Атопиялық дерматит

Oinet.kz 03-03-2020 1273

Screenshot_25.jpg

Атопиялық дерматит генетикалық бейімділігі бар адамдарда ішкі және сыртқы ортаның әсерінен дамиды. Егерде отбасында ата-анасы бірдей кез-келген аллергиялық ауруға бейім болса онда балада атопиялық дерматит 80 пайыз, ата-анасының біреуі ғана бейім болған жағдайда 40 пайыз, ата-анасы екеуінде де аллергиялық ауру болмаған жағдайда 13-15 пайызда кездесуі мүмкін.

Қазіргі тұжырымдар бойынша, атопиялық дерматит терінің генетикалық, созылмалы, рецедивті ауруы болып табылады. Атопиялық дерматиттің патогенезінде организмнің реактивтілігінің өзгеруі иммунологиялық және иммунологиялық емес механизмдерімен жүреді.

Қауіпті факторлар:

- тектік бейімділік;

- орталық жүйке жүйесінің бұзылыстары;

- жүктіліктің жағымсыз ағымы (токсикоз, жұқпалы аурулар, стресстер, басқа да ыңғайсыз жағдайлар);

- нәрестені дұрыс тамақтандырмау (балаға сиыр сүтін, жұмыртқа,балық және басқаларын беру).

Атопиялық  дерматиттің жіктелуі даму уақытына байланысты:

- нәрестелік – 2 жасқа дейін; 

- балалық – 2 ден 13 жасқа дейін;

- жеткіншектік және ересектік – 13 жастан жоғары. 

Бірінші кезең қызарумен, ісінумен, қабыршақ түзілетін суланумен көрінеді. Оның өзіне тән сипаты бетке бөртпелердің шығуы болып табылады. Бөрітпелер көбіне бетте, аяқ-қолдардың жазылмалы және бүгілмелі жақ беттерінде орналасады.

Екінші кезеңде үрдіс жедел және созылмалы болады. Басым көпшілігінде бөртпелер аяқ-қол буындарының бүгілмелі жақ беттерінде орналасады, терінің қатқылдануымен, көптеген тілінулермен көрінеді.

Үшінші кезеңде аздап жылтырайтын, ірі түйіншекі бөрітпелер шығады. Зақым ошағында геморрагиялық қабықтар бетте (ауыздың көздің айналасында), мойында, шынтақ ойығында, білезік айналасында және қолдың сыртында орналасады. Қатты қышиды, ұйқы бұзылады, невроздык  реакциялар байқалады. 

Балаларға  атопиялық дерматит өзіндік сипатпен дамиды: зақымданған ошақ терісі ісінеді, көптеген мөлтек көпіршекшелер шығады қалың, қарақошқыл қабық қатады. Ең алдымен беттің және бастың терісі зақымданады. Кейін ұзақ уақыт сақталып қалатын ақ дермографизм байқалады, терінің түсінен айырмасы жоқ, бір-бірімен қосылып, түгел сіңбе құрайтын түйіншектер шығады. Ауру іріңдіктермен асқынуы мүмкін. Негізгі белгілері – қатты қышынып, ауру ұзаққа созылады, қайталап отырады.

Баланың денесін атопиялық дерматиттен сақтау үшін денесін ыстық емес суда шомылдыру, баланың терісін уқаламай шаршықпен сорғызып алу, денені құрғатпай тез арада жұмсартатын және ылғалдандыратын жақпалар (кремдер)  жағу қажет.

Алдын алу үшін дұрыс тамақтану ережесін қалыптастырған дұрыс. Жүкті және емізулі аналарға арналған арнайы гипоаллергенді диета  өңделген. Сонымен қатар қосалқы ауруларды тексеру (асқазан – ішек жолдары, эндокриндік, неврологиялық жүйе ауруларын), профилактикалық егулер салу, аурудың алдын алу мақсатында балалар дәрігерімен дәрі-дәрмекпен емдеу туралы кеңесіп отыру керек.

Маңызды шаралардың бірі – қоршаған ортаны бақылау. Бөлмелерде ылғалдылықты ұстап тұру, желдету, төсек жаймаларын мақтадан жасалған көрпелерге ауыстыру, жүннен жасалған киімдерден, бөлме гүлдерін  өсіруден бас тарту қажет. 

Забира УРАЗБАЕВА,

Түркістан облыстық тері-венерология  диспансерінің дерматологы

Ордабасыдағы игі істер
Елес кезген ауруханалар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу