Бала тәрбиесі: өзіне сенімділік ұялату

Oinet.kz 02-05-2019 1543

Басқа кездерге қарағанда жасөспірім шағында адамның өзіне берер бағасы қалыпты болуы аса маңызды. Зерттеулер көрсеткіші бойынша, жасөспірім қыздардың 19%-ы – артық салмағын үнемі қадағалап отырса, 67%-ы арықтағысы келеді екен. Басты мәселе осы сандарда болып тұр. Қыз балалар салмақ тастау үшін әртүрлі зиянды әдістерді қолданады, ер балалар бұлшықетін өсіру үшін сан алуан препараттар қабылдайды. Осындай бойындағы комплексі үшін олар өздерін қоғамда тұйық ұстайды. Өзіне айтылған мазақ сөздер, сыртқы келбетіне қатысты кемсіте айтылған әңгімелер үшін өзін төмен сезіне береді. Бала комплекстерінен құтылуын күтіп жүрмей, оған көмектескен дұрыс. Ашық сөйлесіңіз. Жасөспіріммен сөйлесу үшін алдымен оның жан дүниесіне үңіліңіз. Өзіңіз оның жасында қандай болғаныңызды, неден қиналғаныңызды еске түсіріңіз. Ұялшақ болған шығарсыз, тіпті өзіңізді жек көрген боларсыз, өзіңізді әдемі емес, толық, ебедейсіз санаған болуыңыз мүмкін. Көбінесе балалық шағымызды еске алғанда ұмытылған қиындықтарды айтпай, тек қызықтарды, қуаныштарды естелік етіп айтамыз. Сондықтан балаңыз сіздің балалық шағыңыз бақытты болған деп ойлайды да, өзінікі неге ондай емес деген сұрақ мазалайды. Баламен сырласып, сіз де жасөспірімдік кезеңді бастан өткізгеніңізді баяндаңыз. Көзінше мақтаңыз. 

бала тәрбиесі.jpg

Сөз арасында балаңыз сырттай қалай көрінетінін, оның жақсы жақтарын айтып отырсаңыз, бұл оған қолдау болады. Жасөспірімдер ата-анасының назар аударғанына, өзін жақсы көретінін күн сайын білдіріп отыруына, әр ісін құптағанына зәру. Бала адамдардың өзін мазақтағанын, төмендеткенін сезсе, одан сайын тұйықтала береді. Ал көтермелесе, өзіне деген сенімділігі артады. Өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Бойыңыздағы кемшіліктерден ұялғаныңызды, онымен қалай күрескеніңізді айтыңыз. Тек сыртқы келбетін ғана мақтамаңыз. Оның іс-әрекетін, жетістіктерін, айтыңыз. Әр істің нәтижесін кемшіліктерімен қоса айтып отыру міндетті емес. Бұл жолы сәті түспесе, келесіде болады деп ынталандырып қойыңыз. Өмірде бәрі өзің қалағандай бола бермейтінін айтып, үлкен өмірге осы бастан дағдыландыра беріңіз. Әр сәтсіздікке аһ ұра берсеңіз, бұл тек жолы болмаушылыққа алып келетінін айтыңыз. Адамды сырт келбетіне қарап бағалау дұрыс емес екенін айтыңыз. Баланың көзінше өзгелердің жамандамаңыз. Олар барлық сөзді жүрегіне жақын қабылдағыш келеді, сондықтан басқаларға айтылған сынды да өзіне қарата айтылған деп ойлауы мүмкін. Адамды адам деп баға беретін тек келбеті ғана емес, ішкі әлемі, жеке қасиеттері, дарыны, ерекше қабілеті, қызығушылығы бар екенін түсіндіріңіз. Біреуді сипаттағанда көбінесе бірінші сыртқы пішіні айтылады және мұнда қатып қалған қағидалардан шыға алмаймыз. Сонда балада белгілі бір талаптарға сай болуым керек деген түсінік қалыптасады. Артықшылығын табыңыз. Жасөспірімдер бір жағынан барлығы сияқты болғысы келсе, енді бірде өзгелерден өзгешеленгісі кеп тұрады. Балаға өз жетістіктерін, ерекшеліктерін мақтан тұтуды, сыртқа мақтану емес, өзі іштей мақтан тұтуды үйретіңіз. Өз отбасы, достары арасында басқалардан айрықшаландырып тұратын қасиеттерін атауды сұраңыз. 

Содан соң өзінде қандай ерекше қасиеттер бар екенін ойлансын. Медиасауаттылыққа тәрбиелеңіз. Сән туралы ақпарат ағыны, жарнама тақтайшалары адамның шынайы келбетін көрсетпейтінін ұқтырыңыз. Жылтыр журналдар мен әлеуметтік желілердегі идеал бейнелер тек адамның назарын аудартып, тауарды сатып алғызу мақсатында қолдан жасалатынын айтыңыз. Дамыған бағдарламалар арқылы бейнені адам танымастай өзгертіп жіберуге болатынын ескертіңіз. Көзбен көріп, қолмен ұстамағына сене бермейтіндей етіп тәрбиелеңіз. Оның пікірімен санасыңыз. Бала тілі шыққаннан бастап кез келген нәрсеге қатысты оның пікірін сұрап, тіпті үйге жиһаз таңдар кезде де оның көзқарасымен санасып отырған дұрыс. Сонда ғана ол өскенде қоғамдық ортада ішіндегі ойын ашық жеткізе алатын болады.Тауар сатып аларда да, мамандық таңдарда да өзі таңдап, өзі шешуіне мүмкіндік беріңіз. Бұл баланың өз күшіне, өзіне сенімді болып өсуіне көмектеседі.

Дереккөз: massaget.kz

Асүйдегі тарақандардан қалай құтыламыз?
Іскер аруларға арналған диета
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу