Елес кезген ауруханалар

Oinet.kz 03-03-2020 1220

Аурухана – адам тәнінің емшісіне айналған орын. Балтырымыз сыздап, басымыз ауырған кезде сырқатымыздан айықтыратын мекенді ұната бермейтініміз анық. Аурухананың ұзын, тар дәлізі мен құрал-жабдықтары, ақ халат пен маскада жүретін қызметкерлері адамға қорқыныш сезімін ұялатады. Бізді солай тәрбиелеген, «доқтыр укол салады» деп... Оның үстіне мекеме «тұрғындарының» денсаулығына  қашанда қауіп төнетіндіктен ота үстелінде, палатада жан тапсырған жандар қаншама. Сондықтан болар аурухананы кейде сауықтырғышпен қатар «жан алғыш мекен» деп те атайды. Өлім болған жерде тылсым күш, түсініксіз жәйттар жиі орын алады. Әлемде осындай елес кезіп жүретін ауруханаларды көптеп кездестіруге болады. Олардың тарихына үңілсең расымен де денең түршігеді. Ендеше, жер бетіндегі ең қорқынышты ауруханаларға сапар шегейік.

untitled.jpg

Азапта өткен ғұмыр

Англияда орналасқан «NoctonHall» ауруханасының іргесі Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында қаланған. Өз заманында госпиталь ірі, мықты мекемелердің бірі болған. Соғыс кезінде онда жаралы сарбаздарды емдеген. Осы күнге дейін науқастарға көмек көрсетіп келе  жатқан аурухана белгісіз себептермен 1995 жылы қаңырап бос қалды. Жергілікті тұрғындар қараусыз қалған ғимаратты бірнеше мәрте өртеп жіберуге тырысқан.   Адамдардың айтуынша ескі ғимараттың ішін елес кезіп жүреді екен. Онда жылап отырған жас қыздың бейнесін көргендер көп көрінеді. Бойжеткен күн сайын түнгі 4:30-да пайда болады-мыс. «Жаны жай таппай жүрген бұл не қылған қыз деп қызығушылар мынадай жағымсыз фактілерді анықтапты. Аурухана алғашқыда бір бай-манаптың үйі болыпты. Дәулетті шаңыраққа әлгі елес қыз тазалықшы болып жұмысқа орналасады. Үй иесінің бетімен кеткен ұлы болған екен. Ол ажарына көркі сай әрі қамқорсыз қызға жиі қорлық көрсеткен. Ақырында бойжеткенді зорлап өлтірген. Сол күннен бастап азапта жан тапсырған қыздың рухы сол жерді кезіп жүреді екен.

Өшпеген қанның ізі

Огайо штатындағы «Афина» психиатриялық ауруханасының тағдыры да оңай емес. 1874 жылы ашылған мекеме қызмет істеп тұрған уақытында атауын талай мәрте өзгертіп, 1993 жылға дейін емдеумен айналысты. Ресми деректерге сәйкес «жындыхана» 1950 жылдары 1800 пацинетті қабылдаған көрінеді. Аурухана сол кезде қатігез емдік тәсілдерімен танымал болды. Ақ халаттылар науқастарды лоботомия деп аталған терапия арқылы емдеді. Адамдардың бас сүйегін тесіп, миының бір бөлігін алып тастайтын процедурадан кейін онсыз да жүйкесі сыр берген жандарды есеңгіретіп тастайтын. Миы тесілген науқастар көп ұзамай өмірімен қош айтыса беретін.    Ал мәйіттерді ғимараттың ауласына бейберекет көме берген. 1900 адам жер қойнына тапсырылған «зиратта» тіпті науқастардың аты-жөні де көрсетілмеген. Алайда аурухананың мистикасы зиратпен байланысты емес. 1978 жылы жындыхананың емделушісі із-түссіз жоғалып кетеді. Бір жылдан кейін әйелдің мәйіті аурухананың адам аяғы баса бермейтін түкпірдегі палатадан табылады. Байғұс келіншек жалаңаш қанжоса күйінде еденде жатқан. Оның неден, қашан қайтыс болғаны және бұл ғимаратқа қалай тап болғаны сол күйі анықталмады. Бейшара әйелдің денесін мәйітханаға алып кеткен кезде еденде оның қаны қалып қойған. Тазалықшы қанды қанша жуғанмен кетіре алмаған. Көзкөргендердің айтуынша палатада қанның ізі әлі де бар екен. Афинаның ішін әлгі жұмбақ әйел мекен етіп алған көрінеді. Ғимартқа бас сұққан немесе жанынан өткен адамдарға оның әруағы көрініп тұрады.

«Ақ халатты қылмыскер»

АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Таунтон мемлекеттік ауруханасының оқиғасы тіптен шым-шытырыққа толы. 1854 жылы ашылған аурухана жайлы жұрттың әңгімесінен жағаңды ұстауға болады. Сол ғасырдағы емдік тәсілдерге сәйкес бұл мекенде де науқастарды адам төзгісіз терапиялармен емдеген. Бәрінен де қызығы клиника қызметкерлері сатанистер болған дейді. Олар сырқаттарды жертөлеге апарып, діни рәсім үшін құрбандыққа шалып отырған.

Жертөледегі бөлмеден үнемі түсініксіз, жайсыз дауыстар шыққандықтан онда баруға ешкімнің жүрегі дауаламаған екен. Алайда Таунтонның атағы сатанистермен емес, есімдері бүкіл әлемге жайылған атақты пациенттерімен танылған. Солардың бірі Джейн Топпан сол мекемеде мебике болып қызмет істеген. Жап-жас әрі сүйкімді бойжеткен алғашқыда науқастардың көңілінен шығып жүрген. Үнемі жадырап, жұмысын тиянақты орындап жүрген сұлудың ішінде қандай шайтанның жатқанын сол кезде ешкім сезген жоқ. Джейн пациенттерді тәжірибе құралы ретінде пайдаланған. Ол көбінесе жағдайы нашар немесе қарт адамдарға күтім жасаған. Медбике науқастарға морфин, атропион, стринина секілді улы препараттарды егіп, пациенттің есірткі әсерінен қалай қиналып өлгенін тамашалаудан ләззат алған. 1901 жылы бірнеше адамның өліміне күдікті ретінде Джейн қамауға алынады. Тергеу кезінде ол алғашқыда 11 адамның өліміне қатысы барын мойындаса, кейінірек қаніпезердің қолынан 31 адамның ажал құшқаны анықталады. Ел-жұрт оны «ақ халатты қылмыскер» деп атап кетті. Ары мазаламастан қылмысын мойнына алған Топпанды сот есі ауысқан деп танып, оны өзі қызмет еткен жындыханаға жабады.

Джейннің өмірбаянына үңілсеңіз, соқпағы көп екенін аңғаруға болады. Жастайынан жетім қалған қыз асырап алушы отбасынан қорлық көріп өседі. Жанашыры жоқ Джейнге әрдайым жылы сөз бен ата-ана қамқорлығы, ер азаматтың көңілі жетіспеді. Осыдан болу керек, оның адамдарға деген өшпенділік сезімі пайда болады. Ауруханада қылмыскер уланудан қатты қорыққандықтан ас ішуден бас тартқан. Медқызметкерлер оны күштеп тамақтандырған екен. Соған қарамастан атышулы қылмыскер сол мекеменің қабырғасында 81 жасқа дейін өмір сүріп, өз ажалымен өмірден өтеді. Жазықсыз жандардың қаны төгілген орында мазасыз әруақтарды көптеп кездестіруге болады. Ғимаратқа кіргеннен адам бойын біртүрлі сезім билеп, жүрек айнытады. Әр қабырға азаптан жылап тұрған көрінеді. Қылмыс пен азаптың ордасына айналған мекеме 1975 жылы жабылады. Елес кезіп жүрген ғимарат бүгінде бос тұр.       

«Жұмыс істеп жүрмін»

Жоғарыда аурухана ішін сол жерде соңғы демдері үзілген науқастардың мекен ететінін айттық. Кейде науқастар ғана емес медицина қызметкерлері де ғимаратты қимай қалатыны бар екен. Оңтүстік Африкадағы Либода қаласында Қасиетті Варнава ауруханасы бар. Соңғы кездері мұнда жұмыскер тұрақтамайтын болды. Ал сырқаттар болса ем алуға  қорқады. Себебі қасиетті ауруханада адамдардың көзіне үнемі ақ халат киген медбике көрінетінге ұқсайды. Әруақтың әсіресе түнгі мезгілде палаталарды аралайтын әдеті бар екен. Оның дәлізде жүрген жүрісін, есікті қаққанын көргендер бар. Тіпті әруақпен тілдескендер де кездеседі. Кейде аппараттар өзінен-өзі іске қосылады екен.

Денсаулық сақтау департаментінде жұмыс істеген бір қызметкер  Sapa ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында былай дейді:

– Сол ауруханада кесар тілігін жасатқан келіншек маған мына бір оқиғаны айтқаны бар еді. Жаңа босанған әйел түнде палатада жатқанда медбикенің жанына келгенін айтты. Ол үн-түнсіз әйелдің бинтін ауыстырып, тіліктің орнын таңып кеткен. Тағы бір денесін күйік шалған пациентке әруақ осылайша жарасын таңып берген.

Елді дүрліктірген осы сұхбаттан кейін ауруханадағы жайсыз жайттар туралы ашып айтқандардың қатары көбейе түсті. Ауруханада күзетші болған ер азамат әруақпен бетпе-бет келгенін айтқан. Ол түнде мекеме ауласында ақ халат киіп, қолына медициналық шабадан ұстаған әйелдің кетіп бара жатқанын байқап қалады. Беймезгіл уақытта бұл кім болды екен деп «сіз кімсіз және түннің бір уағында мұнда не істеп жүрсіз?» дегенде әлгі бейтеныс қыз «Жұмыс істеп жүрмін» деп көзден ғайып болыпты. Расында да әруақ түнде жұмысқа кіріседі екен. Қондырғыларды қосып, науқастарға күтім жасаған. Алайда жансыз медбикенің кесірінен жансақтау бөлімінде жасанды аппаратқа танылған талдай науқас өлім аузынан қалыпты. Себебі әруақ аппаратты өшіріп кете берген. Ал елестің қолынан дәрі ішіп, жарасын байлатқан емделушілердің көбісі сол кездесуден кейін қатты қорқып қалған. Аурухананың бұрынғы қызметкерлерінің айтуынша мекемені айналшықтап жүрген келіншек сол жерде жұмыс істеген. Белгісіз жағдайда көз жұмған ол өз жұмысын қатты жақсы көрген екен. Тәні көмілгенімен рухы жерде ұшып жүрген медбике Гиппократқа адалдығын осылайша білдірсе керек.

Күлге айналған балалар

Германиядағы ескі ауруханада қызмет еткен Анна есімді мебдике өзінің басынан өткен қорқынышты оқиғасын ғаламторға жариялаған екен. Мединститутты бітіргенгеннен кейін Аннаны әлгі клиникаға жұмысқа жіберіпті. Көп жылдық тарихы бар, ескі мекемеде медперсоналдар жетіспегендіктен  жас маманды қуана-қуана  қабылдаған. Міне, Аннаның алғашқы түнгі кезекшілігі де келіп жетті. Түнгі тексеріс жасауға кіріскен маман екінші қабатқа көтеріледі. Кеннет, ол тар дәлізден  кішкентай баланың жылаған дауысын естиді. Құлақ түріп тұра қалған бойжеткен дауыстың үшінші қабаттан шығып жатқанын байқайды. Пациенттердің арасында баланың болмағанын біле тұра ол үшке көтеріледі. Үшінші қабаттағы палаталардың барлығы бос болған екен. Ал жылаған дауыс ең соңғы бөлмеден естіліп жатты. Күш-жігерін жинап сонда барған Анна қараңғы палатадағы кереуетте бүркеніп жатқан біреуді аңғарады. Белгісіз «науқас» ары-бері аунап, еңіреп жатқан екен. Анна дереу көрпені жұлып алғанда тірі жанды көрмеді және жылаған дауыс та бірден тоқтап қалады. Ол қорыққаннан есікке жақындай бергенде есік тарс жабылады.  Жүрегі аузынан шыққалы тұрған қыз алды-артына қарамай жабық тұрған есікті теуіп,  қаша жөнеледі. Артынан кішкентай адамның жалаңаяқ жүгіріп келе жатқанын сезіп келе жатыр. Енді бір бұрыштан сәбидің күлген дауысын, енді бірде баланың ойнап жүгіріп жүргенін, енді бірінің жылғананын естиді. Баспалдаққа жақындағанда зәресі ұшқан қыз кішкентай бірнеше баланың елесін көреді. Аяқ-қолы дірілдеп астыңғы қабатқа әрең жеткен медбике күзетшінің жанына келгесін бәрін айтып береді. Аннаның бозарып кеткен тәрізінен қорыққан күзетші оны бөлім меңгерушісінің кабинетіне ертіп барады. Тылсым оқиғаның құпиясы осы кезде ашылады. Бөлім меңгерушісінің айтуынша аурухананың балалар бөлімінде үш жыл бұрын өрт болған екен. Күнәсіз періштелер жатқан үшінші қабат түгелдей күлге айналған. Қайғылы апат кезінде көптеген балалар мен бірнеше қызметкер жанып кеткен көрінеді. Өрттен кейін  бөлімшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал қыршын кеткен балалар әлгі палаталарда бүгінгі күнге дейін ойнап-күліп, кейде жылап жылап, ары-бері шапқылап  жүреді екен.  

Ар азабынан көз жұмған әке

Гондурастың Сан-Педро-Сула қаласында болған келесі жәйт бертінге ғана болыпты. Жергілікті госпитальге меңінен арылуға келген 25 жастағы Хуан Хосе Соса процедурадан кейін шығар есікке жақындай бергенде тысырлаған дауыстарды құлағы шалып шалады. Гондурастық жігіттің айтуынша дыбыс жеңіл аяқ киімнің жалаңаяқ аяқпен жанасқандағы дыбысына ұқсаған. Яғни біреудің жүргені сезілген. Қорқып тұрса да бұл не болды екен деген қызығушылықпен ол қолына телефонның камерасын қосып дәліздің соңына қарай жақындайды. Мұндайды күтпеген жігіт сол тұста алдында әруақтың тұрғанын көреді. Тілі байланған Хуан жанұшыра жүгіріп,  аурухананы тастап қашады. Аптығын басып телефонын асықпай көргенде палатадан шығып келе жатқан ер кісінің силуетін көреді. Фантом солға қарай бірнеше қадам басып, ғайып болады. Сөйтсек жігіттің көргені расымен де әруақ болып шықты. Аурухана қызметкерлері ол елесті біраздан бері байқап жүрген екен. Айтуларынша жұрттың зәресін ұшырып жүрген сол мекемеде істеген хирургтің рухы екен.

Бірде дәрігер туған қызының жүрегіне операция жасапты. Ота кезінде хирург қателік жіберіп, салдарынан кішкентай қызы көз жұмады. Ертесіне ар азабынан құтыла алмаған әке кабинетінде шамадан тыс дозаланған препараттарды ішіп өз-өзіне қол салады. Міне, ұжымның қабырғасын қайыстырған оқиғадан кейін ауруханада әке мен жеті жасар қыздың әруақтары қалып қойған екен. 

Атопиялық дерматит
19 жыл ұйықтаған адам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу