздеген жөн. 

Screenshot_1.jpg

Алдымен адамдарға аса қауіпті тіршілік иелеріне тоқталайық. Дүние жүзінде жыланның 2700-дей түрі бар. Солардың 400-ге тарта түрі адамдардың өмірі үшін қауіпті. ТМД елдерінде жыландардың 56 түрі бар, соның ішінде 11 түрі улы. Мәселен ысылдағыш улы жылан, ленталы крайт, жолбарыс жылан, тайпан жыланы, мулга, кобра, мамба т.б Ал Қазақстанда жыландардың 19 түрі бар, оның 4- еуі ғана улы. Олар кәдімгі сұржылан, дала сұржыланы, гюрза ( бозжылан), Палласов қалқантұмсықты жыланы. Жылан уы - бұл жылан тістерінен сілекейлі темірдің бөлініп шығуы. Ол сабан түсті немесе жасылдау сұйықтық болады және қою емес келеді. Алайда барлық жыландардың уы бірдей болмайды: сұр жылан уының құрамында қан құйылуына әкелетін геморрагин болса, әбжыланның уы жүйке жүйесін зақымдайтын нейротаксинге бай. Сондықтан әр түрлі жыланның шағуы адамға әр түрлі әсер етеді.  Мәселен сұр жылан шаққанда – шаққан жер ісіп, терінің өлуіне алып келеді, ал әбжыланның уы денеге жайылғанда адам демігіп, жүрегі айнып, басы айнала бастайды, кейде лоқсуға да алып келеді. Ал тайпан  жыланының уы 100 адамды өлтіруге дейін жетеді. Австралияда жыл сайын тайпан уынан 80-нен астам адам көз жұмады екен. Мулга болса бір шаққанда 150 мг у бөледі. Аса қауіпті крайт жыланының бір дозасы 10 адамды өлтіре алады. Құрғақ жерлерде мекен еткенді ұнатады. Мысалы, індер және кеуіп қалған бұталар арасында. Кей жағдайларда адам тұратын үйлерге, аулаларға кіріп кетеді. Сондықтан жыланның адамға шабуыл жасаған оқиғалары көп кездеседі. Оның уы өте күшті. Тіпті өзге уларды жеңіл көтеретін сұр жылан крайттың бір шаққанынан өліп қалады. Руссель есімді ғалым крайт жыланының уы қалай әсер ететіндігін зерттеп көрген болатын. Жылан тістеген ит 10 минут ішінде тістелінген аяғын мазасыз қозғап бастайды, бірақ аяғында әлі нық тұрды. Тағы 5 минуттан кейін ол жерге жатып үре бастады. Ал тістелген уақытының 25 минутінде екі аяғы мүлдем жансызданып қалады. Екі сағаттың ішінде удың салдары күшейіп, ит өліп қалады. Жер бетінде таралған жыландардың арасында жолбарыс жыланның уы ең күшті. Бұл жыланның уына тап болған ұсақ жануарлар дәл сол мезетте өліп қалады. Бір жыланның ішіндегі у 400 адамды ажал құштыра алады. Жолбарыс жыланының уы жүйке жүйесіне тікелей әсер етеді. 

Жылан шағып алған жағдайда өзіңізге алғашқы көмекті көрсетіп үйреніңіз. Қаперіңізде жүрсін: шағылған жерді ешқашан қолыңызбен баспаңыз. Кейде жылан уы киімде не теріде ары қарай сіңбей қалып қояды. Ең алдымен уды сорып алып тастау керек. Уды алып тастау үшін өзіңіздің не қасыңыздағы серігіңіздің аузы таза, сау болуы керек.  Уды сорып алып тастаған соң, жараны йод, спирт, зеленкамен таңу керек. Жараға салқын нәрсе басқан да дұрыс. Ең дұрысы тезірек дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. 

Кейде ұсақ жәндіктер түрі сұсты жыланнан да қауіпті болуы мүмкін. Соның бірі республикамыздың оңтүстік аудандарында көбірек кездесетін қарақұрттан сақтанып жүрген абзал. Қарақұрт түнде активті. Олар тек жалаң аяғыңмен басып кетсең немесе өсімдік жинап жүріп жаншып кетіп мазасын алсаң шағады. Әсіресе ұрғашы қарақұрттың уы адам мен малға өте қауіпті. Қарақұрт шаққан жерде қызыл дақ пайда болады, сәл уақыттан соң білінбей кетеді. Қарақұрт шаққан адамның 10 – 15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады, аяқтарының жаны кетіп, құрысып қалады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, уланған адам 1 – 2 күннен кейін өліп кетуі мүмкін. Сондай-ақ қарақұрт шаққан жерді сол сәтінде сіріңкемен күйдіріп жіберу керек.

Есіктің алдында күнделікті тырбаңдап жүретін, шаршауды білмейтін еңбекқор құмырсқалар да шаққан жағдайда денсаулығыңызға зақым келтіре алады. Барлығы емес әрине. Отты құмырсқалар деп аталып кеткен тіршілік иесінің бойында соленопсин деп аталатын у бар. Жәндік адамды шаққан кезде денесін күйдіріп алғандай әсер алады. Кейбір адамдар қатты әсерден өліп кетуі мүмкін. Олар адамға жабылып шабуыл жасайды. Бір мезетте жүздеген құмырсқалар шаққанда құрбанның тірі қалмасы анық. 

Америкаға саяхаттауды ұнатсаңыз онда бразилиялық өрмекшіден сақ болыңыз. Ол  2010 жылы ең улы өрмекші ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оның уының құрамында PhTx3 деп аталатын нейтротоксин бар. Нейтротоксин адамның тыныс алуын нашарлатып, сал қылады. Уы ағзаға тез әсер етіп, 58 пайыз жағдайда адамның жүрегі тоқтайды.

Ара шағып алса әжелеріміз «ештеңе етпейді қайта қыста акырмайсың» деп жұбатушы еді. Расында да балға құмар сары жолақты «ұшқыштардың» шағып алған жері бір-екі күннен кейін ісігі қайтып, жазылып кететін. Алайда жер бетіндегі барлық аралар зиянсыз деп ойламаңыз. Алып азиат арасы аралардың ішіндегі ең улысы. Араға аллергиясы бар адамдар оның уынан өліп кетуі мүмкін. Статистикалық мәлімет бойынша жер бетінде жыл сайын алып аралардың уынан 70 адам көз жұмады екен.

Сенесіз бе, жаздың сәні көбелектің де улысы болады екен. Лономия – жер бетіндегі ең улы көбелек болып саналады. Оның денесі ұсақ тікенектерге толы.  Дәл осы тікенектерде ботулотоксин жасырынған. Бұл бактерия адам адам ағзасына түскен жағдайда қан айналым жүйесін бұзып, бүйрек жұмысын қиындатады. Кішкентай ғана удың өзі адамды азапты, ұзақ өлімге соқтырады. 

Адамға ауру тасушылардың бірі – жәндіктер. Солардың ішінде ызыңдап, түнгі ұйқыңызды ұрлайтын масалардың бір түрі москиттер малярии вирусын тасымалдаушылар  болып табылады. Москиттердің кесірінен жыл сайын планетамыздың  400 миллион тұрғыны аталмыш вирусқа шалдығып, оның миллионы көз жұмады.  Москит адамды шағып алған жағдайда 30 минуттың ішінде вирус бауырға енеді. Салдарынан бауыр ісініп, кейіннен вирус қанға өтеді де барлық ағзаңызды улайды. Кейіннен науқас  қаназдыққа ұшырайды. Вирус миға жеткен кезде науқас бақилық болады. 

Теңіз, өзен-көлдерге шомылдағанда мұқият болған дұрыс. Су астында да «үнсіз қылмыскерлердің» өмір сүретінін жадыңызда ұстаңыз. «Теңіз  ұарақшыларының» ішіндегі адамға  ең қауіптісі — «теңіз сонасы». Шағын медузаны жұрт «Австралия жаға-жайларының сұмдығы» деп атап кеткен. Оның қармауыш қанаты жанай тигеннің өзінде адам санаулы-ақ секундтардың ішінде өліп кетеді. «Теңіз сонасының» қанға енген уы жүректі тоқтатып тастайды. Келесі  улы жәндіктер әулетінің бір түрі «португал кемешігі» теңізде үйір-үйір болып жүреді. Оған балық шырматылып қалғанда «кемешіктер» мыңдаған ұсақ-ұсақ «найзаларын» лақтырады; олар олжаға қадалып, сеспей қатырады. Аталмыш жәндіктің найзасынан адамдар да өліп кетеді. 

Жәндік шаққан жағдайда: Сізді қандай жәндік шағып алса да шаққан орынға қырмызыгүл тұнбасымен дымқылданған мақта басыңыз. Ол тек ісінуді басып қана қоймай, құрамындағы спирт себепті антисептик қызметін атқарады. Ара немесе сона шаққанда сол орынды мүсәтір спиртіне батырылған дәкемен сүртеді. Жоғарғы жағына мұз басады. Шаққан жеріңіз қатты қышыса, қарама-қарсы бұлауға көшіңіз. Бір ыдысқа жылы, екінші ыдысқы суық суды құяды да улы жәндіктерден жараланған аяқты немесе қолды кезек-кезек салады. Жылы суда 3 минут, салқын суда 30-40 секунд ұстап тұрады. Мұны 4-5 рет қайталайды. Сосын аяқты құрғатып сүртіп, шұлық киеді. Шаққан орынға ортасынын бөліп пияз, картоп немесе сарымсақты қояды. Үнсіз маса (үндемес) мазалағанда теріге лаванда майын жағады. Егер түні бойы шағып тастаса, бұлау қабылдаңыз. Суға лимон тамшысы (2 тамшы), лаванда майы (5 тамшы), қалампыр майын (1 тамшы) тамызып, бұлауда 15 минут ұстайсыз.  Кене жабысқан орынға 3 күн қатарынан таңертең және кешке йод жағады.  Қандала жабысқан теріні 1 күн бойы түймедақ гүлінің тұнбасымен сүртіп, артынан керосин жағады. Егер жәндік ерін, бет не басты шағып алса, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсеткеннен кейін тез арада жедел жәрдем шақыру керек. Себебі жәндіктің бұл аумақтарды шағуы тұншығуға сеп болуы мүмкін. Сонымен қатар ісік жайылып немесе дененің түрлі аумағында бөртпелер пайда болса, бет ісіп, бас айналып, ауысра, жүрек айнып, құсып, демігіп, кеуде тұсы ауырса да бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.

Саяхатқа шыға қалсаңыз: егер табиғат аясында демалуға аттанбақ болсаңыз, өзіңізбен бірге антисептикалық, ісінуге қарсы, жараны жазатын әсері бар май не алғаныңыз жөн. Шөпте жалаң аяқ не ашық аяқ киіммен жүру қауіпті. Міндетті түрде жабық аяқ киім киіп алыңыз. Косметикалық құралдардың тәтті иісі әсіресе, араны еліктіреді, сондықтан саяхатқа шыққанда косметиканы қолданбауға тырысыңыз. Ұзын шашты қалпақтың астына жасырып не мүлдем жинап түйіп тастаған дұрыс, себебі, шашқа қонған жәндіктер денсаулығыңызға әлдебір зақым келтіруі мүмкін. Табиғат аясында тамақ ішіп болған соң, дереу орнын тып-типыл ғып жинап, қораптарға буып-түйіп тастаған дұрыс. Ал тамақ пісіріп жатқанда, қазанның қақпағын мұқият тығыздап жабыңыз. 

Банк несие беруден неге бас тартады?
Кофені қандай жағдайда ішуге болмайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу