​Әлем кезген вирус. Қалай сақтанамыз?

Oinet.kz 02-04-2020

Covid-19 коронавирусы: ол маусымдық тұмауға ұқсас. Тек айырмашылығы – өлім-жітім деңгейі одан  2-2,5 есе жоғары. Вирус мутацияға ұшырайды. Бұларды РНҚ-сы (Рибонуклеин қышқылы) бар вирустар дейді. Олар мутацияға жиі ұшырағандықтан бұған вакцинаны уақытында дайындап үлгере алмайды. Қазір мына үлгісіне дайындап қойса, ол мутацияға ұшырайды да, вакцина вирустың жаңа штамына қарсы қолдануға жарамсыз болып қалады.

o700.jpg

2000 жылдардан кейін әлемде коронавирусқа жіті назар сала бастады. Бұрын да белгілі болған. Бірақ 2002-2003 жылдары SARS деген вирус шықты. Атипиялық пневмония. Содан бастап медицинада, вирусологияда соған назар аударды. Өйткені бұл вирус табиғат  көздерінен тікелей адамға жұққан оқиғалар тіркелді. SARS-пен ауырғандар ішінде өлім-жітім көп болды. Науқастың 10 пайызға жуығы қаза болды. Ауруды дер кезінде тоқтатты,  бірақ сол сәтте 8 мыңнан аса адам ауырып, соның 700-ден астамы көз жұмған еді. Екінші шыққаны да осы коронавирустар тұқымдастығынан тарады. 2012 жылы Сауд Арабиясында MERS дейтін түрі тарай бастады. Ауру түйелерден жұқты. Түйелерден кейін антиденелер (адам мен жануар организміне енген бөгде ірі молекулалы протеиндік заттарға қарсы иммундық реакциялар нәтижесінде түзіліп, олардың зиянды әсерін жоятын заттар – ред.) табылды. Түйелер ауырса да белгілері жоқ. MERS эпидемиясынан науқастардың 40 пайызға жуығы қаза болды. Біраз елге тарады. Онымен ауырғандар саны 2 мыңнан асты. Әлі күнге дейін адамдардан да, түйелерден де оқта-текте анықталып жатады.

Әлемде адамдар арасында тарайтын жұқпалы аурулардың 80 пайызын вирустар тудырады. Қалған 10-20 пайызы бактериялық аурулардан пайда болады. Мысалы, бруцеллез, туберкулез сияқты аурулар бар. Ал тұмау, СПИД, гепатит дегеннің бәрі – вирустық аурулар. Бірақ тұқымдастық сипаты әр түрлі. Әрқайсысының клиникалық белгісі түрліше өтеді. Аурудың өршуі де, жылдамдығы да басқаша. Зақымдайтын жерлері де – тыныс жолдары, асқазан, ішек жолдары, бауыр сияқты алуан түрлі болып келеді. Вирустар өз ішінде де бөлінеді. Зиян келтіретіні, организмде бұйығып тыныш жататыны, зияны азы бар – өзара жіктеледі.

Ал коронавирустың табиғатта кең тарағаны вирусология дамығалы бері белгілі. Жануарлар арасында, құстарда да жиі кездеседі, адамда да болады. Адамдар жалпақ тілде "ЖРВИ" (Жедел респираторлық вирустық аурулар) деп атайды. Коронавирус белгілері: дене қызуының көтерілуі; бас ауруы; жөтел; тамақ ауруы; әлсіздік;іш өту.т.б

Инкубация кезеңі – 2 күннен 14 күнге дейінгі аралық.

Диагностика: Қазіргі уақытта Қазақстанда 2 сағаттың ішінде нәтиже беретін жаңа тест жүйелері қолданысқа енді.

Ол үшін: қан анализін;несеп анализін;лаборатория зерттеулерін;ПТР-ды (полимераз тізбек реакциясы) тапсыру қажет.

Коронавирусқа арнайы диагностика тек медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

Инфекцияның берілу жолдары: көп жағдайда ауру адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы тарайды;тұрмыстық байланыс арқылы: жеке байланыс, (жанасу, қол алысу, залалды объектіде болу немесе бетті тигізу) Вирус өзі ағзадан тыс ұзақ өмір сүре алмайды және бірнеше күн ішінде жойылып кетеді.

Тәуекел тобында кімдер бар?

Барлық жастағы адамдар вирусты жұқтыру қаупі бар. Бұл категориядағыларға: Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар; жасы және қызмет өтілі бойынша зейнеткерлер; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; қарулы күш құрылымдарының зейнеткерлері; көп балалы аналар жатады.

Алайда, көптеген басқа да вирустық респираторлық аурулар сияқты, 65 жастан асқан адамдар мен балалар, иммундық жүйесі әлсіреген адамдар – аурудың ауыр өту қаупі аймағында.

Алдын-алу шаралары:

– қол және тынысалу жолдарының гигиенасын сақтау, қолды 20 секунд бойы сабынмен мұқият жуу, сабын болмаса, антисептиктерді, спиртті, санитайзерлерді қолдану;

– иммунитетті арттыру: дұрыс ұйықтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу;

– бөлмені желдету;

– жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту;

– тынысалу органдарының шырышты қабығы қабынған адамдармен қарым-қатынас жасамау; – коронавирус тіркелген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау;

– адам көп жиналатын жерлерден алшақ болу.

Бүгінде қазақстандықтар коронавирустық инфекцияға қатысты 1406 нөміріне хабарласып, қауіпті індеттің алдын алу шаралары мен оның симптомдары жайлы біле алады. Ал, егер бас ауруы, суық тию, кеуде тұсының ауырсынуы,қалтырау, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалса,103 нөмiрiне хабарласу керек.

Г.КИПЧАХБАЕВА, 

Кентау қалалық емхана балалар бөлімінің инфекционист дәрігері 

Сарыаурудан қалай емделуге болады?
Самое важное о COVID-19

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×